Круглоозерный кентінде жаңа балабақша ашылып, салтанатты шараға қала әкімі Абат Шыныбеков қатысты.
Орал қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа нысанға кенттегі осыған дейін мектеп ғимаратында жұмыс жасап келген №23 бөбекжай көшіріліп, бүлдіршіндерді көбірек қабылдауға мүмкіндік жасалған. Кентте мектепке дейінгі жастағы 200-дей бала болса, күні бүгінге дейін соның 50-ін ғана қамтуға мүмкіндік болған. Енді жаңа ғимаратта тынысы кеңейген бөбекжайда жаңа топтар ашылып, орын саны көбейтілген.
Қала басшысы Абат Шыныбеков қаланың құрамдас бөлігі саналатын Круглоозерный кентінің даму көкжиегі кең екенін, болашақта тұрғындары да көбейе түсетінін атап, осы ретте мектепке дейінгі ұйымдар мәселесін шешудің маңыздылығын жеткізді. Сондықтан жеке инвесторларды тарту жұмыстарына басымдық берді.
– Мемлекет басшысы мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамтуды 100 пайызға жеткізу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда қаламызда балабақшаларды ашу үрдісі жақсы қарқын алып келеді. Балабақшаның типтік үлгідегі, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге бейімделген ғимаратта орналасуы маңызды. Сондықтан облыстық бюжеттен тиісті қаражат бөлініп, кенттегі ғимаратты жаңғыртудан өткізу арқылы бүлдіршіндеріміздің қолайлы ортада тәрбие алуларына мүмкіндік жасалды. Бұл көптен күткен заманауи балабақшада балаларды қамту көлемі ұлғайды. Қазіргі уақытта Кругоозерный кенті даму үстінде. Көпқабатты үйлер салынып, қоныстанушылар көбейді. Жыл соңына дейін жер телімдері пайдалануға беріле бастайды. Халық санының өсуі кентте кәсіпкерлік нысандарының, өндіріс орындарының артуына ықпал етеді деген сенімдемін, – деді Абат Абайұлы.
Жаңа нысанды жаңғырту жұмыстарын «Қамқор Құрылыс» ЖШС жүргізіп, балабақша жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, заманауи үлгіде безендірілген. Балаларды дамыту құралдары толықтай қамтамасыз етілген. Мұнда төрт топ жұмыс жасап, әрқайсысына 25 баладан қабылданады. Аулада әр топ үшін ойын алаңдары дайындалып, абаттандырылған. Балабақшаның пайдалануға берілуімен жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр.
Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, қазіргі уақытта шаһардағы 16 мыңдай бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымда тәрбие алады. Оның ішінде 3-6 жастағы балалар 100 пайыз қамтылса, 1-6 жастағыларды қамту – 75,5 пайыз деңгейінде. Ел Президенті міндеттеген балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткішін арттыру тапсырмасына жеке балабақшалардың ашылуы оң септігін тигізіп отырғанын атап өту керек. Қазіргі уақытта қаламызда 50 мемлекеттік балабақша болса, 84 жеке балабақша мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасауда.