Халық сендерді кешірмейді

Халық сендерді кешірмейді

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «абырой-атақ» сөзі ел таныған ізгі қасиет, бедел деген мағынаны білдіреді екен. Абырой деген адамға бір күнде қона қалмайды ғой. Адам, меніңше, абыройды шыр етіп дүниеге келген күннен бастап о дүниеге мәңгілікке сапар шеккенше жинайды екен. Сондықтан абырой, атақты ғұмыр бойы тірнектеп жинап, бір сәтте айрандай төгіп алу өте өкінішті.

Соңғы жылдары елдің тізгінін ұстаған, ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс болып, қалың жұртты ауыздарына қаратып, табындырған, бағындырған бірталай билік иелерінің «асаған, жұтқан» былық-шылықтары ашылып, масқаралары шығуда. «Ұят-ай!» десеңші. Қараптан-қарап отырып, олар үшін мен ұяламын. Құдайдай сендік қой. Ауыздарынан шыққан сөздерін ұран санап, жалау қылдық. Мақтау мен мадаққа толы құлаш-құлаш мақала жаздық, ән арнадық, күй шығардық, өлең жолдадық. Құдіретті Алла Тағаладан ұзақ ғұмыр сұрадық. Ертеңгі жарқын болашақтың іргесін қалап жатқан ірі тұлғалар деп аттарын алтын әріптермен аспанға жазып, ескерткіштер тұрғызып, атына көшелер беріп, әулие санадық. Сөйтсек, біздің «көсем» деп санағанымыз пенде екен. Қара бастың қамын ғана ойлайтын қанағатсыз, тоғышар екен. Халықтың игілігіне жұмсалатын ел мен жердің байлығын тұқым-тұқиянымен, жан-жағындағы қаумалаған туған-туысымен, бала-шағасымен жанталасып «сатып», қалталарын қампитып, миллиондар емес, миллиардтаған қаржыны шетелдің банктеріне көртышқандай тасыпты. Тіпті сексеннің сеңгіріне шыққан «пысық» кемпірі де үйінде дұға оқып, жаратқанға сыйынып отырудың орнына, базардағы темір қоймаларды кәсіпкерлерге құжатсыз пәленбай мың АҚШ долларына сатып, зар қақсатқан. Сұмдық-ай! Өріңізден көріңіз жақын емес пе? Мұншама байлықтың Сізге не қажеті бар?! Ол жаққа арқалап кеткен бір адамды көрген жоқсыз ғой. Ақылым жетпейді. Сонда бұлар жүз жыл емес, мың жыл ғұмыр сүруге дайындалған ба?!

 Қазір ол заңсыз иемденген қаржылардың қызығын қазақтың кім екенін білмейтін шетелдіктер көріп жатқанына күмәнім жоқ. Әлі күнге дейін тұрмыстары төмен қараша халықтың аузынан жырып алған «нандары» шетелдіктердің нәпақасы болуда. Мұнымен олар шектелген жоқ, тұлғалардың айналасындағы өрмекшінің торындай тоқылған «ләппай тақсырлары» да сыбайлас жемқорлықты емін-еркін «дамытып», бүкіл елімізге өздерінің «жүйелерін» қалыптастырды.

Пұлға сатылмайтын сала қалмады, «сауда сақал сипағанша» қағидасы етек жайды. Майлы, жайлы орынтақтар саудаланып, бюджеттің бүйірін тендер арқылы теспей сорған алаяқтар, пысықайлар, ауадан да ақша жасайтын ұры-қарылар қаптады, ұзақ-сонар тізімді айтып тіпті тауыса алмайсың.

Енді осы ұзақ жылдар бүкіл жүйені шырмауықтай шырмап, өсіп-өрлеп, таралып кеткен жемқорлықтың тамырын шабу оңай болмай жатыр. Әрине, жемқорлардың бірталайы ұсталып кісенделіп, қамалып жатыр, сотталып жатыр. Еріксіз жағаңды ұстайсың. Ең бастысы халық әділеттілік бар, болады деген сөзге үлкен күмәнді көзқараспен қарайтын болды. 

 Атақты қолбасшы Александр Македонский өлер алдында әріптестеріне айтқан соңғы өсиетінде:

«Мені табытқа салып, оның бүйірін тесіп, қолымды шығарып, ашық күйінде қойыңдар да, сонан кейін табытты көтеріңдер. Жиналған жұрт көрсін. Бүкіл дүниені билесем де, дүниеден қолым бос кетіп барады. Жинадық, тердік, сорымыз құрысын!» – депті. Міне, данышпандық! 

  Бір күні болмаса бір күні жабулы қазаннан қақпақ кетіп, ақиқаттың «айғайлап» шығатынын пәленбай жыл шексіз биліктің тізгінін ұстаған, көпке ақыл-кеңес берген милы «ғұламалардың» білмеуі нағыз сорақылық дер едім. Қысқа айтсақ, апам да аң-таң, мен де аң-таңмын, біз де аң-таң болып сансырап қалғанымыз рас. Шындық деген шыңыраудан су тартып шығарғандай әлі де ашылады. Ұзақ жылдар суретін аялы алақанымызбен сүртіп, көзіміздің қарашығындай сақтап төрімізге ілгеніміз, әрбір сөзіне құрандағы дұғадай сенгеніміз далбаса болғаны ма? 

        Неге осы «ғұлама» тұлғалар абыройларының бір күні айрандай төгілетінін білмеді? Әлде байлық пен барлықпен абыройды да, жақсы атақты да мәңгілікке сатып аламыз деп ойлады ма? Жоқ, абырой сатылмайды! Халық бәрін біліп, естіп, көріп отыр. Сіздер миллиондаған адамдарды жалған сөйлеп «алдағандарыңызды» халық кешіре ме екен? Әй, кешірмейді!.. Екі жеп биге шыққан «ұры-қарының» басым көпшілігіне биліктің «майлы шелпегін» үлестіріп, асап- жеуіне жол берген, бәрін біле тұрып тосқауыл қоймаған адамда ешқашанда енді абырой деген болмайды.

 Бәз-баяғыда биліктің кішкентай ғана шылбырын қолыма берерде бір ағамыз: «Енді сен ханның қызысың, барлық жұрт сынап, саған қарап отыр. Қылдай да қателік жіберуге қақың жоқ!» – деп еді. Енді ойласам, жапанды жалпағынан басқан ханның қызы ғана емес екен... Тамыры тереңге кетіп тамырланған, түйені түгімен жұтатын аш «қасқырдай» үйір топ екен. Ақты қара, қараны ақ деп көрсетіп, қараша халықты енді алдай алмайсыздар. Алдар көсенің заманы келмеске кетті.

 Ақиқатын айтсам, елге сіңірген еңбектеріңіз баршылық шығар, алайда оның барлығы енді келіп айқындалған «былық пен шылықтарыңыздың» көлеңкесінде қалып, жуылып кетті. Обал-ақ! Абыройды жоғалту оңай, сақтау қиын екенін екінің бірі біледі.

Нұрила Бектемірова
01.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 106
ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІСАЙ» КОМАНДАСЫ ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 92
МАҚТААРАЛҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 112

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1245
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7293
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11154
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7354
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7501