Ұлттық мүдде абыройы – қазақ тілінде

Ұлттық мүдде абыройы –  қазақ тілінде

 Еліміздің тәуелсіздік бесігінде тербеліп, әлем қауымдастығынан ойып тұрып орын алғанына да биыл 32 жыл толады екен. Ең бастысы ғасырлар бойы аттан түспей, азаттық жолында күрескен бабалар арманы орындалды. Шекарамыз шегенделіп, ұлттық рәміздеріміз белгіленді. Кеңес империясының шинелінен шыққан көрші мемлекеттерде орын алып, дүмпуі күні бүгінге дейін басылмай тұрған сан түрлі қырғиқабақ соқтығыстардың Қазақ Елінде болмауы, әрине, сыртқы саясат пен ұлтаралық саясатта дұрыс бағытта келе жатқанымызды айғақтап тұрғаны көңілге медеу. Алайда 30 жыл бедерінде мемлекет басқарушылар тарапынан жіберілген өрескел қателіктерді жіпке тізгендей сараласақ, біраз жерге барып қаларымыз анық. Бүгінгі ойтолғау мақалада, саяси сараптамада солардың біріне тоқталып, жан-жақты талдау жасауға тырыстық. 

Біріншіден, ұлтаралық татулық, дінаралық татулық, демократия, толеранттық, еркіндік, т.б. ұрандардың жетегінде жүріп, жер иесі – қазақ ұлтының ұлттық мүдделеріне едәуір көлеңке түсіріп алған жоқпыз ба? «Бояушы бояушы дегенге – сақалын бояйды» демекші, елімізде тұрып жатқан шағын ұлттар мен ұлыстар санын 100-ден 130-ға, тіпті 150-ге бір-ақ жеткізіп, айды аспанға шығарғаннан не ұттық? Қазақ тілін өркендетіп, мемлекеттік тіл тұғырына қондыру үшін әркімге бір жалтақтап, супертолерант болып алғанымыз өтірік емес. Ел басқару тізгінін қолына мығым ұстаған бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең басты қателігінің бірі қазақ тілін босағадан төрге өткізбейтін солқылдақ, екіжүзді саясат ұстануы болатын. Қазақ тілі сол дәуірден күні бүгінге дейін тұрмыстық деңгейден ресми тұғырына жете алмай-ақ қойды. Мұндай солқылдақ саясат тіпті елімізде тату-тәтті тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне де ұнамайтынын жақсы білеміз. Себебі олардың басым бөлігі қазақ тілінде еркін сөйлеп, сол арқылы өздерін қазақ халқына етене жақын бауырмалдық үлгісін көрсетіп жүргені қуантады. Жоғарыдағы назарбаевшыл кейбір шенеуніктер қазақ тілінің өз тұғырына қонғанын шын жүректен қаламағандықтан, қасиетті қазақ тілі күні бүгінге дейін босағада телміріп, орыс тілі төрімізде шіреніп, қаракөз бауырларымыздың құқы аяққа тапталып жатуы бәрімізді қынжылтады.

Алыстан орағытып, мәймөңкелемей, сөздің турасына көшсек: мемлекетке аты беріліп отырған, сол мемлекетте тұрып жатқан жалпы тұрғындардың  80 пайызына дейін құрайтын титулды ұлттың, яғни қазақтың тілін ресми дәрежеге көтеретін, Ақордадан бастап, ауылға дейін емін-еркін күнделікті қолданыста болуын іс жүзіне асыратын кез келді. Мұны барша қазақстандықтардың қолдайтыны, тіпті асыға күтіп жүргені ақиқат десек, қателеспейміз. Себебі бұл жерде біз «ұлтаралық қатынас тілдің» (орыс тілінің) қолданылуына шек қою туралы айтып отырған жоқпыз. Олжас ақынша айтқанда: «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» дегім келеді. Бастапқыда бәрі қиын  сияқты көрінгенімен, егер ресми органдар жақсылап қолға алса, туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесін  нақты іс жүзінде  пайдалану ережелерін жасауға болады. Ол үшін, барлық ісқағаздарының бірінші кезекте мемлекеттік тілде толтырылуын, мекемелер мен кәсіпорындардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың атауларын мемлекеттік тілде жазу, қажет болғанда орыс тілінде қосымша жазуға міндеттеу қажет. Кез келген мекемелерде аудармашы штаты болуы шарт. Бұл талаптарды орындамайтындарды бірінші жолы ескерту, екінші жолы белгілі  мөлшерде айыппұл салу, мүлдем орындалмаған жағдайда сол мекеменің немесе дүкен, шағын кәсіпорын, т.б. есепшоттарын уақытша бұғаттау немесе мәжбүрлі түрде айыппұл төлету шараларын жүзеге асыратын құқы бар ресми комитет немесе департамент құрылса дұрыс болар еді. Мәселен, «Мемлекеттік тіл мәртебесін пайдалану құқын жүзеге асыруды үйлестіруші және бақылаушы департаменті» деп атау дұрыс сияқты. Мұндай ұсынысты мен ойдан шығарып отырған жоқпын. Кәрі құрлықтағы азуын айға білеп, заманында әлемнің едәуір жерін басып алып, үстемдігін жүргізген Францияның өзінде осындай, француз тілінің мемлекеттік мәртебесі жойылып кетпеуі үшін жасалған  немесе қабылданған арнаулы заңнама бар екенін екінің бірі біле бермейді. Әлдеқашан ұлт болып ұйысып, тарих бетінен өзінің  орнын алған қуатты мемлекет басшылары дүниеге әмірін жүргізіп келе жатқан ағылшын тілінің болашақта тигізер  күшті ықпалынан қауіптеніп, осындай қадамға барғаны айқын...

Басында сәл жұмсартып, «Мемлекеттік тілдің ресми құқын қорғау мен бақылау және өзге тілдерді өркендету комитеті» деп арнаулы атқарушы мекемені құруға  болады. Сонда өзге ұлт өкілдерінің де құқы ескерілген болып табылады. Бірақ, аталмыш мекеменің басты мақсаты – 32 жыл бойы сөзбұйдаға салып, созылмалы мәселеге айналып кеткен мемлекеттік тіл мәртебесінің нақты жүзеге асырылуы болып табылады. Оның жұмысы тікелей ел Президенті мен Парламентінің, Үкіметінің бақылауында болуы арнаулы қаулымен немесе жарлықпен бекітілуі қажет. Мұндай бастаманы барлық қазақстандықтардың қолдайтыны сөзсіз.

Жаңа Қазақстан құру идеясының басты авторы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тіл проблемасын  шешу туралы тапсырмаларын іс жүзіне асырудың бірден-бір жолы осы десек, қателеспейміз. Қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің еңсесін, халқымыздың ұлттық рухын көтеру мақсатында Президентіміздің болашаққа бағдар берген, стратегиялық маңызы бар тапсырмаларының бірегейі – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, еліміздегі барлық ұлыстарды ұйыстырушы дәрежесіне жеткізуге атсалысу барша қазақтың, һәм қазақстандықтардың парызы екені рас.

«Қазақстан» деп аталатын унитарлы мемлекеттің төлқұжаты – қазақ тілі екеніне ешкімнің де дауы жоқ! Олай болса  төлқұжатымыздың өміршеңдігіне көлеңкесін түсіріп, күнделікті тіршіліктің басты қарым-қатынас құралына айналуына кедергі келтіріп тұрған «орыс тілі –   ұлтаралық тіл» деген солқылдақ бапты  Ата Заңымыздан алып тастайтын кез келген сияқты! Бұл аса маңызды мәселені шешуге бас қатырудың қажеті жоқ. Көрші Қырғыз Республикасының орыс тіліне қатысты бапты Ата Заңнан біржолата алып тастауы  бүгінгі заманның талабынан туындаған батыл қадам болды. Біздің ел басқарған азаматтарға да осындай батылдық қажет-ақ...

Себебі: ұлт саясаты бәрінен де биік! Ендеше, іске сәт!

Ұлт саясатындағы ұтымды ұсыныс – бізден, оны жүзеге асыру – сізден, аса мәртебелі билік! Төре тіл төрге шықсын! Келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болсын!

ЖАҢАБЕК ТОЙБАЗАРОВ
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368