«Халық қалаулысы болу – үлкен жауапкершілік»

«Халық қалаулысы болу – үлкен жауапкершілік»

Патриоттық сезім – ұлы күш. Ол елге деген құрметің мен ұлтыңа деген сүйіспеншілігіңді қалыптастырады. Туған елің мен жеріңе деген жанашырлығыңды арттырады. Елге қызмет ету мен адалдық та осы ұлы күштен тін тарқатады. Бүгінде негізгі жұмысымен қоса, халық қалаулысы ретінде көптеген игі іске мұрындық болып жүрген азаматтар да аз емес. Солардың бірі – облыстық мәслихаттың депутаты Қойлыбаева Эльмира Серікқызы.

 Эльмира Серікқызы, Сіздің еңбек жолыңыз қарапайым ұстаздықтан басталғанынан хабардармыз. Әңгімеміздің әлқиссасын, ең әуелі осы еңбек жолыңыздан бастасақ…

– Мен, Қойлыбаева Эльмира Серікқызы, 1970 жылы 12 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келдім.
1992 жылы Алматы қаласындағы Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдадым. Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі, біліктілік дәрежем – педагог-шебер.

Еңбек жолымды 1992 жылы Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, 2006-2008 жылдары аталған оқу ордасы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
2008-2010 жылдары Тараз қаласындағы №25 орта мектептің директоры, 2010-2022 жылдары Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының директоры, 2022 жылдан бастап Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарудамын.

– Сіз үнемі салмақты да салиқалы ұстанымыңыздан айнымай, көркем мінездің үлгісін көрсетіп келесіз. Жалпы бойыңыздағы осы қасиетіңіз кімнен дарыған?

– Халқымызда өсіп-өнген жандардың ортасында жиі айтылатын «Бақытты адамдардың ұстамдылығы баянды сәттілік сыйлаған сабырдан тарайды» деген тәмсіл бар. Сол айтпақшы, кез келген ортада сабырлы болып, есті ой, ұтымды пікір айтуға тырысамын. Оған мүмкін ұзақ жылғы жинаған тәжірибе мен айналадан алған көрген-түйгенім де сеп болар. Ал мінезге келсем, әкеме тартқанмын. Әкенің темір тәртібімен өскен ұрпақпыз.

– Халық қалаулысы болу сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

– Көпшілік білетін болар, депутаттарға еңбекақы немесе басқа да артықшылық қарастырылмаған. Айтайын дегенім – бұл жерде мүмкіндігінше елге, халыққа пайдамызды тигізу. Осы сәтті пайдаланып маған сенім артқан, таңдау жасаған сайлаушыларыма көптен-көп алғыс айтамын. Қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, көсемсөзші Міржақып Дулатұлының «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт»  деген сөзі еріксіз еске түседі. Менің бар мақсатым – жергілікті жердің өзекті деген мәселесін жарыққа шығарып, түйінін тарқатуға жәрдемімді беру. Депутат болу – үлкен жауапкершілік!

–  Тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлер көтерген күрмеуі шешілмей келе жатқан қандай мәселелер бар?

– Депутат – билік пен халықтың арасындағы көпір. Жергілікті тұрғындардан әлеуметтік, баспана, жұмыспен қамту сияқты бірқатар мәселелер төңірегінде сұрақтар келіп жатады. Олардың дені заң аясында оң шешімін тауып та жатыр. Жалпы өзекті мәселелер «AMANAT» назарында.

Жуырда біз «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы және облыстық мәслихат депутаты Мүсірепбеков Дархан Оспанұлы мен бірге алдағы қоғамдық кеңес отырысында қаралатын мәселелер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргіздік.

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында қаралатын түйткілдер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында адам өміріне қауіп тудыратын ашық жатқан құдықтар, жекеменшіктегі тозығы жеткен  ғимараттарды көрдік. Және былтыр ғана ашылған денсаулық сақтау басқармасының аллеясында орнатылған төрт әткеншектің біреуі ғана қалыпты. Тұрғындардың салғырттығынан әткеншектер құлап, сынған. Жауапкершілікпен қарамаған. Бүгінгі күнде тұрғын үй балансына өтпегендіктен бұл жерді «Жасыл Ел» мен «Жасыл тараздықтар» қарап жүр екен.

Халықтың игілігі үшін ашылған аллеядағы спорттық алаңшаның жасанды жамылғысы дұрыс қарамағандықтан, уақытынан бұрын тозығы жетіп жыртылған. Ал баскетболдың доп салатын торынан бастап, айналасындағы жердің бәрі бүлінген. Сындырып, жыртып құртылған. Жалпы қала аумағында абаттандыруды көрмеген ойын алаңдары жеткілікті. Олардың ортасында көптеген жылдар бойы қисық және тот басқан сырғанақ және темір әткеншектер тұр. Сынған әткеншектер мен ортасы опырылып жатқан сырғанақтар балалар өміріне қауіпті екені белгілі. Келеңсіз жәйттер орын алып жатса да септиктерді жабуға арналған люктердің мәселесі әлі тоқтаған жоқ. Бұл тек басшылықтың ғана емес тұрғындардың да жауапкершілігінде болуы қажет екендігін зерделеу кезінде кездескен тұрғындарға түсіндірдік. Сондай-ақ балаларға қауіп тудыратын жайттардың бірі – жоғарыда атап өткенімдей, ескі және қирап тұрған бос ғимараттар. Бұл тек құлау ғана емес, қоқысқа толып, денсаулыққа да кері әсерін тигізсе, кешқұрым жат әрекеттерге, ішімдікке әуес жандар жиналып, ата-аналарды алаңдатып отырғаны ақиқат.

– Бұл сөзіңіз орынды. Бүгінгі таңда жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесі, қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Алдын алу жұмыстары жүргізілуде ме?

– Бүгінде қоғамда орын алып жатқан әртүрлі келеңсіз жайттардың алдын алу – біздің міндетіміз. Қашанда болашақ ұрпақ ертеңі үшін алаңдау ата-анамен қатар, атқамінер азаматтардың да әркез есінде. Сонымен қатар бұл және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» партиясының күн тәртібінен бір сәтте түскен емес. Оқушылар мен жүргіншілер қауіпсіздігі үшін арналған жаяу жүргіншілер жолақтары, жарық мәселесі де осы зерделеу барысында біздің назарымыздан тыс қалмады. Бүгінгі анықталған мәселелерді шешу мақсатында алдағы уақытта партия тарапынан жіті қадағалауда болып, қоғамдық кеңесте де қаралды.

Кейбір сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бағыт-бағдар берілуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

– Сіздіңше депутат қандай болуы керек?

– Депутат – сайланатын халықтың өкілі, көзі һәм құлағы. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын ықпалдастық орта. Оның бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік қасиет пен парасаттың болуы шарт.

– Асыл жар, аяулы ана, ұлағатты ұстазсыз. Бала тәрбиесінде неге мән бересіз?

– Жанұяда бала тәрбиесіне аса көңіл бөлінуі керек. Оның жүрген жері, қасындағы досы, мектептегі тәртібі ата-ана назарында болуы – тәрбиенің басты тетігі. Үйге келгенде құрдасымдай сырласып, айналасында қандай жаңалықтар болып жатқанынан хабардар болып отырамыз. Өкінішке орай, қазіргі таңда аға, орта және кіші буынның арасында байланыс арқауы алыстап бара жатқандай көрінеді маған. Егер осы буындардың арасында қатынас жақсы орнаған болса, үлкендердің тәлім, өсиеті жастарға жылы әсер еткен болар еді. Ер бала тәрбиесі расында соңғы жылдары қоғамда өзекті мәселеге айналды. Балаларыммен жиі диалог құруға, сұхбаттасуға тырысамын. «Достық дегеніміз не?», «Дос қандай болуы керек?», «Оны қалай түсінесің?» деген секілді балаларыма сауалдар қойып, ана мен баласы болып пікір алмасуға, ой бөлісуге шақырып отырамын. Бір сөзді болуға, достықты жоғалтпауға, достың орны бөлек екенін түсіндіріп, айтып отырамыз отбасында.

– Келешектегі жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Бәріміздің алдымыздағы мақсат та, мүдде де бір. Ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын әлемге танытып, алға жылжыту. Бізден кейінгі қазақ елінің болашағын әрі қарай дамытып алып кететін тәрбиелі де инабатты жас ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Облыста патриоттық сезімі мол, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіре алатын жастарды тәрбиелеуге қоғам болып жұмылуымыз қажет. Келешектегі ұстаным – өңірдегі халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға жұмыс жасай беретін боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Жұматай Көксубай
23.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 103
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 53
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 137
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 48
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 138
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 103
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 247
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 251
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 462
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 424

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9123
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8520
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11748
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9516
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10729