ХХІ ғасыр бекеті. Мәңгілік елі үшін барын да, нарын да аямай жүрген азамат

ХХІ ғасыр бекеті. Мәңгілік елі үшін барын да,  нарын да аямай жүрген азамат

Еліміздің батыс аймағының орталығы саналатын Ақтөбе өңірі мен оңтүстіктегі шырайлы Шымкент, тіпті тұтас Түркістан облысы арасында ортада Сырдың алтын бесігі – Қызылорда облысы орналасқанына қарамастан, достық қарым-қатынас сөгілместей қалыптасты. Қыз алысып, қыз беріскен дәстүр құда-жегжаттығымызды мәңгі бекітті. 

ТАСҚА ЖАЗЫЛҒАН ТАРИХ | Қазақ Әдебиеті - QazaqAdebieti

Халқы тығыз орналасқан, тірлігі сан-салалы аймақ басшылығында Ақтөбенің озық ойлы азаматтары еңбек етіп, әдемі қолтаңбасын қалдырған. Солардың бірі – киелі Байғанин өңірінің перзенті Нұрдәулет Күзенбаев өткен ғасырдың елуінші жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы, кейін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Тағы бір белгілі жерлесіміз, ғалым, профессор, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Зәкіратдин Байдосов университет бітірген соң, Созақ ауданында аудандық комсомол комитетіне жетекшілік еткен жылдарын тебіреніспен еске алады. Шымкентте туып-өскен көрнекті партия қайраткері Василий Ливенцовтың облысымызға басшылық жасаған он үш жылында көптеген игі шаралар тындырғанын тұрғылықты халық әлі күнге жыр қылып айтады.

Жаужүрек бабаға тағзым

Балаң шағымызда үлкендердің есті әңгімесінен батыр бабамыз Тілеу Айтұлының екінші ұлы Жолдыаяқпен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам шайқасында мерт болып, асыл сүйектері Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленгенін естуші едік. Кеңестік қатал саясаттың салдарынан екінің біріне бұйыра бермейтін мұндай тектілікті тереңірек зерделеуге құлықты бола қоймаппыз. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланған соң ғана қолтығымыз сөгіліп, тарих қатпарына үңілудің орайы келді. Онда да Кемейдулла Төлеубай, Сматолла Беркімбаев, Зәкіратдин Байдосов сияқты көнекөз ағалар құлшынысы кейінгілердің санасын сілкінтті. Осы тұста оқырманға түсінікті болуы үшін жаужүрек тұлға хақында қысқаша мағлұмат берген жөн. 

Кіші жүзде алты ата Әлімнің бір баласы Жаманақ, оны ел аузында Шекті деп те айтады. Жаманақтан – Өріс, одан Бөлек, Бөлектен – Айт, Бұжыр. Әңгімемізге арқау етіп   отырған Тілеу – осы Айттың баласы. 1630 жылы туып, 1684 жылы жорықта қаза тапқан. Тарихтан мәлім, халқымызды қан қасап қырғынға ұшыратқан – жоңғар басқыншыларының қатігез пиғылы. Ел шетіне жау тигенде үш жүзге жаушы арқылы хабар жіберіледі екен. Сұмдық жағдай құлаққа шалынған соң, батыр бабамыз Тілеу батыс аймақтан он жеті мың қолды бастап Түркістанға, одан әрі Сайрамға аттанады ғой. Тумысынан батыр әрі би тұлға мұның алдында Күлтөбеде Әз-Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысып, өз пікірін тайсалмай ашық айтқан деседі. Үш жылға созылған дүлей соғыста есіл ер баласы Жолдыаяқпен оққа ұшады.

Ғұлама ғалым, академик Мұрат Жұрыновтың 2000 жылғы 18 тамызда Түркістанда өткізілген ғылыми-теориялық жиында айтқан мына тұжырымы біраз жайдан хабар береді: «Қазақ елінің алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы ұрыста ерлік көрсетіп, қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені қалмақтардың қолында Сайрам кетсе, Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді? Иранға, Парсы еліне сіңіп кетер ме еді? Кім білген...»

Осындай жанкешті әруақты тірілтіп, ел жадына оралту жолында аянбай тер төккен ұрпақтарының алдыңғы легінде Жұманазар Асанов, Серікқали Байменше, Өмірзақ Озғанбаев, Зауытбек Тұрысбеков, Қанатбай Елеусізов, Мейіржан Өндіргенов және басқа азаматтарды айтар едік. Көп болып жұмыла қимылдаудың нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында Тілеу батырдың ат үстіндегі алып бейнесі бой көтерді, Шымкент шаһарының орталық алаңдарының бірінде әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқтың зәулім ескерткіші ерлікті асқақтатып тұр. Астана, Түркістан, Ақтөбе қалаларында көшелерге баба есімі берілді. Ғылыми-теориялық мәслихаттарда жаужүрек тұлғалар жайында жаңа деректер ортаға салынды. Қоғам және партия қайраткері Кемейдулла Төлеубайдың 751 беттік «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» атты көркем безендірілген кітабы 2015 жылы бір мың дана таралыммен басылып шығарылды.

Ақиқатты айтқан жөн, ақтөбелік ағайындардың осындай игі шаралар тындыруына Шымкент өңірінде тұратын зерделі азаматтар өлшеусіз үлес қосты. Бұл тізімнің басында облыста ауылшаруашылығын дамытуға еңбек сіңіріп, жасы 90-нан асып дүние салған Құдайберген Оңғаров тұрар еді. Бұл кісі зейнет демалысына шыққаннан кейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарыпты. Тілеу Айтұлы туралы деректерді толықтыру қамымен Ақтөбеден Шым-қалаға арнайы бірнеше мәрте барған Кемейдулла ағамызға жолбасшы ретінде сол тұстағы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болған және шынайы тарихқа көз жеткізген де – осы Оңғаров. Ақсақал мұнымен шектелмей, Сайрам қаласының іргесінде он бір мың боздақ жерленген төбені көрсетіпті. Көп ұзамай бюджеттен ешқандай қаржы шығарылмастан халықтың өз ықыласымен қаржы біріктіруі нәтижесінде әлгі төбе қоршалып, белгі қойылды.

Бекет Тұрғараев | OTYRARҚұдайберген ақсақалдың қасында жүріп, ортақ мүдде маңызын дұрыс ұғынуымен ақтөбеліктер ризашылығына бөленгендер санатында медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор, белгілі меценат Бекет Тұрғараевты, журналист Суханберді Оразалыұлын, басқа да көптеген жанашыр замандастарды айтар едік. Олар негізгі кәсібінен қол үзбестен қадари-халінше көмек берді, алыстан ат терлетіп келген ақтөбеліктердің жағдайын жасады. 

Осы топтың ішінде Бекет Тұрғараев турасында арнайы сөз етуді жөн санадық.

 

 

Елім деп еміренген ер

Ақтөбе облыстық сотына біршама жылдар бойына Иран Әміров төрағалық етті, кейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып сайланды. Жарықтық, үнемі ізденісте жүретін, ойлау көкжиегі кең азамат еді. Төраға    бастамасымен облысаралық, тіпті республикалық ауқымда өткізілген жиналыс-кеңестерге бірнеше мәрте қатысқанымыз бар. Сондай басқосудың бірінде келбетті, дидарынан жылылық есіп тұрған азаматты «Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бекет Тұрғараев» деп таныстырды. Кәсібін жетік меңгергеніне, орысқолды өңірде қайырымдылық шараларын батыл қолға алып, мінсіз тындырғанына екпін берді. Петропавлдық қонақтың нақты мысалдарға, бұлтартпас дәлелдерге толы сөзі Иран аға сипаттамасын толықтырып, қатысушылар көңілінде ұмытылмастай әсер қалдырды. 

Кейін де заңгер ағамыздың Ақтөбеге сапары жиілей түсті. Әр келгенінде осы жазбамыздың алғашқы бөлімінде есім-тегі келтірілген Ақтөбе облысының құрметті азаматы Кемейдулла Төлеубайға арнайы сәлемдеседі. Бұл кісі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымында бастапқыда жауапты хатшы, кейін төраға болып, үзіліссіз он алты жыл қызмет атқарды, кейін қоғам президенті Өмірзақ Айтбайұлының батыс өңірдегі кеңесшісі болды. Зиялылар тоқайласқан ортада әңгіме тіліміздің қазіргі деңгейі, тәрбиелік тағылымы зор ұлттық салт-дәстүрлерді өрістету тұрғысында өрбитіні белгілі. Сонда Тұрғараевтың ел жағдайын, ұлттық мүддені бірінші қатарға шығарып, өз тұжырымдарын тайсалмай ашық айтатыны тәнті ететін. Және қай өңірде қандай қызмет атқарса да осы ұстанымнан танған жоқ. Тіпті Атымтай жомарттығы жайында жиі естіп, ықыласымыз еселене түсті.

Өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы басым болғандықтан, орыс тілі үстемдік құрған солтүстік өңірде сот төрағалығын қапысыз атқарумен бірге мәдени-рухани шаруаларды жадынан шығармаған. Ғасырдан-ғасырға жеткен «Елім-ай» дастанының және әйгілі «Жеті жарғының» авторы Қожаберген жырауды үлкен кеңістікке шығаруының өзі не тұрады?! Арнайы қайырымдылық қорын ашып, бюджетке ешқандай қол сұқпастан қаржы көзін үйлестірді, әрқилы кедергі-кесапаттарға тойтарыс бере жүріп, даңқты бабамызды ғылыми айналымға шығарды. Бұл мәселеде қажетті қаржының едәуір бөлігін Тұрғараев жеке өз есебінен жұмсады.

Базбіреулер үшін бұл әңгіме ұсақ-түйек болып көрінер. Жоқ, олай емес. Еліне, туған халқына адал пейілімен жаны ашып, келешекке алаңдайтын адам ғана іріден турап, кесек қимылдайды. «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымында төраға орынбасары болған кезімізде ұйымның отыз жылдығын кең көлемде атап өтуді, соған арнап арнайы кітап шығаруды ойластырғанымыз бар. Мұндайда еріксіз демеуші көмегіне жүгінесің. Меншігінде бірнеше мейрамханасы, жеке шаруашылығы, техникалық күтім стансасы бар кәсіпкерге арнайы қолқа салдық. Жиналыстарда көсіле сөйлеп, көрінуге құштар әлгі жігіт қырық мың теңге әкеліп тұр. Ауыз шаюға жетпес дүние. Әрине, болмашы дүние деп сөгуді заң көтермейді, ренішімізді ішке бүктік. 

Біздің Бекет ағамыз үшін мұндай жадағай тірліктің қисыны мүлде келмейді. Себебі ол – әуелбастан жеке бас қамынан гөрі бар білген-түйгенімді, жиған қазынамды халқымның қажетіне жаратсам деп ойлаған азамат. Игі қасиеттеріне араласып-сыйласқан азаматтар сан мәрте куә болды. Белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай «162 олигарх және Бекет» деген көлемді мақаласында Тұрғараевтың Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болған тұсында өңір тарихын түгендеп, ақын-жазушылардың 50 томдығын жарыққа шығаруға ұйытқы болғанын жазды. Онымен шектелмей Қадір Мырза Әлидің 20, Әзілхан Нұршайықовтың 10, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 7 томдығын шығарып бергенін, энциклопедиялар, басқа да жеке кітаптар шығаруындағы ынта-ықыласын атап көрсетті. («Ана тілі» газеті – №22(1646), 2-8 маусым 2022 жыл). «Махаббат жыршысы» атанған Әз-Аға – Ә.Нұршайықов 2007 жылдың 8 маусымында Бекетке арнайы хат жазып, былай толғанады: «Бір кісі – бір кісіні, көп болса – 10 кісіні қуанта алады. Ал, 100 кісіні кім қуантады?! 1000 адамды қуанту кімнің қолынан келеді? Осы ғажайып іс Сіздің қолыңыздан келіп отыр. Сіз 10 томдық шығармалар жинағымды шығарып беріп, мені мәңгілік бақытты еттіңіз...» 

Оқырманға түсінікті болсын, әлгі он томның әрқайсысы бір мың дана таралыммен жарық көрген. Ойлап көріңіз қанша қаржы жұмсалғанын... 

Жылдан-жылға шырайланып келе жатқан үшінші мегаполис – Шымкент шаһарының орталық алаңдарының бірінде Сайрам соғысының қаһармандары Шекті Тілеу Айтұлы мен баласы Жолдыаяқ     Тілеуұлының еңселі ескерткіші мен мұндалап көрінеді. Қалаға сан тараудан келген қонақтар мен туристер ерліктің символындай нысанды көріп, сүйсінгені даусыз. Біздің кейіпкеріміз Бекет аға Ақтөбенің қалың жұртына құрмет ретінде ескерткішті жасап, орнатуға жұмсалған қаржының қомақты бөлігін осы байырғы мекенде тұратын кәсіпкерлерден жинақтауға ықпал жасады. Ел мен елді жақындастырудың озық үлгісі емес пе?! 

Содан да Тұрғараевтың Батыс аймаққа шыққан сапарында Мұрат Кемейдуллаұлы, Бөріхан Беркімбаев, Жеткерген Елемес, Сәндин Есенқұлов, Әділ Мұқашев және басқалары бірге жүріп, бар жағдайын жасауға тырысады. Мұндай жағымды сипат жоғарыда сөз болған қадірлі ағамыз     Кемейдулланың жылдық садақасы барысында орын алған еді. Таяуда Алаштың абзал азаматы Аманкелді Айталыны ақтық сапарға шығарып салуға арнайы келген Тұрғараевқа үлкен-кіші шын пейілімен сәлемдесіп, азаматтығына риза болып жатты. 

 

«Мәңгілік ел» саябағы неге  мемлекеттік сыйлықты алмады?

Басында тарих тұнған Қазығұрт ауданының Сарапхана елді мекенінің тұсындағы тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағының ерекше композициясы жайында мерзімдік баспасөзде барынша кең жазылды, басылымдардан оқып, телеарналардан көріп, тамашалаған жұрт ғаламат идеяның авторы белгілі меценат Бекет Тұрғараев екенін білгенде қуана қол соқты. Журналист Қарагөз Сімәділ ескерткіштер мен кесенені біріктіретін дүниені құрмет деп бағалайды да, оны төртке бөледі: бірінші – киеге; екінші – иеге; үшінші – даңққа; төртінші – қасіретке құрмет ретінде түйіндейді («Ана тілі» газеті – «Ұлт рухының шырақшысы», №34 (1658), 25-31 тамыз 2022 жыл). Зерделі азаматтардың бірі, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Шалқар ауданының құрметті азаматы Жеткерген Елемес зайыбы Нағимамен, Ақтөбе қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Сәндин Есенқұловпен бірге Қазығұрт тауының бөктеріндегі «Мәңгілік ел» саябағының ашылу салтанатына барғанда алған әсерін тамсана баяндаудан жалыққан емес. 

БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ ӨЗІНЕ КЕСЕНЕ АШЫП ҚОЙҒАН БА? - TURANINFO.KZ

Халық ауыз әдебиетінің маржандарынан сусындап өскен Жеткерген ініміз ойын бізге былай жеткізді:

– Сонау Ақтөбеден келген біздің топтағылар кешен нысандарын алғаш аралап көргенде таңқалғанымызды жасырмаймыз. Қолына алған шаруаны соңына дейін тындырғанша байыз таппайтын Бекет ағамыздың қолтаңбасын айқын аңғардық. Ғажап қой. 10 гектар жерді сатып алып, Алатаудың алты мыңға жуық шыршасын отырғызудың өзі – биік талғамның үлгісі. Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге орнатылған ескерткіш; ұлы билер – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткіші; Алаш арыстарына және Алаш қозғалысының қайраткерлеріне арналған ескерткіш; Бекет Мырзағұлұлы атындағы «Киелілер кесенесі»қай-қайсысы да ұшқыр қиялдан туындаған баға жетпес жауһарлар ғой. Шіркін, Қазақстанның әр аймағынан Бекет     ағамыздай ұлтжанды азаматтар шығып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын осылай тың идеялармен жүзеге асырса дейміз.  

Тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын естігенде біздер – Ақтөбе аймағының үлкен-кішісі қатты қуандық. Болмыс-бітімі көркем кешен қандай да жоғары марапатқа лайық екеніне шүбәсіз сендік. Қынжылатын жай – үмітіміз ақталмады. «Әттең, Құлагердің түбіне жеткен Батыраштар мен Қотыраштардың жұрнағы әлі де бар екен» деген ойға келдік. Мұндай  іштарлыққа келешекте тосқауыл жасалуы тиіс.

БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ ӨЗІНЕ КЕСЕНЕ АШЫП ҚОЙҒАН БА? - TURANINFO.KZКелешек ұрпаққа өшпес мұра болып қалар алып кешенді тұрғызудың басы-қасында жүрген Тұрғараның Бекеті ешқандай асып-таспастан қазақтың небір марқасқа ұлдары мен қыздарын қарсы алып, ерекше бітімді архитектуралық керемет жайында жан-жақты түсінік берген еді. Мәртебелі меймандар санатында Әбіш Кекілбаев, Тоқтар Әубәкіров, Асанәлі Әшімов, Мәмбет Қойгелдиев сияқты дарабоз тұлғалар болғаны да кейіпкеріміздің болмысын биіктетері анық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ғалымдарға, зерттеушілерге мемлекетіміздің, Қазақ хандығының тарихын  түгендеу барысында нақты деректерге негізделген хронологиялық тізбе жасақтауды міндеттеді. Осы ретте жоғарыда сөз болған тарихи-этнографиялық «Мәңгілік  ел» саябағы туристер мен сан алуан тараудан келген қонақтар үшін баға жетпес деректер ұсынары сөзсіз. 

 

P.S. 

Туып-өскен аймақта шақырумен мағынасы әрқилы басқосуларда болып жүретініміз рас. Соңғы кезде сондай отырыстарда  шымкенттік Бекет Тұрғараевтың ізденісімен дүниеге келген жасампаз кешеннің сипаты мен маңызына жоғары баға беріліп, неге екені белгісіз, бірегей дүниенің 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ілікпегені де ренішпен айтылып жатады. Ниеті түзу, талғамы биік замандастар тілегімен осы жазбаны оқырмандар назарына ұсындық.

ЖАНҒАБЫЛ ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақтөбе қаласы
09.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368