ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ

ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ  ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ

Атырауда Ұлттық құрылтай аяқталды. Бұл Ел Президенті бас болып, зиялы қауым қош көріп, дүйім халық қостаған игі шара болғаны анық. Ұлттық құрылтай – ұлт бірлігінің бастауы. Ата-баба мұрасы. Елдік мәселе шешілетін алаң. Елдікті нығайтып, бірлікті бекемдеу мақсатымен мемлекет тарихында қайта жаңғырған Ұлттық құрылтайдың екі отырысы өткені баршаға мәлім. Алғашқысы Ұлытауда, одан кейін Түркістанда. Ұлтты ұйыстырған екі жиын  да мазмұнды болып, халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылды. Тың ойлар ортаға салынды. Айтылып қана қоймай, жүзеге асырылып келеді. Мысалы, Ұлытаудағы жиыннан кейін атаусыз қалған «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Бұл жолғы құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел экономикасы мен ішкі саясат, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін» мәлімдеді.

 

Креативті индустрияның мән-маңызы зор 

 

«Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл, өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес.

Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін.

Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады», – деді Президент.

Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Ел Президентінің ел экономикасы жайлы айтуы тегін емес. Себебі экономика – ел дамуының драйвері. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Президентіміз үнемі қолдап келеді. 

Естеріңізге салайық, ұлттық университеттің 90 жылдық мерейтойлық ашылу салтанаты 15 қантар күні болып өтті. Ұлы данышпанның  есімімен аталатын Әл-Фараби атындағы 90 жылдық тарихы бар ҚазҰУ бүгінгі таңда мемлекетіміздің жоғары мектебінің тірегі, бүкіл Орталық Азия аумағындағы кадрлар дайындайтын ірі ұстаханаға айналды. 

Мерейтойдың қадірлі қонақтары ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев, Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, Мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет ардагерлері, ҚазҰУ түлектері мен оқытушылары, білім алып жатқан жастар, БАҚ өкілдері болды.

«ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 230-орында. QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. 90 жылдық тарихы бар университетте 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде 11 ҚР ҰҒА  академигі, ҚР Жоғары мектебінің үш академигі, Жоғары мектебі Ғылым академиясының сегіз академигі, жеті ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. Биыл 32 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Кез келген университет мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегімен, түлектерінің сапасымен өлшенеді. ҚазҰУ түлектерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар жеткілікті. ҚазҰУ-да жылдар бойы қалыптасқан белгілі қайраткер тұлғалардың, мықты оқытушы-профессорларымыздың ғылыми мектептері қалыптасқан. Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, жаңа бағытта дамыта беретін болады. Қазір 25 мыңнан астам студентіміз бар. Студенттеріміз АҚШ, Еуропа, Азияның озық университеттерінде білімін жетілдіруде. ҚазҰУ әлемнің 650-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді. 2023 жылы Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің  филиалын ашу туралы келісілді. Филиал 12 қазанда ашылды», – деді ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде.

 

Президенттің қолдауымен жатақханалар салынып жатыр

 

2024-2027 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі өтеді. Әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысы жүріп жатыр.  Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк жоспарланған. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай, ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарланып отыр. Бұл жобаны ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп іске асырады. Робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсететін орталық биылғы жылдың екінші тоқсанында ашылады. Бұдан бөлек ҚазҰУ-да Қытай үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 1800 (1800 Тфп) жүзеге асыратын суперкомпьютерге қаражат ҚХР үкіметі есебінен бөлініп, ҚазҰУ-да орнатылады.  Бүгін мерейтойға орай, химия және химиялық технология факультеті жанынан гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.

2024 жылы 23 ақпанда   әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналған Digital Farabi II халықаралық форумы өтті.

Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев, бизнес өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеп, форум жұмысының өзектілігін атап өтті. Министр өз сөзінде жасанды интеллектінің кәсіби қызметке сандық және сапалық әсерін талдайтын «ЖИ басқаратын автоматтандырылған әлемдегі кеңейтілген жұмыс» бойынша IBM есебінің деректерін ұсынды.

 

«Соңғы бес жылда 27 ел жасанды интеллектіні дамытудың өзіндік тұжырымдамасын әзірледі. Ел Президенті осы бағытқа басымдық беруді тапсырды. Есептің екі негізгі қорытындысы: біріншісі – жасанды интеллект төңкерісі болды, екіншісі – алгоритмдер адамдарды тікелей алмастыра алмайды. Жасанды интеллектіні, жаңа технологияларды игерген мамандар ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндіктері мен ресурстары жоқ адамдарды еңбек нарығынан ығыстыра бастайды», – деді министр.

Форум аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, ҚазҰУ-дың ғалымдары мен студенттері және «STEM» орталықтарындағы оқушылар өздерінің ғылыми әзірлемелері мен стартаптарын ұсынды.

Шараның мақсаты – жас ғалымдардың инновациялық жобаларын іске асыруға қолдау көрсету және нарыққа шығуына жәрдемдесу. Келушілер назарына 20-дан астам инновациялық жоба ұсынылды.

Солардың қатарында университет ғалымы Диана Рахимова сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған қазақ тіліндегі мобильді қосымшаны таныстырды. Жобаның мақсаты – жасанды интеллектіні пайдалана отырып, оқу және жазу әдісі арқылы балалардың сөйлеу қабілетін жетілдіру және дамыту. Ғалым дайындаған ғылыми жобаның арқасында балалар тез сөйлеуді және ақпараттарды жедел қабылдауды үйренеді. Алдағы уақытта жоба авторлары мобильді қосымшаға логопедтердің видеодәрістерін енгізуді жоспарлап отыр. Болашақта мобильді қосымша толық біткеннен кейін ата-аналар тегін пайдалана алады.

 

PS: Атырауда өткен үшінші құрылтайда  зиялы қауым идеологиялық, рухани бағыт-бағдарымызды айқындап, жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде өз ойларын, пайымдарын ортаға салды. Мемлекетіміздің ертеңі не болмақ? Елімізді жаһандық сын-қатерлерден алып шығудың, тұрақты дамудың жолдары қандай? Міне, осы сұрақтарға Президентіміз нақты жауап берді. 

«Мен бүгін тағы бір өзекті мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда, ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық  буржуазия керек.

 

Әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуымыз керек

 

Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық. Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады», – деді Президент.

Ұлттық бірегейлігімізді нығайту негізгі мәселе екені даусыз. Бұл орайда Мемлекет басшысы ұлтымыздың салтында жоқ киім үлгілерінен аулақ болу керек екенін айтты. «Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Ертеде Хан ордасы болған Сарайшықтың іргесіндегі Атырау бұл күндері қалың қазақты толғандырған мәселелер талқыға түскен орынға айналды. 

Үшінші құрылтайда сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы Ұлытау мен тарихи Түркістанда өткен жиындар жемісті болғанын ерекше атап өтті.

Бұл жолғы үшінші отырыстың күн тәртібі қоғамдық топтасу мен жалпыұлттық құндылықтарды дамытудың түрлі мәселелерін қамтыды. Құрылтайдың секция отырыстары 4 бағыт, 4 тақырып бойынша ұйымдастырылды. Азаматтық қоғам, Мәдениет. Өнер. Руханият, Білім және ғылым.  Сондай-ақ әлеуметтік экономикалық және аймақтық даму тақырыптары бойынша да жиындар өтті. Сала-сала бойынша құрылтай мүшелері қоғамда қордаланған мәселе бойынша өз ойларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Сарапшылар Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып жатты. 

Еске сала кетейік, Ұлттық құрылтайда тек мәселе айтылып қана қоймайды. Оны шешудің жолдары да қарастырылады. Соның нәтижесінде Ұлттық құрылтай азаматтардың ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді.

 

Әрине, тіл, дін, тарих пен мәдениет, салт-дәстүр – әр ұлттың басты байлығы. Сөз жоқ, біздің де тамырымыз тереңде жатыр. Сан ғасырлық шежіреміз тасқа қашалған. Өшкенімізді тірілту, өткенімізді жаңғырту – бабалар алдындағы перзенттік парызымыз. Мемлекет басшысы осыған ерекше назар аударды.

«Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жәй ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады», – деген еді Түркістанда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы. Президент бұл ойын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында  үстемелей түседі. «Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды», –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сөзінің жаны бар.

Келелі кеңес биыл тасын түртсең, тарихы сөйлейтін шежірелі Атырау өңірінде өтуі бекер емес.  Ежелде осында орналасқан Сарайшық қаласына қазақтың талай хандары ордасын тікті. Яғни бұл өңірде бұрыннан ұлт үшін өзекті шешімдер қабылданған. Алқалы жиында бас қосқан азаматтар қазақтың мәдениеті мен руханияты, азаматтық қоғамды жетілдіруді талқылады. Мұнда құрылтай мүшелері лудомания мен діни теріс ағымдарға қатысты алаңдаушылығын білдірді. Сондай-ақ, әйел теңдігі мен адам құқығы да кеңінен талқыланды. Бұл мәселелерді заң тұрғысынан қатаң қадағалау керектігі айтылды.

Еркін форматта өткен жиында Ұлттық құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді. 

 

«Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге, мәдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мәселесін реттеуге және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын 

көрсетеді», – деп жазды 

Ерлан Қарин.

 

Сөз соңын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мырзаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына қатысты айтқан  пікірімен түйіндеуді жөн көрдім.  «Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет», – деді Президент.

 

Түйінді сөз:

Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Сондықтан бәріміз оны дәріптеуге атсалысуға тиіспіз. Ең бастысы, бұл құндылықтардың барлығы біздің төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашақ ұмтылысымызға негізделген.

Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақ бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттап берді. Біздің беттеген бағытымыз да, таңдаған жолымыз да осы. Осы жолда баршаңызды Мемлекет басшысының маңайына топтасып, жұмыла қызмет атқаруға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деді Мәжіліс төрағасы.

Д. Р. ТУРАРОВ,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  

Экономика кафедрасының 

э.ғ.к., аға оқытушы 

 

04.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 14
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 14
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 23
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 17
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 18

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1173
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7219
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11084
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7285
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7430