«УЫЗ АНА»

«УЫЗ АНА»

 

 

УЫЗ АНА

                                              (Уыз ана – ұлт тілі.

                                  Қазақ тілі және Жалау Мыңбаев)

                          

(Үш бөлімнен тұратын сахналық қойылым)

 

 

*ТӨБЕМ ЖАРЫҚ, ТӨС СҮЙЕГІМ СЫНЫП ТҰР...

 

Ұлттың тілі – шоқпар болды, шоқ болды,

Біз өртендік, өзек жанды от болды.

Ұлттың тілі – құлжа еді құздағы,

Улы жебе – Ұлтқа атылған оқ болды.

Ел күбінді, ер сүрінді, жоқ болды,

Мен адастым, сен адастың, ол тіптен…

Жау көңілі жасыл жайлау, тоқ болды.

Жанарымнан жан бөлшегім тамшылып,

Қабағыма қан шылап,

Төбем жарық, төс сүйегім сынып тұр,

Қайғы менен қасіретті артып ап.

Аппақ шашын анам жайды ақ уыз,

Бетін басты жез жапырақ сары күз.

Өз перзенті өгейсінген ананы

Табытқа сап, таңып жаттық бәріміз.

Ақ төсінен аппақ сүтті шаптырып,

Ұлт тіліне ұлтсыздар мен жат күліп,

Қайырылған қанат  болып сөгілді,

Әлди болды, ән боп мұңды төгілді.

Бұлтқа айналды: «Келем сосын тағы, – деп,

Естелікке орамалын лақтырды.

Қайран, анам не білді?..

Кімдер сенің қазып жүрген көріңді?

Кімдер сенің бермей жүрген төріңді?

Қос бұрымың ай мен күнге айналып,

Қос ішек боп, толғай-толғай өрілді.

Бозторғай боп таңмен бірге сыңсыды,

Боз жусан боп желге ұшты бүршігі.

Ақтарылған аппақ сәуле, ақ арман,

Жүрегімнің басын келіп шымшыды.

Мен білмедім:

Тіріміз бе, не өлі,

Жанарымнан өмір жасы ыршыды.

Ақша бұлттар – аппақ мамық, қауырсын,

Бізден бетін бұрғаны ма дәуір шын.

Өз көзінің қарашығын іздеген

Қасқа жүрек енді қалай ауырсын.

              

             Анасынан тірі жүріп қол үзген,

Есіл заман, сұрайсыңыз не бізден ?!

Құлдық сана – Құдайым-ау, аумайды,

Соқа сүйреп сорлы болған өгізден.

 

              Біз бейбаққа әлем қарап, аяды,

Ел еді деп бұл бір ғажап саялы.

Ойлы қазақ, ояншы деп, мәңгүртке,

Алақанын таңнан кешке жаяды.

Уыз Ана – Ұлттың тілі ақ бөкен,

Қандай «соқыр» сенен кінә тапты екен.

Сайын қырдың сағым кешкен киігін,

Қандай мерген қолы барып атты екен?!.

Тұяқ серпіп тулап жатыр аранда,

Жазықсыздың жанын сақта, Жар-Алла?!

Мен

 Адасып қалам ба деп қорқамын,

Ана тілім – ақша бұлт боп тарарда.

Анашымды қалдыр менің қасыма,

Қара менің көзімнің көл жасына?!.

Жар-Алла, Жан-Алла!

Бәрін біліп, көрушісің –Бар Алла!

 

Айтар сөзім таусылды – жамағайын, жаранға.

 Ақша бұлтты көк найзағай көгендеп,

Жүрегіме дөп қадалды өлең боп.

Сол ақша бұлт – Ана тіл боп жылады,

Енді қашан мен сендерді көрем деп.

Аңызақта аңқам кеуіп мен тұрмын,

Табаным – жер, төбем – көк.

Ал, өкпеле, көк аспан мен айдан көр!

Атамекен – алтын сандық, қайран жер.

Қозы-лақтай енесінен адасқан,

Маңырап жүр кіл жетімек майдангер.

Қауырсыны қан-қан болған көп шындық,

Оның бәрін, орға салып жоқ қылдық.

Анамызды адамзаттың көзінше,

…Көкпар қылдық, доп қылдық?!.

 

 

 

                      І БӨЛІМ

  

 

 

(Сахна. Көрініс. Қуғын-сүргін, ашаршылық. Хат: «Қазақ тілінің мұңы». Уыз Ана – Ұлт тілі, Қазақ тілі және Жалау Мыңбайдың рухы.)

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Жүйрік аттай ойқастап, жүз құбылып заман өтіп барады. Сендер ұмыттыңдар ма?.. Мен ұмытпаймын. Себебі, мен анамын! Кәдімгі: Уыз Ана –Ұлттың тілімін. Алаштың анасымын, барлық дәуірдің куәсімін. Күн бір жауса, менің көңілімнің наласы екі жауады. Менің аппақ шашым мен жаулығыма жұғып қалған қанның ізін көріп отырсыңдар ма?!. Міне!.. Міне!.. Қараңдар, көріңдер.., сенбейсіңдер ғой.., сенбейсіңдер. Көп сөйлеп, көмейімнің көрігін қыздырып қайтемін, онсыз да өңешімдегі өксік, кеңірдегіме кептеліп, дем бермей тұр. Маңдайымды тауға да соқтым, тасқа да соқтым. Қыналы бармақ, жез тырнағын қанға бояған қаралы дәуірдің зар илеген жоқтауы, іңір айналып ізіңнен еріп жүреді. Осы қан-қан болған ақ жаулықты соңғы жүз жылда басымнан бір шешіп, қайта тартып жаңартқан емеспін. Неге?!.. Мен аршылмын, адалмын, тектімін. Тектілігімнен көзге түстім, қырылдым. Төбемнен сырық, желкемнен тоқпақ кетпеді. Ат ізін құрғатпай, ақ ордамның күлін шашып, күбірткелі саусағын көзімнің қарашығына қадап, ата жау әлі күнге тізесін батырып келеді. Ақыретте екі қолым жағасында кетер. Өтірікке сүттей ұйытып, өмірімді зая, уақытымды рәсуа етті. Ұлтым кенжелеп қалды.

Зіл қара түн тынысымды тарылтып, тығырықтан шығарар емес.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Анашым-ай, анашым! Қалай жазам жүрегіңнің жарасын?...

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Қазағым, отқа оралып, суға сүрінбейін, бәлелі жерден басымды сатып алайын деп момын болдың, осы – сеніңқателігің. Бөрілі байрақ туыңды құлаттың, қой болдың да – қор болдың. Қазанға – қаспақ, қарынға – қуырдақ, көкаттыға –көкпар болдың. Ит басына іркіт төгілді, ақ

түйенің қарны жарылды, бейбіт халықпыз деп елеуредің, төртеу келіп төріңе шықты, екеу келіп есігіңді күзетті. Ал, өзің босағадан сығалап, сыртта қалдың. Оны да ұмытпа!.. Талабыңды жер қылды, тақырға отырғызды, талағыңды жарып, тамырыңнан бітеулей қаныңды сорып, сүлікше қадалды. Бес қаруың беліңде, берен қылыш қолыңда, бірлігің тасып, білімің асып тұрғанда жау жолар ма еді. Әлсіздің күні құрысын!.. Жаудың салған ойранын жанымнан өшіре салып, кешіре салып, жампаңдайтын жайым жоқ.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

 

Қара қылды қақ жарған, ұлт жолында жансебіл болған, Уыз Ана – ұлт тілі, қазақы болмысым-ай...Қаһарман халықтың теңдікке көнсе де, кемдікке көнбейтін жұдырықтай жүрегін-ай, жұмыр жерді шайқап жіберуге дайын, бұла күш, буырқанған қуатын-ай!.. Ұлттық намыс, ұлттық ар, ұлттық мүдде...дүние қуған дүрмекке бұл сөздер, бүгінгі күні жат секілді. Мен... өзім де сол дүрмектің бірімін.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Әлем атты әділетсіз майданда ұлтым менен ұрпағымның есесі мен намысын ешкімге де бермеймін. Кешегі қуғын сүргін зұлматта ұлтымның тең жартысынан көбі шейітболды. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін қайран елім қан-жоса болды. Ауызға үріп салғандай уыз таңдай ұрпағым қынадай қырылды. Қырылған жоқ, қырды. Олар менің ұл-қыздарым емес пе?!.. Жау өкшесімен өзегімнен теуіп тұрып, қара таспен маңдайымды жарды, қолаң шашымды тулақтай таптады, қара көзіме ине тықты, қара бұрымыма қос қара жыланды қосып өрді. Ол қос жыланның бірі ділім мен тілімді жұту үшін, ал, бірі салт-дәстүр, дінімді ірітіп, ұлттық сананы ұясынан  құбыжық көргендей үркітіп, өз-өзінен түңілдіріп, бездіру  үшін жүр. Кез-келген Империя ізіне кесапат-кесір, дау-жанжал және қайта келіп қақпаңды қақпай кіру үшін, босағаңа сатқын, төріңе дүниеқоңыз дүрмекті тастап кетуге әрекет жасайды. Олар, обал-сауапты білмейді.Өтімді алып аузыма құйды. Тас емшегін иіткен, тар құрсағын кеңіткен қара жерден басқа тілекшім қалмады. Көр ішінен көлеңке іздедім, тігерге қосым, сүйенерге досым болмады. Осыны да ұмытқыларың келеді, ойлан, қазақ!.. Ителгідей жұтынып, иегіңнің астында ит көзденген дұшпан тұр. Байқа, Қазақ!..

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Анашым, таңдайға қатқан уызым, жалғаншының жарығын көруге қуат берген ақ сүтім!

Сенің алдыңда перзенттік парызымды қалай өтеймін?..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Парыз – ардың сөзі. Арсыз халыққа – ажал да сәнімен келмейді. Жел жағынан өткізбей, желкеңнен түлен түртпектеп отырса, ұлт болмағың екіталай. Тірлікте өзгелер мен тең болмасаң, өлгенде көрің де кең болмайды. Өліп құтыламын деп ойлама. Дұшпаның өндірдей ұрпағыңды өлімші қылып, шыңғыртып қорлағанда, саған көрде де тыныштық болмайды. Бармағыңды шайнап, басыңды батпан жұдырығың мен төбелеп, көр ішінде тұрып отырасың. Жегені желім, ішкені ірің болған ұрпағыңа екі дүниеде қарайтын бетің болмайды. Өлгенде тыныш жатқың келсе, тіріде теңдігін бермейтін, ізіңе ел мен ұрпақ таста. Жауыңды біл, жарағыңды сайла. Міне, сенің, жауың, танабыңды тарылтып, таңыңды айырған сол, Империя!.. Біліп жүр!..Бұқара халық емес, бұқа мойын, бақа басты Империялардың, жаһандық жауыздардың, басқыншылардың ісі. Жаумен жарнақтасқан надан, сасық пиғылдың, империяшыл пасық биліктің ісі. Топты – тобырға, дүниені – дүрмекке айналдырып, ел біткенді есінен тандырып, жауластырып, санасын сапырып, көрінбейтін «Көсем жүйе» көк пен жердің арасын билеп алды. Ұлттық құндылықтардың барлығына балта шапты. Ділімді лайлады, дінімді бөлшектеді, тілімнің ұшын өз таңдайыма жетпейтіндей қылып көмейімнен байлап тастады. Содан бері мәмілесіз, мәнсіз даудан арылмай, не айтсақ та бір-бірімізді жоққа шығарып, түсіністік таппай келеміз. Асыра сілтеп жалмады, аша тұяқ қалмады. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты. Құл – құтыңа иелік етті, әңгір таяқ ойнатты. Жеңімен желкеңнен буындырып, етегімен еліңді тұншықтырды. Жеті атасынан ал қара көк атанған жүйрік пен тектіні есек пен еншілес, қодық пен қоралас қылды. Қоралап тоғытып, керелеген қорқауға кеселеп қаныңды ішкізді. Сосын соғысқа салды, ақыры азшылыққа ұшыратты, тіліңді, салт-дәстүріңді ұмыттырды. Қойға мінетін

қоңыр төбел жабы болдың.

 

 

(Сахна. Көрініс. Уәс-Уәс Шайтан.

Қаптаған жауыздықтың елестері)

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

Аяма, шап, желкесін қи, жетпесін,

Мына, қазақ, қолдан шығып кетпесін.

Тектілерін атып таста,

Аузын жап, басып таста.

Қоңыр төбел жабы болсын,

Өз қайғысы дәрі болсын.

 

ха-ха-ха, ха-ха-ха.

 

Мола қазып, асылдарын таппасын,

Ебіл-себіл, бір күн тыныш жатпасын.

Жұмбақ болсын өткен күні,

Қайда, қалай жеткендігі.

Қоңыр төбел жабы болсын,

Өз қайғысы дәрі болсын.

 

ха-ха-ха, ха-ха-ха.

 

Ақпа құлақ, ессіз болсын жастары,

Ұлт жолында бірікпесін бастары.

Бейбіт күнде асқақтасын,

Іс түскенде бас сақтасын.

Қоңыр төбел жабы болсын,

Өз қайғысы дәрі болсын.

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Не демекші, ал тыңдайық, Анасын,

Оятпақшы, қазағының санасын.

Кешегісі бүгін ұмыт,

Жүрген кім бар мұны біліп.

Қоңыр төбел жабы болсын,

Өз қайғысы дәрі болсын.

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Қарағайын тамырдан шап, құласын,

Қайыңдарын бұтап таста, жыласын.

Талшын талын сындырсын,

Жүз жыл кейін бір білсін.

Қоңыр төбел жабы болсын,

Өз қайғысы дәрі болсын.

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Ішегім-ай.., ішім-ай: Мазақ жақсы күлерге, қазақ жақсы тірсегінен тілерге.

...Ал, тыңдайық, тыңдайық,

Өз дертінен қазақ қалсын бір байып. Тыңдайық!..

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Қоңыр төбел жабы болдық...Пышақ үстінде отыққан,өлім үстінде өмір сүрген қой да біз болдық. Еріксе тақымға салды, ашықса қанжарын қандады. Солай ма, Анашым, Солай ма?!.. Жауыздардың естіліп тұр қарғысы мен қалауы.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Солай!.. Солай!.. Естіліп тұр, елден олар кеткен жоқ. Қос бұрымыма қосарлап жылан өрді. Ол қос қара жылан әлі күнге желкемнен төніп, жүрегімді шағып, адымымды аштырмайды. Матап алған. Оны көрген ұрпағым,менен қашады. Көрдіңдер ме?!...Зұлмат заман кеткен жоқ, ол қара жылан болып мойнымызға оратылып жүр. Аналарыңның ақ жаулығына жазықсыз төгілген қызыл қанның қайдан жұғып жүргенін біліңдер. Мен, Уыз Анамын – Ұлттың тілімін! Таңдайымның суын жұтып, өзгенің жетістігіне қараймын, өзімді аяймын.

Қара жыланның басын шапқан күні, бақыттың таңы атқан күні, өз төріме өзім шығып: «Мен есімді жинап ел болдым, есемді жаудан қайтардым» деп жаһанға жар саламын.

Ай сәулесімен әдіптеп, күн сәулесімен күмістеп, той жаулығымды өзім-ақ тартып келемін. Ананы әлпештеп, арды ойлап, ақ сүтімді ақтайтын, парызын өтейтін перзент болса, – осы менің арманым.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Сабыр етші, Анашым!.. Санам менің астан-кестен болды. Топан су қаптап, топалаңы шықты. Өз арымның азу тісі жүрегімді кеміріп, жегідей жеп барады. Еліміз бар. Тәуелсізбіз!.. Жақсы болар.., үміттіміз.

Ақ жанымды жыртыс қылып жолыңа, жаулығыңды жаңалайын, анашым! Жаныңыздың сүйіп жүріп жазайын наласы мен жарасын.

[Қазақ қызы(жас қазақ)Уыз Анасын (ұлт тілін) құшақтап, егіліп жылады].

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Жылама, балам, жылама. Жылағанмен іс бітпес. Жаулығымды өз төріме шыққанда, жау тізерлеп ыққанда, өз қолыммен шешемін. Қос бұрымыма қосарлап қос жыланды өріп тастаған дұшпанның да діттегені бар. Тәуелсізбіз!.. Заманның зобалаңы кетті дейсіңдер ме?! Болдық, толдық дейсіңдер ме?!.. Мұз қара көк айығып, аурудан жазылдық дейсіңдер ме?!.. Жо-жооқ, сақтаныңдар! Тоңмойын мінез, томырық сөз, өзімшілдік ақиқаттан адастырады.Бәле менен жаланы иығыңа артып, иманыңды үптеп, қара есекке теріс мінгізіп, жапанда жалғыз қалдыруға дұшпаның шебер-ақ. Олар оған әбден машықтанған. Ұмытпа!.. Ақтан күйдіріп, ақыры аяғыңа шідер, қолыңа кісен салып, жазықты қылып шығару – жаһандық жауыздардың қолында тұрған мүмкіндік. Қанды құрсау қамыты дайын, кигізе салады. Адамзатқа тән ақыл-ой мен мәдениеттің ортасында болыңдар. Араласыңдар!.. Бірақ, ұлтыңның ұпайын жібермеңдер, есесін бермеңдер. Тәуелсіздік сені қорғайын деп келген жоқ, сен қорғай алсаң мәңгілік тұрақтап, мәртебелі тұғырын бекітіп, ұя салайын деп келді. Тәуелсіздік– әділ заң, тәуелсіз пікір, алаңсыз еңбек, айнымас бірлік, айбынды ұлттың еншісі. Міне!.. Қара, балам, мән бер, қара!.. Қос бұрымыма қосарлай өрген қос жылан ұрпағымды жат қылып, ұлт санасын ұлтарақтай езгілеп тастады. Үрейлендіріп, күллі әлемдік қарақұрттың шырмау –торына салып алған. Сағымды сындырып, тас төбемнен таспа алып тұр. Топ жарған шешен, топтан озған көсем, ділмар едім. Сақау болдым, санамның шырағы сөніп, саңырау атандым. Ұрпағым менен қашады, мен ұрпағыма қолым жетпей әуремін.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Шындық, анашым, шындық. Біз әлі бір-бірімізден адасып, өзгенің өзегінен өзіміздің елесімізді іздеуді қоймаймыз. Неткен дерт, санамызды сары суға айналдырған, неткен

зауал! ?..

 

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Әлгі «Кеңес» атты қанға бөккен қызыл кеңірдек үкіметтің де түп тамыры – сол, шырмау – тор, қарақұрттың қанды қақпанында, жаһанданудың апанында жатыр. Талай ұлтты қарғылап, ұлттық билікті сатқындықтың сарпайынан қайта шығарып, қалыпқа құйып алып жүрген де осылар. Кейбір ұлттардың «Ұлттық билік» атанып жүргендердің көбі – күлден тауып алған көрдемшедей солардың бодандары. Жаһанның «жараулы-көрт үлектері» келгенде, қайыған қаймалшадай қайқаңдап, құйрығын көтеріп сигектеп кететіні сондықтан. Бәрі-бір ұйық. Жеті

басты айдаһар. Бұған: білім мен бірлік, әділ заң, ерен еңбек, дәстүр мен салт, дініңді, тіліңді ғана қарсы қоя аласың. Қазақтың тілі –қазақтың темірқазығы, ұлттың ұйытқысы. Ұлттық болмысымыздың – кіндігі. Тозақ – тозақ емес, ұлтыңның өліп бара жатқанын көру – Тозақ! Тіл өлсе –ұлт өледі. Бұл заманға сенім жоқ. Жын иіскеген өгіздей, оқыра тиген сиырдай ойламаған жерден ойраны шығып, ойыны осылып, ошарылып қалмасына кім кепіл?!.. Кімнің басы, кімнің қанжығасында жүр, қабырғаға қан қатып, толарсаққа мұз қатып, бұл дүние талай құбылған. Сақтан, Қазақ, сақтан!.. Жарық таңға жанын салып ұмтылған ұлтқа, Жаратқан Ием де қуат береді, сақтанғанды сақтайды. Талаптыға нұр жауады.

Қан жұққан ақ жаулығым мен қос жыланға қор болған қос бұрымым жүрегімнің ішінде жылайды да тұрады. Тыңдашы, балам, анаңның жүрегін тыңда!.. Тыңда!...

 

Қан жаулық пен қос бұрым:

(Ана жүрегінің үні)

Кімің бар?.. Қайда?!.. Құлыным!

Қос жылан салды құрығын.

Құтқарар мені құлдықтан,

Тумаған ба бір ұлым?..

Қан-қан болған жаулықпын,

Жау қолында бұрымым!...

 

Тыңда, қазақ, жаныңды,

Жаныңа салдым, зарымды.

Қан-қан да жаулық, қос бұрым –

Алашқа біткен арың-ды.

Естідің бе балам, анаңның ақ жаулығы азар көріп, қос бұрымы жау қолында шыңғырып жатыр.Осы үн сендердің құлақтарыңа естіле ме?! Естімесеңдер, қалай қазақ болып жүрсіңдер?!

Бүгінгі күн – кешегі күннің жалғасы. Өткеніңнен сабақ алып, сақадай сай тұрмасаң, болашақ бойын алып қашады.Мән бердіңдер ме осыған. Мән берді ме анау құрбы-құрдастарың?!..

Жоооқ! Жо-Жоқ! Мән бермейсіңдер! Ішінара болмаса, көпшілігің ашаршылықты, қуғын-сүргінді, қолдан жасалған зұлматты, «Алашорданы», бәрін-бәрін ұмыттыңдар. Оны өткен заман, қайталанбайтын қанды «КЕҢЕС» үкіметі, не болмаса, тіпті, ақ параққа қара дақ боп қатып қалған елес пен естеліктер деп ойлайсыңдар. Жау күлсе, жандарыңның сандығын ашып сыр беріп, жымыңдасып шыға келесіңдер. Қайда күлкі, тепсінген би, қылқан тілді қылжақ – соған үйірсіңдер. Қарақтарым, қайда барасыңдар?!..

 

(Сахна. Көрініс. Уәс-Уәс Шайтан.

Қаптаған жауыздықтың елестері)

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Естідің бе?!.. Ішегім-ай, ішегім.

Адастырған, арбаған, мен нағылған күш едім.

Бірін-бірі сөйлете алмай қазақша,

Дауласады күн батырып, таң атса.

Мына қазақ: жұмсам болды жұдырық,

Ашсам болды алақан,

Еріп жүрген ізімнен, өңкей жетім балапан.

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Біздер жүрсек жүреді,

Біздер күлсек күледі.

Бұлардікі не күлкі?..

Біз күлеміз бұларға,

Мұндай халық бар ма басқа, бұ маңда?!..

Өзін-өзі жоғалтады деуші еді,

Естен танып құларда.

Бос күлкіге,

Жоқ әлде,

Құлдық сана құмар ма?..

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Мынау болса жүрісің,

Оңға баспас бір ісің.

Қазақ – менің ермегім,

Қасыңдамын жердемін.

Ал, тыңдалық, тыңдалық,

Өз тілімен, анасын танымай жүр бір халық.

 

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

ха-ха-ха. ха-ха-ха.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Ту сыртымнан жақын келіп бір жауыз, жағын жаппай күліп тұр. Соншалық не біліп тұр?..

Өмір ғой.., ана, өмір ғой. Әркім.., енді, әртүрлі...Жастар бар ғой.., жалынды.

Бірақ, оларда уақыт жоқ. Жанталасқан тіршілік. Келмеске кеткен зұлматтың кесірінен мен де бүгін жылап тұрмын, Анашым! Неткен жауыз, неткен қара күш еді ізімізден қалмайтын?..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Жар астында жауың бар жабырқасаң күлетін, қойныңа кіретін, бар сырыңды білетін.

Дос қашса да, жау қалмайды ізіңнен. Білсе болды өлер тұсың қай жерде, сол жеріңнің кілтін іздей бастайды.

Дұрыс...дұрыс.., сендерде уақыт жоқ. Бірің бай болғыларың келеді... Бірің бастық болғыларың келеді...Ал, анау бұқара халық күндік асын тапқанға мәз. Оған да шүкір. Ол болмаса қайтер едіңдер?! Мынау біздің қалтаман мен жемқорлар адамзатқа айғақ болып «көш бастап» жүр.

Қара тамағыңнан қара су өткізбей, тіліңді тігіп, өңешіңді өз қолымен қысып отырса, мына түрлеріңмен не істейсіңдер?!. Құлқын түбі – құрдым. Ашыққаннан, – құныққан жаман. Құйрығы таққа тисе, қолын қалтасына жүгіртіп, сұқ саусағы мен халықтың қазынасын жымқыра бастайды. Өзі отырған бұтақты, батыраштың балтасымен шаба бастайды.

Құлдық сана еркіне кетті, құлан қағынан жеріді. Үндемейсіңдер!.. Ұлттық мүддеге келгенде ұясына батып бара жатқан күн сияқты қызарып, қымсынып тұрасыңдар да, сосын, түннен түндік жасап алып, ұйықтап қаласыңдар. Менің жаулығыма жұққан бейкүнә қызыл қанның есесін сұрап: «Анамыз ғой, ардақтайық!..» – деген қайсың бар?!.. Алаш болып жұмылып, ана тілдеріңді қашан төрлеріңе шығарып, перзенттік парыздарыңды өтейсіңдер?!... Жұмаққа жол менің аяғымның астынан өтеді. Ұлтынан тыс ұл болмайды. Алла қалап, адамзатты ұлтқа бөлді. Алланың қалауынан тыс – ешкім де, еш нәрсе де жаратылмайды. Тіріде атасы мен анасын менсінбеген пендені, өлі де Құдай не істейді, білесіңдер ме?!.. Топылдатып тозаққа лақтырады. Әлі күнге өз ұлдарымның босағасынан қарап, ақ шашымды қан – қан болған жаулығыммен жасырып, көрінген көкаттыға жалтақтаймын. Мен: Уыз Ана –Ұлт тілімін! Тек, сендер емес, ата –бабаларыңның ақ сүт берген анасымын.

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Анашым, Түсіндім. Тәуелсіздік алдық, шүкір Аллаға, енді ұлттық болмысымызды сақтап, елді қорғауымыз керек.. Жүрер жол қайсы, үлгі қайда?!..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Сол, қуғын-сүргін, қасапхана жылдары қазақтың жарық жұлдызы Жалау Мыңбаевқа мұңымды шаққанмын. Міне, бүгін де Жалау Мыңбайұлының басына келіп мұңымды шағып, зияраттап отырмын. Жалғыз емеспін, ізімде «Боздақтар» жүр. Бұлар – қызыл қаны судай шашылған қазақтар. Солардың рухтары. Күндіз –түні құлағыма тыныштық бермейді. Самал боп сарнайды, қобыз боп боздайды. Бұлар көп, сансыз, сарғайған жапырақтай кебінін сүйретіп, мен қайда барсам, сонда барады. Тыңда!.. Естідің бе?!.. Әне, тағы да қоңыр қобызын күйлетіп зарлай бастады. Бойыңда зәредей қазақтың қаны болса, бұл зар-запыран, қайғы-шерді естімеуің мүмкін емес. Тыңда!.. Тыңда!..

Бұл – боздақтар үні.

 

Боздақтар үні:

(Қобыз сарыны. Кебін киген елестер.)

 

Көшкен бұлт па – білмедім, өшкен жұрт па – білмедім,

Соқаға жеккен өгіздей, өксіп жүріп тілдедім.

Малынып қанға күн шығып, жалынып жауға тұншығып,

Берен де қылыш, бек сауыт, ағытпай кетті ілгегін.

 

Шағылдың жүзі –шарайна, шабынған дұшпан қарай ма,

Тірілей мынау талай ма, қазақ та қандай бар айла?

Өкпелік тұстан өрт шықты, өлімнен жаман дерт шықты,

Заманға келген бұл зауал, өлтірмей енді тарайма.

 

Бұлағай заман бұлттанды, есінен танып ұлт қалды.

Қарағай басын от шалды, тыр жалаңаш тұт қалды.

Балпаңдап жүрген бай өлді, желі де құлын тай өлді,

Кеміріп ұлттың сүйегін, керелеп «Кеңес»[1] жұтқан-ды.

 

Азамат өлді – табанда, қазанат түсті – аранға,

Сай-сала толды адамға, жамағат туыс, жаранға.

Аша бір тұяқ қалмады, »Аһ» ұрып алаш зарлады,

Қырылды қазақ, қыр мен ой, қасқаның күні қараң ба?..

 

Қып-қызыл тудан қан тамды, қызыл ит талап арқамды,

Қуырдақ қылып тамсанды, көзімнен қара зар тамды.

Сапырып судай санасын, шулатып қатын, баласын,

Тұқымын құртып тұз сеуіп, тулақ та қылды тарпаңды.

 

Боздақтар үні:

(Қобыз сарыны. Кебін киген елестер.)

«Кеңес» келді кеңесіп, кертіп те жеді етіңді,

Сүйегін шашып сүр қылып, жаппай да кетті бетіңді.

Салтанат пенен сән кетті, жалғаннан жарық мән кетті,

Әлпештеп сүйген қор болды, бұрымды менен кекілді.

 

Азамат ердің баласын, айдауға салып шыңғыртты,

Араша түсер бір жан жоқ, айнала түгел жым-жырт ты.

Қош айтып қолын бұлғамай, еті де суып құрғамай,

Қынадай қырып қылғытты, тірілей көрге ырғытты.

 

Сағым боп көшіп сандалды, шүршіт пен сартқа жалданды,

Мыңғырған түлік мал қалды, жая мен шекер жал қалды.

Қара бір қазан су татып, қара бір бала у татып,

Шұбалып ізде шаң қалды, атажұрт, орман, тал қалды.

 

Құрсақтан теуіп тұл қылып, қатын қылды қызыңды,

Таранған сұлу ел едің, тағдырың солай сызылды.

Кебісін киіп «Кеңестің», кімменен сонда теңестің,

Құтырған түлкі қу заман, әлі де көзің қызыл-ды.

 

Солай да-солай күн өтті, соны да бірақ ұмыттың,

Көгенді қара құлыппын, көгерген мола, тұлыппын.

Қарағайға тамыр боп, қара көрде қамыр боп,

Біз бенен жатыр жер құшып, төресі не бір жігіттің.

 

Боздақтар үні:

(Қобыз сарыны. Кебін киген елестер.)

 

Мыңбайдың ұлы Ер Жалау, ақылы терең Ніл[2]еді,

Ер ісіне бар ма дау, ел еді ердің тілегі.

Күн болып көкке шықсаң да, ағайын-туыс көрмейді,

Жағалай жатқан жау бірақ, жазбай танып біледі.

 

Алаш та Орда, ақ орда, солармен жүріп сырластың,

Қар кешіп жүріп сыз бастың, ойламай қамын бір бастың.

Қазақтың тілі мұң айтып, қайтарып атын «Қазақ!..» деп,

Шекара бойын шегелеп, Мұстафа[3] менен мұңдастың.

 

Сексеуіл болып жылыттың, сенделіп жүріп арыдың,

Аз болды сенің ақыры, көрер де қызық, жарығың.

Алланың өзі жар болып, Тәңірім бізді қолдасын,

Үркердей ғана үміті, шашылып кеткен тарының.

 

«Ұялас-Ұлтшыл!..» атандың, атандай шөгіп қамықтың,

Аяусыз алып алқымнан, боданы қылды табыттың.

Бір жұлдыз көктен сорғалап, ел жылап үнсіз қорғалап,

Сең болып ағып Ақ Жайық, Сен болып кетті жанып күн.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Қайсыбірін айтайын, қалай айтсам естір құлаққа, жұмсақ жүрекке жетеді.

Мынау менің қолымдағы – «Ауыл тілі» газеті. Осы газеттің 1926 жылғы 27 мамырдағы санында Мадияр деген бүркеншік есіммен, Жалау Мыңбаевқа Міржақып Дулатовтың «ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МҰҢЫ» атты хаты жарияланады. Бұл менің сол дәуірдегі мұңым мен қайғым. Сол Жалау Мыңбаевтың басына ғасырға жуық уақытта талай келіп мұңымды шақтым, шырағымды жақтым. Өңкей боздақтарды боздатып, тағы да,міне, бүгін, мұңымды шағып келіп отырмын. Қайран, Міржақып, сөйле! Ұмытқан  шығар.., бұл қазаққа өткен ғасырдың басындағы өксігін, қазақ тілінің мұңын тағы бір қайталап бер. Мен: Уыз Ана –Ұлт тілімін!.. Тыңда, жадыңды оят, жағалай жанымның бөлшектері,

Перзенттерім менің.

 

 

Қазақ тілінің мұңы

 

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.   

Енді қандаймын?

Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.

Мен не көрмедім?

Маған әкеліп парсы мен арабты қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды. Өліде үшбақы болғыр Абайға өкпем жоқ. Тіріде маған ара түсушілер аз болды. Мен жылы сөзді, алдымен  айналып кетейін, осы күнгі Ахмет (Байтұрсынов. – ред) деген кісіден ғана естідім.

...Енді қайтемін? Бұл мұңымды кімге айтамын, кімге шағамын!...

Менің ойлап-ойлап тапқаным – Жалау жолдас, сен болдың. Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Сен нағыз қазақтың бел баласы едің. Сен адырайған адай едің. Мұңымды мен жалғыз-ақ саған шағамын. Өзге кәмиссиялардың көбіне сенбеймін.

Жалаужан, мен саған жалынам, «ауыл тілін» шығарамын, газетім нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегенде ішім елжіреп кетеді... Бірақ мені қорға, таза сақта, көрінген тілмәштарыңа тағы да қор қылма. Әсіресе, Қазалы сықылдылардың «қазақыландырғанынан» қорға, Азар коменес болып кетсең де, ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!

 

Авторы: Міржақып Дулатов

 

Ескерту: «Қазақ тілінің мұңы» атты осы хаттың мәтіні ішінара қысқартылып берілді. (Автор)

 

                                                                                                                                          

(Сахна. Көрініс. Жалау11 Мыңбаевтың

рухымен тілдесу).

«Ол күндегі о да саз, бұл күндегі бұ да саз»

Қашаған Күржіманұлы

 

 

Ескерту:

 

 

 

 Жалау Мыңбаев – (1892, бұрынғы Адай уезі Құнанорыс ауылы – 16. 11. 1929, Алматы) – мемлекет қайраткері.  Қазақ АКСР Кеңесінің 5-съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланды.   Ф. Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясыьМыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға  ұшырады. «Алаш Орда» арыстарының көрнекті өкілі.

 

 (Ақпараттық деректерден)

 

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

Өткенге, халқым, құлақ түр, енді де сені сынап тұр.

Дәуренің кетсе мынау бас – лақтырған жерге тымақ бір.

Ол күндегі – ол да тіл, бұл күндегі – бұл да тіл,

Салт пен дәстүр сырт беріп, Қазақтың тілі жылап тұр.

 

Кешегі дәуір –қара сын, бүгінгі дәуір – жаңа сын.

Елін де сүйген Ер Жалау, жұбатып тұрды анасын.

Оянған сана қайда жүр?!.. Ой айтып, тілім, сайра, жыр,

Уыз да Анам – ұлт тілі: зираттап келді баласын.

 

Қабірден шығып Ер Жалау, ақ нұрға сосын айналды,

Үстінен елдің көріп тұр, қауіп пен қатер қайданды.

Тіріліп түгел ер біткен, айқасып өлген кер – жұтпен,

Тізіліп міне тіл үшін, түрініп білек сайланды.

 

Қазаққа біткен қор тілдің, қайтарып мұңын тыңдады,

Қайғыра жылап қайран тіл, бүгілді, бірақ сынбады.

Қақтан да ішкен құлан ба, қайырдың түбі –шыдам ба,

Аман-сау болса Алашым, ашылар дағы бір бағы.

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы)

Мен Жалаумын!.. Уыз Ана – ұлттық тілім, бұлбұлым!

Сен – тордасың, Мен – мертілдім, заман – түлкі, құрғырың.

 

Патша[4] кетті, «Кеңес[5]» келді, бай жойылды, кедей аш,

Ең соңында ел қырылды, қалды дала жалаңаш.

 

Түндік ашар жан болмады, қанды қылыш жалманды,

Қып-қызыл от жалмап кетті, түгел жұтты мал-жанды.

 

Ұлтқа сүйеу ұлдың бәрі түрмелерден үңілді,

Домалақ хат, ашу-араз, ауырлатты жүгімді.

 

Бай мен жарлы, тап пен тартыс, бір жағыңнан надандық,

Ақыр соңы жау қолында ит пен құсқа таландық.

 

Мен қарлығаш ақ бауыр ем, сені сүйдім жалғыз-ақ,

Қызыл туға сүрттім сосын, көздің жасын қанжылап.

 

Ұлтым менің –ұлың едім, қой терілі қасқырдай,

Жау қырағы күмән етті, аяғымды бастырмай.

 

Бар жыртыққа жамау іздеп, қайран ерлер алысты,

Қарақұрт боп матап алды, жұлынымнан қан ішті.

 

Қасапхана – «Қызыл Кеңес» ұлт қаймағын сыпырды,

Естіп жүрдім, енді, міне, бізге келген тықырды.

 

Ажалыма ақ ту беріп, ұлт қамына асықтым,

Ашу үсті Филипті[6] де бір-ақ ұрып жасыттым.

 

Елім барда, жерім барда: Берекемін!.. Бақытпын!..

Мен өмірге: ұлтым үшін, жұртым үшін ғашықпын.

 

Бар айламды үнсіз жасап, қорғап көрдім ұлтымды,

Мойныма тағып жүріп қанды кісен, құлпымды.

 

Мендік ғұмыр көз алдында білмек болған ұрпаққа,

Арым таза, Алаш білсін, мендік намыс тұр тақта.

 

Мендік жүрек – бар қазақ пен мәңгі тірі бірге жүр.

Мен – Жалаумын! Жанған отпын, өшпеймін мен, бір де-бір.

 

Көз жұмғанмын көктей солып отыз жеті жасымда,

Уыз Анам – шырылдап жүр, шырақ жағып басымда.

 

Неге тағы жылап отыр?!.. Ел Тәуелсіз емес пе?!

Кеткен жоқ па?.. Ақ Патшасы, қызыл тулы «Кеңес[7]»*-те.

 

Мен – Жалаумын!.. Рухпын – Мен!.. Тік тұрдым да, кездестім.

Ана тілім – Анам келді, Ана жанын сезбес кім?!

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана – Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Анамын Мен – Ана тілмін, Тәңірім!

Өткен тарих, көшкен дәурен бәрі мұң.

Мен Қазақпын,

Сүйсем деп ем сүрінбей,

Ай сәулесін, Күннің көркем жарығын.

 

Қайран Менің Арыстарым, Жалауым!

Шүкір, Алла, сенің сөнбес алауың.

Ұлым менің – жүрегім ғой,

Тілегім,

Көп көрдің Сен, көп дұшпанның талауын.

 

Ұлым –Жалау, Ұлы Жалау, көкбөрім,

Алтын Орда ел едік біз көкте күн.

Қайран Жалау

Саған келіп тағы да,

Тұрмын, міне, еске түсіп өткенім.

 

От ішінде бұл даланы сақтадық,

«Тәуелсіздік алдық», – дейді, – бақ дарып».

Ұлы –Жалау, ұлым менің

Намыстым,

Жолға шықтым, болашаққа аттанып.

 

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы)

Ана тілім –Анам менің!.. Баста жолға, Ту көтер!

Туған елдің қадіріне, Сенен басқа кім жетер?!

Қайда барсаң мен жаныңда еріп жүрем, анашым,

Тәуелсіз ел, айырмасын анасынан баласын.

 

Баста, Ана!.. Тәуелсіз ел, еркін қанат керелік.

Тәуелсіздік!.. Туған елге жатыр екен не беріп?!..

Тілім, – діңім! Перзентіңмін, тек сенімен тілдесем,

Ана тілім – Анам менің!.. Сен тұрғанда кім көсем?!

 

Біз – Рухпыз!.. «Алашорда» – қайта тұрған Алашпыз!

Жанған отпыз, жанартаумыз!.. Атқан таңмен таласпыз!

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Ал, аттандық, біз аңсаған, есіл ел мен арманға,

Тәуелсіздік!.. Бұдан артық бақыт бар ма жалғанда.

 

Сен куә бол, Жалау жаным, сенім артқан тірегім,

Қазақ елі, қақпаңды аш, босағаңнан кіремін.

 

Жат тіліне құмар дейді, ділің сенің шұбар ма?

Даңқым таныс дала едім, атышулы Тұранға.

 

Қазақстан, қақпаңды аш, мен қазақы дәуірмін,

Санам азат, таза қазақ, сәулесімін сәуірдің.

 

Төл тіліңді төрге шығар –Хан көшіндей салтанат.

Аңдыған жау аң-таң болсын, екі көзі қанталап.

 

Тіл емес ол – «Қазақша» деп мына сөйлеп жүргенің,

Аудармасы басқыншы мен баяны жоқ кірменің.

 

Нағыз Қазақ – жанды тілмін! Уыз – Ұлтпын, Қағанмын!

Жасампазбын!.. Жаңа дәуір, тақтырмаспын, саған мін.

 

 

 

 

АЛТЫНДЫ ШУАҚ, АРЛЫ КӨШ

(Болашаққа сапар. Әруақтар шеруі.)

 

II БӨЛІМ

 

[Сахна. Көрініс. Көш. Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі. Рух – Жалау Мыңбаев. Қазақ қызы (Жас қазақ).

Бүгінгі дәуір, қайта оянған сананың көші сапарға шықты.]

 

 

        ЖАҺАННЫҢ ЖАСЫРЫН ТҮЛКІЛЕРІ

(Жаһандану. Сыртқы дауыс)

Сыртта жүрді мың түлкі,

Ін түбінде бір түлкі.

Сығалай қарап сыртыңнан,

Бірге жатып, бір тұрды.

Көзіңді ойып жол бастап,

Көсіле шауып қол бастап,

Тісінде қызыл қан тұрды,

Ісінде қара кір тұрды.

Жан алған сайын жанданып,

Қан ішкен сайын құлпырды.

 

Шыңғырар жерде үндемей,

Үндемес жерде жыр қылды.

Дауасы жоқ дерт қылды,

Жауабы жоқ сыр қылды.

Жаз келсе киіп қызыл тон,

Қыс келсе болды ағарған.

Дүние сапар, жолаушы,

Жол үстінде қыр қылды.

Күлген де жері күл болды, жүрген де жері қырғын-ды.

 

 

Осыдан артық сөйлесең,

Тіліңді тікті: «Жетті!..» – деп.

(Таразы қойып шекті кеп)

Шапалақпенен бір ұрды,

Шамадан асып кетті деп.

Құбылған құлаш құйрығын,

Өзінен бұрын жұмсады,

Құрлықтың бәрін қуырды, теңіздің бәрін тепкілеп.

 

ҚАЗАҚЫ КӨШ

(Сыртқы дауыс)

 

Маңғыстау бойы мұнарлы, Бекеттен[8] қалған пірлім-ай,

Көңілім қалай тыншиды, көзімнің жасы сырғымай.

Қазақ та деген ел едік, қапы да түскен аранға,

Осы бір көште соңғы үміт, қолдай гөр, енді, бір Құдай?!..

 

Сарыарқа бойы сағыныш, ақ бауыр арман үлпілдеп,

Сырдың да бойы сыр сандық, сағым боп көшті біртіндеп.

Жетісу бойы жерұйық, боздаған боздақ желмая,

Бұйдасы кетті қолымнан, қол созып кімдер іркілмек?..

 

Көлденең тартып көп тұрып, көгенін үзіп тектілік,

Шыдаса болды бұл жүкке, нарларға біткен ет-жілік.

Әдіра қалған Сарайшық, Алтынды Орда, Ақ Орда,

Жолдарың болсын деп тұрды, бармағын шайнап, жеп тұрып.

 

Тоз-тоз қылған топ дұшпан, біріккен жұртты қалай ма?

Апанда қалған бөлтірік, жарасын жазып жалай ма?

Бір көш те кетіп барады, таудан да биік талабы,

Етегін жиып ес біліп, ел болам дейді қалайда.

 

 

 

 

КӨКБӨРІЛЕР ЗАМАНЫНЫҢ ЕЛЕСІ

 

(«Алтын ды шуақ, арлы көш» көшіп бара жатты. Көшке тілектес көк пен жердің бетіндегі барлық жаратылыстың айтар сөзі, тілер тілегі бір еді. Бұлт ішінде Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктердің[9] көші кетіп бара жатты. Бір сәт, кемпірқосақ керіліп, Алтын Орда[10] дәуірін еске салып, құлпырып, құбылып, әрленіп тұрды. Сізден ұлы халық бар ма білгенге, сол билікті сақтай біліп жүргенде деп жел ұйытқып, самал сарнап тұрды.)

 

Бөрілі байрақ көк аспан, қағандар жайлап төрлеген,

Өңкей қара нарлар-ай, қағанат құрып өрлеген.

 

Алтай да менен Атырау кеудесін керген салтанат,

Ерліктің ізі өшпейді, шап, мейлі, оны балталап.

 

Ақ боз ат сынды –ақ бұлттар, алыстан көшке тұр қарап,

Кім болмады күнінде, кідіріп айтсаң, бұл Қазақ!

 

Көкбөрі көктің заманы, көктен де қарап ұлып тұр,

Түсінер оны жан бар ма?.. Түсінер тау мен ұлық қыр!

 

Тәуекел қылмақ бұл қазақ, сапарға солай аттанды,

Ұрпағым көрсе арман жоқ, аңсаған біздер ақ таңды.

 

Уыз да Ана – Ұлт тілі, түбіміз бірге Тұранбыз,

Жай түскен күні от тиіп, жайылып кеткен мұнармыз.

 

Біз жүрген жолда балбал тас, баяғыдан қалған тас,

Есеміз кетті ел тозды, иықтан теріп алған бас.

 

Дүние қуған Хандардың, басынан жасап тостаған,

Алаштан дәуір кеткен соң, қатарға ешкім қоспаған.

 

Күнінде дәурен сүрдім деп, күбірлей басып тұншықтың,

Тобыңды жазып кеткен күн, тозақтан барып бір шықтың.

 

Күндікші:

(Жат ниет)

 

Мына қазақ ел болмақшы, ұлт болмақшы жаңғырып,

Дұрыс еді жүргендері мәңгіріп һәм қаңғырып.

 

Тұранбыз дейді тұмар ғып, ескінің тағып есімін,

Ес жиса бермес бұлар күш, болмасын бұған кешірім.

 

Бір амалын табу керек, сен не дейсің, Шайтаным?!

Ұлттық мінез, Ана тілі, төрге шықпақ – байқадым.

 

Сүріндіріп, адастырып, аулақ ұстар жол жоқ па?!

Алдап күліп, арбап жүріп, салып кетер ор жоқ па?!

 

Ойлан, Шайтан, айлаң көп қой, бас көтеріп кетпесін,

Босағадан сүйреп шығып, құйрықтан бір теппесін.

 

Отқа май құй, ойран жаса, бірікпесін бастары,

Бір біріксе, біттік сосын, дес бермейді жастары.

 

Ас салуға, өз қолдары, өз аузына жетпесін,

Ғылым –білім, салттан бездір, теріс жолға беттесін.

 

Елін езіп, жерін кезіп, мен бір жүрген күндікші,

Уәс-уәс Шайтан, сендім саған, әдіс керек бір күшті.

 

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

 

Қазағыңды маған бер, сен қорықпа, Күндікші!..

Бұл қазағың әу бастан, сөзге мойын бұрғыш-ты.

 

Қағидалы қарттарын – қор ғып езсем болмай ма?

Боздап жүрген ботасын – бор ғып езсем болмай ма?

 

Таңдап жүріп тектісін – шертіп алсам болмай ма?

Қатын менен баласын – ертіп алсам болмай ма?

 

Құрсақтарын құрғатып – байлап қойсам болмай ма?

«Әйел!..», « Еркек!..», «Теңдік!..» деп қайрап қойсам болмай ма?

 

Қызға қызық өмір сол: – «Етек...» десем болмай ма?

Ұл намысын соқыр ғып –жетектесем болмай ма?

 

Шаптан түртіп наданын – шаң шығартсам болмай ма?

Сүзістіріп серкесін – қан шығартсам болмай ма?

 

Парық-пайым бітпеген билік құрсам болмай ма?

Өз халқының көз жасын сый ғып тұрсам болмай ма?

 

Топтан озған тұлпарын – «Есек!..» десем болмай ма?

Өз қолымен қыранын – кесектесем болмай ма?

 

 

 

Дүмше молда дін бұзып – сайран қылса болмай ма?

Тобыр топты іріген – айран қылса болмай ма?

 

Салт – дәстүрін таптатып – жеріндірсем болмай ма?

Жас біткенді жалқау ғып – еріндірсем болмай ма?

 

Жемқор қылып өз елін – тонаттырсам болмай ма?

Ақыл-есін жылан боп – орап тұрсам болмай ма?

 

Бар жиғанын шаштырып – қарыз қылсам болмай ма?

Көз жастарын көл қылып –ағыздырсам болмай ма?

 

Қазанының қақпағын – алып қойсам болмай ма?

Жаттың қолын жағалай –малып қойсам болмай ма?

 

Көк аттыны көбейтіп – көз қыздырсам болмай ма?

Бұрқыратып бұрышта – сөз қыздырсам болмай ма?

 

Шындық айтса шыңғыртып – қамап қойсам болмай ма?

Бөлтірігін бөрінің – талап қойсам болмай ма?

 

Мақтан құмар мансапқа –мінбер берсем болмай ма?

Өз басына мың бәле – тілден берсем болмай ма?

 

Ел бастамақ ерлерге – көп ермесе болмай ма?

Көк запыран көп құсып көзден ғайып болмай ма?

 

Достан – дұшпан, жаудан – дос іздеттірсем болмай ма?

Ши жүгіртіп артынан – із кестірсем болмай ма?

 

Әркім өзін дүр санап – аспандатсам болмай ма?

Адым сайын бір тұзақ – тастап жатсам болмай ма?

 

Құлан түскен құдыққа – бақа салсам болмай ма?

Талаптының жолына – жата салсам болмай ма?

 

Үзіп барлық үмітін – түңілдірсем болмай ма?

Сосын аттап басынан – жүріп жүрсем болмай ма?

 

Тамырына құрт түскен – тал ғып қойсам болмай ма?

Сойып жейтін соғым ғып – мал ғып қойсам болмай ма?

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Алтынды шуақ, арлы көшпіз. Біз келдік. Ұлттың жан- дастарқанына жеке-жеке қонақ болып, қоғамның шынайы тынысын сезінгіміз келеді. Ұлт болмысына бүгінгі шындықтың көзімен қарап, түсінгіміз келеді. Жан дертіне шипа іздегіміз келеді. Кім қайда жүр, қазағым, біз сенің жаныңдамыз. Өз жүрегіңнің ішінен ұлтыңа деген бір тамшы сәуледей махаббат ізде, оны басқа қазақтың жолына шам қылып жақ. Қазақтың ар-намысын, мінезін, сенімін қорға, өзіне қайтар. Біз сол үшін жаңа дәуір мен жасампаз болашаққа үндес болайын деп келдік.

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

 

Біздің тағдыр – доп деді,

Өмір – от пен оқ деді.

Бір тал шыбық жылады,

Орман қайда – жоқ деді.

 

Жылап тұрды бал-қайың,

Жас пен шайып таңдайын.

Қалың орман – қазағым,

Сенің таныс хал-жайың.

 

Неткен жылау, алашым,

Неге естен танасың?!

Уыз Ана –Ұлт тілі,

Сүйіп жатты баласын.

 

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

Жыласын!.. Жанын шыжғырсын!.. Обал жоқ. Қазақтың Уыз анасы, мен де сені адым сайын аңдып отырмын. Келдіңдер.., кеткенше асығатын боласыңдар. Бекер, бәрі де кеш. Бәрі де менің уысымда. Шырмап алғанмын, шындығыңды шыңғыртып байлап қойғанмын. «Қазақтың ар-намысын, мінезін қорға, өзіне қайтар» дейсің. Бұл айтқаның жай бір, әншейін, қазаққа әдет болған сарнау –саз ғой. Қазақтың сыртынан күндікші мен жемқор кеміріп жеп жатыр. Ал, ішінен, Мен: Уәс-уәс Шайтан, күн құрғатпай бағып жүрмін. Біз қалай бұрсақ, солай жүреді. Қазекеңнің, белгілі бағыты жоқ, ұлтқа тән жолы жоқ, мақсаты жоқ. Ондай елді ертіп кетуге не кедергі?!. Кім ара түседі?!... Айдамай-ақ аранға жығылғанда, жынынан айырылған бақсыдай не істерін білмей қалады. Бірін-бірі кінәлайды. Қалжырап қалғып кетеді.

Қазақтар: «Айшықты мереке» ұлан-асыр той жасамақ. Шашылып, шаттанып, шарғасынан тыс шығындануды мақтаныш көреді. Той жаса, бірақ шамаңа қара деп көр, сенен жаман адам болмайды.

Қазақтың Уыз Анасы «Айшықты мерекеге» дөп келді. Тойласын!.. Күмпілдесін, көрінген жылтыраққа алдансын. Бір бұрышта мен де отырамын.

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

 

Уәс-уәс та Шайтан осылай ойын да пішіп, қамданды,

Шайтанның ісі шалыс-ты, шарпыды от пен бар жанды.

 

Біреуге күлін шаштырды, біреуге күлді бастырды,

Біреудің көзін жас қылды, жат қылды, жанын тас қылды.

 

Жығылған болып ығыңа, іргеңді ашып ойнады,

Топалаң жасап, тор құрып, тоғытып қойша тойлады.

 

Мақтанның ісін мадақ қып, өзіңді буға пісірмек,

Жағалай жатқан жалпақ ел, мұны да қайдан түсінбек.

 

Базданып бастан азған ел – азған да ағза, шіріген,

Өз басы қайғы өзіне, өзімшіл жемқор іріген.

 

Болашақ деген кеменің, бағытын кімнен сұрамақ,

Есіл де елден бел кетсе, тұрмайды енді тұралап.

 

Біреуге біреу қол созбақ, ендігі жерде жоқ білем,

«Достастық» жайлы көп айтар, бір жүрген қасқыр тоқтымен.

 

Өзіңе-өзің бекем бол, обал мен сауап қалғандай,

Әлсіздің күні бір уыс, құрбандық қылып шалғандай.

 

Сағақтан қаның сигектеп, жүрсің бе, қазақ, той-тойлап,

Сырыңды біліп жау отыр, сыртыңнан пішіп, ой-ойлап.

 

Қазақтан басқа кімім бар, Уыз да Ана – Ұлт тілі,

Сығалап отыр сырт мұны, ұлтымның қайда ұлттығы?!..

 

 

Әлқисса. Айшықты мереке.

(Сахна. Көрініс. Мереке. Той.)

Қозы қарын төбеден

Қозы әкеп сойдырды.

Құлын төбел төбеден

Құлын әкеп сойдырды.

Боз қыратты ой қылды,

Бозаңға жайлап той қылды.

Боздақ жүні бұрқырап,

Бота-тайлақ бұл жатты.

Әр нәрсені бір сұрап,

Әжуа қылып ұл жатты.

Надандар жүр құлқы жат,

Құрсағында құл жатты.

Би биледі күлегеш,

Бөксенің тұсын қынаған.

Тырнақ асты кіл егес,

Бірін де-бірі сынаған.

Ұпайы кетіп ұққанға,

Есесі кетіп дұшпанға,

Уыз да Ана –Ұлт тілі,

Ішінен тынып жылаған.

Әлқисса жырдың басыма,

Жасыма көңіл, жасыма.

Уыз да Ана –Ұлт тілі,

Мен де келдім қасыңа.

Қара қобыз қаңқылдап,

Күй домбыра керілді.

Қайран қазақ аңқылдап,

Әз жанымен берілді.

Уыз да Ана –Ұлт тілі,

Кімге айтасың шеріңді?..

 

(Зәулім үйлер, көсем сөзді көшелер, от шашулар, жарқыраған шамдар. Шұбар тілді жастар.

Даңғыраған алаңдар. Құлпырған сарайлар. Сағымдай  бұлдыраған сана, қаумал қала. Саумал дала, аң-таң ауыл. Ел мен жердің мұң мен мұнары. Шалқайған байлық, еңкейген жоқтық. Өсімшіл саудагер, өзімшіл жемқорлар. Жер қапқан шындық. Көн қатқан көңіл. Марапат пен мақтаулар. Моншақтаған төсбелгілер. Желпінген ақпарат. Жанталасқан әлем. Жаһандық қысым. Күнбағыс саясат. Туажат – ұлттық мүдде. Қағажу көрген қазақ тілі. Қабынып, ісінген мансап, қабыспайтын шындық. Сатымсақ мінез, алымсақ алақан. Осының барлығы біз құрған қоғам!...)

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

Болады думан дегесін, басқаның бәрін ұмытқан,

Тойшыл да қауым – бір асау, сытылып шыққан құрықтан.

 

Көкпар да болды –көп болды, жарысып жорға ат кетті,

Өкпелеп досым өзімсіп, айдап та салып жат кетті.

 

Біреулер білді сырымды, біреулер тыңдап жырымды,

Бәрі де бір сәт ұмытты, шыңғырған шындық, шырылды.

 

Халыққа біткен қазына, шапан да болды, шаң болды,

Біреулер шықты мінберге, біреулер мырза, паң болды.

 

Қарап та тұрсаң қазақтың, бітпеген ісі қалмапты,

Тойласын Қазақ, Тойлайық!.. Тойға келдік, ал, жақсы.

 

(Асуларды алып, белестерден өтіп, шын жеңіс пен жетістіктерді еліңмен бірге тойлау – жұмақтан жұпар жұтқандай санаңды тазартып, жаныңды жадыратады. Шын той, шыңға ту тіккендей мерейіңді асқақтатып, ұлтыңды ұлықтайды. Ал, күнтізбеге қарап, күнде жиын жасау, күркілдеген көксаудың ән айтқанындай, би билегеніндей көзге түрпі, көңілге аяныш тудырады.)

 

Билік:

(Мансап пен мөр)

(Сарай. Салтанатты кеш. Биліктің ресми құттықтауы! )

 

Құттықтаймыз!.. Құтты болсын!.. Тәуелсізбіз біз деген,

Жетістік көп, жеттік оған, жан баспаған ізбенен.

 

Таң қалып тұр, сонау шет ел, мынау жақын көршіміз,

Қазан қолда, қайдан құлақ шығарамыз – еркіміз.

 

Анау жақсы, мынау енді көп ұзамай жасалмақ,

Анау темір, мынау көмір, анау бізден тас алмақ.

 

Бақыт деген босағадан өзі келіп қарап тұр,

Орыс, Парсы, Кәрі құрлық, «Дос болам!..» деп Араб тұр.

 

Ой, тамаша, өмір болмақ, енді, аз-кем шыдаңыз,

Өркениет.., есті қала.., ауыл – жұмақ.., қыр – аңыз.

 

...Билік солай үйіп салды уәдені,

...Енді, сірә, Қазақ сенгіш, дәмелі.

 

(Сарай іші салтанатқа толы болды. Қазақылығында кем жоқ. Күмбірлеген күй, әсем сазды ән, мың бұралған би, мың бояу мен зерге толы ұлттық киімдер. «Қазағым!.., Қазақ Елі!.. Қазақстан!..» деген ұран мен ұлағат сөздер. Телеарналардан осыны көрген қазақтың баласы біразға дейін, есесі қайтқан ел секілді, кегі қайтқан ер секілді иығын қомдап, сөзін сомдап жиын-тойда желпініп жүрді.)

 

Бас айналды, балқып кетті, тоқтамай тұр, шапалақ!

Ұран сөзге ұлт боп түгел қалған екен қаталап.

 

Мансап пен мөр қолын бұлғап сәл суықтау жымиды,

Бірін-бірі, сылап-сипап, топ-топ болып тұр «Игі».

 

(Сарай. Салтанатты кеш. Сағыз шайнап, жем үшін жүрген Жемқорда қазақы концертті амалсыз тыңдап отырды. Әркім, әр қалай пікірін айтып жатты.)

 

 

Жемқор:

(жегі)

Алло, Алло!

Ассс...Асса.. Ассалау...

Апарамын, Досеке, апарамын қалайда,

Мерекелі кештемін, отыр едім сарайда.

Апарамын, Досеке, апарамын қалайда.

Анау.. сосын.. анаусы бар, рақмет.. рақмет.. жарай ма?!

 

Кеш керемееет, керемет,

Ана кісі құттықтады шегелеп.

Бәрін айтты, бағдарлама,

Бағыт бар,

Содан басқа бұл халыққа не керек.

.. Жақсы.., жақсы.., Досеке!..

 

...Уфф!.. Құтылдым,

Ашуының жаманын-ай жұтырдың.

...Уфф, құтылдым!..

Біздің бастық ашуланса тым жаман!..

Тек, сенеді, бір маған.

Шелектегі айранды ол сімірмек жата қап,

Ал жұғынын мен тұрам жалайын деп қаталап.

Заман солай: алып қалу, жеп қалу,

Кейін бізді өзі білсін кімдер қалай атамақ.

...Шөлдеп тұрмын, қаталап.

Бұл қазақтың байлығы таусылмайтын мол екен,

Әлем болып жабылып жеп жатқаны сол екен.

Дорбаменен тасыдым, жетпес дедім өзіме,

Арбаменен тасыдым, аз көрінді көзіме.

 

Алтын қылып жинадым, жер астына тастадым,

Күміс қылып жинадым, күліп –ойнай бастадым.

Бастық та бір шыдамсыз, «Әкел!..», «Әкел!..», «Әкел!..» – деп,

Әдеті сол, қасқаның.

 

... Алло, Алло!

 

Не айтасың қатыным?!

Отырғам жоқ.. жатырмын.

Концерттері ұнамады, домбырасы шіңкілдеп,

Қалғып кеттім ақырында біртіндеп.

Қазақ!.. Қазақ!..

Сырттан бір де әнші жоқ,

Шет елде ғой, нағыз әртіс шіркіі-інн, – деп.

...Отырым..

Иә, иә, жатырым..

Мына біреу жыр айтып тұр, зіркілдеп.

 

Ойлап қойдым Дубай, Париж, Лондонды,

Осындайда еске алып сол күнді.

Бастық тастап кетіп еді отыр деп,

Қатын, солай, байыңызды қор қылды.

 

Дайындап қой,

Сыра, қымыз, шарапты,

Мен мынадай көргенім жоқ азапты.

 

Әй, ойын ғой, қазір үйге барамын,

Дайын болсын, анау қымбат арағың.

А, ха-ха, ха-ха-ха.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Сарай іші салтанатқа толы болды, жайнады,

Күміс екен көмейлері, алтын екен айдары.

Қазақ әні, тұнып тұрған, күй мен жыр,

Түсе қалған, бұл қазақтың қай бағы?..

 

...Түсінбедім!..

Не дегенмен жақсы екен,

Жүруші еді аяқ өзге, бас бөтен...

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы)

Сездім, бірақ, секем алдым, ұлттың салқын «Қаймағы».

Жалын шашып тұрмай ма сол, жан біткенге жайдары?!..

 

Неге салқын?.. Неден шошып, айтты тізіп ақпарды,

Соның бәрін бағып жүрген мысық тілеу жат бар-ды.

 

Ұлт пен билік арасында бір салқындық есіп тұр,

Туған елді тұтас ұлтқа бір киелі бесік қыл.

 

Туған елге тұғыр болар ұл туғанын көрерміз,

Оған дейін от пен суды кеудемізбен бөгерміз.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Әй, Жалаужан, ұлттың қамын көп ойлаған боздағым,

Қандай жақсы алыс болжап, мойныңды созғаның.

 

Күндікші мен жемқоры бар, уәс-уәс шайтан байлаған.

Ерлер де бар антқа берік, өз сертінен таймаған.

 

Ең бастысы – көк туым бар, көк аспанды еңсерген,

Қара да тұр, қара тасты «Қазақ!..» қылам ертең мен!

 

Тіл бірікпей, ел бірікпес, әрбір қазақ- арысым,

Ана тілің – арың ғой ол, ортақ болсын намысың!

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Бір қара дақ билік бетін қаратпайды халқына,

Не жемқорлық, не заңсыздық, адал емес антына.

 

Ұлтсыздық бар ұл мен қызда, өз қанынан жерінген,

Тұра қашып, түлен түртіп, ұлтын мінеп тебінген.

 

Жат ниет бар жаудан қалған, ел аздырған жырынды.

Жастар да бар, елін сүйген, аршыл сана, ғылымды.

 

 

 

Түсінік бар, кітап оқу, қаламгерге міндеттей,

Сондықтан да жастар жағы, тым батысшыл бір беткей.

 

Ордаларға кіріп алған, жемқор, сатқын – сасық көл,

Мың ауыз боп шыңғырады, бір құйрықтан басып көр.

 

(Ниеті шайтанмен туыс, санасын өктемдік пен өзімшілдік жеген, өзгенің желкесіне ас құйып ішуді ғана білетін, бойын империялық індет жайлағандар бар. Жанында, өзіңнен шығып өзегіңе жабысқан жандайшаптар, жемқорлар бар)

 

Күндікші:

(жат ниет)

 

Қалай-қалай сөйлеп отыр қазағың,

Безеп отыр күй-домбыра, саз, әнін.

 

Ұнамады бүгінгі кеш, салтанат,

Өңкей қазақ өріп кетті алқалап

 

Күйлетіп тұр домбырасын, қобызын,

Есірмесін, есіне сал, оқ ізін.

 

Шақыр бері, жемқор менен жеңдісін,

Сүйек бер де, бөліп таста ел күшін.

...Түсінбесін, мүлгісін.

 

Мөрмен қамда – бар наданды мансапшыл,

Тонап жесін, аузы-басын қандап бір.

 

«Алашорда», Жалау деген жан кешті,

Солар бір кез, жағаласып алды есті.

 

Уәс-уәс шайтан, не білгенің бар сенің?

Мынау – қорлық, бұл қорлықтың ал кегін!

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

 

Ей, күндікшім, діріл қақтың, ақыл-есің сандалмақ,

Бұл қазаққа, бір жыл азық, сол сазды кеш, жалған бақ.

 

Буы шығып бұрқырасын «Қазақ!..» болып кеткендей,

Барлық мақсат-мұратына енді мәңгі жеткендей.

 

«Жеңдік!..» десін, өз-өзіне, бір риза қалыппен,

Бір күн тойлап, «Қазақ» болу – ол да ойнау табытпен.

 

Сахна. Сарай. Жабық есік. Жамағатсыз шаттансын.

Жалпы қазақ соны көріп, «Ел» болдық деп мақтансын.

 

Өзін-өзі алдау деген – өлім құшып баптану,

Не болғанын білмей кету, ажал іздеп аттану.

 

Өз ауруын жасырғанның – тірі қалған бірі жоқ,

Көрінгісі келгенменен көп ішінде тірі боп.

 

Қойды сойып алар сәтте, семіз екен демей ме?..

Семіз қойды мақтап-мақтап, сосын сойып жемей ме?..

 

Бұл халықты қан жылаттық, қажеті жоқ ақталып,

Жылы сөз бен мадаққа – шөл, сондықтан да мақталық.

 

Елжіресін, есінесін, тұрып жүріп ұйықтап,

Бос қиялға борбай созсын, бірін-бірі иықтап.

 

Шындық айтса – жақтырмасын жан ләззатын бұздың деп,

Бір жемқорды ұстап берем, жатсын соны: «Құзғын!..» деп.

 

Мың жемқордың сосын тағы жолын ашып тастаймын,

Ел тонауға, жер тонауға жасын сүйреп бастаймын.

 

Бір күндікші жібер маған, қазақ тілін мақтасын,

Қазақ сосын қалғып кетпек, сөзін сөйлеп жатқасын.

 

Бір шетелдік домбыраны сүйіп алсын құлақтан,

Қазақ көріп қауқылдасып, қонақ қылсын ұзақ таң.

 

Заман солай, алдап жүріп, көзін байлап қаңғытам,

Допша теуіп домалатып, аузына саңғытам.

 

Күндікші:

(жат ниет)

 

Ха-ха-ха-ха (күлкі)

 

Уәс-уәс Шайтан!.. Дұрыс екен, бұл ісіңіз жарап тұр,

Есті қазақ бас қоспасын, от таста да қарап тұр.

 

(Дәл сол сәтте бір жемқорды таңдап жүріп торға салды, шырылдатты. Уәс-уәс Шайтан алдын ала амалдап, сорлыға аран қазып қойған екен.

Бұқара жұрт бұрқырап, Қазекеңнің айызы қанып қалды. Ақпараттың бетінде айқай салып, дүниенің дүлейін қазақ атып өлтіргендей шулатты. Осы ойынның барлығына онсызда қанық билік, үнсіз үйелеп, сәл ыңырсып, ыдырай көшкен бұлттай түнеріп, сіркірей себездеп бара жатты)

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

Ұлт пен ұлттық билікті жемқорлықтан сақтасын!.. Бақа шықпас батпақтан бауыр басып жатқасын, құлқын билер сананы, Құдай қарғап атқасын.., сақтасын. Таза болсын тамырың, тыңдап үйрен ар үнін. Ұлт билігін ұры-қары ноқталаса жетектеп, ұлт болмағы екіталай – еркін жатқа бергесін, мұндай қырсық келмесін. Ерге – өлім, елге – сын.

 

Үміт қашса үркініп,

Жау жайламақ іркіліп.

Кімнен пана табады,

Жетім қозы түртініп.

 

Өз ұлтың – көздің қарасы,

Адамның іште – аласы.

Халықтан басқа кімің бар,

Қазақтың қара баласы?..

 

Жемқор:

(жегі)

Ойбай, Қатын!

Ақша қайда?!.. Қап қайда?!

Пәленшекең ұсталыпты, сатпай ма?..

 

Түгеншеміз, шет ел асып қайқайды,

Мен де жеп ем Атырау мен Алтайды.

 

Кім жемей жүр, мен де болдым бір істі,

Мекемемді жауып тастап, тексеруге кірісті.

 

Жемқордың қатыны:

(жебірше)

Бірақ енді ұлт бола ма жемқорда,

Жемқорлар ғой сенің жүрген ортаң да.

 

Бастығыңыз басқа ұлт қой, тие ме?..

Ұлт айырып, ұрда-жық боп күйе ме?..

 

Басқа десе басын алып қашатын,

Біздің билік сақ еді ғой, аса, тым.

 

Жемқор:

(жегі)

О, солай ғой, перизатым, ақылдым,

Шашы қысқа, ақылы көп – қатынның.

 

Жаңа ғана сөйлесіп ем бастықпен,

Неде болса жапты оны қастықпен.

 

Анау ұлт қой, танысы көп ол жақта,

Қалулары мүмкін оны қорғап та.

 

Біреу арыз жазған екен...

 

Жемқордың қатыны:

(жебірше)

Тілші ме?!

Тілші болса, тірсегін қи, сілкіле.

 

Жемқор:

(жегі)

Ойбай, Қатын!..

Денің сау ма, жазбай ма?!

 

Жемқордың қатыны:

(жебірше)

Онда, ақша бер!..

Ақша берсең – азбай ма?..

Балық бастан шірігесін –

Бәрінен де түңілесің.

Жесін, жесін, біз жемейтін неміз бар,

Әкелсең де сыйғызамын, алты атан, сегіз нар.

Бәрі жемек,

Көздерінен көрініп тұр ындыны,

Бәрі жемек,

Бәрі құзғын шетінен,

Біз де солай істейміз – әлемнің сол шындығы.

Бәрі-бәрі жебірлердің қолында,

Мұз бен мұхит, жұмыр жердің құрлығы.

Өтірікке шығарады кім мұны?!..

 

Жемқор:

(жегі)

Жә, жетеді, жүз жыл жейтін ақша бар,

Алтын, күміс, үй менен жер, басқа бар...

...Көрерміз!..

...Ары кетсе ақшаменен көмерміз.

 

Біздің қазақ қызғаншақ қой, күндегіш,

Әлем солай, өмір сүрмек – кім де күш.

 

– Ха-ха-ха-ха

– Хе –хе-хе-хе

 

Жемқордың қатыны:

(жебірше)

Не хабар бар, көшеде?..

Бүгін де сол, шықпап едім кешеде.

 

Жемқор:

(жегі)

Түсініксіз, бір топ қатын жөңкіп жүр.

Феминистпіз!.. Тумаймыз деп мөңкіп жүр.

 

Сен қатын да көп жарытып тумадың,

Бір ұл, бір қыз: сосын тумай туладың.

 

Қоймай жүріп, Сен осы, некемізді айырдың?!..

Бұл – балдарға беріп жүрген қай үлгің?.

.

Ха-ха-ха –ха

Ө-һе, ө-һе,

 

Біреуін де тумаймыз деп жатыр ғой,

Біздің қатын: «Алтын алқа» батыр ғой.

...Керек болса, тоқал алып байқармын,

...Алып жатсам айтармын.

 

Ха-ха-ха –ха

Ө-Һе, ө-һе,

Хе-хе, хе-хе.

Ойын ғой, сол, қатыным,

Көп қой сенің ақылың.

 

Жемқордың қатыны:

(жебірше)

Сөйлейсің ғой өз шамаңнан асып көп,

.. ... Көлеңкеңнен қашып кеп.

Сен қайтесің ұл мен қызды,

Ұрпақты,

Ақша!.. Ақша!.. Ал, басқаға уақыт жоқ.

Тонаңыздар,

Өз елің ғой, тонап қал,

Қайда барсаң еститінің сол ақпар.

Басқа саған тонатпайды:

Туған елін, тұмарын,

Тығындап ал ар-намыстың құлағын.

Тона, Қазақ!.. Өз еліңді!..

Жеті атаңның сүйегімен бірге жұт,

Бір тарқасын құмарың.

 

Жемқор:

(жегі)

Ей, қатын!..

Ақылгөйсіп ұрынба,

Сен ақшасыз күн кештің бе ғұмырда.

Ақша келсе, ала қапқа менен бұрын жетесің,

Сен сондайсың, кеше, бүгін, бұрын да.

Тоқтат, енді,

Тоқтат, қатын, көп шығарма үніңді,

Бір күн ақша жоқ болса көрер едім күніңді.

Тоқтат, Қатын!..

Біз бір жүрген, шабақ жеген шағала,

Ақша деген – дария,

Білесің бе, кімдер отыр сағада.

Білсең сол..,

Шабағыңды бұйырған же де отыр жағада.

...Үндеме!

...Тілдеме!..

 

 

Бүгінгі дауыс:

(Терме)

 

(Сахна. Көрініс. Уыз Ана көшеде келе жатты. Қазақ қызы (Жас Қазақ) «Жас Алаш» жастар ұлттық орталығын іздеп кетті. Жалау (Жалау Мыңбай – Рух) Уыз Анасын демеп, сырттай сүйеп, зер салып жүр. Уыз Ана, бір сәт: мынау бір төгілген термені тыңдап, тыныстаған, жолаушының жүзіне қарап, үнсіз тұрып қалды. Көзінен сәулелі жас сорғалап, қамығып, қабырға тұсы қайысты. Сарайдан тыс бұқаралық өмірдің қақпасын ашып, қайғысы мен қуанышын бөлісе бастады. Қайда жастар, қайда көпшілік, солардың ортасына барып, тілдесіп жүрді.)

 

Баба тілім – бал тілім, ана тілім – алтыным,

Сенің қоңыр үніңнен қорғасындай балқыдым.

Сен – сертімсің, семсерім,

Сен – ұлтымның ұраны,

Зарың болып шарпыдым,

Жалын болып шалқыдым.

Бағыңды сенің кім ашар?!..

Баға жетпес алтыным!

Өз ұрпағың өгейсіп, өзегің өрттен күйді ме,

Өзіңнен туған ұл мен қыз өзгеге басын иді ме.

Уығы күміс шаңырағым,

Уыздан болған арманым,

Заманың атқан заңсыз оқ, маңдайыңа тиді ме?!

Шүлдірлеген шүрегей

Етегін жаттың сүйді ме!?..

Қазақтың тілі – Хан Орда, тіл түзелмей Орда жоқ,

Намыс та жоқ, ар да жоқ,

Одан өткен қор да жоқ.

Бабамның тілі – бал тілім, анамның ділі – алтыным,

Дүбірлі майдан – дүлдүлім,

Сенен озған жорға жоқ.

Шерге айналған – шеменім,

Қиялда бар да, қолда жоқ.

Ұл туар ма ұранды, ұлықтап таққа шығарар,

Ай болып күліп ақырын,

Төбемде Күн боп тұра қал.

Қағажу көрген қазақтың қайранда ұлы, бармысың,

Алақан жайып Аллаға,

Тіліңе теңдік сұрап ал.

Кеудеңде жаның тұрғанда, басыңды қазақ құрап ал.

 

(Ескерту: Сазгер, орындаушы – Оспан Құлсымақ. Бүгінгі таңдағы Ана тілінің тағдырына бағыштаған жан мұңым, өлеңім еді. – Автор.)

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы.)

(Бүгінгі дауыс – бүгіні Ана тілінің мұңы. Тебіренген терменің сазы, телмеңдеген мұнар-мұң, Уыз Ананың жүрегін жеп барады. Жалаудың да рухы жасып, жабырқаған күйі отырып қалды. Көк туды көлеңкелеп, тымырайып үнсіз тұрған кеңселерге көз тігіп, ұзақ тұрды.).

 

 

 

МОНОЛОГ

 

 

Мүде Хандар, Аттилалар, Зұлқарнайын Ескендір[11],

Ер Күлтегін, Тоныкөк пен Білге қаған неткен жыр.

 

Кир патшасы, Тұмар ханша –Томирисім от намыс,

Шыңғыс хан мен Бейбарыс хан, Ақсақ Темір, Тоқтамыс.

 

Хандар өлді, Халық қалды, ұлттық тіл мен дәстүрі,

Ей, Ақ Орда, мансап пен мөр, еске алып жат мұны.

 

Тіл – тірлігің, тіл – бірлігің, анаңыздың анасы,

Төл анаңыз – біреу ғана: ескі мен жоқ жаңасы.

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

Алтындап тіккен ақ орда,

Бедерлеп тіккен белдігім.

Қабырға тігіс хан орда,

Есінен танды ел бүгін.

 

Бүрмелей тігіп етегін,

Іле байлап тамағын.

Жаттың да көріп жетегін,

Қай жаққа кеттің, қарағым?!..

 

Күміс те белдік, сырғалы,

Сіркелі алтын қапсырма.

Ашылардағы бір бағы,

Жан Алла, бізді жатсынба!..

 

Сәукеле киген қырат тұр,

Сәнімен тербеп шыбықты.

Дәуренім неге жылап тұр,

Кім ұтылды, кім ұтты?..

 

Қалы да басқұр, түндік бау,

Түннен де көзін алмай тұр.

Өтірік – өршіп, шындық – дау,

Әзәзіл шайтан қалмай тұр.

 

Уыз да Ана –Ұлт тілі,

Ұл болмақ ерге тірек-ті.

Біледі дұшпан, сырт мұны,

Жүз парша қылып жүректі.

 

Ар кеткен күні арыстан,

Оқ жылан оқша атылмақ.

Жаралған ар мен намыстан –

Жалау тұр, әне, лапылдап.

 

Уыз да Ана, Ер Жалау,

Елді аралап жөнелді.

Тілім мен ділім, жер де дау,

Содан да басқа не көрді?!

 

Жылайын десем көзімнің,

Қарасы кетіп, қан қалған.

Қадірі кетіп сөзімнің,

Санам да өшіп, сандалғам.

...Күн де жалған, Ай жалған,

Мынау жалған, қай жалған?..

 

(Уыз Ана тыным таппады. Тілдері шұбар, үндері дарақы, кейбіреулері шаштарын қызыл, жасыл, сары мен көкке бояп алған жастар, қара жамылған қарғаның баласындай келіндер жүр. Сан еттері сан құбылып жарқылдаған жалаңаштары да жеткілікті, ерсі әрекет, еліктеушілік,

басқаша қалай, не дерсің?.. Көше бойлап, көп қазақ өріп барады. Енді бір топ, орысша сөздеріне, ағылшынша қосып, тұздықтап отыр. Уыз Ана ұрпақтарын аяп, қастарына келіп аналық мейіріммен сөйлей бастады.)

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Мен – Анаңмын! Ана тілмін! Қазақ деген Ел едің,

Хақтың өзі ұлтқа бөлді – Менде барлық дерегің.

 

Адам-сафи Хауа анадан желі тартып келемін,

Перзенттерім, періштем сол, менің жасыл желегім.

 

Бар қазаққа өмір берген – менің алтын құрсағым,

Перзенттерім неге үнсіз, қайдан келген мұнша мұң?!..

 

Таңдайыңа уыз қаттым, аппақ сүтпін, құлыным,

Неге шұбар сенің сөзің, тексіз тамыр, тұл-үнің?..

 

Бейсауыт:

(Қорғансыз. Жалтақ. Бодан болмыс.)

– Бұл анамыз ауырып тұр, «Анаңмын!..» деп жылап тұр,

«Уыз-сүтпін» дейді тағы, бізден нені сұрап тұр?..

 

Түсінбедім, аяп тұрмын, қайда екен тұрағы?!

Өзі қызық, «Қазақ!..» екен – бар білері, ұраны.

 

Безгек:

(Мәңгүрт, ұлттан безгендер)

– Қойшы, қалдыр!.. Қайтесің сол, көшедегі кемпірді,

– Аяп тұрмын...

– Бала болып, қал, ондашы, ал, өзің біл, еркің-ді.

(Ха-ха, ха – ха, ха-ха, ха-ха)

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Анаңмын – Мен!.. Ана тілмін!.. Кімнен кемдік көріп ең?

Балпаң-балпаң бай ұлындай, бауырымнан өріп ең.

 

Әулие-Пір, ғұламалар, ақ төсімнен емген-ді,

Ана-уыз, ақ сүтіме адал ғой деп сенгем-ді.

 

Қайда?!.. Қайда?!.. Неге өгей?!.. Қайда бара жатсыңдар?!

Жадың қайда?!.. Қандай у мен қандай зәрден таттыңдар.

 

Келші, ботам, мен ғой анаң, бір сүйейін бетіңнен,

Мүмкін емес, сен сатпайсың, ет кессе де етіңнен.

 

Жадың қайда, жан перзентім?!.. Неге тастап барасың?!

Күлкі қылып, түрпі қылық, суық екен қарасың.

 

Қайда тұрмын?!.. Қазақ қайда?!.. Менің туған бөбегім,

Асау –аршыл, алынбаған қамал едім, өр едім.

 

Бейсауыт:

(Қорғансыз. Жалтақ.

Бодан болмыс.)

 

Кімсіңіз Сіз?!.. Апарайын, тастап кеткім келмей тұр,

Қайдағы у ?.. Қайдағы зәр?.. Не әңгіме, неткен сыр?!..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Неге айналдың қоңыр қозым, көкірегің көзді ме?!

Сен – Қазақсың!.. Мен – тіліңмін!.. Дес бермеген сөздіге.

 

Мәңгі жаспын, мәңгі қартпын және аппақ арумын,

Арлы Алаш, ұрпақ болса, жүрегіне дәрумін.

 

Жер бетінде менен өткен, жұлдыз да жоқ, Ай да жоқ,

Алтын сандық, күміс көмей, менен өткен бай да жоқ.

 

Мен – жұпармын, жұмақтанмын, күннің сәуле нұрымын,

Ұлт санасы тазармаса, онда өлдім, құрыдым.

 

«Алашорда» – асылдарым, құрбан болған мекенде,

Қыз құмарлап, тіл шұбарлап, жүрсіңдер ме бекерге.

 

Безгек:

(Мәңгүрт, ұлттан безгендер)

Өй, тасташы, сандырақтап алжып отыр, санасыз,

Осы кемпір өліп қалса, қас бәлеге қаласыз.

 

Жүр, кетелік, анаң үйде, мынау жүрген қаңғыбас,

Өледі бұл, көздерінен шығып отыр қанды жас.

 

«Ұлтым!..» дей ме, ауылдықтар солай сөйлеп шығатын,

Келген шығар бұл кемпір де, шығармақ боп бір атын.

(Ха-ха, ха – ха, ха-ха, ха-ха)

 

«Тілім!..», «Елім!..», «Қазақ!..» дейтін, әдеті бар шетінен,

Түсінбейді, түк көнбейді, санасына бекіген.

 

Қал, ендеше, біз кетеміз, «Анаң екен» ардақты,

Бердік саған: «Қазақ!..», « Елім!..», «Ұлтым!..» деген зар жақты.

(Ха-ха, ха – ха, ха-ха, ха-ха)

 

«Ұлт!..», «Қазақ!..» деп неге керек, адам болсаң, жетпей ме?!

Осындайды тыңдамаймын, ауыл жаққа кетпей ме?..

 

Біздер деген білімдіміз, біздер ғана дұрыс айтып шешеміз,

Ал қазақшаң кімге керек?!.. Кімдер едік кеше біз?!..

 

Мынау кемпір тудым дейді, еміздім деп елжіреп,

Есі ауысқан бейшара, бізді ойлап тұр, сенді деп.

Ха-ха-ха.

 

Танымаймын!.. Түсінбеймін! Уақытым жоқ, алып кет,

Жындыхана, ауру-сырқау, не сондайға салып кет.

 

Қазақша!.. Тіл!..

 

Шаршап кеттік, қатып болды сілеміз.

Ең бастысы – мына біз: ағылшынша білеміз!

 

Алып кетші, Бейсауыт, бердік саған кемпірді,

Ха-ха-ха бұл күлкіден өлтірді.

 

Кеттік, жастар, би кешіне, алаңға,

Құшақтасып, құлпырайық, не қызық бар заманда.

 

...Бір берілмек бұл өмірің, адамға!

Ха-ха-ха. «Ұлт!..», «Қазақ!..», «Халық!..» деп жүретұғын

уақыт жоқ,

Олар бақытсыздар, бақытсыздан қашып кет. Ха-ха-ха.

 

...Қаштық!.. Қаштық!.. Жүріңдер!..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана – Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Ай, құлыным-ай, зая болған, менің мөлдір қайнарым,

Үзілдің бе, жұлыным-ай, Қазақ елі, қайдасың?!..

Қайдамын?..

 

Мынау жастар – бар үмітім, барлық жеміс шырыны,

Өз ұлтының таңдайына сарып, міне, тұр ұлы.

 

Өз қолым мен бауыздатты, өз тамағым қызыл қанға бөксін деп,

Жүрек таппай елді сүйер, тірек таппай өтсін деп.

 

Тек, бүгінін ойлап тұр ғой, қайран жастық адасқан,

Ырду-дырду, ойын-күлкі, ойнақтаумен таң асқан.

 

Өз анасын, өз тілі мен өз қазағын таптаған,

Жастар кетіп барады, әне, алшаң-алшаң аттаған.

 

Құмырсқа да – құмырсқа боп, өз болмысын сақтап жүр,

Арлы күрес, адал ниет өз сенімін ақтап жүр.

 

Көкек екеш көкек те сол: өз есімін жаттап жүр.

Қарға екеш қарға да: «Қарғамын!..» деп аттап жүр.

 

Әкесіз ұл туылмас, ұлтсыз адам болмайды,

Ағаш болмас тамырсыз, бәрі аян ол жайлы.

 

Бір орманда мың ағаш, бәрінің де аты бар,

Бір денеңде мың мүше, атауы мен сатылар.

(...Әр мүшеңнің махшарда өз айтатын даты бар)

 

Өз ұлтынан қашқандар, – өзгені де сатады,

Өз анасын өлтірген, – өзгені де атады.

 

Ұл-қыздарың ұлтсыз болса, сол – ұлтыңның ажалы,

Кірер күннің кебіні мен шығар жанның тажалы.

 

Ұлттан безу – тектен безу, тексіз адам, – адам ба?!..

Ұлтсыз болсаң, өзге үшін сенің басың табанда.

 

Құлындарым, кеттіңдер ме?.. Уыз сүтім, зая ма?!

Іштен шыққан жылан болсын, қияды оны, қай ана?!

 

Өз салтыңды, өз ұлтыңды, өз тіліңді аяла.

Өзге саған көлеңкесін бермейді, өз халқыңды саяла.

Қайт!.. Қайт!.. Қайт, балам?!

«Қайттым!..» деші, уәде берші, айт маған.

Қайт!.. Қайт!.. Қайт, балам?!

Ақ сүтіммен жуайын аппақ болған бетіңді,

Уызыммен сылайын уылжыған етіңді.

Қайт!.. Қайт, балам! Қайт балам!..

 

(Осылай ұлттан безген ұл-қыздарын көріп, Уыз Ана зар еңіреп жылап, арттарынан жүгіріп, жанына шақырады. Ұлтсыз тобыр Уыз Ананы мазақ қылып, қарқылдап күліп, ұзап барады.)

 

 

Сыртқы дауыс.

(ділашар)

Қаз қонбады қаралы,

Жаз келмеді жаралы,

Күз келмей-ақ сарғайды,

Қыс келмей-ақ жаурады,

Адасқан өңкей балапан, төрт тарапқа тарады.

 

Ананың көзі бұлаулы,

Айықпас дерттен құлаулы,

Алдыңғы көш атылды,

Кейінгі көш кенжелеп,

Жетім жүрек отықпай, желге де қарап жылаулы.

 

Қан түкірді, қақырды,

Жылаумен таңын атырды.

Жылаумен күнін батырды.

Ұлтсыз да болса ұл -қызың,

Жарып та шыққан жатырды.

Адасып қайда бармақ деп,

Аналық жүрек зарлап кеп,

Уыз да Ана – Ұлт тілі: ұл-қызын жылап шақырды.

 

Күндікші:

(жат ниет)

Міне.. міне... Безгегің бар, ұлтсызың,

Тамашаға батты, сірә, жұрт бүгін.

 

Өз анасын жылатты, осы – бізге керегі,

Сол жастар ғой сеніп жүрген, қарағай мен терегі.

 

Өз халқынан қашып тұр, өз ұлтына түкіріп,

Анасы отыр аңырап, заманынан ұтылып.

 

Жоғарыда жемқор жүр, етекте жүр кеміргіш,

Өз ұрпағы жау болса, кімнен алмақ елің күш?!..

 

Бөлін, қазақ, жік-жікке, біз бөрі боп талармыз,

Көзсіз болсаң көрге сап, төріңді де алармыз.

 

Жылат!.. Жылат!.. жылата бер анаңды,

Біз білеміз соған қарап, шарғаң менен шамаңды.

 

Уәс-уәс Шайтан, алып тынар ерікті,

Өштестіріп ана менен баласын, бір сазайын беріпті.

...Ұлтсыздық!.. Ұл-қызының жүрегіне еніпті.

ха-ха-ха. хе-хе-хе.

Сорлы Қазақ!..

Сор Қазақ!..

Біз бетіңнен алдап сүйіп қоямыз,

Әуелі бір есіңді алып қорлап ап.

...Баяғы сол жүрісің, басқан жерің ор қазақ.

...Сен жүресің, сергелдеңнен селдіреп,

Жыртығыңа жамау тапсаң – «олжа»-лап.

 

ха-ха-ха. хе-хе-хе.

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

Е, Күндікшім, тілің шығып қалыпты,

Отырсың ғой қазаққа ойдан жасап табытты.

...Кім кигізген қамытты?..

 

Менсіз қайда бармақсың, қазақ жасын қылғытты,

Байқайсың ба, бұл халық, ашып жатыр шындықты.

 

Өз шындығын тапқан халық, енді қайта өлмейді,

Өз жарасын іріңінен тазартып, сосын самғап, өрлейді.

 

Ей, күндікшім,

Күндікшім,

Не білгенің бар сенің,

Бұл қазақтың жаны сірі, қайыстай,

Бес қаруы белінде, өлмек емес сайыспай.

Табанынан таспа алып, жон терісін тілсем де,

Кеуделерін тік ұстап, келе жатыр майыспай.

 

Жоғары топ қалғыды, төмендегілер кекірді,

От пен судың ортасында мына қазақ жетілді.

 

Мен қорқамын, шындық іздеп талпынғаны жаман-ақ,

Ешкім аман қалған емес, көкбөріні жаралап.

 

Азу тісі қайта шығып, көрмеген жан не білмек?..

Еркек түгіл, қыздары да ұрандап жүр «Елім!..» деп.

 

Бұл халықтың тамырында бір жұмбақ бар, таппадым,

Қазақ халқы жанартау боп атылмақшы, сақтаның.

 

Естіп жүрмін жүрегін, мен есептен жаңылдым,

Ояу қазақ көбеймек, айла таппай аңырдым.

...Көгенделіп, таңылдым,

Жетпіс жеті атамнан көмек сұрап шағындым.

Бұл қазақта қорқыныш жоқ, бар үміті алдында!

...Бір құпия бар мұнда.

 

Күндікші:

(жат ниет)

Е, уәс-уәс шайтан, теріс екен жауабың,

Сөзіңіз де, өзіңіз де, өзгеріпті ауаның.

Неден діңкең құрыды, неден жүзің қаймықты?!..

Табындырған қазаққа мына сені қай мықты?!

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

Ей, күндікшім, күндікшім,

Салмағынан шыңғырамын бір жүктің.

Бұл қазақтың жүрегінде өлмейтін бір намыс бар,

Және тағы үміт пенен сенім бар, кеңістік бар, ғарыш бар.

Намыс пенен кеңістікті, ғарышты,

Мүмкін емес өлтіру,

Оның жайы мына бізге таныс-ты.

Қарасайшы, Уыз ана – ұлт тілі,

Мойнында – қос жылан,

Қан жаулығын тартып ап,

Жұлысқанмен жұлысты, айқасқанмен алысты.

...Өлтірмеді намысты.

...Мұндай халық өлмейді,

Демек, қазақ,

енді еркін ешкімге де бермейді.

 

...Әлсіредім, құрыдым,

Індетпенен аздырып, салып көрем құрығын.

Тегеуріні мықты екен, текті менен ұлының.

Әлсіредім, құрыдым!..

Жатырына у салып, аздырмасам болмайды, бұл

қазақтың ұрығын.

Әлсіредім, құрыдым!..

(Күндікші мен уәс-уәс шайтан осылай қазақтың сыртынан тон пішіп жатты. Уыз Ана ұлтынан безген жастардың ізінен жүгіріп, етегін басып шаршап, қолын көкке жайып ұл-қыздарына ұлттық ар мен ояу сана тілеп жатты. Қасында, топтан бөлінген торғайдай бүрісіп Бей сауыт қана тұрды.)

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Атың кім, Балам?..

– Бейсауыт!

– Анауың кім?

– Бека, Безгек.

– Е, қойған екен шын тауып.

 

Безгек кетті, қалай, сенше, Бека ма?..

– Асығыспын, үйіңізге жет, Ана!

– Өз ұлтыңнан көз жазба, қалма тағы бір елі.

– Сіз ауырып тұрсыз, Ана, жүр енді.

 

– Балам, мен өлмеймін, ыстық, әлде, боран ба?!

– Мен өлемін, тек, сендер:

Құрсағымнан шығып ап, жүрегімнен тепсеңдер.

Жан анаңды танымай, жатқа еріп кетсеңдер.

Сендерсіңдер – шүкірім мен тобам да.

Жүр, бірге жүр, біз екеуміз барайық,

«Жас Алашқа» оданда.

– Кеттік, Ана, апарайын, тапсырайын соларға.

Қазақ болса жетіп жатыр оларға.

 

[Осы сәтте Қазақ қызы (Жас қазақ) қуанышы қойнына сыймай, «Жас Алаш» атты қазақ жастарынан құралған ұлт болашағының өкілдерімен бірге келді. Уыз Анасын (Ұлт тілін) бауырына қысып, ыстық ықылас, перзенттік пейілмен, жастар кезек-кезек сүйіп жатты.

Бүлдіршіндер де жүр. «Жас Алаш» ұлттық орталығына барды, жұмыстарымен танысты. Бейсауыт та кейін ойсыз ортаның рухани бодандығынан құтылып, ұлт жолындағы ұлы күштің белсенді мүшесіне айналды.]

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Анашым, міне, келдік, «Жас Алаш» бар жанымда!..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Шүкір, Алла!

Қош көріппіз, құлындар,

Омыртқамның бойында үзілмеген жұлындар.

 

Сенбей тұрмын көзіме...

Сенбей тұрмын өзіме...

Жүздеген жас ақ жалын, әлде, аппақ сағым ба?..

Әлде жұмақ құсы ма – ұшып жүрген бағымда.

 

«Жас Алаш»:

(Болашақ)

Бас иемін ұлт атынан, Анашым!

Біз ұлымыз, Сіз бар жерде дара шың!

...Анашым!..

 

Мынау – жүрек, мынау – жыр,

Мынау – құшақ, – мынау гүл.

 

Ал, жүріңіз,

Жүріңіз,

Орталыққа баралық,

Шырақ жағып өткенге, жүрер жолға шам алып.

Кімнен кембіз түңіліп,

Ел боламыз бірігіп!..

Құшақтасын құшып бір,

Бүлдіршіндер күтіп тұр.

Ай боп әсем сәулелі,

Күн боп сұлу таранып.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Бүлдіршінім, періштем,

Олар барда – өріс кең.

 

...А, Құдайым, ақсарбас,

Жолымызға садақа,

Күтіп қалып жүрмесін,

Жау сөкпесін іргесін,

Болашаққа баралық,

Баста, балам, бар алып!

 

«Жас Алаш»:

(Болашақ)

Төрлет, Ана! Мынау – біздің төріміз.

Төрлет, Ана, Уыз –Анам, көріңіз.

 

Ахмет пен Әлихан[12] тұр, әнеки,

Міржақып пен Жүсіпбек тұр, мінеки.

Мына тұрған Түркі тұран, Мағжаным,

Бірі – ай да,

Бірі – жұлдыз,

Бірі – көк,

Бұл қазақта бұдан басқа аз ба Күн?!..

«Жас Алаштың» жаны да сол, жүрегі,

Есімдерін тастамаймыз бір елі.

Осы біздік –ұлы бағыт, ұстаным,

Әр Қазақтың арқа сүйер тірегі.

(Жас алаштың алаулап тұр реңі)

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Жалау қайда?!.. Мыңбайұлы Ер Жалау!

Көрінбейді бейнесі.. ?

Неге қатар тұрмайды, неге ұрпақ білмейді?!..

 

«Жас Алаш»:

(Болашақ)

Ұмытпаймыз, ұлықтаймыз Жалауды,

Қаратаудай қабырғам ғой, қалаулы.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Құтты болсын!.. Қыдыр келсін, бақ дарып,

Жан сырыңды жатсың, балам, ақтарып.

Қадам бассын, адал бассын аяғын,

Туған елді турап алмай, сақтанып.

 

 «Алашорда» – ақ сүт емген арыстар,

Көктен түскен көкбөрі бар, барыс бар.

Есте сақта, енді мәңгі Жас Алаш?!

Сол бір көкте: Жалау[13] атты намыс бар!..

 

Адалдық пен өлшенеді құт құны,

Тілегіңмен, жүрегіңмен ұқ мұны.

Ер Жалаусыз «Алашорда» аталса,

Ел сөзінің болмақ емес түк құны.

 

Ердің құнын білмеген ел сорлайды,

Содан барып, сор мен сойқан торлайды.

Әділеттің ақ жолына шықсаңдар,

Әділетсіз сөз сөйлеуге болмайды.

 

Ер сөйлесін ел ұққандай нақпа-нақ,

Жау іргеде, жатыр сосын жат қарап.

Жалау деген – қанаты мен су сепкен,

Бір ақ бауыр қарлығаш қой, ақ тамақ.

 

«Жас Алаш»:

(Болашақ)

Дұрыс, Анам!

Бағаламау, не білмеу –

болашақтың басты соры,

бар қырсықтың бастауы.

...Ұлттың нағыз қас жауы.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Кемшілігін дер кезінде мойындау –

Кемел ұлттың кеңдігі.

...Пенделіктен озып туған Ерлігі!

 

Қазақ қызы:

(Жас Қазақ)

Жас Алаштың жаңалығы осында:

Білмегенін біліп алу,

Жоғын іздеп тауып алу,

Жолға шығу, сапарға.

Өз халқы мен бірге болу, ғұмыр кешу қатарда.

Сатқындықтан сақтану,

Атақ-даңқтан аттап өту,

Ұлт боп қалу – ұлы көштен жаңылмау,

Мансап, билік, мал-мүлікке табынбау,

Халықты ойлау – таңмен бірге атарда,

Хақты ойлау – елмен бірге жатарда.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Ниет жақсы, талап таудай, амал бар,

Алда қандай, кім біледі, заман бар.

Ғылым, білім, саясатты сарқып іш,

Ел сүрінер – көш бастаса надандар.

 

Шыңға жалғыз қыран шықса жарасар,

Жылан шықса – етекте жұрт адасар.

Бөрік киіп бөрі болып жүргенмен,

Атасы ит – сүйек көрсе таласар.

 

Саған сеніп, қалың сардар тұр артта,

Біліп айтса – мойныңды бұр артқа.

Ел басқарсаң қара нардай жүк артып,

Ауыл-елді жеткізіп кет мұратқа.

 

Арман басқа, алып жүрер жол басқа,

Арзан атақ, қымбат ерге жолдас па?!

Ер болмағың ар-намыс пен жүректен,

Ел ғып кету оңай емес, ол басқа.

 

«Жас Алаш»:

(Болашақ)

Уыз Ана, Бүлдіршіндер аппақ нұр,

Сіз деп соққан жан лүпілін сақтап тұр.

Айтып бермек тақпақ бір.

 

Бүлдіршіндер:

(Періштелер)

Қазақ үшін білім алып,

Тек, уақыттан ұтпақпыз.

Күн кешпейміз тірі налып,

Ешкімді де ықтап біз.

 

Ешбір ұлтты жек көрмейміз,

Барлық халық бақ тапсын!

Біз – Қазақпыз, өрлейміз,

Біздің арман асқақ тым.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Дұрыс айттың, Бүлдіршінім, Бөбегім!

Болашағым, сенсің мәңгі сенерім!

 

Ұл жаманы болса да, ұлт жаманы болмайды...

Талай дана, абыздар айтқан, балам, ол жайлы.

Демек, ұлтқа ұл керек, жақсылығын асырар.

Ұрпақ керек жүрегі бар, басы бар.

 

Бүлдіршіндер, осы – біздің Болашақ!

Не болады, осыларды тонасақ?..

 

«Жас Алаш»:

(Болашақ)

Парыз ғой ол адамзатты тең көріп,

Өз ұлтыңа еңбек ету, сүйгеннен.

Өріс таппай, өз ұлтыңды кем көріп,

Не табасың, өртенгенмен, күйгеннен?..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Жаным менің, жапырағым, жарайсың.

Жан бойыма жарық нұр боп тарайсың.

Сөйле, балам, бөліп кеттім сөзіңді..,

Жас та болса білген адам сөйлесін.

...«Тыңдаймыз», – деп тұра қашпай, – өй, несін»,

Жас жалындап біріксе, ел қуанып «Той!..» десін.

 

Бозда, бозда, ботақаным,

Бордай қылып жүрегімді езгенмін,

Жас Алашым, жалыныңнан бір жылылық сезгенмін.

Дәл сендердей,

Көп іздедім бір қазақы қайнарды,

Аңқам кеуіп алты алашты кезгенмін.

...Қошақаным, қоңырым.

...Осы – сенің дәуірің,

Осы сенің орының.

Ерттеп мініп алыңдар уақыт деген тұлпарды,

Бос атырмай бір таңды, өмір қысқа, жол ұзын!

...Тәуекелдің қолы ұзын.

Осы – болсын айтқан тілек, жайған қол,

Ер қазақты жеткізіңдер арманға, тапсаңыз да қайдан жол!

Аққа қорған – бір Алла!

Қорғап, қолдап тұрар да.

Мен аттандым Түркістанға,[14] Тұранға!

Мұстафа мен Мағжанның дауысы бар,

Тұранымды қосам енді ұранға!

Кемеріне келіпті, толықсып-ақ тұр арна.

«Жас Алашым!..», қош, аман бол, тынысым,

Қыр астында күтіп тұр, ұлы майдан, ұлы сын.

...Жауаптысың, бұл үшін!..

Өрісіңді өрт алмасын,

Жайлауыңды жау алмасын.

Ердің бойын дерт алмасын,

Елдің ойын дау алмасын.

Тәуелсіздік заңмен гүлдеп,

Анық сөйлеп, адал бассын.

Жақсы келсін, жаман қашсын.

Қазағымның іргетасы,

Жалғандықтан жаралмасын.

Ұмытпасын ұл менен қыз,

Өз халқы мен бір Алласын!..

Жау ішіңе кіре алмасын,

Дос қасыңнан кете алмасын.

Құл тілегі – құлқында,

Ұл тілегі – ұлтында.

Беліңді бірлік бекемдеп, еліңді ғылым қорғасын!..

Патшадай болған ұлыңа,

Падишадай қызыңа,

Қыдыр дарып, құт қонып, парасат-пайым орнасын.

Иман, әдеп, әділдік, шындық болсын жолдасың.

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

Қарашаның дауылы қабырғаңды сөкті ме?

Омыртқа бойы он жара – оны да бойлап өтті ме?

Құландай қунап танабын,

Бұландай сулап жанарын,

Көңілдің кірі кетсін деп, көз жасын анам төкті ме?

 

Уыз да Анам –Ұлт тілі, қан жаулығы шаршыдан,

Ұл-қызың кімнің ізінде, ұлтың да қанша бар шыдам?

Оздырды дұшпан айласын,

Ынтымақ, ырыс қайдасың,

Анашым қайда –қан жаулық, алашым қайда – аршылан?..

 

 

 

 

Отпан таудың[15] басында ұран от жағып ұлық тұр,

Оның да жүрер жолында, он сан да батпан құлып тұр.

Аптабың неткен тымырсық,

Аруана көңіл ыңырсып,

Түндігін түріп жез таулар, түбінен жердің ұлып тұр.

 

Мұңайған елді мұң басты, шалдыққан елді шаң қапты,

Әркім де күйттеп бір басты, жағалай жатып жан

бақты.

Тамырын ұлттың танып ал,

Намыс пен арын жанып ал,

Елсіне қоймас ешкім де, қаңғып та жүрген қаңбақты.

 

(Уыз ана осылай айлар бойы аралап, қорлық та көрді, зорлық та көрді. Қуанышты сәттер де аз болмады. Шүкір етіп, ой ойлап, пікір етіп ұзақ жүрді. Ашудың қайрағына, ардың қылышын жаныған кездері де болды. Не болмады?!.. Осыншалық қоғамдағы шындықтың бір жауабын табу үшін, Жалау Мыңбайға жақын келіп, рухымен тілдесті, сұрақ қойды. Жалау жанын шүберекке түйіп, бар сырын баян етті)

 

 

ЕКІ ШЫНДЫҚ, БІР ХАЛЫҚ

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Міне, солай, көше кездім, қарттар үйі, жетімдер,

Ұят екен ұлт тірлігі, өз жаныңның етін жер.

 

Кей мешітте: дін тазасы, дәстүр-салтым шеттеген,

Кеңсе бардым: «қазақ болсаң қайтейін сол, кет!..» деген.

 

Ғылым елсіз, білім белсіз, өнімі жоқ, өрнегі,

Шын ғалымдар кетті сиреп, ғазиз басын көр жеді.

 

Әркім өзі, базар сынды, саудагерге бап қылған,

Ер уәдесіз, ел дәмесіз, бірін-бірі лақтырған.

 

Арбау ақша, бір көзденіп, әлеміңді құрсаған,

Індет жайлап, ілмек байлап қолдарында тұр санам.

 

Қайда барып, тағдырымды, қай балама тапсырам,

Қоламтадан қоғам көрдім, сусыз қайнап қақсыған.

 

Түсім бе, бұл?!.. Өңім бе, бұл?!.. Өң мен түстің арасы,

Жалау балам!.. Жазылмай ма мендік жанның жарасы?!..

...Шындық қайда, қарашы?!..

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы.)

Жә, жарайды, Анашым,

Сен мұңай ма, жасыма..

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Жасымаймын, Жалаужан!

Тыңда мені,

Отыр балам, қасыма?..

 

Біріншісін айттым саған шындықтың: мұз жаладым, қар жедім.

Екіншісін айтайын: сүйіншіңді дайында, бір Құдайым бар менің.

 

Тағы көрдім: Жас Алашшыл, ұлтты сүйген орданы,

Қуанғаннан шүкір еттім, көзімді жас торлады.

 

Олар барда, мынау қазақ, ертең ел боп жайқалар,

Тау мен тасқа, ел мен жерге бұл хабарды айта бар.

 

Білім қандай, адал сөйлеп, дүниені болжап тұр,

Бірін-бірі, қазақ үшін, қандасым деп қолдап тұр.

 

Тұнып тұрған мөлдір бұлақ, ұлттың асыл қайнары,

Құламайды бұл қазақтың жастар барда байрағы.

 

Жасыл желек, түп тамыры, ұлттық намыс, тектілік,

Жау жолына жатып алған өңкей батыр шеп құрып.

 

Бере салмақ туған елге, көздерінің қарасын,

Ақ пен қара ажыратып, көріп отыр арасын.

 

Түсім бе бұл?!.. Өңім бе бұл?!.. Өң мен түстің арасы,

Жалау балам!.. Жазылғандай бар жанымның жарасы?!..

...Екі шындық, бір халық, қарашы?!..

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы)

 

Бір құласа, тіктелмейді қайта құз,

Шың басына шығар тұста байқаңыз.

Сәл оянып, сосын қалғып кетеміз,

Қайта тұрып қайырмасын айтамыз.

 

Ұлтым өзім – ұлы дала, арымын,

Өткен күннің өксігімін, зарымын.

Ел – болашақ, Ел – бүгінім, Тарихым,

Мәңгі сәуле, менің көрген жарығым!

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Менің жаным алтын сарай, ақ орда,

Сүттен аппақ бір патшалық талассыз,

Тіл дегенің қазақ қой ол, шынында,

Қазақ Елі жоқ, әрине, Қазақсыз.

 

Керегесін кие бойлап, құрап құт,

Періштелер жайлап жатыр жұмақ қып.

Қарағайдай қарсы дауыл соққанда,

Қаншама ұлт жоқ боп кетті, құлап тік.

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы)

Көз талады көп наладан қарығып,

Шықпаған жан шырылдайды зарығып.

Жатып алсақ туған елден, түңіліп,

Басып жейді, шашып жейді тары ғып.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Жарық жұлдыз, жаңардың да, ескірдің,

Дауысыңды жер астынан естір кім?!..

Қайран Алаш, «Алашорда» ақ күнім,

Елім, оның сен қадірін кеш білдің.

 

Өркениет – алтын арқау, мен едім,

Енді оған өзім әрең сенемін.

Айтшы, Жалау?!.. Тағы нең бар, айтатын,

Ешбір жауға есе бермес Ер едің?!

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы.)

Мендік тарих – отта қалған табадай,

Күлге көмді обалыма қарамай.

Сол дұшпан ғой, сырттан, іштен кіріп ап,

Талап жатқан туған елді арадай.

 

Қазақ Елі!.. Қай тойыңды тойлайын?!

Қазақ Елі, қай жоғыңды ойлайын?

 

Сен бір шыңырау – шындығыңды жасырған,

Ақиқатты іздеуімді қоймайын.

 

Шындығымның шырынысың, мерейім,

Өзегімсің, өз діліме сенейін.

Жалғыз сен деп соғып тұрған жүрекпін,

Сенбейсің бе?!.. Жүрегімді берейін.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Ай, Жалаужан! От ішінде омыртқам,

Елім барда – енді мен де қорықпан.

 

Жан бойыма, жалын жағып, от бердің,

Бұл сөзіңе қарсы шығып, жоқ дер кім?!

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы.)

Тәуелсіздік, балдан тәтті үмітім,

Онсыз өмір сүрем, жаным, кім үшін.

Алтын белес, шексіз шеру, мұратым,

Ол бар жерде – мәңгі өлмес тірісің.

 

Уыз Ана:

(Уыз Ана – Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Ұқтым, Жалау!

Ұлы бағыт – тек күресу, жеңілмеу!

Жатсаң-тұрсаң «Елім!..» деу.

 

Еңбек ету, білім алу саналы,

Жаттан бұрын жасай білу жаңаны.

 

Ұлт дәстүрін ұлықтау,

Ұлтсыздықты құлыптау.

 

Өз жаныңды таза  ұстау, тыныстау,

Мөлдір қоғам,дертсіз сана –тұнық, сау.

 

Жалау:

(Рухтың жаңғыруы.)

Уыз Ана, қараңыз, бір мысал айтайын: орман өзін сақтай алмаса, сиреп келіп жеке-жеке ағаш болып қалады.

Көрінген жолаушы, тірі жанның бәрі сүйкенеді. Біреу қазық қылады, біреу шауып тынады. Ақыры алып ағашты қуратып, отын қылып алады. Отын ошаққа түскесін от болады. Оны «Жалын!..» деп мақтайды. Жалыны кетіп, жарығы сөніп, шоқ болады. Оны «маздаған шоқ!..»

деп мақтайды. Шоқтың соңы күл болады. Оны ауладан тыс шығарып тастайды. Күлді жел айдап, жер түбіне алып кетеді. Оған: сол күлдің орман кезінде жемісін жеген, желден ықтаған, ағаш кезінде ат байлап, саясында тыныстаған, от кезінде қазанын қайнатып, ауызына ас салған, шоқ кезінде жылынған ауыл адамдары елден бұрын қуанады. Қоқыс тазарып, күл ұшып кетті деп, желдің жеңісін мадақтап отырады. Міне, біз, адамдар сондаймыз. Ортақ мүдденің күлін көкке ұшырып, оңаша жетістігімізді мақтан қыламыз.

Сондықтан жеке-жеке тұлға болып, ағашқа айналып,түбі күл болмай орман қалпымызды сақтап, ұлт болуды көксеуіміз керек. Орман ішінде – қарағай мен қайыңға, ұлт ішінде – ұлы тұлғаларға қашанда орын бар. Сол үшін, ұлы бабаларымыз: Қара орман – Қазағым!.. деп кеткен. Ұлт – кеме, Ұл – жолаушы. Кеме кесір-кесапаттан аман болса, жолаушы аман болады. Халқымыз: «Кемедегінің жаны бір деген» емес пе?!..

Ұлт көркейсе – ұл бақытсыз болмайды.

 

Осы болсын, жасалған серт, батамыз!..

Бата берсін бір батагөй атамыз.

 

Батагөй:

(Бата)

Құдай өзі қорғасын,

Қазаққа бақ орнасын.

 

Бата бердік, қол жайып,

Бата бұзған оңбасын!

 

Әмин!..

 

 

АЛАС – АЛАС

(Сахна. Көрініс. Аластау.)

 

 

Уәс-уәс Шайтан, Күндікші, жемқорыңды ала кет,

Жер түбіне барсаң да, жең ішіне сала кет.

 

Алас!.. Алас!.. Алас!..

 

 

Омар, Оспан[16] жіберді, адыраспан[17], қайдасың?!

Елді ермек қылғанды, елден қуып айдасын.

 

Алас!.. Алас!.. Алас!..

 

Бір дұшпанның табаны, енді қайтып баспасын,

Сатқын менен сайқалдар, ел мен жерді тастасын.

 

Алас!.. Алас!.. Алас!..

 

Өз дәстүрін, өз салтын, өз ұлты мен өз халқын,

Сүймейтінге жол ашық, көрсетпесін алды-артын.

 

Алас».. Алас!.. Алас!..

 

Күндікші:

(жат ниет)

Уәс-уәс Шайтан,

Саған сендім...

Ақтамадың сенімді.

Білем сенің тегіңді.

Қарғыс атқан қаңсық едің әу баста,

Саған еріп сатып алдым бар бәлені сау басқа.

 

Бұл қазақтың өшпес мәңгі шырағы,

Өңкей жалын өрттей лаулап тұр әні.

 

Мен Түңілдім!

Бой бермейді – болашаққа сенген Ел!

Бұл қазаққа енді күш жоқ тең келер.

 

Мен кетемін!..

Келген жерге әу баста.

Сақина сап, қайтем енді сау басқа.

 

Мен жеңілдім!

Бітті менің сан ғасырлық ойраным,

Жоғалайын, уақытым жоқ, қой, жаным.

 

Уәс-уәс Шайтан:

(Азғырушы. Ірітуші)

Қыдыр келіп бата берді:

Бата түбі – бақ деген.

Жауынгер жұрт, ақ берен.

Өлі менен тірісі: ар алдында қосылды,

Сенімінен тұла бойым шошынды.

Анау, әлгі, Қашаған шал айтқандай:

Бір түкіріп сөндірмекші отымды.

 

Сенімі бар!

Серті бар!

 

Алласы бар, Әулиесі, салты бар.

Бұл қазақтың болашағы жарқын, ал.

 

 «Ел болам!..» деп:

Ерте тұрып, кеш жатқан,

Енді оның жасы менен қарты бар.

 

.. Ояу сана:

Ешкімге дес бермейді,

Сана деген – шексіз қуат, оның сондай нарқы бар.

(...Шамаң келсе тартып ал)

 

Мен де қаштым,

Алыс барып, жатпақпын.

Қаш, Күндікші,

Кетіп едің, алшаң-алшаң аттап тым.

Өңкей жемқор жатыр дейді өкіріп,

Біздер жаумыз!..

Шындығында солар енді, бас сатқын!

Қаштық!.. Қаштық!..

Тездет, тексіз, күндікшім,

Бұл қазаққа жолама, осыменен жыр бітсін.

 

Жемқор:

(жегі)

Ойбааай, қатын!

 

Мені сатты анау бастық көзі көк,

Нағыз жемқор, шипасыз дерт көзі деп.

Ақша қайда,

Бол!.. Бол, тездет, жиналшы,

Қаштық!.. Қаштық!.. Жолда айтамын сөзі көп.

 

Жемқордың қатыны:

(жебірше)

Е, сорлым-ау, жазықсыз жан, жанталасып кете ме?!

Бес жыл болды, мен жоқпын ғой, сеніменен некеде.

Неке бұзғам, білесің,

Обалың жоқ,

...Танымаймын, тұр, жоғал!..

Салып қалсам қайтер екен, мисыз бас пен шекеңе.

 

Жемқор:

(Жегі)

Сатқынсың ба?!..

Ашуды қой, түсін жаным, кел епке?..

Жайын түспей, шабақ түсті елекке.

...Бәрі соның сендер үшін, сол да енді себеп пе?!

 

Жемқордың қатыны:

(Жебірше)

Қарын қамы, қайда жүрсе: Елін сатса Ер біткен,

Қалай?!.. Ойла! ?.. Қатын сонда Ерін сатпау керек пе?!

 

Жоғал, енді!.. Қызың кетті, елден безіп Үндіге!

Жалғыз ұлың арақ ішіп, шылым шегіп, жүр, міне.

Бір күн, Ер боп, сүйген жоқсың, аппақ, адал жүрекпен,

Ақша!.. Ақша!.. Мысық сынды, тышқан інін күзеткен.

 

...Сол арада сақшы келді,

Темір кісен ыңғайлап,

Жемқорыңды алып кетті, «Жүріңіз?!..» деп ізетпен.

 

 

 

ҚАЗАҚ ЕЛІ. ТҮРКІСТАН. ТҰРАН.

(Қазақ елінің тәуелсіздігіне 30 жыл)

 

 

III БӨЛІМ

 

 

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып-өскен.

Тұранның тағдыры бар толқымалы,

Басынан көп тамаша күндер кешкен.

Мағжан Жұмабаев

 

Ескерту: Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, ұлттық рухтың қайнары, қазақ әдебиетінің жанартау – жалыны, жарық жұлдызы.

Мағжан Жұмабаевтың Тұран, Түркістан тақырыбындағы жырлары қазақтың қарашаңырағына қадалған  уық, жайылған  кереге, төр мен төрелігін айта білген, ақиқаттың алмас қылышы. Кеңес үкіметінің кебінін пішкен кемеңгер ойшылдың көсемдігі, көре білген даналығы. Дәуір мен шендескен  шабыттың, шексіз білімнің дариясы. Ақ шейіт, алаштың жолында құрбан болған есіл ер.

 

УЫЗ АНА – ҰЛТ ТІЛІ ТҮРКІСТАНҒА, ТҰРАНҒА

КЕЛДІ. БҮКІЛ ТҮРКІ ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРДЫҢ

«УЫЗ АНАСЫ» ДЕГЕН МӘҢГІЛІК МЕРЕЙ МЕН

ҚҰРМЕТКЕ ИЕ БОЛДЫ

Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы. Тәуелсіздіктің арқасында қайта көтерілген түркі халықтарының қарашаңырағы. Тұран. Ұлы жиын.

Күллі түркі халқы, алты алаштың ұйғарымымен: «Уыз ана – ұлт тілі, қазақ тілі» түркі халықтарының ортақ  уыз анасына айналды. Себебі, қазақ тілі: тарих тоғысындағы ең ауыр қанды қырғын, қасіреттерді жеңіп шыққан, бірегей тіл еді. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алаңында ел үшін еңбек еткен ақ шейіттерге, әр дәуірдегі тарихи тұлғаларға, «Алашорда» құрбандарының рухына бағыштап дұға оқылды. Имамдар ұлттық руханияттың, салт-дәстүріміздің шамшырағына айналып, дәріс беруге кірісуі тиіс. Ұлттық мүдде мен ерекшелік – адамзатқа тән ортақ мәдени құндылық. Себебі, адамзат – ұлттардан құралады. Дәстүрлі дініміздің шын халықтық  бейнесі де осы еді. Жасампаздыққа  ұмтылу – жаһанға, адамзатқа ортақ ынтымақ пен бақ-береке, бейбітшілікке қарай қарыштап қадам басу. Дәстүрлі дін – өміріміздің өлшемі мен өзегі. Билік – ұлтқа кіршіксіз қызмет жасайтын қайраткерлерден құралғанын көргіміз келеді, армандаймыз, аңсаймыз. Ғылым таппай мақтанған халықтың аузы қисық екенін даналар айтып кеткен. Жаяудың шаңы,жалғыздың үні шықпайды. Ұлттың саны – сапаның сүзгісі мен тұнбасы. Өс, қазақ, өзге өзеуремей, сыйлағаннан қолын беретін болсын. Ана тілі дегеніміз – тек қана өз тіліңде сөйлей білу емес, ұлт ретінде толысып, өз болмысыңмен, келбетіңмен өмір сүре білу. Жас болу – қызық қуып, қыдыру емес, ұлтыңды ұлы жеңістерге жеткізу үшін, біліммен тағылым алып, дайындалу. Қарт болу – ұзақ өмір сүре білгенің емес, ұлт пе н ұл – қыздарыңды бағыттан адастырмай, аман сақтағаның. Осының барлығы ой елегінен өтті. Үш жүздің қазағы Уыз Анасының алдына келіп, ақ сүтіне адал болуға серт берді. «Уыз ана – ұлт тілі» өз төріне шықты. Қан жұққан жаулығын халқының болашағына сенгендіктен қайта тартты, жаңалады. Ұлтымыздың жаңа дәуірі басталды. Кегін қайтарды, кемеліне толуға бет алды. Қос жыланның басына ақ құйып, жауыздықты жаныштады, елден аластады.

 

 

 

 

САХНА. КӨРІНІС. ТӘУЕЛСІЗДІК. ТҮРКІСТАН.

ТҰРАН. УЫЗ АНА.

Уыз Ана:

(Уыз Ана –Ұлт тілі, Қазақ тілі)

Мұстафа[18], Мағжан тілек, Жалау –жалын,

Түркістан, Тұран болып алауладым.

 

Алашым, «Алашордам», аппақ таңым,

Мен жеттім жүрегіме сақтап бәрін.

 

Мұстафа, Жалау – жалын, Мағжан – бағым,

Көкбөрім, көкжалдарым, арландарым!

 

Түркістан – түгел түркі астанасы,

Түркінің рухани бас қаласы.

 

Тәуелсіздік жеткізді бұл мұратқа,

Айналды аппақ арман –жыр бұлаққа.

 

Сақтай біл, ұрпақ, саған аманатым!

Қазағым, қарашаңырақ – қағанатым!

 

Сақтай біл, қос көзіңнің қарашығын,

Тәуелсіздік – Тәңір-құт, бар асылың.

 

Бар қиындық өтеді, ел жеңеді,

Еліменен баянды ер беделі.

 

Болашағың Күннен де жарық, білем,

Қаһарман ел, шетінен алып кілең.

 

Ер Қазағым, тоқтама, қалықтағын,

Дұшпан таққыш келеді алыпқа мін.

 

Ескерту: 1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М. Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М. Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, (гүржі жерінде «Яни дүния», «Шафак» атты газеттер шығарысып, «Вольный горец» басылымына атсалысады) Ыстамбұлга аттанады. (Ақпарат желісінен)

 

 

Сыртқы дауыс:

(ділашар)

Бабтардың бабы тыныстап, бағзының өзі сырласқан,

Ортаймас мәңгі ырыс –хат, Яссауи[19] бабам жыр дастан.

Хаққа да жайып жүрегін, дұғаға орап тілегін,

Неше бір шайыр ғұлама қырағат пенен қыр басқан.

 

Мұрағат пенен мұраңыз, мұнартып тастан тұр аңыз,

Көрінген тастан тіл тартып, моншақтай тізіп құраңыз.

Отырар[20] ойран ол жатыр, Сауран[21]мен Сайрам  бұл жатыр,

Қорқыттың[22] алып қобызын, құлағын еппен бұраңыз.

 

Әр төбе сайын бір абыз, кімдерге қанша сөз керек,

Қалдырған қара нар ізін, жүрісі оның өзгерек.

Астында жердің қаласы, үстінде ердің моласы,

Осының бәрін көруге, жүрекке біткен көз керек.

 

Түркістан қайта түлеп тұр, түбі бір туыс елдерміз,

Ақ сәуле болып жылытып, ақ нөсер болып селдерміз.

Біз жүрген мынау далаға, қарасаң көзің тала ма,

Сағым боп көшкен сағыныш, сары да самал, жел мен құз.

 

Дос жүгірді, сүйінді, жабырқап жауым тыйылды,

Жыландар қашып жөнелді, қырандар шалып қиырды.

Түгел де Түркі тектесім, Түркістан деген шаһарға,

Қиялап салған қылаңдай, қияннан келіп жиылды.

 

Алты да алаш алқалап, анаға антын беріп тұр,

Алтынды Орда, Ақ Орда, кереге жазып керіп тұр.

Уыз да Анам – Ұлт тілі, төріне шықты халқының,

Самарқан жақтың көк тасы, Амалдан бұрын еріп тұр.

 

Уыз да Анам – Ұлт тілі тарады қайта бұрымын,

Жұлынын үзіп жауының, өзіне салды құрығын.

Береке-бірлік осы деп, жеңістің туын әкелді,

Жарығын-ай сәулелі көз қаратпас нұрының.

...Ұлығым менің – Ұлы Күн!..

 

Тәуелсіз елім, міне, Сен: жаңаша өмір бастадың,

Берейін десе бір Құдай, берекет бейіл, қас қағым.

Қосарлап өрген бұрымға, жыланды езді жылатып,

Уыз да Ана – Ұлт тілі содан соң шапты бастарын.

 

Қайтарып кегін ананың, елжіреп көктен таң атты,

Аңдыған жаудың көзінен, амалсыз қара қан ақты.

Дұшпанның қара сұғына, найзасын түйреп намыстың,

Уыз да Анам –Ұлт тілі: жаулығын қайта жаңартты.

 

 

 

Болашақ:

Сүйінші!.. Сүйінші!.. Сүйінші!..

Осы сәтте, Күннен де нұрлы, гүлден де сұлу, жасарып кеткен «Уыз Ана – Ұлт тілі» әлем тілдерінің Патшайымындай адамзатты тамсандырып, көктен жерге көк ту ұстап, бұқара халыққа қарай құшағын жайып түсіп келе жатты. Алдынан жастар, бүлдіршіндер, қалың қазақ (Жалау Мыңбайұлы бастаған боздақтар рухы) шашу шашып, шат-шадыман ән төгіп, ұлықтап күтіп алды. Қарасаң көз тоймайды, айтсаң сөз жетпейді, «УЫЗ АНА – ҰЛТ ТІЛІ, ҚАЗАҚ ТІЛІ» қара жердің бетіндегі ең көркем, ең сұлу тіл екеніне көзі бар жанның бәрі сенді, құлағы бар жанның бәрі елжіреп, естіп, ынтызар болды. Болашақ: «Тәуелсіздік – Біз үшін!.. Тәуелсіз Қазақ елі жасасын! Қазақстан!., Қазақ!.,Қандастар!., Түркістан!.., Тұран!.,

…УЫЗ АНА – ҰЛТ ТІЛІ» деп ұран салып тұрды».

 

Сосын, «Уыз Ана – Ұлт тілі» бастап, халық қостап қазақтың Әнұранын тебірене шырқап жатты. (Сахна. Көрініс. Шымылдық жабылады.)

 

 

 

 

 

 

Сабыр Адай

«Уыз Ана» кітабы

«Өнер» баспасы

2021 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



[1] Кеңес билігі.

[2] Ніл – Ніл өзені.

[3] Мұстафа – Мұстафа Шоқай.

 

[4] Патша – Ресей Патшалығы.

[5] Кеңес – Кеңес үкіметі.

[6] Филипп – Филипп Исаевич Голощёкин, Қазақ халқының Жауы, басқа аты Шая Ицкович (9. 3. 1876, Витебск облысы, Невель қаласы – 18. 10. 1941) – саяси жау, Қазақстан өлкелік партия коммитетінің 1-хатшысы (1925 – 33). 1903 жылдан Компартия мүшесі)

 

[7] Кеңес – Кеңес үкіметі.

[8] Бекет – Бекет Ата. Маңғыстау, Сарыарқа, Жетісу, Алтын Орда*, Сарайшық* – тарихи орындар, жер атаулары, дәуірлер.

 

[9] Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктер – олар көшпелілер империясының іргесін қалап, түрік тектес этностардың бірлігін сақтаған қолбасшылар, аса көрнекті тарихи тұлғалар.

[10] Алтын орда – бұл жерде: күні кешегі көшкен дәурен, сән мен салтанат, билік пен бедел.

[11] Адамзатқа белгілі аса ірі тарихи тұлғалар, хандар, қағандар, патшалар, қолбасшылар, көсемдер.

 

[12] Ахмет, Әлихан – Алашорда көсемдері.

[13] Жалау – Жалау Мыңбайұлы.

[14] Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мұстафа, Мағжан* – Алаш арыстары. Түркістан – Түркістан қаласы, Түркі елдерінің бүгінгі рухани астанасы. Тұран – Тұран ойпаты. Орталық Азиядағы кең жазық. Ертедегі Түркістанды Тұран дескен.

[15] Отпан тау – Маңғыстаудағы Отпан тау. Ерлердің ел күзеткен тұғыры. Ұран от жағып, қазақты бірлікке, ортақ мүддеге, сақтық пен қорғанысқа шақырған жер. Қазақтың қарашаңырағы – Адай Атаның рухына кесене тұрғызылған мекен. Амал мерекесінде Үш жүздің ақсақалдары дұға оқып, бата дарыған киелі қоныс.

 

[16] Омар, Оспан Мұхаммед Пайғамбарымыздан кейінгі (с. ғ. с) абзал халифтер.

 

[17] Адыраспан емдік қасиеті бар, киелі шөп. Үйден ауру, жын-шайтан, бәле – жәле кетсін деп түтетіп, айналаны аластайды.

 

[18] Мұстафа Шоқай – Ел тәуелсіздігі жолында күрескен алаштың айбынды перзенті.

[19] Яссауи – Қожа Ахмет Яссауи.

[20],21 Отырар, Сауран, Сайрам – Қазақ елінің оңтүстік аймағындағы Сауран, Сайрам атты ескі қалалардың атауы.

 

[22] Қорқыт – ұлы ойшыл, қобызшы, Қорқыт бабамыз.

21.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 22
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 37
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 13
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 18
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 23
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 20
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 37
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 253
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 249
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 872

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8946
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8339
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11566
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9324
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10550