Ұлттық мектептер ұлықталмай, білім саласының «әттеген-айлары» бітпейді

Ұлттық мектептер ұлықталмай, білім саласының «әттеген-айлары» бітпейді

Тәуелсіздіктің 32 жылында білім саласын 17 министр басқарыпты. 17! Әр екі жылда бір министр шамамен. Мұндай жағдай қай мемлекетте болды екен? Әй, білмеймін, білмеймін. Біреуге күлкі шығар, мен үшін түрпі!  Әбден ығыры шыққан білім саласын кім басқармады десеңізші! Дипломы бардың біразы отырып кетті. Құр ғана отырып кеткен жоқ, «опырып» кетті.  Реформадан көз ашпағаны бір тарих. «Әліппені» алып тастағаны бір «шежіре». Иә, басқа салалардың да аяғынан тік тұрып оңалып кеткені шамалы. Бірақ дәл осы білім саласындай құқай көрген министрлік аз. Тіпті жылағың келеді.  Қаншама ұрпақтың тамырына балта шабылды десеңізші! Кез келген саналы қазақты бүгінде толқытатын мәселе,  ол – білімді ұрпақ өсіру. Себебі ғалам қарыштап дамыған сайын білімді ұрпаққа деген тәуелділік күшейіп тұр. Бірақ қандай білім? Осы жағын да анықтап алған дұрыс. Мысалы атом бомбасын ойлап тапқан адамды білесіз бе? Қарудың түр-түрін ойлап тапқан ғалымдар оқымаған ба? Әріге бармай-ақ қоялық, қанқұмарлығымен әлемді шулатқан Наполеон, Гитлер, Сталин сауатсыз ба? Баяғыда бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәрбиелеуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұраған ғой. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың», – депті. Бұған түсінбеген патша: «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?!» – деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», – деген екен. Көрдіңіз бе, нағыз тәрбие төркіні тереңде жатқанын осыдан да аңғаруға болар. Ұлтжанды адам мұндай мысалдардың астарында өмірлік тәжірибе мәні жатқанын түсінеді. Ендеше, келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісі әркімнің өз тәрбиелік ісінен басталатынын қоғам ұмытпаса екен деймін. Себебі «Не ексең – соны орасың» деген сөз бекер айтылмаған. Тәрбие жетілген сайын, халық соғұрлым  бақытты  болатындығын  адамзат  тарихы дәлелдеген. Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп  алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін  жас ұрпақтың бойына сіңіру, дүниетанымын, өмірге  деген көзқарастарын  және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру деп түсінемін өз басым. Балаларды тәрбиелеу мәселесі – мектептің педагогикалық жүйесінің бөлінбейтін ең негізгі бөлігі.   Ұрпақ тәрбиелеудің теориялық мәселелерін оқып үйрене отырып, оқушы бойында оң қасиет қалыптастыратын ата-ана, қоғамдық орта болса, соның ішінде ең негізгісі ұстаз болып табылады. Ұрпақ тәрбиесі – кемел болашақтың бастауы. Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру.  Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Әрине, біз қашанда балаларға жан-жақты құқықтық тәрбие беруді жетілдіріп отыру  басты парыз дейміз.  Бірақ сол тәрбие беруде үнемі кеш қалатынымыз ешкімді ойландырар емес. Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын айтудай-ақ айтқан. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз. Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айта алмайсыз. Жастарымыздың дені мектеп бітірісімен, елдегі қалаған оқу ордаларына немесе  шетелдің іргелі оқу орындарына барып, әлемнің озық күйі мен білімін игеріп қайтады. Ал бірақ олардың бойында ата-бабамыз қалыптастырған ұлттық тәрбие өзегі бар ма? Өйткені мектепте бозбалалардың топтасып қаршадай баланы зорлайтыны, үлкенге – ізет, кішіге құрмет көрсетілмейтіні, жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, нәзіктіліктен жұрдай болатыны, тепсе темір үзетін жігіттердің ұрлыққа түсіп, бір отбасын түгел қырып кететіні, өз тілін менсінбей, өзге тілде сайрайтыны, көздері жәудіреген көпбалалы отбасыларына бір жетім бұрыш бұйырмай жатқанда, мұрты майланған жемқорлардың түйені түгімен асап астамшылық жасайтыны ненің салдары деп ойлайсыз? Алтын ұя мектебіміз, ондағы ұстаздар мен оқушылар  экспериментке айналғанын кімнен жасырамыз? Ауруын жасырған өледі емес пе!  Мысалы  бір министр «Әліппені» жоқ етті, өзі артынан мол кетті.  «Сталин алған байталды Хрущев келіп қайтарды» демекші, біреуі жоқ еткен «Әліппені» екіншісі қайта «жарқ еткізгенде»  мәз болдық. Бір министр оқу жылының аяқталғанын созып қапаландырып еді,  енді келіп 25 мамырға қайта әкелді деп, бөркімізді аспанға атып қуанып жатырмыз. Өміріміздің осылай өтіп бара жатқанына қынжыламын. Бізге эксперимент емес, нақты білім керек. Ұлтжанды ұрпақ өсіруді қолға алуымыз керек. Бұл – заман талабы! Газеттің өткен санындағы мақалада жекеменшік мектептер туралы жазып едім, ол мәселе  әлі  бір атанған жүк болатындай халде тұр. Себебі саны  көп, бірақ сапасы жоқ жекеменшік мектептер туралы айтар әңгіме жетеді. Негізі мұны заң арқылы реттейтін уақыт жетті. Тек ақша қуып, білімді ақшамен өлшеуге қарсымын. Одан да Ахметжан Аятжан шырылдап жүрген Ұлттық лицейге мемлекет көңіл бөлгені жөн деп ойлаймын. Аты айтып тұрғандай, ұлттық мектептер көбейсе, аралас мектептер азаяр еді. Олардың азайғаны тіл мәселесіне де септігін тигізер еді. Өз басым үш тілділік түгілі, қазақ мектептеріндегі орыс тілінің сағатын 4-сыныптан оқытуды қолдаймын. Өйткені бала оң-солын танып, жақсы мен жаманды айырып, ұлттық иммунитетін қалыптастырып алуы тиіс. Содан кейін жүз тіл үйрет, еркің білсін!    Белгілі ғалым, марқұм Рәбиға Сыздықова апайым  басылымдарға берген сұхбатында тіл тазалығына қатысты көптеген мәселелерді тілге тиек етіпті.  «Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты» дейді Рәбиға Сыздықова. «Менің ойымша, балабақшада, бастауыш мектепте ағылшын тілін мүлде оқытпау керек. Латын жазуына негізделген қазақ сөздерін сауатты жазып, оқып дағдылана қоймаған балаға ағылшын тілін үйретуге болмайды. Тілдік санада ағылшын тілінің әріптері сақталып қалған балалар кейін қазақ тілін үйренген кезде ол таңбаның басқаша дыбысталатынын қабылдай алмай, шатастыратын болады. Бала бастауыш мектепте қазақ тілі бойынша сауатты жазып, әбден дағдыланған соң ғана шет тілдерді үйретуге болады. Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек. Үш тілді бірден оқытқанда баланың ана тілі болмайды. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан Үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі қажет. Қазақ мектебін көбейту керек. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосқаны жөн. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Жаһандану заманында ана тіліміздің болашағына, тазалығына ерекше мән беруіміз қажет». Менің басты арманым, мемлекет ауруханалар мен мектептерді өз қамқорлығына алса, дәрі-дәрмек пен оқуды тегін қылса,  тарихта қалар ұлы іске мұрындық болары сөзсіз. Халықтың да алғысын арқалар еді...

 

Тамыз кеңесіндегі тамылжыған ойлар

 

Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Ы.Алтынсарин академиясымен бірлесіп «Біртұтас білім беру бағдарламасы: құндылықтар және оларды қалыптастыру жоспары» атты жиыны киелі де қасиетті Түркістанда өтті. Сонда жазылған тамыз конференциясы туралы ой-толғамым «Qazaqstan dauiri» басылымының кешегі нөмірінде  «Ұлттық тәрбиеге негізделген білім ғана ұрпақты ұшпаққа шығарады» деген атпен жарық көрді. Сондықтан оған ат шалдырмаймын. Онда қамтылмаған кей мәселелерге тоқталып өткенді дұрыс көрдім. Киелі Түркістанда өткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Қасымқызы Дүйсенова оқыды:  «Білім беру саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға:

Құрметті кеңеске қатысушылар, қадірлі ұстаздар! Сіздерді білім беру саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Ұлағатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты. Жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет. Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Мемлекет білім саласын өркендетуге әрдайым баса мән береді. Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынуда. Арнайы заң қабылданып, педагогтердің мәртебесі құқықтық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударылып жатыр. Осындай қолдау шаралары болашақта да жалғаса береді. Бүгінгі басқосуда жас ұрпаққа озық білім, өнегелі тәрбие беру мәселесіне қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!»  деді Мемлекет басшысы құттықтауында. Қарап отырсаңыз, Президентіміз көп мәселені айтып өткен. Мысалы «Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты. Жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет. Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін!» дейді. Бұл біз, ұлт келешегіне алаңдаған азаматтар, көтеріп жүрген мәселе ғой.  Айтпақшы, киелі Түркістандағы тамыз кеңесіне 20 аймақтан шамамен  12 мыңнан астам адам қатысты.  Сонымен қатар пленарлық отырыстар 20 аймақта фейсбук және инстаграм парақшаларында тікелей эфирде жүргізіліпті. Әр облыс өзінің пленарлық отырысын тікелей эфирде өткізгені қандай жақсы бастама?! Отырыстардың ауқымы кең болды. Ең негізгі мақсат та сол болған секілді.  ҚР Парламент  депутаттары, жергілікті жердегі мәслихат депутаттары, ұлттық құрылтай мүшелері қатысты. Ата-аналар қауымдастығы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар барлығы жиналып, осы үлкен шарада төбе көрсетті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Қасымқызы Дүйсенова өзіне  тапсырылған тапсырманы да ашық айтты. Білім саласының қыр-сырын жақсы білетін Тамара ханымның ел Президентінің тапсырмасын адал атқарарына сенбеске шара жоқ.

• Облыс әкімдеріне Инфрақұрылымды дамытудың жол картасын әзірлеу. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауға алу.

• Оқу-ағарту министрлігіне кадр тапшылығын төмендету бойынша жұмыстар жүргізу.

• Облыс әкімдеріне мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қаражат бөлу, мектептердің материалдық-техникалық базасы бойынша мәселені шешу, ұйым басшысы етіп тиісті біліктілігі, дағдысы бар, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын, даярланған мамандарды тағайындау.

• Министрлiкке тиiстi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, жүйені дайындау, аймақтарда тартылған сарапшыларды оқытып, аймақтарға бағалауды жүргізу кестесiн ұсыну.

• Әкімдер мен облыстық білім басқармаларына – мектептерді дайындау, Ұлттық үйлестірушімен келісім жасап, бағалаудың жүргізілуін ұйымдастыру.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білікті азамат. Етене араласқан емеспін, бірақ сырттай жақсы білемін. Өмір көрген ана ретінде байқағаным, әр сөзі салмақты.  Өте ұлтшыл, қазақылығы басым, білім саласындағы тәжірибесі ұшан-теңіз. Ұлтқа жаны ашитыны әр ісінен аңғарылып тұрады. Өмірбаянын қарап отырсаңыз, сатылап өскен жігіт. Түркістанда өткен жиында министрдің де құттықтау хаты оқылды. Маған өте ұнады.  Ол білім саласының жетістіктеріне тоқтала отырып, жаңа оқу жылымен барша ұстаздар қауымын құттықтады. «Ұлттық платформа негізіндегі аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталған. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалім тек модератор мен сарапшыға ауысқанда ғана өз пәні бойынша сынақтан өтеді. Алдағы уақытта педагог-зерттеуші және магистр біліктілік санатын беру тәртібі толығымен өзгертіледі. Кәсіби еңбек жолын алғаш рет бастайтын немесе еңбек өтілінде үзіліс алған педагогикалық мамандықтардың түлектері үшін санат олардың пайдасына қайта қаралады», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Министрдің айтуынша, педагогтің кәсіби құзыреттілігін диагностикалау үшін кәсіби қызметін алғаш рет бастайтын немесе еңбек өтілінде педагогикалық мамандықтардың түлектері тестілеуден өтеді. Мұғалімдерді марапаттау тетіктері де өзгеруде. Енді мұғалімдер шәкірттерінің жетістіктеріне қарай бағаланып, оған соның нәтижесінде біліктілік санаты беріліп, марапатталатын болады. Бұл зейнет жасындағы мұғалімдерге де қатысты. Бұдан басқа, Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰБДҚ) арқылы педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімін толық автоматтандыру жоспарлануда.

«Министрлікке мұғалімдердің көп жылдар бойы жұмыс істесе де өз еңбегі үшін марапатқа ие болмағаны туралы өтініштер жиі түседі. Біздің әрқайсысымыз үшін мұғалім – бұл біздің өмір жолымызды анықтайтын, жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайтын адам. Мұғалім бүкіл ұрпақты оқытады және тәрбиелейді. Н.Некрасовтың «Мұғалім, сіздің атыңыздың алдында кішіпейілділікпен тізе бүгуге рұқсат етіңіз...» деген сөзін бәріңіз білесіздер. Сондықтан біз мұғалімнің бас әріппен жазылған мұғалім ретіндегі бұрынғы имиджін жандандыруға міндеттіміз», деді министр. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі. Білім саласында 30 және одан да көп жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде.  Мемлекет басшысының тапсырмасы және Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысының жобасы әзірленуде. Жобаның мақсаты – кәсіби көшбасшыларды іріктеу және дайындау. «Министрлік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін, мықты және тәжірибелі басшыларды «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3-6 айлық шетелдік тағылымдамаға жіберу жөнінде шаралар қабылдауда.

Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасады. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі», деді Оқу-ағарту министрі. Сонымен қатар оның айтуынша, министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың жол карталарын жасақтапты. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыты, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарланып отыр екен. Министр балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90 пайызы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылғанын, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілгенін және дабыл түймелерімен жабдықталғанын да атап өтті. Тағы бір маңызды шаралардың бірі жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар Ғани Бейсембаев колледждерге шефтік қамқорлықты жүзеге асыру мақсатында 500 кәсіпорынмен келісімдер жасалғанын, сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысы 1 қыркүйектен бастап 50 пайызға, келесі жылы 100 пайызға өсетінін айтты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы білім беру ұйымдарында «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» білім берудің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатқанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспардың жобасын әзірледі. 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасын жүзеге асыру осы жылдың 1 қыркүйегінде басталады. Ол шамамен 5 миллион баланы қамтиды. Ұлттық мониторинг – Балалардың әл-ауқатының индексі енгізілді. Мектептердің психологиялық қызметтері қызметінің автоматтандырылған жүйесін іске қосу жоспарлануда.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған, лицензиясы бар күзетшілермен қамтамасыз етілген, дүрбелең түймелері орнатылған. Бұл жұмысты 100 пайызға жеткізу керек», деді министр Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ арнайы мектеп автобустарының паркі жаңартылуда екен. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқу үдерісінде 27 мың баланы тасымалдауды қамтамасыз ететін 515 көлік сатып алыныпты. Қарап отырсаңыз, қыруар жұмыс істелуде. Бәрі дұрыс. Өте қуаныштымын. Бірақ. Осы «бірақтан» арыла алмай-ақ қойдық-ау. Ынта-ықылас бәрі жақсы, тек осы айтылғандардың ертең жүзеге асып кетуі қалай болмақ?  Мен осыған алаңдаймын. «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.  Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында. «Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз», деді Президентіміз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әдеттегідей халыққа Жолдауында мынандай мәлімет келтірді.

«2023-2024 оқу жылы:

7,8 мың мектеп

3,9 млн оқушы

1-сыныпқа 382 мың оқушы келді

Жылдың соңына дейін жаңа 154 мектеп қолданысқа беріледі

1,4 миллионнан астам  1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанады».

Өте қуанышты жаңалық. Енді мұны бізге кім тәпсірлеп береді? Бұл мектептердің қаншасы қазақша, қаншасы орысша, қаншасы аралас?

Аятжан Ахметжанұлының ФБ-дағы жазбасына сүйенсек, қуанышымыз сап тыйылып, еңсеміз түсіп кетеді. «Сандар сөйлесін!  Қауіп еткеннен айтамын... Солтүстік Қазақстан облысында 1-сыныпқа барғандардың 77,1%-ы орыс сыныбын таңдаған...

Қостанайда 71,1%.

Үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеп тұр...

Бұл тәуелсіздіктің 32 жылдығындағы статистика...». Шындығын айтсам, жан шошырлық мәлімет. Қайда барамыз, ағайын?! Балаңды қай мектепке бересің, әрине, ол өз қалауың. Бірақ ұлттық намыс, қажыр-қайрат қайда? Сен тәуелсіз елде тұрасың, бауырым! Неге сенің балаң орыс мектебіне барады? Баласын орыс мектебіне берген ата-ана, сен Қазақстанның тәуелсіздігіне сенбейтін шығарсың бәлкім. Онда есің барда еліңді тапқаның дұрыс-ау. Астанада балаларын орыс мектебіне береміз деп қиғылық салған қазақтар естеріңізде шығар. Жуырда ғана болған оқиға. Ол аз болғандай, қазақы орта болып саналатын Атыраудағы оқиға көңіл күйімді әбден түсіріп кетті. Қазақ ел болмайды-ау дейсің осындайда күйініп. Ел болу үшін мемлекетшіл мінез болуы керек, патриот болуы керек қой адам. Атырауда ата-аналар орыс мектебін ашуды  талап етіп жатыр. Басқа ұлт болса жарайды, қағынан жеріген қазақ бәрі. Неге сонша тілінен, дінінен жеріген дүбәра болдық?! Барлық жерде орыс мектебін ашып, оны баламен толтырып отырған баласын орысша оқытқан осындай мәңгүрттер. Не істейміз? Қайда барамыз, қазағым? Меніңше, тығырықтан шығар бір ғана жол бар. Ол – полиция, мұғалім, дәрігер, өрт сөндіруші, басқа да лауазымды қызметкерге қазақ тілінде тест тапсыртып, жұмысқа қабылдау керек және қызметкер қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза білуі керек. Осы ұсынысты заңмен шегелеп тұрып бекіту қажет, сонда ғана халық бұлай орыс сыныптарына жаппай бармайды. Өз басым заң арқылы мәжбүрлеуден асқан шара көріп тұрған жоқпын.

 

 

Қазақ мектептері жетім баланың күйін кешпесе екен

 

ТҮЙІН: Сөзімнің басында айтып өттім ғой, білім саласын 32 жылда 17 министр басқарыпты. Дана қазақ «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деп бекер айтпаған. Иә, мемлекеттің қолдауымен зәулім-зәулім мектептер салынып жатыр. Мектептердің іші кірсе шыққысыз. Бәрі бар. Жаңа технологиямен жасақталған. Бар жағдай жасалған. Сөйте тұра бірдеңе жетіспейді. Ұлттық рухтың, бабадан жеткен құндылықтың жұпары еспейді. Суық жел азынайды. Көңілің қоңылтақсып қайтады. Себебі көптеген мектептер аралас, болмаса көрші Ресейдің тілінде оқытады. Қазақша мектептердің өзінде үзілісте оқушылар орыс тілінде сөйлесіп тұрады. Осы көрініс менің жаныма қатты батады. Үш тілділіктің де зардабы оңай болмайын деп тұр. Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асты. Неге қазақтың тілі еңсесін тіктемейді? Неге қазақ баласы өз ана тілінде білім алмайды? Неге олардың ата-анасы қазақ мектебіне баласын беруге қарсы? Кінәні кімнен іздейміз? Биліктен бе, халықтан ба? Аралас мектептерді намыссыз қазақтар өзіміз қолдан жасап отырмыз. Бұл шындық. Баяғы көнгіштік, жалпақшешейлік түбімізге жететін түрі бар.  Өздеріңіз ойлаңыздаршы, аралас мектептерді қаракөз қазақ балалары толтырып отыр. Қазақ болсаң, бұған жүрегің неге шаншымайды? Жекеменшік мектептердің көбеюі де халықты әбден алалап бітті. Оларды мүлде қысқартып, мемлекет ұлттық лицейлерге басымдық берсе, ұлттың рухы оянып, халықтың да еңсесі тіктеліп, дүр сілікінер күн туар еді-ау.  Армандаған деген жақсы нәрсе ғой, тек ол іске асу үшін «Ұлтым», «Халқым» деген азаматтар билікте отыруы тиіс. Ондай азаматтардың билікте бар екеніне де сенемін. Олар іштен тынып, өз қолдарын өздері кесе алмай қиналып жүр...

 Тағы бір айтарым, білім ғана емес, кез келген салаға «шымшық сойса да, қасапшы сойсын»  дегендей, білікті мамандар келіп отырса… «Қаңғып келген шүрегейлер» кімге опа беріпті? Оны 32 жылда көрдік те, соңынан ердік те! Не болды ақыры?! «Жайлы мектеп» деген шықты. Сонда деймін-ау, басқа мектептер жайсыз ба? Мені қатты толғандырып жүрген нәрсенің бірі осы! Неге мектептерді алалаймыз? Неге оларды түр-түске бөлеміз? Қане содан шыққан мүйізіміз? «Малым жанымның  садағасы, жаным арымның садағасы» деген қазақ бүгіндері қайда бара жатыр?  Баласын «обал болады, ұят болады» деп тәрбиелеген бабалардан технология дамыған заманда асып кеткеніміз қайсы? Мектептеріміз  суицидтен,  ерте жүктіліктен әлемде алғашқы орында.  Мектеп жасындағы балалардың есірткіге байлануы да үлкен проблема туғызып отыр. Мұның бәрі  ұлттық идеологияның жоқтығынан  жаһандануға жұтылып бара жатқанының көрінісі болмасын, қазағым! Түк қиындық көрмей, молшылықта өскен ұрпақ  тіл білмейді, не ұлттық құндылықтан жұрдай болып өсуде. Бұған қалай жүрегің ауырмайды?! Ғұмырымның жартысын білім саласына арнаған ана ретінде айтар өз сөзім, өз көзқарасым бар. Бұл сын емес, жанашырлық, дамыған елдердей болсақ  деген ізгі тілектен туған ой-арман ғана. Бізде балаға жұмыс істетуге болмайды. Сан рет ауысқан министрлердің реформасының нәтижесі бұл! Анау дамудың шыңына шыққан Жапонияда балабақшадағы бала ас ішкен ыдысын өзі жуады. Үстелді өзі сүртеді. Барлық оқу орындарындағы оқушылар кезектесіп кабинеттерінің еденін жуып кететін көрінеді. Одан бала кем болып жатқан жоқ. Қайта ой-өрісі қарапайымдылыққа төселуде. Міне, баланы еңбекке баулу. Бізде не, баланы жалқаулыққа баулу басым. Бізде де еңбекке баулу сабағы өтеді. Бірақ жалаң. Себебі баланың көңіл күйіне қараймыз. Ол ренжімеуі керек. Әйтпесе кейін ата-анасы келіп, мұғалімдердің шаңын қағуы мүмкін... сол үшін қоғамға сілкініс керек. Ата мен ұстаз бірлікте жұмыс істесе, алынбайтын асу жоқ. Міне, еңбекке баулу да арзан дүние емес.  Оның бала өміріндегі орны ерекше. Жапон азаматтарына қарашы, үлкені де, кішісі де иіліп тұрады. Бәрі тәлімнен. Кішкентайдан алған білімнен... Ол аз десеңіз, кез келген президенті мен министрі қателік жасап қойса, халықтың алдына шығып иіліп, басын жерге ұрып кешірім сұрайды.  Қандай тектілік! Қандай ізгілік! Бізде ше? Осының бірі бар ма? Президент, министр тұрмақ, ауыл әкімі халықтан кешірім сұрап көріп пе? Әй, қайдам?!   Толып жатқан министрліктердің орынбасарлары, департамент басшылары бізде «жарты Құдай». Жайшылықта құрақ ұшып қарсы алса, дөкейдің қасынан көрсең, сырт айналады. Өзгеріске түскен болмыстарды көргенде құсқың келеді. Осының барлығы кішкентайдан санасына ұлттық тәрбиенің сіңбегенін, ұлттық құндылықтан жұрдай екенін байқатады. Өкінішке қарай, солар билікте жүр. Халықтың, болашақтың тағдыры соларға қараса, күніміз не болмақ? Ойланайық, ағайын! Бізге, ұрпағымызға мейірімділік жетпей жатыр. Ол үшін ұстаз бен ата-ана мейірімге шөлін қандыруы керек. Оқу ордалары балаға біліммен қатар мейірімділікті де санасына құйса, нұр үстіне нұр.  Әлемді бауырына сыйғызған мейірімді ел неге қатыгез болып кетті? Әлеуметтік желіні қарасаң да, теледидарды қосып қалсаң да  атыс-шабыс, қырғын-соғыс. Асып кету, зорлап кету. Зұлымдықтың неше атасы насихатталуда. Оған тоқтам қашан болатыны да белгісіз. Бәрінің қуғаны хайп. Ұлттық болмысты, құндылықты ойлап жатқан жан көрмеймін.  Бұны мемлекет қолға алмаса, ертең кеш болып қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ мұғалім мен ата-ана да балаға үлгі болуы тиіс. Жүріп-тұруымен, сөйлеу мәнерімен, тағылымдық, танымдық ісімен.  Әңгіме менменсіген, дандайсыған  жандар туралы болып жатқандықтан, өз көзіммен көрген бір-екі мәселені айтпай кете алмаймын. Дамыған елдерде шенеуніктер ұшақта қарапайым эконом класпен ұшады. Халықпен араласады. Өздерін ерекшелендірмейді. Кішіпейіл, моп-момақан. Кейбіреулері велосипедпен жүреді. Бізде әлі күнге бюрократтық басым. Көпке топырақ шашпаймын,  ел болғасын бар ғой ізгі жүректі, халықшыл, қарапайым азаматтар. Бірақ өте аз. Бұған тіпті бәс тігемін. Билік басындағы кез келген шенеунік өз міндетін, халықтан жоғары еместігін білуге тиіс. Астарындағы орынтақ әкелерінен қалған мұра емес қой. Осыны терең сезінетін тұлғалар көбеген сайын елдің де мерейі биіктей түсеріне сенемін. Біздегі тағы бір тосқауыл – шенеуніктерге кіру мәселесі. Әй, қиын-ау!..  Қарапайым жұрт түгілі, бір басылымды ұстап отырған біздің өзіміз емен есіктерге айлап-жылдап жүріп әрең кіреміз.  Еш тірегі жоқ ағайынға не жорық?! Алайда анау дамыған елдерде халық шенеунікке кіргісі келсе, кіріп шыға береді екен. Президентпен жолығуға мүмкіндігі зор.  Бізде мұның бәрі қиямет-қайым нәрсе. Таныс іздейсің, одан әупірімдеп жүріп қабылдауына жазыласың. Ол қабылдау қашан болатыны тағы белгісіз. Сөйтіп жүргенде оларға айтамын деген сөзіңді ұмытып қаласың. Мен мұны неге айтып жатырмын? Бұның білім саласына да қатысы бар. «Құдайдың бір аты  халық» дейді қазақ. Демек, халықпен жиі жолығып, көзқарасын, пікірін тыңдап отыру шенеунікке де үлкен жетістік. Себебі министр мен әкімнің білмейтінін халық біледі. Халықтың сөзінен дер уақытында қорытынды шығарып отырса, шенеунік ұтыла ма? Жоқ, әрине. Керісінше ұтады.   Біздікілер осыны әзірге ұқпай жүр. Құлағын тас бітеп алып, меңіреу адам секілді жүре беру  билікке халықтың ашуын туғызады. Оның арты қай кезде жақсы болыпты? Айтпақшы, «Кезекті тақырып» деген бағдарлама шығып жүр. Соны үнемі тыңдаймын. Сонда бұрынғы министр Дархан Қыдырәлі түрлі сауалдарға жауап беріп, бірнеше рет көрінді. Жақсы мәселелерге түрткі болды.  Бұл жақсы бастама. Себебі оны халық көріп отыр. Сауалды да халық жолдауда.   Сондықтан жақсының жақсылығын айтпасақ, арғы сын. Ауыл шаруашылығы министрі болған Е.Қарашөкеев, қазіргі депутат А.Аймағамбетов те өте кішіпейіл. Оны халықпен байланыстарынан көруге болады. Осындай ел алдында жүрген азаматтарға рақмет айтқым келеді. Және бұларда кері байланыс бар. Кез келген сауалыңа жауап береді. Телеграм каналдарына да бірнеше рет қатыстым. Сауалымды жолдадым. «Аманаттың» атқарушы хатшылары Ержан Жылқыбаев, Дәулет Кәрібектермен де өз басым жақсы байланысамын. Телеграм, ватсабына шығып, сауалымды, пікірімді айта аламын. Олар да кез келген уақытта жауаптарын жазып жібереді.    Бұлар халықтан қашпайды. Қашпау – өздеріне сенімділіктің белгісі. Халықтан қашатындар күні үшін жүген қулар десем, артық айтты демеңіздер.

«Мәжбүрлемеңдер» деген сөзді бір министр айтып, артына «мұра» қылып қалдырып кетті. Оның зардабын барлық қазақтілді басылымдар тартып келеді. Себебі газетке жазылуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Бірақ мұғалімдерден газет-журналды оқуды талап ету міндет қой. Егер ұстаз оқымаса, өзіне қажетті дүниелерді көңіліне тоқымаса, оның балаларға сабақ беруге де хақы жоқ қой. Себебі ұстаз үнемі ізденісте жүрмесе, газет-журналдардағы материалдарды оқымаса, білім деңгейін қалай көтермек? Қайтіп жаңалықтарды білмек? Сондықтан алдағы уақытта Үкімет ұлт газеттерін сақтап қалу үшін, мұғалімдер мен оқушылардың ұлт руханиятынан сусындап отыруы үшін Қазақстандағы  7,5 мың мектептің кітапханаларына қазақ-орыс деп бөлмей, барлық басылымдарды, балалар журналын жаздыртуға міндеттелуі керек. Сонда ғана «Мәжбүрлемеңдер» деген бұйрық райдағы сөзден құтылар едік. Ең бірінші өзін жарылқаған биліктің қай кезде де ұтары көп. Не айтқым келіп отырғаны түсінікті болар.

Президенттің Жолдауында мені қуантқаны – «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 400-ге жуық мектеп салынатыны. Себебі елімізде демографиялық өсімнің ұлғаюына байланысты, мысалы, 2027 жылға қарай Қазақстанда мектеп жасындағы балалар саны 5 миллионға дейін артады десек, сәйкесінше, білім алатын мекемелердің көбеюі заңды емес пе?!  Олай болса жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақтай жекеменшік мектептердің тағы да көбейетіні ешкімге жасырын емес.  Ол мектептердің құрылтайшылары кімдер? Осы сұрақ мені жиі мазалайды.  Егер мектепке қатысы бар, мұғалімдік тәжірибесі мол адам болса жақсы, бәлкім ол ақша табуды көксеген кәсіпкер, болмаса ақшасы көп бір бай болса не істейміз? Мен өзім және  басқарып отырған ұжымым жол сапарға, Президент Жолдауын қолдау мақсатында экспедицияларға жиі шығып тұрамыз. Биылдан бастап Оқу-ағарту министрімен бірлесетінімізді, министрдің жеке қабылдауында болғанымызды, ортақ ойларымыз бар екенін өткен нөмірдегі мақалада жаздым.  Ендігі мақсат көпшілікті алаңдатып жүрген мәселенің бірі үш ауысымдық мектептердің жағдайы. Оны Президент те, Үкімет басшысы да айтудай айтып жатыр. Оның орындалуы ғана кешеуілдеп тұр.  Күні кеше ата-аналардың арнайы өтінішімен шырайлы Алматының түбіндегі Алматы облысы Қарасай ауданындағы үш ауысымды үлкен бір мектепке бардық. Ол мектеп туралы алдағы уақытта тағы жазамыз. Айтпағым сол мектептегі жағдайды көріп, алдағы уақытта әбден зерттеп, зерделеп мақала әзірлемек ойдамыз.  Осыған министр, облыс әкімі ат басын бұрып, Кемертоған орта мектебінің жай-күйімен танысса дейміз. Халықтың қалуына орай көңіл бөлінсе деген үлкен өтінішіміз бар. 5 мыңнан аса бала оқитын мектептің жанына қала автобусының келуі, оқушылардың далаға шыққандағы қауіпсіздігі жайлы арнайы берілген тапсырмам бойынша  Бас редактор Ертай Айғалиұлы осы нөмірге жазды. Себебі ата-аналардың арызы бұл. Балалардың қауіпсіздігі қорғалмаған. Мектеп ауласы қуықтай жер. Көліктер сапырылысып жатыр. Өте қауіпті.  Арғы жағында ұлан-ғайыр аумақ жекеменшіктің қолында. Міне, біздегі тірлік! Бұл «Аманат» партиясы араласатын шаруа деп ойлаймын. Облыс әкімі де құлағдар болса, нұр үстіне нұр! Біз бұл мәселені басты назарда ұстайтынымызды айтқым келеді. Сонымен қатар 1 қыркүйек күні қоңырау соғылмайтын мектепті көргіміз келді. Алғашқы қоңырау соғылмаған себебі оқушылардың шамадан тыс көптігі. Бәріміз барып көрдік. Сондықтан көрген-білгенімізді қайталамаймын. Осы нөмірден оқыңыздар.  Елімізде, өкінішке қарай, алғашқы қоңырау соғылмаған мектептер баршылық. Және апатты жағдайдағы мектептердің барлығы да  жанды ауыртады. Болашағы жоқ ауылдар расымен пайда болды. Қауқиып тұрған жақсы мектептері бар, онда оқитын баласы жоқ. Осының бәріне кімді кінәлаймыз?  Көктем мен күзде 35 минуттан, қыста 25 минуттан оқушы сабақ оқыса, ол жерде қайдағы білім? Таңертеңгі сабақ 7.30-да басталады. Кешкі 8-ге дейін оқитын үш ауысымды мектептерден қашан құтыламыз? Соңғы жылдардағы саясат үш ауысымды мектеп пен аралас мектепке көп көңіл бөле бастағандай көрінеді маған. Біз әр іссапарымызда жолыққан аудан, ауылдардың мектептері туралы шындықты, көзбен көргенімізді, көңілге түйгенімізді міндетті түрде жазып отырамыз. Ұстаз ретінде мені ұрпағымның келешегі алаңдатады. Сауатсызданып, тілден ажырап барамыз. Қарап отырсам, бүкіл жағдай аралас және орыстілді мектептерге жасалған. Осыдан барып баласын орыс мектептеріне болмаса аралас мектептерге сүйреушілер көп.  Осымен сөзім тамам. Сөз ұғар құлақ болса, билік ескерер. Ескермесе, тарих бетіне хатталып қалып, ар алдында адалдығымды көрсетер. Дүниеде көріп тұрып айтпаған жаман, сеніп тұрып бармаған жаман!

Биылғы тамыз конференциясы өзгеше форматта өткені рас. Сапалы білім мен саналы тәрбие ұштасса ғана ұлттың ұшпаққа шығары хақ. Біз де газеттің алғашқы санынан «Болашақ үшін бәріміз жауаптымыз!» деген ұранды ұстанып, білім саласына ден қойып, үнемі жазып келеміз. Жақсы іске қуанамыз, кемшілікке қуарамыз. Іссапар мен экспедиция қарсаңында шалғайдағы ауылдардың мектебіне де ат басын бұрмай кеткеніміз жоқ. Себебі мектеп сапалы білім берсе, білімді ұрпақ көбейсе, мемлекеттің темірқазығы солар. Ел экономикасының қарыштап дамуы да, құлдырауы да білімге байланысты. Біз мамыр-маусым айындағы «Ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі» деген дөңгелек үстелде бүгінгі көтеріліп жатқан мәселелерді бастағанбыз. Демек ұрпақ сабақтастығы бәрімізді алаңдатады. Сондықтан осы кезге дейін айтылған ойлар мен ізгі мақсаттар сөз күйінде қалмай, діттеген жеріне жетсе екен деймін ел анасы ретінде. Осыдан халық тәрбиенің нәтижесін көрсе деген үлкен арманым бар. Бәрі уақыттың еншісінде. Іске сәт!  

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, публицист

08.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 29
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 52
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 19
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 24
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 27
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 55
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 52
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 258
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 255
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 877

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8952
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8346
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11572
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9330
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10556