Қазақстанның өнеркәсіптік саласы қарқынды дамып, жаңа индустриялық саясаттың нәтижесінде экономиканың маңызды драйверіне айналуда. Жаңа өнеркәсіптік саясат еліміздің экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған. Бұл саясаттың басты мақсаты – еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, технологиялық жаңғырту арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз ету. Мемлекет өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударып, жаңа кәсіпорындар ашу мен технологиялық жаңғыртуды басты мақсат ретінде белгіледі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан шаралар ел экономикасының тұрақты өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етуде.
Еліміз жаңа өнеркәсіптік саясатты іске асыру арқылы ел экономикасын әртараптандыруды, технологиялық жаңғыртуды және халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыруды көздейді. Бұл саясат өңдеу өнеркәсібінің үлесін көбейтіп, экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған.
Қазіргі таңда елдегі өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 13,5%-ды құрайды. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 15%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Өндірісті әртараптандыру мақсатында жаңа зауыттар ашылып, технологиялық тұрғыдан ескірген кәсіпорындар жаңғыртылуда. 2025 жылға дейін 500-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылып, оған 3,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бұл өз кезегінде 70 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Цифрландыру өнеркәсіп саласындағы негізгі бағыттардың бірі болып отыр. «Индустрия 4.0» аясында кәсіпорындарды автоматтандыру, жасанды интеллектті енгізу, Big Data және IoT технологияларын пайдалану қолға алынуда. Бұл жайлы айта кетпесек болмайды. Мұндай өзгерістер өнеркәсіптің өнімділігін арттырып қана қоймай, энергия үнемдеу, шикізатты тиімді пайдалану және өндірістегі қателіктерді азайтуға септігін тигізеді.
Экспорттық әлеуетті күшейту де басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда қазақстандық өнімдерді шетелге шығару мүмкіндігін кеңейту үшін логистикалық жүйені жетілдіру, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету, «Made in Kazakhstan» брендін халықаралық деңгейде ілгерілету шаралары жүзеге асуда. Бұған қоса, көршілес елдермен сауда байланыстарын нығайту мақсатында жаңа келісімдер жасалып, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту жалғасуда.
Өнеркәсіп саласын дамытуда экологиялық тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазақстан Париж келісімі аясында көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға міндеттеме алған. Осыған байланысты өндірістік кәсіпорындарды жаңғырту, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру және «жасыл» технологияларды енгізу бойынша нақты шаралар қабылдануда. Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану – өнеркәсіптің экологиялық әсерін азайтудың негізгі жолдарының бірі болып отыр.
Кәсіби кадрларды даярлау да маңызды факторлардың бірі. Бүгінгі таңда техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты мемлекет білім беру жүйесін өнеркәсіптің заманауи талаптарына бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Оқу орындары мен кәсіпорындар арасында әріптестік орнату арқылы дуальді оқыту жүйесі енгізіліп, студенттердің тәжірибеден өтуіне жағдай жасалуда.
Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясаты ел экономикасын дамытуға тың серпін береді. Инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы Қазақстан өңдеу өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл стратегиялық бағыт елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуіне негіз болып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етпек.
Саяжан ҚАЙДАР