Астананың қақ төрінде бір жамбастап жатқан «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығын білмейтін адам жоқ. Сонадайдан менмұндалап тұратын алып кешен Астанаға көрік беріп тұрғаны да рас. Алайда соңғы уақытта түрлі алып-қашты әңгімелер де басынан арылмай жүр. Соның бірі ұлттық киім киген жергілікті тұрғындарды «Хан Шатырға» кіргізбейді екен деген қауесет бір блогердің жазбасымен әлеуметтік желіні шарлап кетті. Көпшіліктің ашу-ызасына да тиген осы оқиға болатын.
Кеше ғана «Хан Шатыр» басшылығы қазақтың ұлттық киіміне қатысты тараған видеоға ресми жауап берді. Түсінбеушілік болғанын айтып, халықтан кешірім сұрады.
«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы ешқашан және еш уақытта қазақтың ұлттық киімін киюге қарсы болған емес, себебі бұл – біздің ұлттық құндылығымыз. Керісінше, алғашқы күндерден бастап бүгінге дейін біз мемлекеттік ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып, ұлттық мұрамызды, дәстүрлерімізді және өнерімізді насихаттауға бағытталған іс-шараларға белсенді көрсетіп келеміз, – деді ойын-сауық орталығы.
«Хан Шатыр» қазақтың мәдениетін, дәстүрлері мен тілін сақтау мен өркендеуге бағытталған барлық бастаманы қолдауды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Өкінішке қарай, сауда орталығының келушісі мен күзет фирма қызметкері арасында түсінбестік пен жағымсыз оқиға болды. Осы жағдайға байланысты біз осы оқиғаға тап болған келушімен кездесіп, мән-жайды толық түсіндіріп, ресми түрде кешірім сұрадық. «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының атынан осы оқиға салдарынан көңіліне қаяу түскен Қазақстан Республикасы азаматтарынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз және осындай келеңсіздіктер қайталанбайды деп үміттенеміз, – делінген орталықтың ресми жауабында.
Тек ұлттық киімді ұнатпайтын күзет фирма қызметкеріне қандай жаза қолданылғаны айтылмапты. Халық сынынан ол қызметкер аман құтылып кетсе, келешек тағы қайталамасына кім кепіл?