Газетіміздің экспедициясы аясында ұйымдастырған көшпелі дөңгелек үстел нәтижесіз болмады. «Ұлттық идеологиямыздың қайнар көздері» атты жиын барысында ұрпақ тәрбиесіне, білім беру сапасына қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ соңғы кездері ел көлемінде құлдырап кеткен мерзімді басылымдарға жазылым мәселесін жандандыру жөнінде Қордай ауданындағы белсенді оқырманымыз Үндеу көтерді.
Қордай сапары кезінде Қаракемер ауылының тұрғыны, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төрееев ауылдастарының біздің газет-журналымызға толық жазылатынын сүйіншілеп жеткізді. Мектеп ұстазының республика жұртшылығына бағыттаған Үндеуінің толық мәтіні төменде.
«Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері де көп. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы.
Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табасыз.
Сонымен қатар газеттер қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, келеңсіздіктерді шешуде белсенділік танытып келеді. Бұл жерде газеттің басқа ақпарат құралдарынан басты артықшылығы – оның сенімділігі мен өміршеңдігінде.
Құрметті жерлестер!
Мен сіздерге «Газеттердің тәуірі – «Qazaqstan dauiri» деп айтқым келеді. Себебі қайғылы Қордай оқиғасы туралы Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» газетін бастап келіп, қордайлықтардың, соның ішінде қаракемерліктердің мұң-мұқтажы жайлы газет бетінде бірнеше көлемді мақала жариялады. Осы мақалалардың пайдасы өте зор болып, мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының көтерген жаңа мектеп салу туралы мәселесінің іске асуына да халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымымен, Сәуле Мешітбайқызының еңбегі зор. Бірліктің арқасында осындай игі тірліктер болады. Алла Тағала сіздерге күш-қуат берсін!
Қордай жұртшылығы алдында қаракемерліктердің атынан сізге басымды иіп, алғыс айтамын.
Біздің мектептің ұжымы және ауыл тұрғындары сіз басқарып отырған газет-журналдарға бірауыздан жазылады деп сендіргім келеді!
Баспасөзге жазылу – ерікті. Бірақ бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезең келді!
Біздің, мектеп басшыларының міндеті – осындай газет-журналдарға жазылуды ұйымдастыру деп білемін. Ол жұмыс біздің қолымыздан келеді.
Құрметті отандастар!
Егер сіз сенімді әрі шынайы ақпарат алғыңыз келсе, еліміздің ғана емес, өзіңіздің де тағдырыңызға бейжай қарай алмасаңыз, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналына жазылыңыз! Болашақты бірге қалайық!»
БОЛАТ ТӨРЕЕВ,
№14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Қаракемер ауылы
Сондай-ақ, бұл үндеуді мектеп директорлары, Шу жастарының атынан сөз сөйлеген аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров пен мойынқұмдық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрислам Бейсенбек те қолдап, жазылымның үгіт-насихатына үлес қосатындарын жеткізді. Ал Тараз қаласынан Аналар кеңесінің төрайымы, профессор Жанат Сарыбекова үн қосты.