Қазақ халқының рухани шежіресінде ұлы тұлғалар жарқырай көрініп, қазақ халқының рухани-мәдени тұлғасын біржолата даралай білді.
Ұлттың ұлы перзенттерінің қатарында Ықылас Дүкенұлының алар орны айрықша.
Бүгін Саудакент ауылында ұлы қобызшы, композитор, қыл қобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының 180 жылдық мерейтойы басталды.
Таңмен таласа Саудакент ауылындағы Ықылас Дүкенұлының мемориалдық кешеніне жиналған қонақтар мен аудан жұртшылығының қарасы қалың.
Мерейтойға Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов бастаған көптеген өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлері, елімізге танымал қазақтың ұлттық аспапты музыкасының көрнекті өкілдері келіп қатысуда.
Кесене маңына жиналған көпшілік ұлы қобызшының рухына тағзым етіп, Құран бағыштады.
Бұдан кейін көпшілік қауым ауданда өткелі жатқан "Жезкиік" Республикалық қобызшылар байқауын және мерекелік шараны тамашалауға Саудакент ауылдық мәдениет үйіне қарай бет алды.