ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстанның 10 үздік шебері 208 оқушыға ұлттық қолөнерді тегін үйретуде. Бұл ұлтымыз үшін, салт-дәстүрді көпшілікке дәріптеу үшін таптырмайтын жетістік. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, осы ретте «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Ермекұлы Каналимов пен оның әріптестерінің де еңбегі ерен. «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы ұлтымыздың көнеден келе жатқан асыл мұрасын ардақтауға, оны одан әрі дамытуға, қолданысқа жаратуға, жастарға үйретуге бағытталған. Бүгіндері нәтижесі де жаман емес. Барыңды бағалай білгенге не жетеді, шіркін!

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы жалғасуда. 27 шілде мен 12 тамыз аралығында қатысушылар ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибелік оқудан өтуде. Бағдарлама зергерлік өнерді, ағаш және тері өңдеуді, киіз басуды, қыш өнерін, кілем тоқуды, сүйек оюды және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлерін қамтиды.

Жобаға деген жоғары қызығушылық республикалық конкурстық іріктеу нәтижесінде айқын көрінген. Шебер-тәлімгер ретінде қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 331 өтінім келіп түсіпті. Техникалық сараптау мен қайталанған өтінімдерді алып тастағаннан кейін конкурстық комиссия 271 өтінімді қарап, қорытындысында Қазақстанның 10 үздік қолөнер шеберін анықтаған. Бүгінде олар Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub базасында (Жошы хан көшесі, 16/2) 8-20 жас аралығындағы балалар мен жастарға ұлттық қолөнердің дәстүрлі технологиялары мен шеберлік қыр-сырын үйретіп келеді.

«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Ермекұлы Каналимов жоба нәтижелері ұлттық мәдени мұраны сақтауға қоғам тарапынан үлкен қызығушылық бар екенін көрсететін айтып отыр.

«Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 780-нен астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде 331 өтінім – шебер-тәлімгерлерден, 450-ден астамы – оқушылардан қабылданды. Конкурстық іріктеу нәтижесінде Қазақстанның 10 үздік шебері анықталып, бүгінде олар 208 оқушыны ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тегін оқытып жатыр. Бұл көрсеткіштер дәстүрлі қолөнерді сақтауға, оны өскелең ұрпаққа насихаттауға және ұлттық мұраны дәріптеуге деген қоғамдық сұраныстың жоғары екенін айқын дәлелдейді», – деді Ерлан Каналимов.

Өтінімдерге жүргізілген талдау жобаның кең географиялық қамтылуын көрсетуде. Ең жоғары белсенділікті еліміздің оңтүстік өңірлерінің шеберлері танытып, бұл аймақтардан 137 өтінім немесе жалпы өтінімдердің 51 пайызы түскен. Ең сұранысқа ие бағыт – дәстүрлі тоқыма өнері мен киіз басу. Бұл бағыт бойынша 121 өтінім (44,6%) қабылданды. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер және этнодекор бойынша 42 өтінім (15,5%), ұлттық киімдер мен аксессуарлар жасау бойынша 31 өтінім (11,4%), зергерлік өнер бойынша 20 өтінім (7,4%) келіп түсіпті.

Жобаның білім беру бағдарламасына да қызығушылық жоғары екен. Оқуға қатысу үшін 450-ден астам өтінім қабылданып, конкурстық іріктеу нәтижесінде 208 оқушы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған.

Сабақтар тәжірибелік шеберлік сабақтары форматында ұйымдастырылған. Танымал қолөнер шеберлерінің жетекшілігімен қатысушылар дәстүрлі бұйымдарды жасау технологиясын меңгеріп қана қоймай, өздерінің авторлық жұмыстарын әзірлейді. Барлық қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар ұйымдастырушылар тарапынан тегін ұсынылады.

Жоба аясында инклюзивті білім беруге де ерекше назар аударылған. «Ұлттық қолөнер мектебінде» ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы топ жұмыс істейді. Шеберлік сабақтары олардың ұсақ моторикасын, шығармашылық ойлауын, эстетикалық талғамын және еңбек дағдыларын дамытуға ықпал етіп, әрбір қатысушының өзін-өзі жүзеге асыруына тең мүмкіндік береді. Жобаның қорытындысы 12 тамызда өтетін салтанатты жабылу рәсімінде шығарылып, қатысушылардың авторлық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ түлектерге сертификаттар мен естелік сыйлықтар, ал шебер-тәлімгерлерге алғыс хаттар табысталады.

«Ұлттық қолөнер мектебі» – ұлттық мұраны дәріптеп, дәстүрлі қолөнерді өскелең ұрпаққа үйрететін бірегей білім беру алаңы. Жоба ұлттық құндылықтарды сақтауға, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және дәстүрлі қолөнерді Қазақстанның заманауи креативті индустриясының маңызды бағыты ретінде жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Креативті индустрияларды дамыту 

қорының Баспасөз қызметі

13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26895
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26336
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43710
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39496
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44094