Вирус пен табиғат шайқасы

Вирус пен табиғат шайқасы

Адам ой-санасының ластануы табиғат пен адамзат жаратылысын жоюы мүмкін

Коронавирустың ошағы – экология

        Ғылыми-техникалық прогрестің басталып дамығанына 250 жылдан асты, нәтижесінде адам баласы орасан зор жетістіктерге жетті. Техника, технология, транспорт, құрылыс зор қарқынмен дамытылды, ауылшаруашылығы интенсивтендірілді, интернет, компьютер пайда болды, үлкен мегаполис қалалар салынып, биосфера бейнесі, ландшафты түбегейлі өзгерді. Адамзат өзінің «алтын бесігі» Жер ғаламшарының тартылу күшін жеңіп, космосқа шықты, т.с.с. Мұның бәрі адам баласының игілігіне айналды. Адамдар саны күрт көбейіп, 7 млрд-тан асты.  Дегенмен ғылыми-техникалық прогрестің бұлай дамуы және адамдар санының күрт көбеюі салдарынан қолайсыз, негативті, тіпті апатты жағдайлар көбейіп, биосферадағы экологиялық жағдайлар өзгеруде. Яғни, коронавирус індетінің пайда болып таралуына адам баласы қалыптастырған экологиялық жағдайлардың, өзгерістердің әсері бар. Атмосферадағы оттегі өсімдіктердің фотосинтезі процесі нәтижесінде пайда болып, млн-даған жылдар ішінде қалыптасқан. Ғалымдардың пікірі бойынша атмосферадағы оттегі 20,95% және ол тұрақты деп есептелінеді. Нақты жағдайда бұл тіпті де олай емес. Күзде, қазан-қараша айларында ағаштың және бұталы өсімдіктердің жапырақтары түседі, бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер тұқымдарын шашып және мәдени дақылдарды жинап алғаннан кейін олардың сабақтары, жапырақтары өледі, яғни фотосинтез процесі тоқтап, оттегінің атмосфераға шығарылуы доғарылады. Бірақ сүтқоректі жануарлардың, соның ішінде адамдардың тыныс алуы (яғни оттегіні сіңіруі) тәулік бойы және жыл бойы тоқтамайды. Транспорттың барлық түрлерінде жанармай жағылады, заводтар мен фабрикаларда, жылу электростанцияларында жанармай жағылып, оған оттегі жұмсалады. Қазіргі кезеңде бүкіл әлем бойынша, тәулігіне 4,5 млрд тонна жанармай жағылады екен және оған орасан көп мөлшерде оттегі жұмсалады. Нәтижесінде атмосферадағы оттегі мөлшері біртіндеп азая береді, ең төменгі мөлшері ақпан айына сәйкес келеді. Коронавирус індеті осы ақпан айынан бастап таралды. Наурыз айынан бастап өсімдіктердің бүршіктерінен жапырақтары шығып, фотосинтез процесі қайтадан басталады да, оттегі шығарыла бастайды. Атмосферадағы оның (оттегінің) мөлшері біртіндеп көбейіп, ең көп мөлшері тамыз, қырқүйек айларына сәйкес келеді. Тамыз айынан бастап вирус індеті біртіндеп азаяды. Ал, енді осы уақыттар аралығында   (ақпан – тамыз, қырқүйек) атмосферадағы оттегінің  бұрынғы 20,95%-дық мөлшері қайтадан қалпына келеді ме? Келмейтін сыңайлы. Неліктен?

Адам баласы үлкен мегаполис қалалар (5-15 млн. адамдар шоғырланған) салып, инфрақұрылымын жақсартты, автокөліктер тәулік және жыл бойы үздіксіз жүруде, олардың двигателі үздіксіз жұмыс істейді және оттегі көп мөлшерде жағылады. Бірақ осындай қалалардың орталық көшелерінде өсімдіктер (ағаштар) жоқ, тас төселген немесе асфальтталған. Яғни, фотосинтез процесі жүрмейді, оттегі шығарылмайды. Сондықтан, биосфера атмосферасындағы оттегі мөлшері жыл сайын бұрынғы (20,95%) мөлшерін толықтыра алмайтын сияқты. Нәтижесінде ауадағы оттегі мөлшері жыл сайын біртіндеп азайып келе жатқан сыңайлы. Мысалы, эколог Мелс Елеусізовтың мәліметі бойынша, Алматы қаласының ауасындағы оттегі мөлшері 17% шамасында осыдан 60 жыл бұрын Алматы ауасында оттегі көбірек болып, ауа таза болған. Егер оттегі мөлшері 8-12% мөлшеріне жетсе, бүкіл биосферада және Қазақстанда (Алматыда) апатты жағдай туындайды.

Тышқан іні және ультракүлгінсіз қалалар

Вирус індеті неліктен шығып таралғанын анықтау үшін экологиялық жағдайдың қалай өзгергенін байқап (зерттеп) көрейік.

Мысалы, тышқан іні 10-20 см тереңдікте орналасқан, кіру шығу тесігі бар. Күннен шыққан сәулелер, соның ішінде ультракүлгін сәулесі 10 см топырақ қабатынан өтпейді. Ін ішінде өсімдіктер жоқ болғандықтан оттегі шығарылмайды, ал оттегі сыртқы ауадан диффузия арқылы енеді. Сонымен тышқан індері ішінде көмірқышқыл газы (СО2) көбірек болып, оттегі аздау мөлшерде болады және ін ішінде температура бір қалыпты болып, ауа ылғалдырақ болады. Микроорганизмдерді жоятын ультракүлгін сәулесі жоқ. Осындай микроклиматты жағдай вирустардың сақталуына өте қолайлы. Ал, тышқандар миллиондаған жылдар ішінде вируспен ауырып, өлгені өлді, тірі қалғандар-ының иммунитеті күшейіп, саны қайтадан көбейді, енді оларвируспен ауырмайды. Бірақ олардың өкпесінде (денесінде) вирус сақталады. Көктемде тышқандар сыртқа шыққанда вирус клеткалары сыртқа шығып таралады.

Ал мегаполис қалалардың экологиялық микроклиматы қандай? Үлкен мегаполис қалалардың орталығында ағашты және басқада өсімдіктер жоқ, көшеге тас төселген, немесе асфальтталған, қаланың шеткі бөліктерінде ағаштар, жасыл газондар бар, бірақ олардың мөлшері мегаполис қалалар үшін өте аз. Жер бетіндегі үлкен, орташа, кіші қалаларда автокөліктердің барлық түрлері тәулік бойы үздіксіз жүреді, двигателінде жанармай жағылып, оттегі көп мөлшерде жағылады. Автокөліктерден, жылу электростанциялары трубаларынан көп мөлшерде көмір қышқыл газы (СО2), улы газ (СО), күкірт, қорғасын оксидтері, тағы басқа зиянды газдар шығарылады. Сонымен бірге, түтін, шаң, тозаң көп мөлшерде шығарылады.

Күннен шығарылған сәулелердің барлық спектрі, соның ішінде ультракүлгін сәулелері Жер ғаламшарына бағытталады. Ультракүлгін сәулелердің көпшілігін озон қабаты «ұстап» қалады. Аз мөлшерде Жер бетіне жақындаған ультракүлгін сәулелерін автокөліктерден, жылу электростанцияларынан шығарылған түтін, шаң-тозаң сіңіреді, көпшілігін қайтадан ғарышқа шашыратады. Яғни үлкен қалалардың экологиялық микроклиматы тышқан індеріндегі микроклимат жағдайына ұқсас болып қалыптасады. Бұл вирустардың таралуына қолайлы жағдай. 2020 жылғы экологиялық микроклимат мұны дәлелдеді. Биыл ауа райы салыстырмалы тұрғыда салқын (25-300) әрі тұрақты болып, жауын көбірек жауды, тіпті шілде айының өзінде температура 28-350С-тан аспады, ауа тұманды (түтін, шаң, тозаңды)  әрі ылғалды болды, тек тамыз айында ауа райы ыстық бола бастады. Яғни, коронавирус індетінің таралуына қолайлы жағдай туындады.

Үлкен мегаполис және орташа (2-5 млн. тұрғыны бар) қалаларда  микроклиматтың тышқан ініндегі экологиялық жағдайға ұқсас болуы ғылыми-техникалық тұрғыдан дамыған елдерде (АҚШ-та, Қытайда, Ресейде, Бразилияда, Европаның дамыған елдерінде) байқалуда. Коронавируспен ауырған адамдар мен өлген тұрғындардың саны осы аталған елдер қалаларында көбірек болуда. Мұны ғылыми-техникалық прогрестің қолайсыз, негативті салдары деп тұжырымдауға болатын сияқты. Бұл факторлар биосферадағы экологиялық жағдайды түбегейлі өзгертіп, вирустардың таралуына қолайлы жағдай туындатты. Нәтижесінде әлем елдері бойынша, коронавирусты жұқтырғандар саны 26 млн-нан асты.

Жер биосферасында экологиялық жағдай барлық уақытта осылай болғанба? Жоқ. Еуропаның қысы жылы, жазы салқын, яғни, ағашты өсімдіктердің өсіп дамуына қолайлы. Адамдардың саны аз болған бұрынғы кезеңдерінде Еуропаның бүкіл аумағында емен қалың тоғай болып өскен. Емен ағашы ұзақ, 1500-2000 жыл өсіп дамиды. Ол жерлерде аршада өскен және ол 500-800 жыл өсіп дамиды. Ұзақ жылдар бойы өсіп дамығандықтан, бактериялардан, вирустардан қорғану үшін емен, арша ағашы фитонцидтер шығарады, сонымен бірге аз мөлшерде атомарлы оттегі (О) шығарады деп ойлаймыз. Бұл адамдар үшін өте қолайлы фактор. Аталған ормандардың ашық алаңдарында сиыр тұқымдас, аса қуатты тур, зубр жануарлары өсіп, өмір сүрген. Атмосфера құрамында фитонцидтер және өте аз мөлшерде атомарлы оттегі бар таза ауамен тыныс алып, тур, зубр етін жеп өскен адамдар арасынан күшті рыцарьлар дүниеге келді. Яғни, бұл адам иммунитетін күшейтіп, денсаулығын жақсартады. Ресей территориясында жалпақ жапырақты ағаштар өскен аймақтарда, аталған ағаштармен қатар емен ағашыда көптеп өскен, кейбір жерлерде таза емен орманы болған. Бұл жерлерде де қуатты тур, зубр жануарлары өсіп дамыған. Осындай орман арасында туып, тур, зубр етін жеп өскен адамдар арасынан орыс богатырьлары дүниеге келді. Мысал ретінде, атақты палуан Поддубныйды атауға болады. Бірақ Еуропада, Ресей елінде халықтар саны көбейіп, олардың техникалық мүмкіндігі артқаннан кейін, басқа елдерді жаулап алып, колонияға айналдыру тенденциясы (бағыты) күшейді. Мұхит асып, басқа елдерді жаулап алу үшін кеме керек болды және оның құрылысына басқа ағаштармен қатар  емен ағашы да кеңінен қолданылды. Нәтижесінде Еуропада, Ресей жерінде емен ормандары жойылды немесе аз көлемде қалды.

Осындай өсімдіктер, ағаштар және стратегиялық маңызды зор азық-түлік Қазақ жерінде бар ма? Ондай өсімдіктер және азық-түлік бар – олар хош иісті жусан мен жиде, арша және жылқы еті, қазы, жал-жая, қартасы мен қымызы және түйе шұбаты. Біздің болжамымыз бойынша, хош иісті жусан және жиде, арша ағашы фитонцидтермен қоса, өте аз мөлшерде атомарлы оттегі шығарады деп ойлаймыз. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан жусан экожүйесі жағдайында дүниеге келіп, жылқы етін жеп, қымызын ішіп өскен жас ұрпақтар арасынан қазақ баһадүрлері (батырлары) дүниеге келді. Мысалы, Томирис ханым, Бопай ханым, батырларымыз Қобыланды, атақты балуандар Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ, баһадүрлер: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, т.б. Жиде өскен жерлер маңында да батырлар дүниеге келген. Мысалы, «Батырлар жырындағы…» «Жиделі Байсын жерінде…» Алпамыс батыр дүниеге келіп, өсіп жетілген. Яғни, экологиялық жағдайды жақсартатын жусан экожүйесі және арша, жиде тоғайларымен бірге, стратегиялық маңызы зор азық-түліктің де (жылқы еті, қымызы, шұбаттың)  маңызы ерекше. Сонымен Еуропа рыцарьлары, орыс богатырьлары, қазақ баһадүрлері дүниеге өздігінен келген жоқ, олардың өсіп қалыптасуына қолайлы микроклимат және экологиялық тұрғыдан сапалы азықпен тамақтанудың әсері орасан зор болды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру барысында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жусан экожүйесі миллиондаған гектар мөлшерінде жыртылып, орнына бидай, арпа, сұлы, картоп, т.б. азық-түлік дақылдары егілді. Енді жусан экожүйесін бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес, өйткені халқымыздың саны өсіп келеді, оларға аталған дақылдар азық-түлігі өте қажет.

Еуропада, Ресей территориясында вирустарға, бактерияларға қарсы тосқауыл, қалқан болатын табиғи жағдай бұл – емен, арша ормандары, Қазақстан жағдайында – жусан экожүйесі, жиде, арша тоғайы. Сонымен бірге, адамдардың иммунитеті жақсарып, тегеурінді ұландар (жігіттер), денсаулығы күшті (мықты) ару қыздар өсіп жетілуі үшін, вирусы, бактериялары жоқ таза ауамен бірге, экологиялық тұрғыдан стратегиялық маңызы зор азық-түліктің (жылқы еті, қымызы, шұбаттың) әсері күшті. Қазіргі кезеңде медицина мамандарының және академик Т.Шармановтың ұсынысы бойынша, коронавирустан қорғану тәсілдерінің бірі – дұрыс тамақтану.

Табиғи жануарлар мен жәндіктер популяцияларында олардың дараларының саны көбейген жағдайда популяцияның ішкі даму заңдылықтары іске қосылады. Солардың бірі – әлжуаз, денсаулығы нашар төлдер  дүниеге келеді. Олар табиғи жағдайға бейімделе алмай, ауруға шалдығады, сосын өледі немесе жыртқыштарға жем болады. Нәтижесінде популяциядағы даралар саны азаяды, бұл процесс біраз уақытқа созылады.

Әлжуаз ұрпақ, белсіз жігіттер, бедеу келіншектер неге көп?

Адам баласы биосфера туындысы, сондықтан популяцияға жатады. Техниканы, технологияны зор қарқынмен дамытқанымен, биология және медицина ғылымдары үлкен табыстарға жеткенімен, адам популяциясында да ішкі даму заңдылықтары іске қосылады. Қазіргі таңда адамдар саны күрт өсіп, 7 млрд-тан асты. Осындай жағдайда популяцияның ішкі даму заңдылықтарының бірі – адамдар көп шоғырланған мегаполис және орташа қалаларда әлжуаз, денсаулығы нашар жас ұрпақ дүниеге келуде. Олардың арасында белсіз жігіттер саны көбейе бастады, ал қыздар арасында бедеу келіншектер пайда болуда және олардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл процес халық саны көп елдер үшін (Қытай, Индия, АҚШ, Бразилия, Ресей, т.б.) оншалықты байқалмайды. Ал, жер көлемі үлкен, бірақ халық саны аздау Қазақстан үшін бұл өте зиянды құбылыс. Мұндай процестің дамуына қазіргі жастардың тамақтану дәстүрінің (үрдісінің) әсері бар сыңайлы.

Қазіргі кезеңде барлық мектептер, колледждер, университеттер, басқада оқу орындарындағы буфеттерде бәліш, самса сатылады. Жас оқушылар, студенттер (6-18 жастағылар) оларды жеп, артынан сусын ішеді. Сусындардың барлығы тәтті. Тәттіге үйренген жастарымыз қымыз, шұбат ішпейді, өйткені қымыз, шұбат сусындары қышқылдау. Сонымен жас ұландардың (болашақ жігіттердің) 90%-ы, жас қыздардың 98-99%-ы қымыз, шұбат ішпейді. Бәліш, самса жеп өскен жастарымыз жылқының қазысы, жаясы, қартасы өте майлы деп оны да жемейді. Бұл, мыңдаған жылдар бойы жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішіп өскен қазақ халқы үшін өте зиянды құбылыс. Осындай жағдайда сұрақ туындайды: әрбір отбасыда 6-18 жастағы балаларыңыз қымыз, шұбат ішеді ме, қазы, жая, қарта жейді ме? Адам баласы туылғаннан бастап 20-25 жасқа дейін өсіп дамиды, қалыптасады. Міне, осы жас кезеңінде жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішіп өскені дұрыс.

Қазіргі таңда мектептерде бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі, ал Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде грантпен түскен студенттерге үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Міне осы тамақтар тек жылқы етінен дайындалып, студенттерге, оқушыларға берілсе және қымыз, шұбат сусындары ұсынылса.

ЖЫЛҚЫ ЕТІН ЖЕП, ҚЫМЫЗ, ШҰБАТ ІШІП ӨСКЕН ҰЛАНДАРЫМЫЗДЫҢ ИММУНИТЕТІ КҮШЕЙІП, ТЕГЕУРІНДІ ЖІГІТТЕР ӨСІП ҚАЛЫПТАСАДЫ, ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА БЕЛСІЗ ЕРКЕКТЕР БОЛМАЙДЫ. АЛ, ҚЫЗДАРЫМЫЗДА ДЕНСАУЛЫҒЫ КҮШТІ (МЫҚТЫ) БОЛЫП ӨСІП, БЕДЕУ КЕЛІНШЕКТЕР БОЛМАЙДЫ.

Сондықтан жылқы еті, қазы, жая, қартасы, қымызы, түйе шұбаты экологиялық тұрғыдан стратегиялық маңызы орасан зор азық-түлік қатарына жатады Енді жастарымызға осындай стратегиялық маңызы зор азық-түлікпен тамақтануды қалай үйретеміз. Бұл өте күрделі проблема.

Экология пәні ауадай қажет

Осыған сәйкес, мектептерде 5-11 сыныптарға экологияны пән ретінде енгізу керек және мұғалімдерді (оқытушыарды) дайындау проблемасын Педагогикалық университеттеріне жүктеген жөн.

Бұл жағдайда жастарымызға (оқушыларға) үйрететін мәселелер:

1) Вирустарға, бактерияларға қарсы шара ретінде ауылдық жерлерде әрбір адамға (әрбір оқушыларға, студенттерге, ауыл жастарына) есептегенде 5-10 емен ағашын және 5-10 арша өсіру керек. Мысалы, ауылдық жерлерде бір отбасыда бес адам болса, олар өз үйін қоршап және маңайында 25 емен, 25 арша, 25 түп жиде ағашы өсіп тұруы керек; егер  10 адам болса – 50 түп емен, 50 түп арша, 50 түп жиде өсіп тұруы керек. Мұндай үйлер маңында вирус болмайды, тек адамдар өздері сырттан жұқтырғанда үйге вирус әкеледі; 2) қалаларда, мысалы, Алматы қаласында 2 млн. адам тұрады, күн сайын 150 мыңдай адам қалаға келіп, жұмыс істеп, басқа да шаруаларын тындырып, кешке үйіне қайтады. Сондықтан Алматы қаласында 20 млн. емен, 20 млн. түп арша өсіп тұруы керек, ал оңтүстіктегі Шымкент, Түркістан, Қызылорда, т.б. қалаларында аталған ағаштармен қатар соншалықты мөлшерде (яғни, 20 млн. түп) жиде ағашы да өсіп тұрса қалада вирус таралмайды. Бірақ бұл әзірге арман ғойҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауында «Алдағы бес жылда орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады» деп атап көрсетті. Осы ағаштардың көпшілігін емен, арша, жиде ағаштарымен отырғызылса. Алматы қаласының барлық территориясында адамдар өсірген, ал көпшілік жағдайда өздігінен, табиғи өскен қарағаш және көктерек ағаштары өсіп тұр, олардың біразы қартайып, төбесінен құрап, өле бастады. Соларды қырқып орнына емен, арша, жиде өсірсе – бірақ бұл да әзірге арман;

3) Экологияны пән ретінде 5-11 сыныптарға енгізіп, әлжуаз жастардың (ұрпақтардың) дүниеге келуінің, олардың арасында белсіз еркектердің, бедеу келіншектердің пайда болуының бір себебі ретінде тамақтанудың рөлін түсіндіріп, жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішуді ашық айтып үйрету керек. Орыстар айтады: «Если хочешь жить, умей вертеться» дейді. Болашақта тәтті сусындарды ішуді доғарып,  қышқыл болса да қымыз, шұбат ішуді үйреніп, жылқы етін жеуге  дағдылану керек екенін мектеп оқушыларына ашық айтып, түсіндіру керек. Сонда жас ұландарымыздың иммунитеті күшейіп, тегеурінді жігіт болып, ал қыздарымыз денсаулығы мықты Томирис, Бопай ханымдардай болып өседі, яғни халық сапасы (генофонды) жақсарады. Өйткені тегеурінді баһадүрлерді, ғұлама ғалымдарды, орақ тілді ақындарды денсаулығы мықты аналарымыз дүниеге әкеледі. Сондықтан жастарға (мектеп оқушыларына) «егер әлжуаз болмай, тегеурінді жігіт және ару қыз болып өсіп, мәнді өмір сүргің келсе, жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішіп дағдылан» деп ашық айтып, насихаттау, түсіндіру керек.

Түйін: Вакцина емес, тосқауыл адами-табиғи шаралар

Қазіргі таңда әлемдік медицина мамандары коронавирусқа қарсы 6-8 түрлі (соның ішінде Қазақстанда біреу) вакцина шығарып, сынақтан өткізуде. Бұл елеулі табыс. Бірақ, біраз уақыттан кейін вирустар, бактериялар аталған вакциналарға төзімді болып, мутацияланады және жаңа түрлері (штаммдары) пайда болады. Сондықтан вирустармен ауырғандарды тікелей емдеумен қатар жоғарыда аталған тосқауылда адами-табиғи шараларды міндетті түрде жүзеге асыру керек. Оған уақыт бар және жастарымыз жұмыла кірісуі керек, өйткені алдағы 50-100 жылда аталған жастар және олардың ұрпақтары өмір сүреді, қолайлы экологиялық жағдай, вирустық, бактериялық індеттері жоқ микроклимат соларға керек. Бірақ алда әлі уақыт көп деп босаңсуға болмайды, оны қазіргі жағдай көтермейді. Халқымыздың сапасы (генефонды) нашарлап, коронавирус індетімен ауырып, саны күрт азайуы мүмкін. Қазақстан үшін бұл стратегиялық тұрғыдан өте зиянды құбылыс. Алдын ала сақтанғандарды Алла сақтайды!

 

Келіс Жайлыбай,

 

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық

университетінің профессоры,

биология ғылымдарының докторы

Келіс Жайлыбай
10.09.2020

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 327
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6430
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8043
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6510
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6647