Халықтың пікірімен санаспаған биліктің ғұмыры қысқа

Халықтың пікірімен санаспаған биліктің ғұмыры қысқа

Өткен сайлау сырт көзге көрінбейтін, бірақ біздің қоғамда санаға терең сіңіп, қалыптасып қалған көптеген қарама-қайшылықтың бетін ашты. Отыз жыл бойы «бәрі жақсы, бізге дамыған отыз елдің қатарына жетуге жарым-қарыс уақыт қалды» деген авторитарлық биліктің ұраны мен жасанды көрсеткіштері халыққа кедейлік пен әділетсіздіктің қамытын кигізгені аян. Қоғамда сол қайшылықтар бір күнде пайда болған жоқ, ол биліктің мемлекет құрудағы халықтың мүддесін қорғайтын нақты ұстанымы – ұлттық идея негізіндегі идеологиясы жоқ болуына байланысты, елімізде ескі Кеңес дәуірі мен жаңа нарықтық капитализмнің идеялар ықпалымен пайда болған (суррогат) «Қоғамдық санаға» тәуелді болуынан туындаған еді. Осы «Қоғамдық сананың» ықпалымен ел ішінде «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген бағытқа қарсы сенімсіздік туып, ұйымдастырылмаған жаңа халықшыл оппозициялық ұғымды оятқан табиғи (объективті) қозғалыстың қадамдары пайда болғаны сөзсіз. Бұл ақиқат, соны ұғу қажет. Өйткені жоғары билікке келген бұрынғы саяси элитаның өкілі Тоқаев мырза, өткінші (транзитный) тұлға ретінде екі жылда ескі бағытты өзгертуге ұмтылғанымен, өзгеріс әкелетіндей халықтың пікірімен іс жүзінде санаспай, өз ойын ашық айтқандарды бұрынғыдай қуғындау тоқталмай жалғаса берді. Ал Қаңтар оқиғасынан кейінгі оның бірден бұрынғы ұстанған бағытынан бас тартуы халыққа ұнағанымен, жігерлі қимылдар жасау кезіндегі жіберген біраз қателерінің жауапсыз қалуы, биліктің бұқара халыққа емес, күштік жүйеге сүйеніп, оны күшейтуі және мемлекет тілін меңгермеген, ұлттың мүддесі мен жан дүниесін ұқпайтындарды елдің қауіпсіздігіне байланысы бар жоғары лауазымға әкелуі жұрттың сеніміне көлеңке түсірді. Мұндай кадр таңдаудағы қателік әлемде бір елде жоқ. Тәуелсіздікке қолы жетіп ұрпағының келешегін ойлайтын халық үшін, ең үлкен мақсаты елінің егемендігі сақталып, басқа алпауыт, империялық ұстанымдағы елдің ықпалына ұшырамау мәселесі екені аян. Халықтың азаттығы жері мен елінің ар-намысының сақталуымен мәңгі жасайды. Басқа жол жоқ. Осы айтылған себептермен қоса халықтың сеніміне үлкен көлеңке түсірген бір мәселе бар. Ол «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегендердің ішіндегі кезінде авторитарлық жүйені қолдап, соны мадақтауда жарысып еңбек  сіңіргендердің Президенттің «кеңесшілеріне» айналып, осы сайлауда халықты үйреншікті саяси тәжірибесі мен жаттанды әдістері арқылы аса белсенділік танытып ұйымдастырулары да жұрттың күмәнін тудырған еді. Тағы басқа да себептердің салдарынан қоғамда пікір екіге бөлініп, жыл басындағы эйфорияға беріліп, Президентті қолдаған жұрттың саны күрт азайғаны белгілі.  Үміт пен күмәннан арылмаған жұрт сайлаудың нәтижесіне ынталы болмай біз барсақ та, бармасақ та «күш» кімде сол жеңеді дегендей, халық қоғамның келешегіне енжарлық көрсеткен күй кешті.  Қоғамда пайда болған осындай жағдайға, ел арасында бұрыннан келе жатқан билік пен халық арасындағы қарым-қатынас алшақтығына байланысты, жұрт ішіндегі «...ешқандай өзгеріс болмайды «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген бос ұран, оған сену – «тумайтын сиырдың уызын күту» дегендей пікірлер таралуы да ықпал еткен сияқты. Уақыт бәріне үкім шығаратыны белгілі. Уақыт келді, сайлау өтті. Өмір жалғасып жатыр. Басқа жол жоқ.  Енді билік пен халық ұлттың келешегі үшін ортақ мәмілеге келетін жол табуы қажет.

Не істеу керек?...  Осы шешімі ауыр қиын жолдан шығудың жолы бар ма? Өмірде шешілмейтін мәселе жоқ. Ол үшін халық пен биліктің бірлігі мен ынтасы болуы қажет.  Сол деңгейге қалай жетуге болатынына тоқталатын болсақ:

Бірінші, қоғамды өзгерту биліктегі Тұлға мен саяси элитаның қолында деген ұғым қоғамның табиғи даму заңдылығына қайшы екенін ескеру керек. Халықтың қолдауына ие болмаған билік әрқашан ұтылады. Қоғамдағы қайшылықтардан арылу үшін билік пен халықтың қарым-қатынасы өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілуі қажет. Яғни билік те, халық та отыз жылдан аса қалыптасып қалған қоғамдық сананы өзгертуді қолға алуы керек. Жаңа сайланған Президент шын халықтың мүддесін ойласа, «Жаңа Қазақстан» ең алдымен билік пен халықтың арақатынасының өзгеруіне үлкен мән беруі тиіс. Яғни халықтың үнін есту құрғақ сөз болмай, билік жүйесінің әр қадамында нақтылы іспен көрініс табуы қажет. Бұл оңайшылықпен шешілмейді, бірақ онсыз түбегейлі өзгеріс (реформа) болмайтынын ұғу қажет. Халықпен кеңесіп, өмірде туындайтын мәселелердегі әрбір қайшылықты бірігіп шешуді іске асыру қажет. Басқару жүйесі, кадрлерді таңдау мен тәрбиелеу талапқа сай өзгеріп, ғылым мен тәжірибеге сүйеніп, халықтың менталитетіне жанаспайтын басқа жұрттың тәжірибе-матрицасын саясатта да, экономикада да ойсыз көшіруге жол бермеуі қажет. Әр дамыған ұлттық мемлекеттерде осы қағиданы қатал сақтайтыны белгілі. Мемлекеттің басқару жүйесіне ықпал жүргізуді сайлауда жеңіп алған партияның ғана үлесіне айналдыру, ол сол партияның диктат жүргізуіне әкелетінін ескеріп, билік сатыларында ұлт мүддесін қорғайтын басқа партиялар мен қоғамдық ұйымдардың да болуына жол ашу билікті халықтың мұң-мұқтажына тұрақты көңіл бөлуіне, билік пен халық арасының қарым-қатынасының жақындауына әкеледі. Сонда ғана елімізде мемлекетшіл өзіндік ұлттық сана пайда болып, соның негізінде жаңа қоғамдық сана қалыптасады. Қоғамдық жаңа сана қалыптастырмай, «Жаңа Қазақстан» болады деген негізі жоқ, бос қиял. 

Екінші, биліктің қадамына сенім жоқ дейтіндер де, біз оппозициямыз, саяси жүйені өзгертеміз деп, билікке  келуді аңсайтындар да, халықтың қамын ойлайтын зиялылар да, тағы басқа кеуде соғып жүргендер де өз амбициясын әзірше тежеумен ақылға жол беріп, «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегендерге мүмкіншілік жасау әр адамның және барша халықтың алдындағы азаматтық борышы екенін ұғуы тиіс. Өйткені сайлауда өз пікірін дауыс беріп білдірген халықтың күтетін үмітіне ешбір адам, не топ қарсы бола алмайды. Сонымен қатар, сайлауға қатынаспаған жұрттың көпшілігі енжарлық танытқанымен, олардың да үміті елімізде өзгерісті тілейтінін ескеріп, өзін күрескермін дейтін азамат өзін халықтан жоғары қоятын өзімшіл, надандыққа әкелетін тәкаппарлықтан арылуы қажет. «Бөлінгенді бөрі жейді», келешек үшін осыны ұғу керек. Қолдау деген енжарлық танытып тыныш жату емес, қайта халықтың мұң-мұқтажын шешетін мәселелерге ақылмен парасатты, сауатты белсенділік танытып, биліктің ынта-қайратын әділетті шешім қабылдауға ықпал ететіндей іспен шұғылдану керек. 

Биліктің әр қадамы халықтың мүддесіне адал қызмет көрсететінін жұрт анық сезінетін қоғам құруға ұмтылысқа ықпал ету қажет. Қоғамның басты құндылығы – тәуелсіз елінің, жерінің намысы мен барша халқының кедейліктен құтылып, әлеуметтік жағдайы дамыған елдердің деңгейіне жетіп, әділетті ұлттық мемлекет құру. 

Тек осы мақсатқа жұмыс істеу қажет, сонда мемлекет күшейеді. Атақ, мансап, мадақ пен байлықты ғана аңсағандар ешқашан халықтың мүддесін қорғамайды. Қоғамдық сана өзгермей, қоғам өзгермейді. Сана өзгеруі әр азаматтың өз ар-намысына кір келтірмей, өзімшілдік пен тәкаппарлықтан арылған, жігерлі, намысқой, парасатты, білімді болуға талпынып, өзіне қатал талап қоя білуімен өсетін ұрпаққа өнеге, үлгі болуына байланысты. Сонда ғана мемлекетшіл, елін, жерін бағалайтын, халқының мүддесі мен намысын қорғайтын ұрпақ өседі. 

Үшінші, ел иесі – келешек ұрпақ. Сондықтан өзгеріс тек ел билігінің өзгеруіне ғана байланысты емес, ол сол билікке ықпал жасай білетін жаңа мемлекетшіл, өз ұлтының мүддесін қорғайтын ары таза оппозиция қозғалысы болуына байланысты. Оның мақсаты халықтың «көзі мен құлағы» болып, биліктің шалыс қадамдарын түзетуге ықпал ететін сауатты ұсыныстарымен, билікті кезі келгенде халықтың қалауымен өз қолына алатын деңгейге көтерілуі қажет. Оппозиция елдің барлық түкпірінде халықтың талабы мен мұқтажын сезініп жұмыс істейтін болса ғана оны халық қолдайды. Қазіргі үлкен қалаларда отырып, жұрттың әлеуметтік жағдайы емес, тек саяси мәселемен ақпарат құралына сүйеніп кемшіліктерді тізіп, бірақ соны қалай түзетуге болатын  ұсыныстары жоқ топтар ешқашан көпшіліктің қолдауына ие бола алмайды. Оппозицияның өміршең болуы халықтың өмірімен біте қайнасып, олардың мұң-мұқтажы, арман-ойымен өмір сүре білуге байланысты. Еліміздегі қазіргі оппозициямыз деп жүрген топтардың жіберген кемшілігінен тазарған абзал. Оппозицияны ақшаның қорына не шетелдің көмегіне сүйеніп билікті кетіретін күш деп ұғу сауатсыздық болады. Нағыз оппозиция жер мен елдің мүддесін қорғайтын мемлекетті өздерінің озық ойлы істерімен жетілдіретін күш болуы тиіс. Ондай күш болу үшін ары таза, білімді, қоғамдамуы мен әлемдегі елдердің тарихынан хабары болуы, философия, экономика, психология және саяси ілімді меңгеруі қажет. Сондықтан оппозиция өзіне кеңес беретін кейбір «ғалымсымақ», «философтардың» сауатсыз, зиянды  саяси тұжырымдары жастарды теріс жолға апаратынын ескеруі қажет. Кейбір ақпарат құралдарының еліміздегі оппозицияның сәтсіз қадамдарын ақтап, оған халықты кінәлап, «..қазақ халқы надан, Батыс елдерінің мәдени деңгейінен артта қалған» дегендей ұлтқа ашық күйе жағуға дейін барған сауатсыз оқымыстының тұжырымдарын жұртқа тарауын зиялы қауымның үнсіз қабылдауы да ойланатын жағдай. Оппозицияның мықты, халықтың қолдауына ие болып жетілуіне, оны ұйымдастырушылар мен қолдаушылардың ары таза, байлық үшін елін тонамаған, парасатты, өз ұлтының намысын қорғайтын, жұрт сыйлайтын азаматтар болуы қажет. Сонда ғана халықтың қолдауына ие болатынын ұмытпау керек. Халық қолдаса, бүгінгі оппозиция – ертеңгі мемлекет билігіне келетін күш. Өйткені халықтың үнін естіп, пікірімен санаспаған биліктің өмірі қысқа болатынын ұмытпау керек. 

 

Болат ДҮЙСЕНБІ
05.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380