Жамбыл ауданында

Жамбыл ауданында

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Жамбыл облысында

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «ЕлАна» сайтының жетекшісі Сәуле Мешітбайқызы облысымызға келіп, аудандарды аралап, аттың басын Жамбыл ауданына да бұрды.

Сәуле Мешітбайқызы әуелі Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың қабылдауында болып, бұл сапардың мақсатына тоқталды. Бүгінгі жаһандану дәуірінде қоғамның талап-тілегі ескеріліп, шешімін табуға газеттің ықпалы зор екенін дәйекті мысалдармен жеткізді.

Мұнан соң Сәуле Мешітбайқызы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде аудан ұстаздарымен кездесті. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев жүргізіп отырды. Бұл өнер мектебі 2019 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жөндеуден өткен.

Жиында сөз алған ел анасы адалдықтың жалауын биікке көтерген газеттің бүгінгі қоғамда арқалайтын жүгі ауыр екенін, ақ пен қараны, әділдік пен жалғанның аражігін ажырататын басты құрал екенін атап өтті. Өмір атты алып кемеде кездесетін түрлі оқиғалар мен жайттарды оқырманға жантүршігерлік етіп жеткізетін заманда өмір сүріп жатқанымызды, елдің бірлігін бекемдеп, ауызбіршілікті арттыруға барлығымыз атсалысуымыз керектігін сүбелі сөзбен жеткізді. Ұлт болашағы, бала тәрбиесі төңірегінде орамды ойын тарқатып, бүгінгі ұрпақ ата мен әженің байырғы болмысына зәру екенін айтты. Тыңдаушыға берері мол басқосуда ұстаздар тарапынан қойылған сауалдар назарға алынды. 

Кездесуден кейін экспедиция «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру» орталығында жалғасты. Орталық директоры Салтанат Құрманова орталықтың жұмысымен таныстырды. Орталықтың мүмкіншілігі мен сан алуан үйірмелері С.Мешітбайқызының қызығушылығын тудырып, әр кабинеттің қыр-сырына тереңірек үңілді.

 

1400 балаға арналған  орталықтың берері көп

– 1400 балаға арналған орталықта 23 педагог қызмет етеді. Олар жас жеткіншектерді техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беруге баулиды. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық ізденістерін, дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері жұмыс істейді, – деген Салтанат Надирекқызы бөлмесі кең, іші жасөспірімге толы қылқалам шеберлері кабинетінің есігін ашты.

 

Аз уақытта жоғары жетістікке жеткен суретшілер

– «Жас суретші» үйірмесінің негізгі бағыты – оқушыларды шығармашылыққа баулу, түрлі түсті бояулардың қыр сырын, техникасын көрсету. Нақты өлшеммен, түстермен ғана емес, баланың ой-қиялында жүрген таңғажайып көріністерді қағаз бетіне түсіру, қиялына ерік беруді үйрету, шаммен, көбіктермен, жапырақтарды бастыру арқылы сурет салу, тас бетіне, ыдыс-аяқтарға немесе өзге де заттарды сәндеу – үйірменің негізгі ерекшелігі. Жалпы 75 оқушы 5 топқа бөлінген. Оның екеуі кіші топ, үшеуі жоғары топта білімін жетілдіруде, – деді «Жас суретшілер» үйірмесінің жетекшісі Анель Қалуқожақызы. 

Жас жетекшінің ынта-жігеріне риза көңіл танытқан Сәуле Мешітбайқызы: «Өз мамандығыңды игергенің көрініп тұр. Оның үстіне жасөспірімдердің қарым-қабілетін ашып қана қоймай, оларға мотивация беріп, жетістікке жеткізу мына сенің арқаңда. Осы бағытыңнан тайма, алда үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына бек сенімдімін, – деді.

Расымен, жұмысына кіріскеніне көп болмаса да, жетістікке жетіп үлгерген Анель өзінің де шығармашылығын шыңдап, түрлі марапаттарды қоржынына салған.

Айтпақшы, орталықтың аудан тұрғындары үшін тегін қызмет көрететінін айтпағанда олардың болашақтағы мамандығын дөп таңдауға септігі орасан екені анық. 

 

Ұлттық тағамдар әзірлеуге екпін берілген

Суретшілерден кейінгі кабинет – аспаз-кондитер үйірмесі. Сәуле Мешітбайқызы бұл кабинетті назардан тыс қалдырмады.

Үйірме жетекшісі Аманкүл Қазбекова:

– Өзіндік жұмыстар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту – үйірменің негізгі бағыты. Үйірме оқушыларды өзіндік ізденіске, таным мен талғамды қалыптастыруға, кәсіби бағдар алуына, тағам сапасын талдау мен салыстыруға, өзіндік тұжырымдарын жүзеге асыруға үйретеді. Бүгінде әрқайсысынан 15 оқушыдан жасақталған 5 топ бар. Оның ішінде 5-11-сынып аралығында 4 ұл бала, қалғаны бұрымдылар, – деді Аманкүл Болатбекқызы.

С.Мешітбайқызы бүгінгі қоғамда аспазға баулу үйірмесі аса қажет екенін, жасөспірімдердің қазірден тамақ әзірлеу дағдысын меңгеру керектігін атап өтті.

Мұнан соң Сәуле Мешітбайқызы орталықтағы «Алғашқы медициналық көмек көрсету» үйірмесіне бас сұқты. Күнделікті өмірде оқыс оқиғалар орын алғанда абдырап қалмай, адам өміріне араша түсуге бағыт беретін үйірменің жұмысы туралы сұрап білді.

– Медицина сабағында балалар адамның дене мүшелерін зерттеп, организмге пайдалы және зиянды заттармен танысады. Түрлі оқиғалар мен төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсете білу үйірменің негізгі міндеті. Қазіргі таңда 30 оқушы 2 топқа бөлініп дәріс алады. Шығармашылық орталықта үйірмеге құрал-жабдықтар мен қажетті аппараттар қамтамасыз етілген, – дейді үйірме жетекшісі Пайнагүл Әуелберді Еділханқызы.

Үш қабаттан тұратын орталықтың әр есігі бала болашағына тікелей әсер етеді. Оның өсіп-жетіліп, мамандық иесі атануға көмектеседі. Әр үйірменің есігін ашқан Сәуле Мешітбайқызы 1-4-сынып оқушыларына білім беретін Арайлым Қалидің бөлмесіне барды. Мұнда оқушылар ағылшын тілі пәнін меңгеруде.

– Бастауыш сыныптардан төрт тобымның әр қайсысында 15 оқушыдан бар. Мен балаларға ағылшын тілінің маңыздылығын түсіндірумен ғана шектелмей, олардың осы тілді меңгеруіне көмектесемін. Үйірмемде балалар ойын түрінде немесе әндер арқылы ерекше әдістермен тілді жетілдіреді. Бүгінде жетістіктеріміз де баршылық. Жуырда «Тағылым.KZ» республикалық педогогикалық журналы ұйымдастырған 1-11-сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиадаға ағылшын тілі пәні бойынша орталық өрендері қатысып, 12 оқушым үздік нәтиже көрсетіп, 1-дәрежелі дипломдар алды, – деді Арайлым оқушыларын мақтан тұтып. 

Сан қыры бар мүмкіндігі мол орталықта математика пәнінен қосымша білім беру педагогы да қарастырылған. Бүгінде есеп-қисап пен теориялық, логикалық бағыттағы пәннің жетекшісі Дәуір Өмірзақ – өз ісінің маманы.

– Қызықты математика үйірмесі шығармашылық орталықтағы 6 бағыттың ішіндегі техникалық бағытқа жатады. Менің 3 тобымда 45 оқушым бар. Оқу жылы басталғаннан бері оқушылар математика пәнін жетік меңгеруге, ізденіс арттыруға құлшыныстары ерекше екенін айтқым келеді. Мысалға «KKO.kz» веб-сайты ұйымдастырған республикалық олимпиадада Әлима Сәрсенбай мен Нұртас Сабыр І орынды, ал өзім ІІ орынды иелендім. Алда оқушылардың алар асуы көп екеніне сенімдімін, – дейді жас педагог.

Орталықтың тағы бір қыры – киім үлгілеу және дизайн үйірмесі. Үйірме жетекшісі байзақтық Ақторғын Рысбаева. Үйірмесінің бағыты туралы айтқан ол: «Әр топта 12-15 оқушы бар. Аз ғана уақыт аралығында жетістігіміз де жоқ емес. Жуырда өткен республикалық «Шебер қолдар»  байқауында  Тоғжан Керімбек «Сұлу кербез» әшекей бұйымын жасап, І орын иегері атанды. Одан да басқа облысаралық, ауданаралық байқауқаулардан орталық тәрбиеленушілері жүлделі орындарды жеңіп алды, – дейді Ақторғын Жарасқызы.

Мұнан соң Сәуле Мешітбайқызы орталықтағы робототехника үйірмесінің жұмысымен танысты. Үйірме жетекшісі Дарын Көбеев зеректікті аса қажет ететін сала туралы айтып берді.

– Робототехника сабағы – заман талабы. Бұл саланы балаларға үйрету үшін де көп ізденіс, өзгеріс қажет. Сабақтан тыс уақытта  үйірмеге қатысу оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Робототехника – автоматты басқарылатын техникалық жүйелерді дамытумен айналысатын сала. Оқушыларға әр сабақта әр түрлі тапсырмалар беріледі. Жобаның құрастырылып, программасы құрылып, аяғына дейін жетуін қадағалап отырамын. Өзінің алғырлығымен көзге түскен талантты оқушылар түрлі конкурстарға қатысып, көзге көрініп жүр. Ауыл балаларының айтулы сайыстарда жетістіктерге жетуі әрине қуантпай қоймайды, – дейді жетекші ағынан жарылып.

Бұдан соң Сәуле Мешітбайқызы аудан тұрғындарының қызығушылығын тудырған авиаүлгілеу үйірмесінің жұмысымен танысты. Қызықты үйірме туралы жетекші Қайрат Дадабаев: «Мен үйірмеде болашақ ұшқыштарды дайындауғы үлес қосамын. Оқушылар ағаш, пластмасса бұйымдарынан ұшақ, зымыранды үлгілеп қана қоймайды, оны ұшырады, алыстан басқару моделін игереді. Әр топта 12 оқушыдан үш тобым бар. Оқушылардың қызығушылығы ерекше. Әсіресе, бірлесіп жасаған ұшақтарды ұшыру, басқару олардың алдағы мақсаттарын салмақтай түседі. Ашылғанымызға көп болмаса да, оқушылар жүлделі орындардан көрінуде, – дейді ол.

Мүмкіндігі мол орталықтың жұмысымен етене танысқан Сәуле Мешітбайқызы оқушыларды бұндай ауқымды орталыққа көптеп тарту керектігін айтып, сапалы білім беру ісіне екпін берудің маңыздылығына тоқталды.

Экспедиция барысында Сәуле Мешітбайқызымен аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова бірге жүрді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 18
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 28
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 39

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1011
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7059
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10907
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7128
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7270