Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт ұйытқысы

Ұрпақтар  сабақтастығы –  ұлт ұйытқысы

Газетіміздің өткен сандарында «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты Түркістан қаласында өткен «Әжелер алқасы» ұйымының 10 жылдығына арналған «Аялы әже» форумы жайлы жазған болатынбыз. Расыменде әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген асыл бейне, аялы алақан, талай тағдыр талқысы жасырылған терең әжім, оған мойымаған алып тұлға келеді. Иә, әже деген алып тұлға! Ол – ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ саулығының діңгегі. Асыл аналарымыз бен ұлы әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандарды тыңдап өскен Абай ұлы ақынға айналса, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқанның шоқтығы биік болды. Ал заңғар жазушы, маржан сөз құдыретінің егесі Шерхан Мұртазаның әжесі Айша немересінің бойына үлкен қасиетті құндақтан сіңіре білген абыз әже. Міне, әже тәрбиесімен тау тұлға болып өскен ұлт мақтаныштары жайында айтылар әңгіме, келтірер мысал таусылмақ емес. Осы орайда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлмен сұхбаттасқан едік.

 – Биыл Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасына» 10 жыл толып отыр. Әжелер алқасының мақсаты мен тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз. 

– Өткенімізге ой салсақ, қазақ жері қай заманда да ен байлыққа көз тіккен жат елдің шапқыншылықтарынан көз ашпай, нешеме ғасыр өмірі жаугершілікпен өтіпті. «Үйде туып, түзде өлуге» тас-түйін бекіп, ат үстінде жігер-күшін шыңдап өскен қазақтың әрбір баласы ата-баба қанымен аманат болып жеткен елді, жерді сақтауды өзінің айнымас парызы санаған. Ал, қазақтың әрбір бұрымды, бұраң бел қаракөзі сол ел қорғаны болған азаматының шаңырағының жылуын сақтап, ұрпағын көбейтіп отырған. Еш жерде жазылмаған бұл Ұлы дала заңы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қалайша бұлжымай орындалып отырды? Әрине, бүкіл бір рулы елге бас болған абыз ақсақалдардың аталы сөзімен, кимешегі иығына төгілген әже ертегісімен, ана әлдиімен, әке ақылымен бала санасына сіңіп, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Әсіресе бала тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған Әженің орны қашанда жоғары болғаны айнымас шындық. 

Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұрмысының қалыпты заңдылығын бұзған кеңестік идеология, одан кейінгі ден қойған нарықтық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды. Осы орайда Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын», – деген екен. 

 

 

Шындығында, оқушы балалармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында  өткен кездесулердің бірінде қазақтың әрбір баласы білуі тиіс ұлттық салт-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап бере алмағанын көріп, бүгінгі жас ұрпағымыздың ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құндылықтарымыздан мақұрым қалып бара жатқан жоқпыз ба деген ой мазалады. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылығымыздың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы  3 сәуірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасының» іргесін қаладық. 

– Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды?

– Жалпы, 200-ден астам іс-шаралар өткізіліп, 25 000-нан астам жастар тартылды. «Аялы әже» номинациясы белгіленіп, жалпы 18 апа-әжелер марапатталды. Ел басына күн туған қиын кезең – пандемия кезінде қатерге бас тігіп, әжелеріміз мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Ал, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген де осы әжелер болды. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде. Үстіміздегі жылы «Әжелер алқасының» құрылғанына 10 жыл толып, аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді. Бұл бастамамыз аз уақытта-ақ өз жемісін бергеніне бүгінгі күні бүкіл облыс халқы куә болып отыр. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптастыруға көмектесуді мақсат тұтқан осындай «Әжелер алқасы» облысымыздың барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері мен 528 елді мекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі 75 326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда. «Әжелер алқасы» құрылғаннан бергі осы он жылда «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып таратылды.  

 

 

–  «Аялы әже» деген мүсін таңбасына дейін жасаған екенсіздер, соның мән-мағынасына тоқталып өтсеңіз.

– Аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи оюланған «Аялы әже» мүсін-таңбасы жасалынды. Бұл мүсін-таңбаның мән-маңызын сараласақ, онда қос алақанның ортасында шашақты тұмар, аспан жұлдыздары бейнеленген. Тұмар – тіл-көзден сақтайтын қасиетті қазақи ұғым болса, шашақтары – ұлтымыздың өсіп-өнген ұрпағы. Жоғарыдағы жұлдыз, аспанның ашықтығын бейбітшілікті бейнелесе, жиегіндегі өрнегі ұлттық құндылығымыз – салт-дәстүрді айшықтайды. Ал, қос алақан – сол ұрпақты мейірім-махаббатымен, кемел кемеңгерлігімен, адастырмас ақылымен, ұлттың ұлық құндылықтарымен суғарылған тәрбие бесігіне бөлеп өсірген әженің аялы алақаны.

Қасиетті таңба-мүсіннің мақсаты – еліміздің барлық облыстары мен қалаларында қолма-қол эстафета ретінде таралуын іс жүзінде іске асыра отырып, жалғастыру ұсынылады. Келешекте республикалық деңгейде «Әжелер» институт құрылымын құру. Оның мағынасы: Аялы әженің алақанында қазақ халқының барлық қасиетін ұрпағымыз осы тұмардай тағып бойында сақтауы. Ашық аспан астында тұмардағы шашақтары ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді, яғни қазақ елінің қасиетті ұрпақтары жалғастырады дегенді білдіреді. Мақсат – бұл «Аялы әже» атты мүсін- таңбаны еліміздің барлық облыстарына эстафета етіп жолдау.

 

 

– Жасап жатқан еңбектеріңіз республика деңгейінде жасалатын жұмыс екен, осы орайда мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Өткеннің жауһарын сүзіп алып, бүгіннің озығымен ұштастырып отырған бұл ұйымның жұмысы мемлекет басшысының сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр. Биылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Біздің «Әжелер алқасы» Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған осы мәселені, яғни отбасындағы тәрбиені қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен істер атқарып отырғаны даусыз. Осындай маңызы бар істің біздің оңтүстік өңірінен бастау алғанына қуанамын және мақтаныш тұтамын.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы орайда қазыналы қарттардың қамын қамдап, ұрпаққа ұлағатын дарытып отырған Ардагерлер кеңесіне әрдайым қолдау көрсетіп отыратын облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының аға ұрпақ өкілдеріне деген ілтипат-құрметіне шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, ардагерлер  ұйымдарының жұмысына баса көңіл бөліп, осы ұйымдардың барлық бастамалары мен ұсыныс-өтініштерін орындауға көмектесіп, үлкен азаматтық көрсетіп жүрген аудан, қала басшыларына да алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. 

 

 

Шындап келгенде, сіз бен біздің бәріміз де бір мүддеге – еліміздің ертеңі үшін қызмет етіп отырғанымыз да айнымас ақиқат. Дегенмен, ұлттың тірегі де, алтын арқауы да болған, болып та келе жатқан, бола да беретін қазақтың асыл әжелерінің тәлім-тәрбиесін кеңінен насихаттап, оған мемлекеттік маңыз берудің уақыты әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Сондықтан, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек ері, Парламент мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының қолдауымен осы бастамаға «Аялы әже» мәртебесін беріп, «Әжелер алқасының» он жылдық жұмысының озық іс-тәжірибелерін республика көлемінде таратуды қолға алғалы отырғанымызды жеткізгім келеді. Осыған орай бүгін біз аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи нақышта бедерленген «Аялы әже» мүсін-таңбасын жасап әкеліп отырмыз. Бұл таңбаның мән-маңызына үңілсек, ол аялы әженің алақанында қазақ халқының барлық қасиетін ұрпағымыз осы тұмардай тағып, бойында сақтасын деген ниеттен туған. Ашық аспан астында желбіреген тұмардың шашақтары ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді, яғни қазақ елінің қасиетін ұрпағы жалғастырады дегенді білдіреді. Біз осы «Аялы әже» деп атаған мүсін-таңбамызды еліміздің барлық облыстарына эстафета етіп жолдаймыз. Алғашқы эстафета бүгінгі «Аялы әже» форумында салтанатты түрде Жамбыл облысына тапсырылатын болады. Түркістан облысынан бастау алған игі бастама еліміздің барлық түкпірінде жалғасын тауып, ұлтымыздың өресін биіктетуге қызмет ете беретініне бек сенім артамыз.

 

 

– Форумда үндеу жариялаған едіңіздер, сол үндеудің мақсатын айтып кетсеңіз?

– Аға буын өкілдерінің ұрпақтар сабақтастығы бойынша мақсаты – жастардың ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрлерді және адами құндылықтарды сақтауға, оны жаңғыртуға, ұлттық және мәдени бірегейлікті дамытуға үлес қосу.

Еліміздегі жасампаз жаңалықтар, орасан зор саяси оқиғалар бәрімізге жоғары жауапкершілік жүктейді. Бірлік пен ынтымақта, татулық пен тұрақтылықта және бірлесе атқарғанда  ғана алға қойған мерейлі мақсаттарға қол жеткіземіз.

Әсіресе, жаһандану саясаты дендеп тұрған шақта ұрпақ тәрбиесіне ұлт келешегіне аса көңіл бөліп, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастырып отырған аға ұрпақ өкілдері, яғни ардагерлер ұйымының жұмысы Мемлекет басшысының  сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр.  Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «...ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек, ұлттың жаңа санасын қалыптастыру, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі  қажет» деп атап көрсетті. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты.    

Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда, ата-бабалар аманаттарына адалдықтан айнымай алға апаруда, бала тәрбиесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орасан зор орны бар екені, олардың өлшеусіз рөл атқаратыны ақиқат. Сондықтан «Аялы әже» форумының аясындағы басқосуында айтылған ұсыныстарды, ортаға салынған ойларды, парасатты пікірлерді ескеріп, баршаңызды жұмыла жұмыс жасауға шақырамыз!

– Құрметті Жеңісбек Мәуленқұлұлы, мағыналы әңгімеңіз үшін көп рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

 

Сұхбаттасқан – 

РАУАН МУТАИР 

 

25.12.2023

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 37
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 66
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 32
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 67
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 176
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 180
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 397
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 360
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 977

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9055
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8451
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11679
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9442
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10659