ҰСТАЗ ИМАМ

ҰСТАЗ ИМАМ

Өткен ғасырда қазақ  жерінде үстемдігін құрған коммунистік идеология, атеистік көзқарас ел тарихына, рухани құндылықтарына, мәдениетіне зор нұқсан келтірді. Шолақ саясаттың кесірінен сол тұста ұлтымыздың мүддесі үшін қызмет еткен азаматтар жапа шегіп, мәдени, діни ошақтарымыз ойрандалды. Әсіресе, қазақ жеріндегі мешіт пен медреселердің көзін жоюға Кеңес Одағының билігі барын салды. Қазақ халқының ұстанған дінімен алысқан кеңестік жүйенің кесапаты зор болды, қазақ халқына жасаған жамандығы да жетерлік. Дін туралы сөз болғанда, Кеңес өкіметінің солақай саясаты ойға оралады. Сол мемлекеттің солақай саясаткерлері «дін жоқ, Құдай жоқ» деген бағыт ұстанды. Қазақ халқы ата-бабасының діні – мұсылмандықтан баз кеше бастады. Бұл мемлекеттің дінге қатаң саясат жүргізуі еді. Дін өкілдеріне қысым жасалып, мал-мүлкін тәркілеп, жер аударылды, бала-шағасы қудаланды, кейбіреулері шетелге босып кетті. Соған қарамастан ата-бабаларымыз ұрпағына жасырын діни оқуын оқытып, іс-шараларды бұғып өткізгені белгілі. 

Өмірі алмағайып заманға сай келген Рахымберген қажы Бекбосынұлы жас кезінде алған діни сауатының арқасында жасырын намаз оқыған, сауатты адам болған.  Талғар қаласында алғашқы мешіттің ашылуына атсалысып, ескі ғимаратты жөндеуден өткізіп, Алланың үйіне айналдырған ақсақал. Рахымберген атамыздың есімі ел ішінде әлі күнге дейін үлкен құрметпен аталады. Рахымберген Бекбосынұлы Кеңес өкіметінің дінге деген көзқарасы күшін жоймаған «шаш ал десе, бас алатын» заманда тәнін ғана емес, жанын да таза ұстаған адам болған. 

Атамыз сол заман туралы:

 – Өткен ғасырдың 70-жылдары мен Алматы колхозының №2 сүт-тауарлы фермасында жұмыс істеп жүрген кезімде, намаз оқып отырғанымды көрген біреу үстімнен арыз жазыпты. Арыз Талғар аудандық Ішкі істер бөліміне «молда,  дінді насихаттаушы» депті. Бұл мекеме менің үстімнен жазылған арызды Талғар аудандық атқару комитетінің «Идеология» бөлімінің басшысына жібереді, мені сонда шақырды. Идеолог бауырым маған ренжіп, біраз әңгіме айтты. «Мен оған ешкімді намаз оқы деп үгіттеп жүрген жоқпын. Бір ұлым Алматыдағы мал дәрігерлік, екінші ұлым Омбы қаласындағы дене шынықтыру жоғарғы оқу орнында оқиды, кішілерім мектепте. Менің жеке басымда не шаруаларың бар, ешкімге зиян келтіріп жүрген жоқпын», – дедім. Сонда әлгі басшы орнынан тұрып: «Аға, елге көрсетпей оқыңызшы!» – деп өтініш білдірді деп еске алатын. 

Рахымберген  Бекбосынұлы 1923 жылы Алматы облысы Талғар ауданы бұрынғы Бесағаш деген жерде дүниеге келген. Еңбек жолын Ленин ордені Алматы ұжымшарында шопан болып бастаған.  Тұрар Рысқұловтың туғанына 90 жыл толуына орай, Тұрар Рысқұлов атындағы ұжымшар  ұйымдастырылып, осы ұжымшарда   зейнеткерлікке  шыққанша сүт-тауарлы фермасында жұмыс істеген. 

1986-1991 жылдары, еліміздегі әртүрлі тарихи оқиғалар Кеңес өкіметінің 70 жылдық діңгегін шайқалтты. Қазақстан дүниежүзіне өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін жариялады. Осы кезеңнен бастап, Наурыз мейрамын тойлауға және дінге, намаз оқып, мешіт ашуға рұқсат етілген болатын.  Сол кезден бастап, әр ұлт өзінің дініне, салт-дәстүріне көз жіберіп, қайта жаңғырта бастады. Ұлттық мереке Наурыз қайта оралып, ұмыт бола бастаған  діни мерекелеріміз жаңғырды. Елімізде Алланың үйі саналатын мешіттер бой  көтере бастады.  Мешіт – адамның жүрегі тыныштық тауып, жаны ерекше рухани ләззатқа бөленетін қасиетті орын. Мұсылман адамның мешіттерді сыйлап, құрметтеуі оның Жаратушы Алла Тағалаға деген құрметін білдіреді. Бұқар жырау бабамыз: «Хақтың үйі мешітті, Ақты Құдай шешіпті», – деп, мешітті «Хақтың үйі» деген атаумен атаған. Рахымберген атамыз  Мекке қаласына сапар шегіп, Алла алдындағы бес парызының бірі – қажылық борышын өтеп қайтты. Ол кісінің өмірбаяны «Ислам әлемі» баспасынан шыққан Сейсенхан Орынбекұлы  Маханбеттің  «Қазақстан қажылары  Дерекнамалық альбом-кітабының» қажылар тізіміне кірді.

Рахымберген  Бекбосынұлы Талғар қаласындағы ескі балабақша үйін аудан әкімшілігінің рұқсатымен Алланың үйіне айналдырып, Талғар жұртшылығын имандылыққа үндеген. Алғашқы кезде бұл іске тосырқай қараған, шошынған жамағат та болған екен.  «Мешітке жақын отырғанның иманы көбейеді», – деп тегін айтылмаса керек. Ай өтіп, артынан жыл өтіп, мұсылмандықтың адам өміріне, тіршілігіне, қоғамға зияны жоқтығына басшылардың да, қарапайым халықтың да көзі жетті. 

Талғар қаласындағы алғашқы мешіттің жұмысы, ашылуы жайлы Рахымберген атамыздың шәкірті Мұрат Ерниязов былай деп еске алады: 

«Балабақша үйі ескі, бөлмелері шағын, сүрілудің алдындағы ғимарат екен. Рахымберген ата екеуіміз ғимаратты мешітке айналдыруға  келісіп, төбесіне мұнара, бөлмелерін жарық, жамағаттың намаз оқуына лайықты жарақтауды ұйғардық. Ол үшін жаңа құрылыс материалдарын алып, архитектуралық құрылысын өзгерту қажет еді. Осылай, ауданның кәсіпорындарына, шаруашылықтарына барып, басшыларынан қаржылай көмек сұрадық. Кейбіреуі «Мешітке көмек» дегенді естіп, сырт беріп, құрғақ уәдемен шығарып салатын. Жүрегінде иманы бар, кейбір басшылар мешітке көмек берді. Ақырында дегенімізге жетіп, мешітке сай ғимарат болды».

Талғар жерінде  мұсылман мешіті ашылған күннен бастап,   азан  шақырылып, намаз оқыла бастады.  Халық ерекше  жиналып жұма намазын оқу  әдетке айналып, дінге деген халықтың құлшынысы артып,  мешітке  келушілер көбейді. Әсіресе, қасиетті жұма намазын  өтеуге келген көпшілік шағын мешітке сыймай жатты. ҚМДБ  тұңғыш  бас  мүфтиі  Ратбек қажы  Нысанбайұлы  хазреттің   бұйрығымен  Рахымберген Бекбосынұлы атамыз осы мешітке  бас имам болып тағайындалады. Түркия елінен келген дін  қызметкерлері мешітті көріп, халықтың дінге деген ынтасына риза болып, Талғар қаласына  заманауи мешіт салып беруге уәде беріп келісімшарт жасалады. Нәтижесінде, Талғар қаласында еңсесі биік мешіт салынып, Рахымберген Бекбосынұлы қажы атамыз, ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлының ұйғарымымен Талғар ауданының Бас имамы болып тағайындалады. Қаладағы бүкіл жамағат, іргелес Қызыл Қайрат, Алмалық, тағы басқа елді мекендердің халқы жұма намазға жаңа мешітке келіп, парыздарын өтейді. Бүгінгі күні, Талғар ауданын айтпағанда, Талғар қаласының өзінде бес мешіт жамағатты имандылыққа тәрбиелеуде. Мешіттерде дінге қатысты жастарға дәріс оқылып, үздіктері Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінде, шетелдің жоғары діни оқу орындарында, медреселерде білім алуда. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»  – деп тегін айтылмаса керек. Рахымберген Бекбосынұлы Талғар ауданының Бас имамы қызметін  абыроймен атқарып, денсаулығына  байланысты міндетін Тыныштық қажы Яқияұлына тапсырды. Сол күннен бастап, мешіттің құрметті имамы әрі ардагер ақсақалы ретінде жиналған жұртшылыққа  ақ батасын  беріп демалысқа шықты. Өмірінің соңына дейін мұсылмандық парызын өтеп, көптеген шәкірттер дайындады. Олардың көбісі өз білімдерін жетілдіріп, күні бүгінге дейін Талғар ауданындағы мешіттерде имам, көмекші имам болып қызмет етуде. Олардың қатарында шәкірттері Қисықов Қарабай, Амантұрды Раметов,  Қапас қажы Бейсембаев Төңкеріс ауылдық мешітінде, Тілеужан Аянов Тұрар Рысқұлов атындағы ауылдық мешітінде, тағы да сол сияқты алдынан сабақ алып, тәжірибе шыңдаған имам шәкірттері еліне елеулі, халқына қалаулы дін қайраткерлері ретінде өз қызметтерін атқарып жатыр.

Биыл Рахымберген Бекбосынұлы атамыздың туғанына 100 жыл толады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, есімін есте сақтау мақсатында (өзі салынатын жерін таңдап, бой көтеруіне атсалысқан) Талғар қаласында орналасқан мешітке есімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді.            

 

ТҰРСЫНҚОЖА ТҰРЛЫБЕКОВ
30.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 30
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 26
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 36
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1196
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7243
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11108
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7307
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7453