ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына сапары барысында ауданымызға да ат басын бұрып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Халық қалаулысы ең алдымен қаладағы жылу энергиясын таратумен айналысатын «Шу-Жылу» мекемесінде болып, жылу жүйелерінің қазіргі жай-күйін көзбен көрді. Одан әрі аудандық орталық аурухананы аралап, әлеуметтік нысанның жағдайына қанық болды. 159 орындық аурухана қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Өз кезегінде Бекболат Серікбекұлы алдағы уақытта да қос мекемедегі жұмыстың жүйелілігін сақтау керектігін ескертті.
Сенат депутатының аудандағы сапары Әль-Фараби атындағы орта мектебі мен Д.Қонаев ауылындағы спорт кешенінде жалғасын тапты. Аталған екі нысанның да жуырда ғана пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. Құрылыс сапасын көзбен көрген Б.Серікбекұлы білім ошағы мен спорт нысанының жұмысына қатысты өз пікірін де білдірді. Сондай-ақ, халық қалаулысы бірқатар тапсырмалар жүктеді.