Үздік 30 ауыл қатарында

Үздік 30 ауыл қатарында

Қос жерлесіміз:  «Дайындық – Агро» ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов пен «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбом кітабынан ойып тұрып орын алды.

Біз «Тұлға-достық» қоғамдық қорының төрағасы Мұратқан Шоқанмен телефон арқылы тілдесіп, «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбом кітабы жайлы идеяның қалай пайда болғанын сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді:

– Өкінішке қарай, соңғы жеті жылдың ішінде елімізде жарты мыңға жуық ауыл иесіз қалған. Алдағы болжам да  аса қуанта қоймайды. Мәселен 2000 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында 118 киелі мекен жойылған. Бұл өзге өңірлерге де тән көрініс. Қазіргі кезде  еліміздегі  6454 ауылдың  3477-і ғана  даму әлеуеті бар деп танылып отыр. Оның ішінде 1150-і  тірек ауылдар саналса,  2327-і серіктес, болмаса шекаралас елді мекендер. Былтыр 45 мың адам өзге елдерге көшіп кеткен. Сырттан келіп, орныққандардың саны – 12-14 мыңның төңірегінде ғана.  Көші-қон саласында теріс сальдо қалыптасып отыр. Ең көкейкесті мәселенің бірі – жұмыссыздық жайы. Жаһанданудың  да айтарлықтай ықпалы бар. Жастардың қалаларға жаппай көшу үрдісі тоқтар емес. Десек те, Қазақстандағы жалпы халықтың 42 пайызын ауылдықтардың құрауы көңілімізге қанат бітіріп, үміт отын жағып, осы жинақты шығаруға түрткі болды. Ондағы мақсат – туған жерлерін көркейтуге өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар мен кәсіпкерлердің  іскерлігін дәріптеу, шаңырағын шайқалтпай, ырысын ортайтпай отырған тәжірибелерін насихаттау, әр облыстан тыныс-тіршілігі, өмір сапасы жоғары екі ауылды іріктеп алып,  осы  арқылы  жастардың, қаржыгерлердің  назарын елді мекендерге бұру, аудару.

«Ауыл – ел бесігі» ауылдарды дамыту, инфрақұрылымын жақсарту жобасы «Nur Otan» партиясының ХYІІІ сьезінде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. 2019-2021 жылдарды қамтыған жобаға жыл сайын 30 млрд теңге бөліп отыру белгіленген. Енді бағдарлама 2025 жылға дейін ұзартылып, былтырдың өзінде 700 мыңға жуық тұрғыны бар 53 елді мекен тартылды. 2025 жылға дейін 6,6 млн ауыл тұрғыны сапалы инфрақұрылымға қол жеткізеді. Бұл – ауылдықтардың 85 пайызы. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 10 жылда 60 мың жас көтермеақы алған. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт,  агроөнеркәсіптік кешен саласында жұмыс істейтін мамандарға  баспана алу үшін 0,01 пайызбен  15 жылға  бюджеттік жеңілдетілген несие беріледі. Соңғы 10 жыл ішінде 27500 адамға  70 млрд теңгеден астам несие  рәсімделген.

Үкімет тарапынан жасалып жатқан осындай кешенді шаралардың арқасында ауыл халқының қалаға жаппай көшу процесінің сәл-пәл болса да тежелгені байқалғанымен, жағдай әлі де күрделі. Сондықтан елді мекендер даму жағдайына қарай жіктеліп, төрт санатқа топтастырылған. Бірінші топтағы даму әлеуеті жоғары ауылдардың  саны – 1062, бұлар барлық елді мекендердің 14, республика халқының 10,4 пайызын құрайды. Үкіметтің қаржылық демеуі айтарлықтай.

Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченко іргетасын қалаған «Зенченко және К» командиттік серіктестігі осы санатта. Ең қиын кездерде әрдайым Елбасының жанынан табылып, мақсат-мүддесін, арман-тілегін Қазақстанның келешегімен тығыз ұштастырған   басшының, даңғайыр диқанның салып кеткен сүрлеу жолын ұлы Геннадий мен немересі Иван ойдағыдай жалғастырып келеді. Экономиканың күрделі жылдарында нарыққа бейімделіп құрылған шаруашылық бұл күндері  экологиялық таза, бағасы қолжетімді өнімдерімен танымал заманауи ауылшаруашылығы кластері саналады. Үдемелі индустриалдық-инновациялық жобалар негізінде  толық автоматтандырылған сүт зауытында  күніне  80 тоннадай сүт өңделіп, өнімнің  50-ден астам түрлері елімізбен қатар Ресейге де жөнелтіледі. Экспорт көлемін ұлғайту сүтті  сиырлардың табындарын көбейтуге тікелей байланысты екенін жақсы түсінген басшылық шетелден  асыл тұқымды  ірі қара мал әкеліп, бүгінде  Зеңгі баба түлігі 9 мың басқа жетіп отыр. Егістік алқабы – 30 мың гектар. 700-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Барлық әлеуметтік нысандар ауылдағы бір мыңнан астам отбасыға сапалы қызмет етуге бағытталған. Жабық мұз айдынында, спорт кешенінде жаттығу тегін. Тұрғын үйлердің 70 пайызы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. 6 жел генераторы орнатылып,  қажетті электр қуатымен толық  жабдықтайды.

«Бастапқыда елордаға сүт өнімдерін жеткізуді «Шапағат» базарынан бастаған едік. Аптасына бір рет жарты тоннадай тасымалданатын. Қазіргі  күндік меже – 20 тонна. 600 сауда орынын қамтамасыз етеміз. Былтыр 22 мың тонна сүт, бір мың тонна ет өндіріліп, сауда нарығына шығарылды. Бір  сиыр жылына орта есеппен 8,5 мың литр сүт береді. Бұл әлемдегі ең үздік бес мемлекеттің көрсеткішімен пара-пар. 6 сүт кешеніміз бар, бәрі цифрлық жүйеге көшірілген. Рублевкада тауарлы-сүт фермасын салуға 1 млрд теңгедей қаражат жұмсалып, 600 бас асыл тұқымды сиыр Бавариядан жеткізілді. «Үздік ауыл» марапаты жігерімізге жігер қосты, еңбекке деген құлшынысымызды арттырды», – деді  Геннадий Зенченко.

Елімізде шамамен  788 ауыл  үшінші және төртінші топқа енеді. Бұл санаттағыларға  бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Ең қиыны – осы. Алайда  әлеуметтік жауапкершілікті сөзбен емес, іспен көрсетіп келе жатқан  Біржан Шаймерденов  60 үйлі шағын ауылдың да  лайықты өмір сүруге және қаржы табуға әуелеті зор екендігін сан мәрте дәлелдеген. Серіктестікке тиімділігі жоғары технологиялар таңсық емес. Соңғы жылдары мал шаруашылығына барынша ден қойылып, еңбек өнімділігін арттыруда үнемі озық инновацияларға арқа сүйейді. Ауылшаруашылығында 30 жылдан астам тәжірибесі бар басшы  кәсіби сауаттылығымен, нарық құрылымын терең білумен, зор ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен ерекшеленеді. Ұжымның барлық қызметін шебер үйлестіреді, қандай қиын жағдайда да қиюын қиыстырып, жол таба біледі. Шаруашылықтың қаржысына жаңа нысандар тұрғызылып, ескілері қалпына келтірілді. Қазір мұнда жазғы спорт алаңы, балаларға арналған ойын орталығы, медициналық пункт, күндізгі стационар, клуб, мешіт бар. 1967 жылы  тұрғызылған мектеп үйі  600 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, шағын орталық бой көтерді.

Қазіргі уақытта заманауи қоғамдық монша, тойхана ғимараттары бой көтеруде, жаңа тұрғын үйлер салынуда. Бір кездегі 28 үйлі шағын ауыл қанатын жайып, 80-ге таяп қалды.

 1200 бас сиырға лайықталған озық технологиялы сүт фермасы пайдалануға берілгелі табыс еселене түскен. Сауыншылардың айлық еңбекақысы 300-350 мың, малшылардікі 280 мың теңгеден кем емес. 

– Жұмысқа шын ниетімен құлшына кіріскен адам егіншіліктен ғана емес, мал шаруашылығынан да  жақсы пайда таба алады. Тек мемлекеттің жеңілдікті қолдауларына иек артудың ақыры масылдыққа ұрындыруы мүмкін. Біз өз қаражатымызға ауылішілік жолдарды талапқа сай жөндеп алдық. Күзгі орақтың есеп-қисабын шығарғаннан кейін әлеуметтік салаға тағы да қаражат бөлетін боламыз. Баспаналар тұрғызылады, басқа да ойға алған шаруалар көп. Ең бастысы, тапқан табысты тиімді пайдаланып, негізгі мақсаттарға жұмсай білу керек. Бұл жөнінде «Үздік 30 ауыл» жобасы аясында өткізілген марапаттау жиынында да айттым. Адамдарға ең керегі – қолайлы, жайлы, сапалы өмір. Бізде барлық жағдай жасалған. Әлі-ақ қалаға жаппай көшу толқыны басылып, керісінше  үрдістің басталарына кәміл сенемін. Ерекше альбомның тұсаукесері  маған үлкен ой салды. Мұндай жобалардың ықпалы зор болмақ. Қазір ауыл жайлы түсінік те, көзқарас та өзгеріп келеді. Бұрындары басты бағыт егіншілік пен мал шаруашылығы ғана болса, қазір озық технологиялар қолданысқа кеңінен енді. Соған орай сервистік қызмет түрлері де көбейді», – дейді «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Біржан Шаймерденов.   

Дайындаған – Нұрсайын Шәріп, Өмір Есқали
28.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 109
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 122
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 211
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 211
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 349
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 350
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 581
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 524

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9230
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8626
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11851
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9621
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10834