150 жыл бұрын еуропалық саяхатшыларды таңғалдырған көшпенділер баланы қалай тәрбиелеген? Шала туған сәбиді аман алып қалған «дала инкубаторы» мен нағашының жиенге қандай жағдайда ұрыса алатыны туралы осы материалдан оқыңыз.
ҚАЗАНМЕН ЖАРЫСҚАН БОСАНУ СӘТІ
Толғақ басталған сәтте үйдегілер қазанға ет салып, дереу қайната бастаған. Бұл «қазан жарыс» деп аталатын қызықты ырым еді. Оның философиясы қарапайым: қазандағы ет неғұрлым тез қайнап піссе, сәби де дүниеге соғұрлым тез әрі жеңіл келеді деп сенген.
КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ «ИНКУБАТОРЫ»
Егер сәби уақытынан бұрын, шала туса, оны тымаққа салып, керегенің басына іліп қойған. Бұл заманауи медицина жоқ заманда нәрестені суықтан қорғап, аман алып қалудың бірегей әдісі еді.
ЕЖЕЛГІ «АНТИСЕПТИК»
Сәбиді тұзды суға күміс бұйымдар салып шомылдыру жай ғана ырым емес. Бабаларымыз күмістің суды тазартып, микробтарды өлтіретін бактерицидтік қасиетін жақсы білген.
ИТ МОЙНЫНА БАЙЛАНҒАН ТӘТТІЛЕР
Сәби қырқынан шыққан соң оның «иткөйлегіне» тәттілер түйіп, иттің мойнына байлап жіберетін. Ауыл балалары итті қуып жетіп, тәттілерді өзара бөлісіп жеген. Ал көйлектің өзін анасы сақтап қоятын немесе перзент сүйе алмай жүрген әйелге ырым етіп сыйлайтын.
АТА-ӘЖЕСІНІҢ БАЛАСЫ
Көшпенділер өмірінде әдетте тұңғыш немерені ата-әжесі бауырына басатын. Себебі жас ата-ананың тәжірибесіздігіне қарағанда, қариялардың немересіне мейірімі мен өмірлік даналығын сіңіруі маңыздырақ саналған. Осылайша, тұңғыш немерелер үлкендердің ерекше еркесі болып өсетін.
НАҒАШЫ ЖИЕНГЕ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ҰРЫСҚАН?
Баланың тілі кеш шықса, нағашысының малын «ұрлау» жоралғысы жасалған. Сол кезде нағашысы сыртқа шығып, балаға қатты әрі дауыс көтеріп ұрысатын болған. Осы арқылы баланың тілі шығып, тез сөйлеп кетеді деп сенген.
«БАЛАНЫ ҰРУ – БАҒЫН ҚАШЫРУ»
150 жыл бұрын еуропалық жиһанкездер қазақтардың балаларын ешқашан ұрмайтынына таңғалған. Көшпенділер физикалық жаза баланың бойындағы бақыт пен несібені ұрып шығарады деп сенген. Олар баланы 5 жасқа дейін хандай бағып, еркіндік пен махаббатқа бөлеп өсірген.
Оңғар ҚАБДЕН
















