Біз неге осыншама әсіресеқызылшылмыз? НӘН-нің кезінде небір халықаралық форумдар, конференциялар, әлемдік жиналыстарды өткізуге тым құмар болдық. Не үшін, кім үшін? Әлбетте бір адамның, көшбасшының абыройын тасытып, ғаламдық тұлғаға айналдыру үшін. Әрине, ол мақсат Қазақстанды әлемге танытып, имиджімізді өсіру үшін деген сылтаумен әдемі етіп айтылатын. Бірақ ол басқосулардың миллиардтаған қаржыға жасалатынын ескердік пе? Ол қомақты қаржы халықтың аузынан жырып алған нәпақасы емес пе еді? Осы алып жиналыстар арқылы біз бай елміз, «30 елдің қатарына кірдік» деген әсіреқызыл, дарақы съездер арқылы жалаулататынбыз. Есесіне қалың бұқара кедейшілікте, жоқшылықта өмір сүрді. Оны біз қанша жасырсақ та, айдай әлемге жыртық киіміміз көрініп тұратын. Діни сөздер, экономикалық және медиа форумдар, ЭКСПО... Айта берсең таусылмайды. Айтпақшы, қысқы Азия ойындары кімге қажет еді? Универсиада спорттық жарыстарда болды ғой бізде. Қайран соларға кеткен халықтың қисапсыз ақшасы, мемлкеттік бюджеттің миллиардтаған қаржысы! Ішің удай ашиды. Енді не дерсің? Өтті, кетті, уақыт желімен қып-қызыл ақшалар көзден бал-бұл ұшты. Осылар арқылы имидж жасамақ болдық. Жинадық па? Қайдам... Пайдасы болды ма? Қайдам... Пай, пай, тағы да ырду-дырдумен алаулатып өткен саммиттер, «ядролық қауіпсіздік», өңірлік тұтастықты қамтамасыз ететін жиындарды ұмытып барады екенбіз ғой. НӘН-нің кемелденіп, данышпансып Астанада қайта-қайта Сириядағы соғысқа да қазылық еткенін қайда қоямыз?
Осылардың бәрі біздің елімізді даңққа бөлеп, ұшпаққа жеткізген жоқ. Ең бастысы елдің кедейленуіне әкелді. Әлем сарапшыларынан ештеңе жасыра алмаймыз. Олар бізді, Қазақстанды, артта қалған елдердің қатарынан санайды.
Жаңа Президент Қ.Тоқаев таққа отырғаннан кейін-ақ мұндай форумдарды, аста-төк жиындарды тоқтатуға бірден бұйрық берді. Тамаша! Көп жиындардың ғұмыры осылай қыршынынан қиылды. Бірақ соңғы кезде министр Бағдат Мусин әлемдік конференция өткізуге бел байлағанын естігенде билік баяғы әуеніне қайта басты ма деген күдік пайда болды. Оның атауы да дайын екен: «Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы». Цифрландыру жаһандық талап екені сөзсіз. Бірақ қазақта «Үлкен істі үндемей тындырар болар» деген тамаша мәтел бар. Елімізде ең қарапайым мобильді байланысты жүзеге асыра алмай отырып, осындай ұлы жиынды өткізу кімге қажет болып қалды? Бір қызығы, бұл жиын әу баста Бангкок қаласында жоспарланған екен. Бірақ оны өткізуді Қазақстан өзі сұрап алыпты-мыс. Егер осы рас болса... біз бұған түсінбедік... Ол дегенің қып-қызыл шығын емес пе? Халқымыздың жағдайы мынау. Қорымыз жылдан-жылға азайып, тақырға отырып қалуымыз мүмкін кезде неге біз бұған бардық? 50 елден келетін бұл жиын 3 күнге созылады екен. Экономистер, сарапшылар да мұның тиімсіздігін айтып жатыр. Жаңа премьер-министр О.Бектенов пайдасы жоқ жиынды өткізбеу керек деді. Ал ол осы жиынды тоқтата ала ма?