Халықтан қорыққан әкім әкім емес!

Халықтан қорыққан әкім әкім емес!

Қазіргі  кезде  жергілікті әкімдер енді  сайланады екен   деген   хабар шықты.  Дұрыс дедік.  Соңғы жылдары орын алған әлеуметтік салада, тұрмыстағы кемшіліктердің бәрін жеке-дара  билік өкілі  әкімнен көру қалыптасқан. Әрине, бұл  әкім-қараның абырой-беделіне нұқсан   келтіретіні айдан анық.   Биліктің тізгінін ұстаған  әкімнен басқа халықтың көзіне ілінер тұлға  жоқ.

Халық – осы қоғамның басты тұлғасы, қозғаушы күші.  Елді тыңдасаң,  көпшілігі ел мен жерді басқарып отырған әкімдерге  көңілдері  толмайтынын жасырмайды.  Бір қызығы  солардың айтқаны  жеме-жемге келгенде  ақиқат болып шығатынына таңғалмайтын болдық. «Халық айтса қалт айтпайды» деген сөздің де жаны бар екен.

Ең бастысы  халықтың  мәселесін шешетін  кадрлар  екенін ежелден білеміз.  Осы жоғарғы жақ   халыққа қол кусырып  қызмет етемін деп ниет білдіретін   болашақ әкімдерге  қандай талап қоятынын  білмеймін.  Билік өкілдері туралы  жергілікті жерлердегі  қоғамдық пікірді зерттеп санасып  жатқандар да   жоқтың қасы.    Бір  білетінім  биліктің тізгіні қолына тиген соң   әкім-қаралар  180 градусқа «өзгеріп» шыға келеді. Әкім  дегендер қазіргі кезде   ақ дегендері алғыс,   қара дегендері қарғыс, түкіріктері жерге түспейтін «орынтақтың» иесі  екені жаңалық емес.  Көбісінің   билікке қол жеткізген  күннен-ақ қара бастарының қамын ойлайтындары жасырын емес.   Олар да  оңай олжа,  көл-көсір табыс табудың  көзін астыртын  іздеп  «тауып» алады.   Ым-жымын білдірмеудің тамаша бір амалы  астыртын   ең шұрайлы жерлерді  иемденіп, егін егіп табыс тауып жүргендерін   екінің бірі   біледі.

 Жерді алса алсын,  егін ексе ексін, «бюджеттің  майлы шелпегі» кеңірдектерінен өтіп  кетпесе  болды дейтін шығарсыздар. Иә, тракторын айдап, суын суғарып  алқапты шөптеп,  егістік басында жүрген әкімді көрген адамның көзі ағып кетпесін. Аты  әкімдікі болғанымен, заты «ләппай тақсыр» деп жүрген  «шаруалардың»  су  тегін атқаратын  үйреншікті  жұмысы ғой. Иә, онда тұрған не бар дейсіздер ғой.  Жылы жұмсақ орынтағы бар, шайын қайнатып беріп отыратын  хатшы қызы бар, бөлмесінен шықпай отырып,  ауадан ақша жасап,  табыстың оңай тәсіліне «машықтанған» әкімдердің бұл іс-әрекеті    қызметін асыра пайдалануға жатпайды деген  адамның аты-жөнін маған айтыңыздаршы. 

 Неге әкім-қаралар өздерін  құдайдың құлағын ұстағандардың қатарына  «жатқызып»  алғандарын түсіне алар емеспін.  Кезінде  екі облыс қосылған кезде   Алматы жақтың  тамыр-таныстықпен  лауазымды қызметте отырған «аш қасқырлары» келіп  бізді  «тонап» кеткенін көзіміз көрді!      Айдалада  малы көшіп,  иесіз қалған  ат шаптырым мал қораларын  құлатып,  мәшинелерге тиеп апарып Алматы шаһарынан ойын-сауық отауын, мейрамхана, екі-үш қабатты  зәулім үйлерді   тұрғызып,  қызметін  бас  пайдасына  асыра пайдаланғандардың аты озған уақыт   болды  ғой.  Тізе берсек, мұндай былық-шылықтар Балқаштың балығынан да көп болады. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлейтін»  заман еді. 

Заман өзгеріп,  биліктің бетпердесі  жаңарады деген    қиял   алдағы уақытта іске асады-ау деп  қатты үміттендік. Қараның  қамын ойлап басы ауырып, балтыры сыздап жүретін жаңашыл  әкімдердің  кейпін  көргіміз келді.   Содан  билікке әкімсымақтардың  жаңа  легі келді ғой.  Бірақ одан не өзгерді? «Баяғы жартас –  бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас» дегендей, олардың  сөздері майда  болғанымен,  ескі  әуен жаңарған жоқ. Тек  «көйлектерін» ауыстырды да, сол қалпында қалды. 

 Биліктің  биігіне шыға салып,  олар айналасына өзінің сөзін жықпайтын, ықпалынан шықпайтын  «жандайшаптарын» жинап алып,  «жеке» саясатын жүргізіп кеп берді.  Тіпті  «командасындағы»  ұнамайтын кадрларды   қудалап қызметтен кетіру «тәсілдері» жүзеге асырылды.  Бір ғана мысал    жаңа жыл кешінде   ертегінің кейіпкері «шертік қарын жасыл Шректың» костюмін киіп  келмедің деп қызметте отырған  жігіттің соңына шырақ алып  түсіп,  ақыры арызын  қолынан жаздырып алды.

 Оның орны белгілі ғой,  қайта  «саудаланды». Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Оны жасатқан  әкім  әлі әкім,  жасаған  «пысықта»  әлі көзі  тірі,  тек қана  биліктерінің  аумағын ауыстырып үлгерді.  Күні кешегі  осыдан... осыдан мен  әкім болсам деп алақандарына тұкіріп берген  «уәделері» де желмен ұшып кетті. Халықтың қарасын көрсе қорқатын  әкімдерге,  әй, көңіліміз толмайды, толмайды!    Қашқалақтамай   топ  алдына шығып қасқайып тұрып  мойындарына жауапкершілігін алып сөйлейтін, қараша халықтың  сұрақтарына  жауап бере алатын    «патриот»  әкімдер бір аудандарда бар шығар, бірақ    біраз жерлерде болдым,  көре алмадым.  

Кей кезде   жаңадан  қызметтің тізгінін ұстаған әкімдердің  жаттанды  сөзін, іс-әрекетін  көргенде   «Мынаны  қай көшеден ұстап алып келген?» деген  ащы сұрақ еріксіз көңіліңе оралады. Саны бар, сапасы жоқ  ауыс-күйістер жиі-жиі болып жатқандықтан,  әкім-қаралардың ісі тұрмақ, жүзі тұрмақ, ата-тектерін де есімізде сақтап үлгере алмаймыз. 

Әрине,  бәрі сондай деуден аулақпыз. Екі білекті сыбанып, шаруаның басы-қасында жүргісі келетін  жас   әкімдер де кездеседі. Неге екенін қайдам, біздің Талдықорған қаласына соңғы бес жылдың ішінде әкім тұрақтамайды.  Келген лауазым иесін ісіне қарап, бағасын беретін адамдармыз ғой. Қала болған соң, мұнда шаруа деген  атқарған  адамға жыртылып айырылады.

 Бір күні біз тұратын көп қабатты үйдің  астыңғы қабатындағы  су жүретін труба жарылып кетті. У-шу  болып қалдық.  Бәрі жекеменшіктің  терезесіне,   қалтаның қаржысына «телмірген» уақыт қой.  Енді бұл күрделі мәселені кім шешеді  екен   деген батпандай сұрақ туындады. Аяқ астынан  суырып салатын қаржыны жинаудың өзі  жеке пәтер иелерінен еншісінде. Біреуде бар, біреуде жоқ  деген даулы әңгіме  бізде де жетерлік. Енді он екі қабаттың үйдің 100 жуық пәтері  сусыз қалды, оған әжетхананы қосыңыз.

Далаға шықсам, аулаға бір көлік тоқтады да,  ішінен  екі адам түсе қалды.  «Е-е сантехниктер келді ғой» деп қуанып қалдым. Олар  үйдің  подвалына түсіп кетті.  Содан әйтеуір өліп-талып жүріп  таң ата пәтерімізге  су келді. Алақайлап қуандық!   Тұрғын үй кооперативінің  төрайымынан естігеніміз.  Әлгі келген қаланың әкімі екен. Жанына қажетті мамандарды ертіп келіп, өзі бақылап, керек  бөлшектерді тапқызып,  суымызды жөндеп беріп кетіпті. Таңғалдық. Риза болдық.  Әкім деген осындай болуы керек деп баға беріп үлгердік.

 Ол қуанышымыз көпке бармады. Бірталай қаланың шаруаларын жасаймын, іші-сыртын  жөндеймін деген әлгі  халыққа  жақын әкімді  көп ұзамай жұмыстан босатып тастапты. Көптеген   тұрғынның  пікірін жақын маңда құлағына ілген ешкім болмапты. Одан кейін  келген әкімдердің  түр-түсін көрген емеспіз. Тіпті  екі  әкім тағы ауысып үлгеріпті. Тындырғандары да  көзге түскен жоқ. Әйтеуір  жылы қызмет  орындарынан батылдары барып  көшеге шығып халықтың көзіне түсіп қалудан сескеніп  тығылып отырады-ау деген күдігім бар.

Бір қызығы, әкімдер өздері қандай болса,   қоластыларына  да сондай сауаты шамалы, беделі жоқ  «ләппай тақсыршыл»  кадрларды жинап алатынын қайтерсің. Көбісі тамыр-таныстықпен  қызмет алғандар.   Бармақ басты, көз қыстылық қалыптасып жүйеден  кетпей қалған.   Талай  әкімдіктерге  барып жүрмін.  Кейбір бөлім бастықтары адаммен сөйлесудің этикасынан жұрдай, мәлімет сұрасаң,  жоғары жаққа  жалтаңдап, мұрын астынан міңгірлеп жауап бере алмайды. Өзі  қызмет жасап, жалақысын алып отырған ауданының да тарихынан бейхабар. Осы кадрлар  қараша халықтың алдына шығып   мәселесін  шешіп  береді дегенге үлкен күмәнім бар. Әйтеуір заңда сондай, заңда мұндай деп  қағазбен бастарын қорғаштап,  дәл сол сәтте шешіле салатын   мәселелерді созбақтап,  жазған арыз-шағымдарды   «шыр көбелек айналдырып» допша қағып, құрдым суға кетіру әдетіне машықтанып алған. 

Қырық жыл  Кеңес дәуірі  кезінде, кейінгі  әкімдік аппаратында   жауапты қызмет атқарған  адам  болғандықтан,  олардың  «ерсі» әдет қылықтарын  көргенде қатты қынжылып қаламын. Не дерсің?  Әйтеуір  «жарайды, жарайды, аман болайық» деп  өз күндерін өздері көріп, бас шұлғыған  қараша халқымнан айналайын.  Күн сайын қымбаттап бара жатқан  азық-түліктің,  тұрмысқа қажетті тауарлардың  «қара дауылына» төтеп беріп,   атан түйенің «жүгін»  көтеріп, бір күні әлсіреп құлап түспесе болды ғой. 

Нұрила БЕКТЕМІРОВА
10.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

«БІР ҚАЙНАУЫ ІШІНДЕ ЖАТҚАН»  ПАРЛАМЕНТ
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 11.01.2025 67
ҚАРА ҚЫЛДЫ  ҚАҚ ЖАРЫП
Болат ЖАППАРҰЛЫ, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі - 11.01.2025 29
ҰЛУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ІРІ ОҚИҒАЛАР
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 10.01.2025 59
Халықтан қорыққан әкім әкім емес!
Нұрила БЕКТЕМІРОВА - 10.01.2025 22
«БІР ҚАЙНАУЫ ІШІНДЕ ЖАТҚАН»  ПАРЛАМЕНТ
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 11.01.2025 67
АТЫ КОЛЛЕДЖ БОЛҒАНЫМЕН, ЗАТЫ ИНСТИТУТ
Жандос ОМАРОВ, Жамбыл облысы, Қордай ауданы - 09.01.2025 83
БАР  ЖАМАНДЫҚ ЕСКІ  ЖЫЛМЕН КЕТСІН!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 09.01.2025 72
ЖАСЫН ҒҰМЫР (Абайдың өнегелі інісі Халиолла Құнанбайұлы туралы)
Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ, журналист, өлкетанушы, Абайтанушы, Абай облысы Абай ауданы, Қарауыл ауылы - 09.01.2025 54
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 1423
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 1840

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 12668
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11571
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 14810
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 13756
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 18777