Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық штаб мүшесі Нұрымова Гүлдара Алданышқызы Жамбыл облысы, Талас ауданы тұрғындарымен кездесіп, референдумның мақсаты мен маңызын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.
Талас ауданына жұмыс сапарында ең әуелі халық қалаулысы Талас аудандық орталық емхана ұжымымен кездесуден бастады. Ақ халатты абзал жандар жиналған мәжіліс залында ағымдағы жылдың 05 маусымына жоспарланған ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы референдумның маңыздығы туралы сөз қозғалды. Гүлдара Алданышқызы емхана ұжымына Ата Заңның баптарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы толық ақпарат бере отырып, алдағы маусым айында жоспарланған референдумға қатысуға шақырды.
Кездесу барысында мәжіліс депутатына Талас аудандық емханасының меңгерушісі Гүлнар Каленова учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жұмысының ауқымдылығы, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрілердің сапасының төмендігі және бөлінген дәрі-дәрмек қорын игеру мәселесі туралы шағымын жеткізді.