«Ұраным – Алаш!» деген ғалым 70 жасқа толды

«Ұраным – Алаш!» деген ғалым  70 жасқа толды

Өмірдерек

Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 1951 жылы 15 тамызда Семей облысы (қазіргі Шыңыс Қазақстан) Абай ауданы Шаған ауылында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген (1969-1974). Жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы. Ол көркем әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тартқан талант. Әдебиетке өлеңмен келіп, кейін әдемі әңгімелер, очерктер жазған. М.Икбалдың, С.Тогэнің, Л.Шералидің, В.Шефнердің, Р.Рождественскийдің, С.Қапаевтың және т.б. өлеңдерін қазақ тіліне аударған аудармашы. 

Көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбай көп уақытын зерттеуге, соның ішінде Алаш қайраткерлерінің мұралары мен Алаш тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеуге арнады. 1992 жылы «М.Әуезовтің «Қилы заман», «Қараш-Қараш» хикаяттарындағы көркемдік және тарихи шындық» тақырыбында («Бейуақ» монографиясының негізінде) кандидаттық диссертациясын, 2000 жылы «М.О.Әуезовтің шығырмашылық өмірі мен көркемдік әлемі» тақырыбында («Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы негізінде) докторлық диссертация қорғады. 2002 жылы Жоғары аттестациялық комитетінің профессоры дәрежесі берілді. 

Профессор Тұрсын Құдакелдіұлының қазірге дейін 70-тен астам кітабы басылып шықты. Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнің 15 тіліне, ал ғылыми еңбектері ЮНЕСКО-ның ресми тілдеріне аударылған. «Ұраным-Алаш» атты зерттеулері қазақ, орыс тілдерінде жарыққа шықты. Зиялы қауым өкілдері ғалымның бұл еңбегін алаштануға, отан тарихын зерттеуге қосылған үлкен үлес ретінде бағалайды.

 

«Шынның бетін бояған» кезім болған жоқ

15 қазан күні елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Көрнекті алаштанушының 70 жылдық мерейтойына арналған бұл шараны Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі Тарихшылардың ұлттық конгресі мен ғалымның өзі жетекшілік ететін «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ұйымдастырды. «Елдік құндылықтар және гуманитарлық ғылымның басым бағыттары» және «Ұлт руханияты: ізденістер, жобалар, тұжырымдамалар» атты екі секциядан тұратын конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Білім және ғылым министрі   Асхат Аймағамбетов,           Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және алыс-жақыннан келген ғалымдар қатысты.

 

Қазақстан тарихы қайта қарауды қажет етеді

Алғашқы сөз кезегін алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы ғалымның 70 жастықа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ғалымның деніне саулық, қызметіне табыс тіледі. Мемлекеттік хатшы бұдан ары Тұрсын Құдакелдіұлының қазірге дейін көпшілікке ұсынған әдеби, ғылыми еңбектері мен ұлт тарихын түгендеу жолындағы жанкештілігіне жақсы бағасын беріп әрі алғысын айтты. Қырымбек Көшербаев мырза сөзінің соңын ғалымдар қауымына ой саларлық ұсыныстармен қортындылады.  

«Қазақстандағы мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің осы жерде қоныс тебуіне қатысты мәселелер де өз зерттеушілерін күтіп отыр. Осы айтылғандар негізінде Қазақстанның тарих ғылымы алдында келелі міндеттер тұр деп есептеймін. Тарихи ілім-білімнің біржақты көзқарастарынан арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау, ежелгі және орта ғасырлар тарихына баса назар аудару, Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихын қайта пайымдау, еліміздің осы заманғы тарихының толғақты мәселелерін зерттеуді күшейту, қазақ диаспораларының тарихын зерделеу керек. Осы орайда қазақ тарихының ағылшын тіліндегі оқулығын жазуға да ерекше мән беру керек сияқты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жөнінде арнайы айтқан болатын. Осыған байланысты редакция алқасын құрып, жұмыс топтарын жасақтап, нақты мерзімге негізделіп, қаржыландыру тетіктерін жасап, тез арада іске кірісу қажет. Сондай-ақ қазақ тарихын жазуда татар, башқұрт сияқты ағайындас халықтардың тарихын терең зерделеу, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты деректерді ортақ айналымға айналдыруымыз керек. Мәселен Сібір хандығы, Көшім хан тәрізді тарихи тұлғаларға қатысты ортақ зерттеу базасы жасалуы тиіс. 

Қазақ хандығының құрылуын, жаңа мемлекеттің іргетасының қалаушылардың Моғұлстандағы Шайбани әулетінен бөлініп шығуымен ғана байланыстыру әлі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл арада біз тарихшыларымызға тақырып тамыздығын ғана тастап тұрмыз деймін. Қазақ хандарының библиографиялық көрсеткішін жасау да маңызды. Оқулықта әр ханның қай кезеңде өмір сүргені, атқарған қызметі, елдің жағдайы туралы деректері бір ізге түсірілсе дейміз. Мысалға Кенесары ханның Осман империясы басшыларына жазған хаттарын табу, Түркия архивтерінен қазақ тарихына қатысты деректерді іздестіру, жүйелеу керек. Бұдан бөлек Осман мемлекетінің соңғы сұлтаны Абдул Хамитке Науан қазірет хат жазған деген дерек бар. Сондай хаттарды іздестіріп табуымыз қажет. Жаппай ұжымдастырудың алдында қазақ елінің діни сауатты адамдарына репрессия жасалғаны баршаға белгілі.  Осы оқиғаларға әлі де әділ баға берілген жоқ. Сөз соңында мына жайды ортаға салғым келеді. Кейінгі кезде қазақ тарихының қазақ тарихшыларының көзімен зерттеле бастағаны, қазақша жазылып жүргені жақсы үрдіс. Сонымен бірге тарих ғылымының басты мисияларының бірі халықты әлемге таныту екендігін де естен шығаруға болмайды. Бұл орайда орыс тілінде жазылып немесе орысшаға аударылып, Кеңестен кейінгі кеңістікке тарайтын тарихи еңбектердің күрт азайып кеткендігіне алаңдаушылық білдірген жөн. Олардың ағылшын тіліне ауадарылып таралуына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы тиіс. Бірте-бірте зерттеулерін ағылшын тілінде жасайтын ғалымдардың да шығатынына кәміл сенеміз! Жалпы айтқанда Қазақстан тарихы қайта қарауды, жан-жақтылы зерттеуді қажет етеді. Ал оны іске асыру тарихшыларымыздың басты міндеті. Ортақ іске сәттілік тілеймін қадірлі әріптестер!» – деді. Бұл отандық тарих ғылымы үшін аса маңызды мәселелер еді. 

 

Жүрек майын шам қылған

Бүгінгі конференцияға арнайы келіп қатынасқан ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, алаштанушы Берік Уәли мырза да мінбеге шығып, қадірлі ұстазына құтты болсын айтты. «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының атақты өлеңін баршаңыз білесіздер», – деп бастаған Берік Уәли мырза сол поэманың үш арысымыз Әлихан, Ахмет, Міржақып туралы айтқан шумақтарында:

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын, – деп жүрегіңді солқ еткізетін тұсы жетерлік. Мен бұны неге айтып отырмын? Бүгінгі біз үшін де «жүрек майын шам қылған» алаштың аяулы азаматтары бар. Солардың ең биік тұғырында тұрғаны, бүгін біз жеті бел асқан мерейлі тойына келіп отырған қазақтың эрудит ғалымы, біздің ұстазымыз – Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай. Тәуелсіздік тұсында тұлғаланған бірнеше буынның тарихи санасының қалыптасуына, әдеби түсінігінің толығуына,  мемлекетшілдік танымның орнығуына Тұрсын ағамыздың атқарған еңбегі, қосқан үлесі орасан»,– деді өзін ғалымның шәкіртімін деген  Берік мырза.

 

Менің данышпаным!

Бұл конференцияға алыстан онлайн форматта құттықтап, баяндама жасаушылар да көп болды. Келесі бір сөзді Тұрсын ағамыздың бала күннен бірге келе жатқан досы Академик Асқарбек Құсайынов алды. «Алла тағала жер әлемді, ондағы халықтарды жаратқанда, ештеңеден қаймықпай, сол халықтың шынайы тарихын жазатын тұлғаларды да жаратып отырған. Қазақ халқының маңдайына біткен осындай жарқын тұлғалардың бірі өзіңсің досым, сен оны бар ғұмырыңмен дәлелдеп келесің», – деп шынайы көңілмен емірене сөйлеген Академик: «Кешегі балаң Тұрсын бүгін әлем мойындаған, қазақтың классик жазушысына айналды. Әр туындысы қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің гауһар туындысы болды. Сонау бала кезінде барған Алаш тақырыбы, қиындықтар болса да, оның басты тақырыптарының біріне айналды. Мұны біз, кешегі менің балаң досым, 20 жылдан аса уақыт бойы «Менің Данышпаным» деп мақтанып айтып жүрген Тұрсынның, өзінің 70 жас мерейтойында халқының алдына берген есебі деп қабылдауымыз керек», – деп аяқтады.

 

Жетпістегі жеті ауыз сөз

Мерейтой иесіне жан-жақтан келіп түскен құттықатаулар да көп болды. Конференцияның бірінші бөлігі аяқталар тұста жиналысты басқарып отырған ЕҰУ-дың ректоры Ерлан Сыдықов Тұрсын Жұртбай ағамызға арнайы сөз берді. 

«Аса құрметті үлкен-кіші, алыс-жақыннан келген жамағат-қауым!  Ұстаздар мен шәкірттерім! Жеті жастан – жетпіс жасқа дейінгі өмірімді еске алып отырсам, дәл бүгінгідей, көңілімді бір сәтке болса да сергітейін деп,  асыра айтылған қошеметке бөленбеппін. Өзім де құрметке құштар болмаған шығармын, бірақ, сыйсыз болайын деген ой ешқашанда қаперіме кірген емес,» – деп толқи сөз бастаған ғалым ағамыз «жетпістегі жеті ауыз сөзін» ары қарай жалғап кетті. 

«Өзіме аян бір шындық, жетінші сыныптан бастап жетпіске келгенше қолымнан қалам түскен жоқ. Кәләм сөзі қандай аян болса, қаламның  маған,  менің  қаламға сондай адал қызмет еткенім аян. Мүмкін жаңылыс жазған, қате тұжырым жасаған, не жеткізе алмаған, не көңіл-күйіме жеңдірген, не: «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған», – деп Қадыр ақын айтқандай, ишарамен, емеурінмен жеткізген  жеріміз  болған шығар. Бірақ жетінші сыныпта алаш қайраткерлері үшін мектептен шығарып жіберген кезден бастап, осы уақытқа дейін жарық көрген жетпіс алты кітабымның ішінде, жалғандыққа барған, өтірікті қолпаштаған, «шынның бетін бояған» (Абай) кезім болған жоқ шығар, сірә, – деп сеніммен айта аламын және соны өзімнің өмірімдегі бір үлкен медетім ретінде сезінемін».

Ғалым ағамыз бұдан ары шығармашылық жолы мен ғылыми ізденістері туралы қысқаша айта келіп, сөзінің соңында өзі басқарып отырған құрылғанына 20 жыл толған «Отырар кітапханасының» қазіргі жағдайы туралы құлағдар етті. Қазақтың танымал тұлғаларының бірі Иманғали Тасмағамбетовтың «Астананы ғылыми тұрғыдан қасиеттендіретін сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын  құру» туралы тікелей тапсырмасымен өмірге келіп,  ұлттың тарихы мен мәдени мұраларын жоқтауда түгендеуде қырауар жұмыс атқарған орталықтың бүгінгі жайы көңіл көншітерліктей емес екен. «Шындығын айтқанда, соңғы он жыл бойы тек ректор  Е.Б.Сыдықовтың қолдауымен ғана бүгінше өмір сүріп тұр. Ертеңгі күні не болады? Осы мені қатты алаңдатады. Дәл қазір ешқандай қоры жоқ төрт қызметкер  сопайып, басқа ғимаратта отырмыз. Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Сіздер күнде келе бермейсіздер, «той тойлай жүріп ойымды айтып қалуға» ұмтылып жатқаныма ғафу етіңіз! Өтінішім сол 2001 жылғы Үкімет Қаулысы орындалса, Ғылыми орталық дербес ғылыми мекеме ретінде бюджеттен қаржыландырылса, сондай-ақ оның мақсат-міндеттері қайтадан қаралса, соған ықпал етсеңіз екен  деп өтініш етемін.  Тек аз ғұмырдың көп уақытын алған, ұлт үшін қажетті  шараның көз алдымда қожырап бара жатқаны жанымды шырқыратады. Мен маған тапсырылған Мемлекет Қаулысын орындай алмағаныма, орындалмай жатқанына өкінемін», – деді. Бұл сөздердің астарында адамға ой саларлық көп жағдайлардың жатқандығын аңғардық...

Бұл күні «Ұраным – Алаш!» деген асқақ рухпен қазақ тарихының, мәдениетінің, дара тұлғаларымыздың жоқшысы, шырақшысы болып жүрген асыл ағамызға көрсетілген құрмет пен қолпаштаулар көп болды. Алыс-жақыннан келген ғалымдар түрлі тақырыптарда баяндамалар жасады. Халқы сүйген, ардақ тұтқан азаматтың мерейтойы  мадақ сөздер мен көтере мақтаудан гөрі қазақ ғылымына үлес болып қосылар өзекті мәселелердің ортаға тасталғанымен есте қалды.

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
21.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 29
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 40
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 17
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 155
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 159
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 341
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 342
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 959

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9036
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8432
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11660
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9415
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10641