Бурабай демалыс аймағында тас жолдағы велоспорттан ел чемпионаты өтті. Мұнда еліміздің ең мықты деген шабандоздары топтық және жекелей жарыстар бойынша Қазақстан чемпионы атағы үшін таласқа түсті. Жарыстың соңғы күні Astana Qazaqstan Development Team жастар құрама командасының шабандозы Николя Винокуров (ол әйгілі Александр Винокуровтың ұлы) тас жолдағы велоспорттан 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Николя 157,5 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 44 минут 16 секундта жүріп өтті. Илхан Достиев (+00:39) мәреге екінші, Өркен Сламжанов (+00:58) үшінші болып келді. Сонымен қатар Astana Qazaqstan Team шабандозы Евгений Гидич Қазақстан чемпионатының топтық жарысында жеңіске жетті. Гидич 157,5 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 43 минут 48 секундта бағындырды. Қалған жүлделі орындарды да астаналық шабандоздар иеленді. Артем Захаров мәреге екінші болып келді. Ол жеңімпаздан бір секундқа ғана қалып қойды. Ал Глеб Брусенский чемпионнан екі секундқа артта қалып, қола жүлдеге ие болды.