Халің қалай, мемлекеттің тілі – қазақ тілі?

Халің қалай, мемлекеттің тілі –  қазақ тілі?

 («Qazaqstan dauiri» газетінің онлайн дөңгелек үстелі)

Бүгін біз «Қамшыбасар-тұжырым» бетін тек тілге арнап отырмыз. Бұл онлайн дөңгелек үстелге қатысушылар кілең жастар, студенттер. Шынайы пікірлерде ащы шындық атойлап тұр. Мемлекеттік тіл қай уақытта пәрменді болады, оны қалай төрге шығарамыз, нендей кемшіліктер бар? Олар осы сауалдарға жауап іздейді. Алдағы уақытта осындай онлайн дөңгелек үстелдерді жиі өткізіп отырамыз, қатысыңыздар, пікірлеріңізді ортаға салыңыздар!

 

 

Ұлттық қорлық пен мәдени дағдарыс

Қазақ тілі – біздің рухани айнамыз, тарихымыз бен мәдениетіміздің куәсі. Әрбір сөзде ата-бабамыздың даналығы, ұлттың ұлы тағдыры жатыр. Бірақ бүгінде қазақ тілінің өз тағдыры алаңдатып отыр. Оған қауіп төніп тұр, әрі бұл дағдарыс тек тілдің құлдырауымен ғана емес, сонымен қатар ұлттың, мәдениеттің, болашақтың да құлдырауымен тығыз байланысты. Қазақ тілінің құлдырауы – қоғамның рухани дағдарысының айқын көрінісі.

 

Құндылықтан алыстау

Ана тіліміз бүгінде мемлекеттік мәртебесіне сай толыққанды қолданысқа енбеген. Үкіметтің, қоғамдық ұйымдардың және жалпы халықтың атқарған жұмыстарын ескергенде, «қазақ тілінің мәселесі шешілуде» деген пікірге күмәнмен қарауға болады. Өйткені, күнделікті өмірде қазақ тілін қолдану аясы әлі де шектеулі. Қалада, әсіресе мегаполистерде қазақша сөйлейтін адамды табу қиынға  айналған. Бұл жағдай, әрине, тіліміздің өз тұғырына көтерілмеуінен ғана емес, халықтың қазақ тілін қолдануға деген ұмтылысының жоқтығынан да туындайды.

Қазақ тілінің күнделікті қолданыстан қалып, екінші дәрежелі тілге айналуы еліміздің әлеуметтік мәселелерінің біріне айналды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде емес, «қосымша тіл» ретінде қаралуы ұлттың өзі туралы ұғымының өзгеріп бара жатқанын білдіреді.

 

Қоғамдық  қатынастардағы орны қандай?

Қазіргі қоғамда қазақ тілінің қолданылуы тым шектеулі деп жоғарыда айттық. Басты себептердің бірі – білім беру, мемлекеттік басқару, жұмыс орындары мен бұқаралық ақпарат құралдары саласында қазақ тілінің қолданылуының жеткіліксіздігі. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақша оқытудың үлесі өте төмен. Қалалық мектептер мен университеттерде қазақ тілінде оқытатын бөлімдер саны саусақпен санарлықтай. Ал шет тілдерін меңгеру мен халықаралық байланыстарды арттыру мақсатында ағылшын және орыс тілдері басымдылық танытуда.

Тіпті мемлекеттік қызмет саласында да  қолданысы өте мардымсыз. Қазақша сөйлейтін адамдар саны көбейгенімен, олардың жұмыс процесіндегі аралас тілдерді пайдалану тенденциясы жойылмады. Кейбір мемлекеттік қызметшілер өздерінің жұмыс міндеттерін қазақ тілінде орындауға қорқатындығын ашық айтады. 

 

Үйренуге деген немқұрайлылық

Қазақ тілі бүгінгі таңда көбінесе «қосалқы» тіл ретінде қабылдануда. Оның маңызы шектеулі, қоғамның білім беру, кәсіпкерлік, саяси өмірі мен мәдениетінде ол тек формалды түрде қолданылады. Қазақтілді әдебиеттер, кітаптар мен ғылыми зерттеулер саусақпен санарлықтай ғана. Ал жас ұрпақтың арасында оны үйренуге деген қызығушылық жылдан-жылға төмендеп келеді. Бүгінгі қазақ жастары көбіне ағылшын мен орыс тілдеріне көбірек көңіл бөледі. Ұлттық тілге деген махаббатты оятатын қоғамдағы құндылықтар, ынталандыратын шаралар жоқтың қасы.

 

Мәдениеттің басқа да салаларында да тіліміз жетімсіреп тұрғандай. Мәдени шаралар мен көрмелердің көбісі, көп жағдайда орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізіледі. Театрлар мен кинолардың басым көпшілігі де орыс тілінде көрсетіледі. Бұл ұлттық сана мен ұлттың мәдени өзіндік ерекшелігін жоғалтуға әкеліп соқтырады.

 

Ақпараттық кеңістіктегі рөлі қандай?

Ақпараттық кеңістік қазақ тілінде толыққанды қалыптаспаған. Қазақстанда басым бөлігінде орыс тілінде басылып шығатын газеттер мен

 журналдар, телеарналар мен радиостанциялар жұмыс істейді. Қазақ тілінде шығатын ақпараттық ресурстар мен басылымдардың саны өте аз. Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде де қазақша жазатын контенттің көлемі тым мардымсыз. Бұл жастар арасында тілге деген сұраныстың төмендеуіне алып к

 

еледі. Ақпараттық кеңістіктегі мұндай теңсіздік қазақ тілінің өз өмірін, даму жолын табуына кедергі болып отыр.

Саяси ерік-жігердің тапшылығы

Тіліміздің дамуына кедергі келтіретін тағы бір фактор – бұл саладағы саяси ерік-жігердің жеткіліксіздігі. Кез келген ұлттың тіл мәселесі – бұл тек ұлттық мәдениет пен сана-сезімнің ғана мәселесі ем

ес, ол мемлекеттің саяси шешімдерін қажет ететін үлкен мәселе. Алайда, бүгінгі таңда осы мәселеге қатысты нақты шаралардың аздығы, саяси ерік-жігердің болмауы халықтың тілге деген сенімін әлсіретуде.

 

Түйін: Тіл – ұлттың болашағы

Қазақ тілінің қазіргі жағдайы тек тілдің ғана емес, тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіретін үлкен мәселе. Тілдің құлдырауы – ұлттың өзінің құлдырауының алғашқы белгісі. Қазақ тілі тек әдебиеттің, мәдениеттің, тарихтың, дәстүрдің көзі ғана емес, ұлттың өміршеңдігі мен тұтастығын сақтайтын басты құрал. Егер біз қазақ тілін құнсыздандырып, оны шетке ысырып тастасақ, ұлттық болмысымыздан айырыламыз.

Қазақ тілін тек заңмен емес, қоғамда толыққанды қолданысқа енгізу үшін алдымен әрбір азаматтың санасында ұлттық тілдің маңызы терең орнығуы қажет. Қазақ тілін қорғау мен оны дамыту – бұл әрбір қазақ және Қазақстан азаматының міндеті. Ұлттық тілдің келешегі – ұлттың келешегі, сондықтан оған деген жауапкершілікті әрқайсысымыз сезіне білуіміз керек.

Іңкәр БИТИМОВА

 

 

Тіл майданы: Оян, қазақ!

 

«Ұжым қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емес» деушілер неге көбейді?

Тілін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр. Қазақ тілінің дәрежесі күннен-күнге түсіп бара жатқандай. Шырылдаған сәбиден, еңкейген қарияға дейін орысша сөйлесетін деңгейге жеттік. Кінә кімнен?  Сол баяғы орыс саясатының әсері ме? Әлде өзіміздің тілге деген немқұрайлық па?

Жас сәбидің бойына ұлттық қасиет анасының сүтімен, тілімен кіреді. Ал анасы өз ана тілінде емес, орысша күбірлеп тұрса, баладан не күтеміз?  

Тіл мәселесі қазіргі таңда үлкен резонанс туғызып отыр. Қызмет көрсету орындарында қазақ тілін талап етсең, өзіңе қарсы дүрсе қоя береді. Тіпті кейбір мейрамханаларда қазақша мәзір жоқ. Қазақ тілінде қызмет етуді сұрасаң, «Міндетті емеспіз» деп басын ала қашады. Мысалға Астана қаласындағы Qazaq Coffee кофеханасын алсақ болады. 2ГИС қосымшасында тұтынушы теріс пікірін қалдырып, содан соң ғана барып  қазақша мәзірдің жоқ екеніне шағымданады. Жауап ретінде «Ұжым қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емес!» деп ақ параққа қара сиямен жазғандай жауап қайтарады. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бұл жағдай халықтың наразылығын туғызды. Артынша 2ГИС қосымшасында 1 күннің ішінде жиырма мыңға жуық теріс пікір қалдырылып, кофехана әкімшілігі кешірім сұрады. Бұл оқиға көпке үлгі болғандай. Мейрамханалардың басшылары қазақша мәзір жасатуға бірден кірісті. Мәзірден бөлек түрлі келісімшарттар қазақ тілінде қате жазылады. Орыс тілінен тура мағынада аударылып, қазақ тілінің құтын қашыруда. 

ҚР Тіл туралы заңының №151, 21-бабына сәйкес, «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады».. Өкінішке орай, заңға бағынып жатқандардың саны бірен-саран.

«Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп-өніп, отбасындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәдениетінің арнаулы құралы – ғылымның атаулы санасы екендігі даусыз.

Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды» деп Бауыржан Момышұлы қазақ тілі мақаласында жазып кеткен. Қазақ тілінің құлдырау мәселесі сонау Кеңес үкіметі кезінен көтеріліп келеді. Бір ғасырға жуық уақыт өтті, алайда мәселе өзектілігін жоғалтпады. Ұлт зиялылары қазақ тілін сақтап қалу үшін ерен еңбек етіп, өмірлерін қауіпке тікті. Біз сол қажырлы еңбекті бағалап жүрміз бе?  

Қазақша сұрақ қоюды «хайп» деген футболшы Нұралы Әліптің пікірі өткен жылы қызу талқыға түсті. Қашаннан бері қазақша сұрақ қою арқылы хайп ұстайтын болғанбыз? Қазақстанда тұрып қазақша сөйлеу қателік пе? Өзге ұлттың алдына жығылып, басымызды иіп жүру қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Орыстілді азаматты көрсек болды, тілімізді қинап болсын орысша сөйлеуге тырысамыз. Біз сол Ресей мемлекетіне аяқ бассақ, қазақша сөйлеп күтіп алмасы анық. 

Өзге тілді үйренбе, сөйлеме демейміз. Тек өз ана тілімізді қастерлеп, құтын қашырмай, қадірлейік. Себебі тіл, бұл – біздің тарих, дәстүр. Бүгін тілімізді ұмытсақ, болашақты армандамасақ та болады. Келешек ұрпақ үшін әрекетті қазірден бастау керек.  Отан отбасыдан басталады, өз отбасымыздың ішінде қазақша сөйлеп,  өзгеге насихаттайық!

 

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» Болашақ өз қолымызда! 

Қарлығаш  ШАҢҒАРАҚШЫ

                                                                       

Өз тілін өзге тілмен шұбарлаған

Тілдің мәнісі де сәнісі де қалмады. Орыс қазақша сайраса, неге таңырқаймыз? Қоғамда «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп мақтанышпен айтқанымызбен, өз ана тілінде еркін сөйлей алмайтын, тіпті мүлдем сөйлеспейтін азаматтар бар. Қарапайым халықты былай қойғанда, ел басқарып жүрген кейбір мемлекеттік қызметкерлердің баяндамалары мен мәлімдемелерін тыңдағанда таңғалмасқа шараң жоқ. Тіпті қоғамдық орындар мен көшелердегі жарнамалар мен атауларға көз жүгіртсеңіз, қателерден көз сүрінеді. Қалай болса, солай жазылған мәтіндерден аяқ алып жүре алмайсыз. 

Қалалық және ауылдық жерлерде қазақ тілінің жағдайы екі түрлі. Ауылдық аймақтарда негізгі қарым-қатынас тілі деп қазақ тілін айтуға болады. Мұнда тұрғындардың басым көпшілігі қазақша араласады. Қалалық ортада орыс тілі басымдыққа ие болып отырғанын байқауға болады. Бұл әсіресе сауда, бизнес, денсаулық сақтау, білім беру және ресми құжат айналымы салаларында айқын сезіледі.  Сонымен қатар, қазақ тілінің қолданылу деңгейін бағалағанда, заманауи технологиялар мен цифрлық платформалардағы жағдайды да ескерген жөн. Бұл салада қазақ тіліндегі мобильді қосымшалар мен цифрлық қызметтердің жеткіліксіздігі байқалады. Көптеген қазақстандықтар күнделікті цифрлық құралдарды пайдалану барысында қазақша интерфейстердің шектеулігіне тап болады. Мысалы, қазақ тіліндегі мобильді қосымшалар, сайттар, әлеуметтік желілердегі контент көлемі әлі де аз. Күнделікті өмірде мынандай бір жағдайды байқауға болады. Қазіргі қазақ тілінде орыс сөздерінің қазақылануы немесе бейімделуі. Бұл құбылыс күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде ғана емес, кейде жазба тілде де кездеседі. Орыс тіліндегі «Звонит» сөзі қазақшада «қоңырау шалу» немесе «хабарласу» деген мағынаны береді. Алайда, көпшілік оны «звандап жатыр»  деп қолданады. «Планировать» сөзі  «пландау»  (қазақшасы: жоспарлау) сынды сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімделіп, халық арасында кеңінен қолданыс тапқан. Мұндай бейімделулер кейде әзіл ретінде қабылданғанымен, кейбірі күнделікті сөйлеу тілінде тұрақты орын алды. 

Дегенмен, қазақ тілінің дамуы мен насихатталуында бірқатар оң өзгерістер бар. Соңғы жылдары мемлекеттік органдар мен ұйымдар қазақ тілінде қызмет көрсетуге көбірек көңіл бөле бастады. Жастардың арасында қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылық артқаны байқалады. Мәселен, қазақ тілінде сапалы контент жасау бағытында жас блогерлер, журналистер және контент өндірушілер белсенді жұмыс істеуде. 

 

Қорытындылай келе, ана тіліміздің  дамуы мен қолданылу деңгейін арттыру – әрбір азаматтың парызы. Тілге деген құрмет, оны күнделікті өмірде қолдану арқылы ғана қазақ тілінің мәртебесі мен ықпалы арта түседі. 

Камила СЕРІКҚЫЗЫ

23.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 39
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381