Үкімет отырысында Ұлттық басқарушы «Бәйтерек» холдингі басшысы Қанат Шарлапаев: «Біздің холдинг екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша халық үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын іске қосуды ұсынады. Өйткені зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегінің өсуі мен «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты келесі жылы 500 миллиард теңге немесе 35 мың пәтер мөлшерінде ипотекаға сұраныс қанағаттандырылмайды деген болжам бар. Қанағаттандырылмаған сұранысты жабу үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша халық үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен келіссөз қорытындысы бойынша мынадай негізгі шарттар ұсынылды: алғашқы жарна – 20 пайыздан бастап; несиелеу мерзімі – 20 жыл; қарыз сомасы – 35 млн теңгеге дейін; төлем қабілетін растау міндетті. Субсидиялауға Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын ипотекалық несиенің 7 пайыздық мөлшерлемесі қолданылады. Екінші деңгейлі банктер Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен бастапқы тұрғын үй салушылар мен салынып жатқан тұрғын үйлерге өз қаражаты есебінен несие бере алады. Механизмді іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер талап етілмейді. Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінде қаралып жатыр. Бюджет бекітілгеннен кейін «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» бұл бағдарламаны дереу іске қосуға дайын», – деп мәлімдеді.