Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды. Ең алдымен кейінгі жылдары ауылдықтарды алаңдатып келе жатқан жайылым мәселесі сөз болды.Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында жуырда ғана жауапты бөлімдер мен жергілікті әкімдерге ауылды жердегі малы көп тұрғындардың төрт түлігін шалғайдағы жайылымға шығару, сондай-ақ ауылдан 5-7 шақырым радиуста орналасқан шаруа қожалықтардың иелерімен келісе отырып, иелігіндегі жерлерді мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары қолға алынған болатын. Аппараттық кеңесте осы мәселені кеңінен талқылап, жер қатынастары бөлімінің басшысы мен ауыл әкімдерінің сылбыр жұмысын сынға алған Сәкен Қаланұлы жұмысты одан әрі ширата түсуді мықтап тапсырды.
Кеңестің күн тәртібіндегі келесі мәселе - аудан аумағындағы тозығы жеткен трансформаторлар болды. Қазіргі кезде аудан бойынша 638 трансформатор бар десек, олардың жартысына жуығы аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің меншігінде, ал қалғандары жекеменшікке, білім мекемелеріне және ауылдық округтерге тиесілі екен. Одан бөлек, аймақтағы электр бағаналарының 90 пайызының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан ауданда жарықтың жиі сөнуі орын алып, тұрғындарға қолайсыз жағдай туындауда. Аталған түйткілдер бойынша аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, трансформаторларды қоршау, электр бағаналарын кезең-кезеңімен жаңарту сынды жұмыстар жүргізілуде.
Оған қоса, аудан басшысы көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша жауапты мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне сылбыр жұмысы үшін ескерту жасап, кеткен кемшіліктерді жедел түрде ретке келтіруді тапсырды.