Жаңа Қазақстан Назарбаев пұтын құлатудан басталуы тиіс!

Жаңа Қазақстан   Назарбаев пұтын   құлатудан   басталуы тиіс!

Бұл не? Бұл әсте Нұрсұлтан Әбішұлының жеке басына тиісу, оны жамандау, мазақтау емес! Бұл ол кісі мен қолдаушылары қалыптастырған жүйені, жеке басқа табынуға ұласқан пұттық сананы әшкерелеу, сол сырқаттың қалыптасу жолын көрсете отырып, рухани дерттен сауығудың бір  жолын көрсету ғана...

Нағыз өзгерістің басы – ең алдымен қоғамдық санаға сіңген Назарбаев пұтын құлату!

Пұт қалай жасалады? Назарбаев өзінің жеке билігі мен бас пайдасы үшін сантүрлі қитұрқы әрекеттерге барғанын саналы азаматтар жақсы біледі. Ең бастыларын атасақ: Ол Жоғары Кеңес деп аталған, сол кездегі елдің ең саналы азаматтарынан құралған депутаттарды, өзіне қолайсыз болғандықтан, 1993 жылы және 1995 жылы, «Заңсыз сайланған депутаттар» деген мәлімдемені ұлты орыс Татьяна Квятковская дегенге айтқызу арқылы, екі мәрте таратып жіберді. Сосын 2007 жылы маусым айында Қазақстанның үшінші шақырылымдағы Парламентін тағы таратып, ақыры өзінің айтқанына шықпайтын, бір партиядан ғана құралған «дауыс бергіш» қуыршақ Парламентті жасақтап алды. Содан кейін «Заң күші бар Жарлық» дегенді шығару арқылы бүкіл билікті өз бақылауына алды...

Қазақстанның әрбір азаматы шағым түсіріп, өзінің конституциялық құқығын қорғай алатын Конституциялық Сотты таратып, жеке билікті ғана қорғайтын Конституциялық Кеңеске айналдырды. Ел бірлігіне еш үлес қоса алмаған «Қазақстан Ұлттар Ассамблеясы» дейтін жасанды ұйымды құру арқылы тең құқылы ел азаматтарын алалап, ел иесі Қазақ халқының беделін түсіріп, «Қордай қырғыны» сияқты қаншама қайғылы оқиғалардың тууына себеп болды. «Дінаралық татулық» деген желеумен шығынға толы съезд, симпиозумдар өткізіп, дін атын жамылған жүздеген ұйымдарды тіркеп, бұрыннан бір дінді елдің секталарға бөлінуіне итермелейтін зиянды заңдарды қабылдатты. Шындығында, нәпсісіне шырмалып даңққұмарлық ауруына ұшыраған Назарбаевтың басты мақсаты – Халықаралық Нобель сыйлығына қол жеткізу еді. Елге демократиялық өзгеріс жасаудың ең сәтті кезеңі болған 2004 жылғы сайлауда «Ақ жол» демократиялық партиясы жеңіске жеткенде, Назарбаевтың қолшоқпары, саяси сатқын Зағипа Балиева деген комиссия бастығы сайлау нәтижесін бұрмалап, тұтас қоғамды алдады. Қазақ елінің адал ұлдары Заманбек Нұрқаділ, Алтынбек Сәрсенбаев сынды тұлғаларды саяси тапсырыспен жасырын өлтіруі және Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев, Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосов, Болат Әбілов секілді халықшыл азаматтарды қудалауы, түрмеге қамауы – нәпсісіне құл болған Назарбаевтың жеке билігі үшін ештеңеден де тайынбайтындығын тағы дәлелдеді.

Осыдан кейінгі жылдарда сайлау атын жамылған саяси шоулар, «Назарбаев 99 пайыз жеңді» деген өтірікке толы масқара жағдайлар – елде әдеткі көрініске айналды. Осы кезден бастап Паламент депутаттары түгелге жуық және барлық деңгейдегі әкімдер, тіпті соттар да бір адамның рұқсатымен ғана тағайындалды. Сөйтіп, жеке биліктің мүддесін қорғайтын жалтаққой, жағымпаздар армиясы Назарбаевтың қорғанына айналды. Осындай екіжүзді, ел қамы қаперіне кірмейтін, қара басының қамын түгендегеніне мәз болатын депутатсымақтардың қолдауымен Ел Конституциясы «Назарбаев әулетінің конституциясы» болып өзгеріп, өзі мен туыстарын «мінсіз» етіп көрсететін арнай заң қабылдатып, тарихи масқаралыққа да ұшырадық.

Президент ретінде Назарбаевтың ел Конституциясына қолын қойып, ант бергеніне қарамай, жеке басын ұлықтап арсыздыққа барғаны сонша: «Ұлт көшбасшысы», «Елбасы» дейтін, олай аталуға ешқандай моральдық құқы жоқ атақтарды, өзіне-өзі бекітіп алды. Бүкіл билікті, жасанды атақ-даңқты түгел бір басына жинап алған соң, ел мүддесін мүлде ұмытып, жеке басының рахатымен айналысып кетті. Оның қамқорлығына мастанған Назарбаевтың әулет мүшелері Қазақ елінің байлығын ұрлауға, ашық тонауға көшті. Осылайша авторитарлық биліктен тоталитарлыққа жетіп, тирандыққа ауысқан «Тұңғыш Президент» қол астында ел мүддесін ескермейтін, алпауыт шенеуніктер армиясын жасақтап алды. Осындай мансабы үшін ғана отырған бюрократтар қарапайым халықты пара алумен қайыршы хәлге түсіріп, бітіп болмайтын «құжат жинау» деген әуремен азаптап, қоғамды әбден титықтатты.

Назарбаевтың бюрократиялық жүйесі Қазақ елінің ең басты демографиялық байлығы саналатын – шетелдегі қандастарды көшіріп әкелудің жолына бөгеттер жасап, неше түрлі қитұрқы қағазбасты әрекеттермен көшті тоқыратты. Ел-жұрт: «Назарбаевты ақтап алатын жалғыз игілікті іс» деп айтып жүргеніндей, Елорданы солтүстікке көшіріп, «Астана» деген қала салса да, ең соңында оған өз атын өзі қойып, асқан даңққұмар екенін, кісілігі мен азаматтықтан жұрдай екендігін елге әшкере етті. 

Қазақ халқының бірден-бір тірегі болған ауылдық өңірдің жерлерін Назарбаевтың алпауыт шонжарлары талап алғандықтан, малшылар мал жаятын жер таба алмай, қалың ел қайыршылыққа түсті. Назарбаев жүйесі жансақтау үшін қалаға көшіп келген ауыл тұрғындарына жер телімін беруді қиындатқаны сонша, Алматы қаласында «Шаңырақ трагедиясы» деген қанды оқиғаның болуына әкеліп соқты. Назарбаевтың шіріген жемқорлық жүйесі Қазақ елінің тәуелсіздік стратегиясына зиян келтіретін Ресейдің әскери полигондарының орнығуын одан ары жалғастырды. Сондай-ақ ЕврАзЭС, Кеден Одағы секілді ұйымдарда Ресеймен бірігуі – ел экономикасына ауыр соққы болды. Осындай елдік мәселелерді өзінің тағайындаған сыбайластарымен біржақты шешуінің кесірінен Қазақ елі бүкіл салада тоқырауға ұшырап, ең соңында төзімі таусылған халықты «Қаңтар қырғыны» деп аталған ауыр трагедияға ұшыратты.... Жоғарыда баяндалған жеке басқа табынудың сұмдық зардаптарын бастан кешкен Қазақияның бүкіл азаматтары саналы түрде өз басындағы «Назарбаев пұтынан» бас тартуы қажет! Бұл – шынайы тәуелсіздікке жетудің, әрбір азаматтың өз құқы мен абыройын қорғауының басты шарты! Сан ғасырлық күрескер тарихы бар, аса сабырлы, кең пейіл, ержүрек, намысты қазақ халқының тарихында қара дақ боп қалатын, нәпсісіне құл болған Назарбаев секілді асқан мансапқорлардың қайта шықпауы үшін, санамызға орнаған «назарбаев-пұтын» қирату үшін: Назарбевтың аты-жөнін еске салатын нысандардың бәрін, дәл Сталин секілді, ел тарихынан аластау керек!

Санадағы құлдықтан, ең әуелі «Назарбаев-пұтынан» арылмай, оның салдарларын жоймай – өзгеріс болуы мүмкін емес! Президентіміз ешкімге жалтақтамай, Халыққа сенгенде ғана, Қазаққа сүйенгенде ғана және батыл түрде шынайы өзгерістерді жүзеге асырғанда ғана – Жаңа Қазақстан құрылады. Саяси бейбіт өзгеріс сонда ғана жүзеге асады! 

 

P.S: Шындық бәрінен қымбат! Онсыз шынында ел болмаймыз, іргеміз бүтінділмейді. Жаңа Қазақстан ақиқат пен шындықтың аясында өмір сүруі тиіс. Президентіміз Қ.Тоқаев осы үшін референдумда жасап жатыр. Қолдаймыз! Қолдай отырып, халықтың үнін жеткізген қозғалыстың уәждеріне де қосыламыз. Референдумға халық болып қатысып, шынайы дауысымызды берелік. Онсыз болмайды. Себебі қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұр, бауырлар!

АМАНТАЙ ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
19.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380