Жамбылдың қант зауыттары биыл қызылша бағасын қымбаттатпақ

Жамбылдың қант зауыттары биыл қызылша бағасын қымбаттатпақ

Ауылшаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің облыстағы іссапары барысында «Меркі қант зауыты» ЖШС өкілі осылай деп мәлімдеді. Бұған қызылша шаруашылығымен айналысатын жамбылдық шаруалар дән риза.

 

8 мың тонна өнім өңдейді

Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапармен Жамбыл облысында болды. Министрдің іссапары Шу ауданындағы «Химпарк Тараз» АЭА аумағында салынып жатқан «QYZYLSHA» ЖШС қант зауытының құрылысымен танысудан басталды.

Жоба директоры Заманбек Мирзояновтың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 148 800 тоннаны құрайды. Оған қажетті шикізат қоры 1 млн тонна. Зауыт іске қосылғандағы күндік қуаты 8 мың тонна қант қызылшасын өңдеу. Жоба құны 92,3 млрд теңге. Жұмысшы саны 260 адам. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, зауыт алаңы дайындалып, жол жабыны төселіп, құрылысшыларға арналып жатақхана мен құрылыс-жабдықтарын сақтайтын қоймалар салынған. Жобаны аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Зауытқа қажетті шикізат қорын дайындау үшін 70 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу көзделген. Оның 30 мың гектарын серіктестік өз егістік алқаптарында өсірсе, 40 гектарын шаруа қожалықтармен келісімшарт жасасу арқылы дайындамақ. Серіктестік зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан, кейбір жабдықтарын Қытайдан алдыруда. 

Меркі қант зауыты 17 мың тонна қант өндіруді жоспарлауда | Inbusiness

Сонымен бірге министр «Химпарк Тараз» АЭА аумағында жұмыс істеп жатқан каучук содасы мен хлор өндірісі цехының да жұмысымен танысып, оны жолға қою үшін инвестор тарту керектігін айтты. 

Бұдан кейін министр «Шыған» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Шаруашылық негізінен көкөніс өсіруде. Қожалық агрономы Лугмар Сандуровтың айтуынша, 13 мың гектар алқапқа көкөніс орналастырылуда. Басым бөлігіне пияз себілуде. Оған тамшылатып суару жүйесі енгізілген. 

Өткен жылы қожалық əрбір гектарынан 80-100 тоннадан өнім алып, еліміздің солтүстік өңірлеріне және Ресей федерациясының Омск, Томск, Новосибирск қалаларына өткерген. 

Сондай-ақ ол «QYZYLSHA» ЖШС егістік алқабында болып, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі жобасымен танысты. Серіктестік директоры Мұқаш Үсенбаевтың айтуынша, қожалық 2018 жылы құрылған. Оның егістік көлемі 1562 гектарды құрайды. Шаруашылықта 72 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның екеуі қант қызылшасын жинайтын комбайн, бесеуі дəн сепкіш, 51-і ауылшаруашылығы тіркемелері. Шаруашылық картопты 150, қант қызылшасын 960, мақсарыны 400, жүгері мен бидайды 440 гектар алқапқа орналастырған. Ал қант қызылшасын 1000 гектарға себуде.

Министр Ербол Қарашөкеев егіс алқабын өңдеу, қант қызылшасын себу барысымен таныса келіп, отандық қант өндірісін дамытуға үлес қосып отырған шаруашылық жұмысына сəттілік тіледі. 

Ербол Шырақпайұлының жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты. Мұнда министр аудандық ветеринариялық пункттің жұмысымен танысты. Ветеринария бөлімінің басшысы Ғалым Сабыралы жұмыс барысын баяндай келіп, ауру ошақтарын залалсыздандыру кезінде пайдаланылатын техника мен автокөліктердің жайын айтты. 

Келесі кезекте Қордай ауылындағы «GreenWill» ЖШС өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Серіктестік 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Жылыжайдағы қызанақ пен қиярдың әрбір гектарынан жылына 300-500 тонна, салат жапырағынан 60 тонна өнім жиналуда. Өндірілген өнім ішкі нарыққа өткерілуде. 

Серіктестік директоры бүгінде тыңайтқыш бағасының көтеріліп кеткенін айтып, мəселені шешіп беруді сұрады.

Министр тыңайтқыш бағасын төмендету бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Министрлік тарапынан аммиак селитрасының бағасын арзандатуға қол жеткізілгенін хабарлады. Ендігі кезекте аммофос бағасын төмендету бойынша «Қазфосфат» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

 

Шаруалардың қуанышы

Министр жұмыс сапарын Меркі ауданында түйіндеді. Ербол Шырақпайұлы «Трансфер» шаруа қожалығының су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егілген қант қызылшасы алқабын көрді. Қожалық жетекшісі Владимир Бондаренконың айтуынша, арғы жылы әр гектардан түскен орташа өнім 700 центнерді құраған. 

Қожалық жетекшісі қант зауыты балтамырды қабылдау бағасын жоғарылатса, қызылша егуге қызығып отырған шаруашылықтардың көптігін жеткізді. 

Осыдан кейін министр өңірдегі мал шаруашылығымен айналысып жүрген «Ар-Ас» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық мал азығын дайындау үшін жоңышқа алқабына жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуда. Қожалық жетекшісі Мақсұт Несіпбаев су ұңғымасын қазып, 250 метр тереңдіктен су шығарғалы жатқанын, тағы да екі жаңбырлатып суару қондырғысын алғалы отырғанын жеткізді. 

Ербол Қарашөкеев келесі кезекте «Меркі қант зауыты» ЖШС-ында болды. Серіктестіктің бас директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, өткен жылы зауыт 80257 тонна қант қызылшасын қабылдап, 7387,2 тонна қант өндіріпті. Ал биыл зауыт 190 мың тонна тəтті түбір қабылдап, 60 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт базасында Ербол Шырақпайұлы облыстың қант қызылшасын өсірушілер қауымдастығы мүшелерімен кездесті. Шаруалар кездесуде өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Олардың тарапынан су ұңғымасын қазуға, жаңбырлатып суару қондырғысын алуға, тыңайтқыш пен қант қызылшасына жəне мал басын асылдандыру үшін Үкіметтен субсидия қарастыру мəселелері көтерілді. Жиында «Меркі қант зауыты» ЖШС өкілі биыл қабылданатын тəтті түбір бағасының килограмын 24 теңгеден 30 теңгеге қымбаттататынын айтты. 

Шаруалар бұл хабарды қол соға қабылдады.

Министрдің іссапары барысында облыс əкімінің орынбасары Нұржан Календеров те бірге болып, осы салада атқарылып жатқан шаруаларды қысқаша баяндап берді.

Е.Қарашөкеев облысқа жасаған жұмыс сапары аясында аймақтың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен де кездесті. Бұл басқосуға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Кездесу барысында ауылшаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Жиында министр өңірде ауыл шаруашылығы саласының табысты дамып келе жатқанына тоқталды. Қазіргідей науқан уақытында көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы өткізу маңызды міндеттердің біріне жататынын атап өтті.

– Бұл облыс еліміздің аграрлы өңірлерінің бірі екені мәлім. Жоспарланған көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақындап қалды. Екі күнде бірқатар аудандарда болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып қайттым. Осы өңірде ағымдағы жылы ауылшаруашылығы дақылдарының 760 мың гектарына орналастыру жоспарланған екен. Өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 9,2 мың гектарға көп, – деді Ербол Қарашөкеев.

 

Министрдің субсидия туралы уәжі

Ол өз кезегінде еліміздің Үкіметі мен Ауылшаруашылығы министрлігі бекіткен ауылшаруашылығы саласын қолдау шаралары мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.

– Өткен жылдан бастап Ауылшаруашылығы министрлігі Үкімет тарапынан берілген тапсырмаға сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмысын жүргізуде. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалып, олар жұмыс тобының отырысында талқыланды. Алайда әлемдік азық-түлік нарығындағы ахуалға байланысты және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді келесі жылдың бірінші қаңтарына ауыстыруды ұсыну туралы шешім қабылданды. Яғни биыл бар шаруа өзіміздің қалыптасып отырған субсидиялау жүйесі арқылы атқарылатын болады, ештеңе өзгермейді.

Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ағымдағы жылы қомақты қаржы бөлінбек. Мәселен, 310 млрд теңге субсидия, оның ішінде өсімдік шаруашылығына 79,7 млрд теңге, мал шаруашылығына 100,8 миллиард теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге 8,4 млрд теңге, қажетті құралдарға 120 млрд теңге бөлу биылғы бюджетке сәйкес көзделіп отыр. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық агроөнеркәсіп кешенінің орнықтылығын сақтап қалу қажеттілігін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға қосымша 298,1 млрд теңге бағытталатын болады. Қазір республикалық бюджеттің нақтылану процесі аяқталуда. Сол себептен оның алдында бөлінген 300 млрд теңгеге тағы да 300 млрд қаржы бөлініп жатыр. Нақтыланып біткен соң, қаржы салаға жұмсалатын болады, – деді Ербол Шырақбайұлы.

Басқосуда облыстық «Ынтымақ» фермерлер қауымдастығының төрағасы Медет Айтпаев сауалдары мен бірқатар ұсыныстарын жолдады. Субсидиялау ережесіне енгізілетін өгерістер, нақтырақ айтқанда, субсидияны шаруаларға 6% емес, 4%-ға түсіруді ұсынды. Сонымен бірге субсидия алуда шаруа, әкімдік, қаржы институты арасындағы үшжақты келісімшарттың қолайсыздығын алға тартты. 

Жамбыл облысында көктемгі егіс жұмыстары 80 пайызға аяқталды – Ербол  Қарашөкеев | BAQ.kz

– Қазір әкімдік тарапынан субсидия ай сайын төленіп отырған жоқ. Кейде ол жылдың басында немесе аяғында төленеді, сондықтан шаруа 17-20%-ды өз қалтасынан төлеп отыр. Егер Сіздер мұны 21%-ға дейін көтеретін болсаңыздар, оны шаруа төлей алмайды. Егер алған несиесін шаруалар уақытылы қайтармаса, оларға ешқандай қаржы ұйымы қаражат бермейді. Бұл да үлкен мәселе, – деген ол қауымдастыққа қарасты шаруалардың атынан тағы бірнеше мәселе көтерді.

Қауымдастық төрағасының қойған сұрақтарына жауап берген министр алдағы уақытта бұл мәселелерді жеке бақылауына алатынын алға тартты.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, оның ішінде мал шаруашылығы саласы мен ауылшаруашылығы кооперативтерін қолдау, жайылымдық жерлерді бөлу, ауылшаруашылығы жерлерін суландыру, субсидия алу, ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты мәселелер талқыланды.

«Кездесу барысында айтылған ұсыныстарды Ауылшаруашылығы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдар егжей-тегжейлі қарастыратын болады» деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, министр Жамбыл облысына жасаған сапары аясында Жамбыл ауданында да болды.

Ербол Карашөкеев Тастөбе ауылындағы Нуритдин Бегманов басшылық ететін «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің мүмкіншілігімен етене танысты. Егістік басына арнайы барып, жаңбырлатып суару жүйесімен, кооперативтің техникалық құрылымдарын көрді.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 1998 жылы құрылған егін шаруашылығы бағытындағы кооперативте 50 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

– Кооперативтің жалпы жер көлемі 2412 гектарды құраса, ауыл шаруашылықта 2282 гектар бар. Оның ішінде егістік 2141 гектар, суармалы алқап 1723 гектар, шабындық 135 гектарға жетті. Егістікке 8 дана трактор, оның ішінде, 9 доңғалақты К-700, МТЗ техникасы, 2 жүк тасымалдау көлігі, 2 жанармай тасыйтын, 1 автокран, 7 дәнсепкіш және 52 ауыл шаруашылық тіркеме техникалары жұмыс атқаруда. Сонымен қатар 2 астық, 2 қызылша, 2 жем-шөп комбайны, 2 дана шөп тайлағыш, 3 бүрккіш қолданысына жарап тұр. Бүгінде өңіріміздегі әлеуітіі жоғары коопретивтердің қатырында, – деді өңір басшысы.

Нуритдин Әбілекұлының сөзіне сүйенсек, биыл күздік бидай 300 гектарға, жаздық арпа 700 гектарға, дәндік жүгері 50 гектарға, қант қызылшасы 115 гектарға, көпжылдық  450 гектарға, сүрі (пар) 426 гектарға орналастырылған. Жұмысын жүйелеп, қамбаны астыққа толтыруды көздеген Нуритдин Бегмановтың іскерлігіне Ербол Шырақбайұлы оң бағасын берді. 

 

Оңтайландыруға бағытталған ұсыныс

Осы тұста Ерлан Қыдыралыұлы ауылдық шаруалардың жұмысын оңтайландыруға бағытталған ұсынысы бар екенін жасырмады.

– Өңірде 250-300 бастан асқан төрт-түлікті Көделідегі жайылымға немесе ауылдан алшақ алқапқа шығару қажеттігі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонда ғана ауылдық жердегі жайылымның тапшылығын алдын алуға болады. Есептік кездесулерде осы жайтқа баса мән берілді. Тұрғындар бұл ұсынысты қолдап отыр.

Сонымен қатар тағы бір айта кететін жайт – ұңғыма қазу. Ауылдық шаруалардың төрт-түлігі судан тапшылық көрмеу үшін құдық қаздырып, оны ауылдық округтің баласына беру қажеттігі қолға алмақшымыз. Шаруа жайылымнан алыстағанымен құдық сол жерде екінші шаруаның малына қолданыста қалады. Осы жайттардың жүзеге асыуына қолдау білдірсеңіз, – деді Ерлан Қыдыралыұлы

АШМ: Жамбыл облысында көктемгі егіс жұмыстары 80 пайызға аяқталды – Ербол  Қарашөкеев  

Министр Қарашөкеев өңір басшысының айтқан ұсыныстарын аймақтарда қолданысқа енгізу қажеттігін назарға алатынын алға тартты.

– Расымен тиімді ұсыныс айтып отырсыз. Ауылдық жердегі жайылым көлемін осылай ғана ұлғайта аламыз. Бұл әдісті басқа да өңірлерде жүзеге асыру керекпіз. Қаперге алдым. Екінші айтқан ұңғыма қазу қажеттігі де ойға қонымды. Қаражат көзін қарастыру бойынша жұмыс жүргіземіз, – деді Ербол Шырақбайұлы. Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл орталығынан 5 шақырым радиус аумақтағы алқапты жекешелендіруге тыйым салынып, ол жерлер округтің аумағына кіргізілгенін, сондай-ақ қолданылмай жатқан яғни, жері бар, малы жоқ шаруалардың 189 гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, жерге мұқтаж шаруаларға үлестіру жұмыстары бастау алғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ өңір басшысы аудан көлемінде бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

– Зерделеу жұмыстарын жүргізгенімізде, жайылымдарға қажеттілік 99300 гектарды құраған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, өткен жылы мемлекет меншігіне 3511 гектар жайылымдық жер қайтарылды. Елді мекендерден 5-7 шақырым аймақта жайылымдық жерлері бар 115 жер пайдаланушылармен 48664 гектар жерге меморандумдар жасалды, – деді аудан басшысы ауыл әкімінің сөзін жалғап. 

Ербол Шырақбайұлы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Мұнан соң ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Аса даму» құс фабрикасының жұмысына барды. Үсен Құрманбеков басшылық ететін фабрикадағы 220 мың тауықтан күніне 180 мың жұмыртқа алынады. Бүгінде жергілікті 50-ге жуық тұрғын осы фабрикаға жұмысқа орналасқан. Жұмыртқа Алматы-Тараз қалаларына жөнелтіледі. Фабрика директоры шикізат тапшылығы бар екенін де жасырмады. Фабрика директорының көтеріп отырған мәселесін реттеу үшін министр тиімді ұсыныстар қолға алынатын алға тартты.

ҚР Ауылшаруашылғы министірі Ербол Қарашөкеевтің ауданымызға сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов, облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабек, аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов және тиісті сала басшылары бірге жүрді.

Сонымен қатар Ербол Шырақпайұлы жұмыс сапары аясында Қордай ауданындағы облыстық ветеринария басқармасының Қордай аудандық ветеринариялық станциясына да ат басын бұрып, жұмыстарымен танысты. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев министрге облыстағы эпизоотиялық жағдай мен ветеринария саласындағы бүгінгі күнгі өзекті мәселелерді баяндады. 

Министр өз тарапынан Жамбыл облысындағы ветеринар мамандардың жұмысына оң бағасын беріп, республикамыздағы ветеринария саласында атқарылып жатқан бірқатар реформаларға тоқталып өтті.

 

Түйін: Үкімет жамбылдықтар тәжерибесін үлгі етті

Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру Бағдарламасын жетілдіру жолдары талқыланған жиын өтті. Бейнеконференц-байланыс түпінде өткен жиынға бірқатар министрліктің басшылық өкілдері мен облыс әкімдерінің тиісті орынбасарлары қатысты.

Кеңесте еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл облысының тәжірибесін көпшілікке ұсынып, оның артықшылықтарын айтып өтті.

Естеріңізге сала кетсек осыдан бірнеше жыл бұрын Әулиеата өңірінде тәжірибе ретінде «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасы жүзеге асқан болатын. Ол бойынша әр ауданнан бір ауылдық округ пилоттық округ ретінде белгіленіп, арнайы кооператив құрылды. Сол кооперативтің мүшесі ретінде ауыл тұрғындары ең төменгі пайызмен несие алып, жаңа техника мен қат болған тыңайтқышқа қол жеткізіп, кейбірі төрт түлігін түгендеп, қорасын малға толтырып, ауласында-ақ шағын шаруашылықпен айналысып, табысқа кенеліп еді. Міне, енді осы жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, Үкімет оны ел аумағында қолданысқа енгізбекші.

Біздің газет бұл бастаманың аяқ алысын, жүзеге асу барысын үнемі назарда ұстап, арнайы материалдар жариялап тұрмақ.

 

(Материалдың жалғасын келесі саннан оқисыздар)

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 33
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 48
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 111
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 302
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 924

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8997
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8392
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11617
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9375
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10601