Баршаңызға белгілі, биыл ұлы жүздің бас биі Төле би бабаның туғанына 360 жыл толып отыр. Бұл біздің тарихи тұлғаға деген құрметті еселеп, оның өшпес өнегесін жас ұрпақ санасына сіңіретін сәт. Осыдан 30 жыл бұрын аудан орталығы Төле би Әлібекұлының есімімен аталып, үлкен той өткен болатын. Сол жылы аудан орталығынан Төле би бабамызға еңселі ескерткіш орнатылып, ел мерейі үстем болған еді.
Бүгін шулықтар дәл осы ескерткіштің маңында бас қосып, тарихи тұлғаға тағзым етіп, баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, салтанатты шарадан кейін ауданымыздың белсенді жастары Төле би бабаның туған жері Жайсан қыстауынан Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласындағы Төле би Әлібекұлының кесенесіне зиярат етуге аттанды. Бұл ретте ақсақалдар жастарға ақ жол тілеп, бата берді.
Біз бүгін және ертең баба есімінің ұрпақ жадында сақталуы үшін, сондай-ақ өткенімізді жаңғырту мақсатында бірқатар айтулы іс-шараларды ұйымдастырып отырмыз. Олардың қатарында “Үш жүздің бас биі Төле би Әлібекұлы” тақырыбындағы ғылыми конференция, облыстық жас ақындар мүшәйрасы, “Төле би” драмалық қойылымы, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында “Түйе палуан” жарысы сынды іс-шаралар бар. Сондай-ақ, ертең аудандық мәдениет үйінде “Қазақтың Төле биі - ақылдың телегейі” атты республикалық ақындар айтысы өтіп, бабамызбың 360 жылдығына арналған ас беріледі.