Жаңа Қазақстан құрушы депутаттар ел сенімін ақтай алды ма?

Жаңа Қазақстан құрушы депутаттар ел сенімін ақтай алды ма?

2023 жыл да тарих қойнауына жол тартты. Заңы мықты, халқы сауатты елдердің бәрі ескі жылдарын есіркеп, Конституцияларының күш-қуатын сараптап жатыр. Заңдарының халық қолайына жаққан-жақпағанын да зерттеуге күш салуда. Себебі Конституциясы мықты ел – дамыған ел! Егер Парламент бекіткен заң өзінің үстемдігін көрсете алмаса, мықтының ығына жығылып, әлсіздің төбесінде әңгіртаяқ орнатса – мемлекетке сын! Депутаттарға ауыр күнә! Яғни халыққа қызмет етпеген заң – өлі заң! Оны жетілдіру, толықтыру, мәртебесін көтеру – дамыған елдердің басты қағидаты. Заң аясында шешілмеген іс, заңға арқа сүйемеген халық – олар үшін үлкен өкініш! 

Депутаттары да айбарлы келеді. Себебі халыққа сенеді! Халықтың қолдауы арқылы Парламентке келгендерін өлсе ұмытпайды. Содан да болар, халықтың талабы мен сұранысы үшін түрлі партиялардан сайланған депутаттар Үкімет мүшелерімен жағаласып, кейбіреулері эмоцияға беріліп жұдырықтасып жатады. Аяқ киімдерін лақтырып, айқайласып жататындары да кездеседі. Мұның бәрі үйреншікті жайт. Ештеңеден қорықпайды. Артында сан мыңдаған сайлаушылары тұр. Олардың аманаты мен сенімі үшін өліп кетуге бар.

Алланың қалауымен 2024 жылға біз де қадам бастық. Біздің тағайындалған депутаттар да көптеген заң жобаларын кірпік қақпай қарап, ел назарын аударуға тырысты. Сенатта отырған депутаттар да белсенді. 

Үкіметке де, оның қарамағындағы министрлік басшыларына да депутаттық сауалдарды қардай боратуда. Бұл жағынан өкпе жоқ. Тек мәселе – сол депутаттық сауалдардың діттеген жерге дөп тиіп, одан қорытынды шығару жағы ақсап тұрғандай көрінеді. 

 

 

 

Бұл да бір арыла алмай жүрген «ескіліктің» қалдығы секілді... Елді елең еткізген өзекті кейбір депутаттық сауалдар су аяғы құрдымға құйғандай жоғала береді. Бұл енді халық алдындағы жауапсыздық емей не?  

Иә, «Жаңа Қазақстан» идеясымен қуаттанған депутаттардың баяғы әріптестерінен артықшылықтары көп. Шындықты айту мен халықтың сөзін сөйлеу жағынан, әрине. Өйткені олар кешегі белден басқан, тек бір адамға ғана қызмет еткен «заманды» көзбен көргендер! Ішіне кек қатып келгендер!

Ойбай, біздің халық не көрмеді? Баяғыда елдің қолайына жақпайды-ау дейтін, ашуын туғазады-ау дейтін заң жобалары тып-тыныш қана қабылданып, дау-дамайсыз жұмысын істей беретін. Мысалы миллиондаған гектар қазақ жерінің шенді-шекпендінің шылауында кетуі, кейбір ресейлік дөкейлердің атына рәсімделуі; жыныс өзгерту жайлы заң жобасының қоғамға кеңінен насихатталмауы; мұнай саласындағы былық-шылықтар; шетелге аударылған активтердің бақылауға алынбауы секілді проблемалар төбе емес, тауға айналғалы қашан.

Шүкір дейік, «Жаңа Қазақстан» құруды көздейтін жаңа депутаттар жаңашылдықтарын көрсетіп жатыр. Елді елең еткізетін, түйіні шешілмей келе жатқан проблемаларға түрен түсе бастағаны қуантады. Бәрі ашық айтылуда. Халықтың мүддесі бірінші орынға қойылуда. Тағы бір қуанар жайт, мемлекеттік тілдің мәртебесі Парламент Мәжілісінде асқақтай түсуде. Депутаттық сауалдардың көбі қазақ тілінде жолдануының өзі сөзімізге дәлел. Өкінішті жері депутаттық сауалдар мен кейбір заң жобаларын таныстыруға келген «сақау» министрлер мен олардың орынбасарларының қазақша сауалға ресми тілде жауап беруі ескі Қазақстанды еске түсіре береді. «Ескілікті аңсаушыларды» Мәжілістің есігінен аттатпауға Үкіметтің шамасы жетпей тұр. Күні үшін жүргендерге, қазақ тілін білмесе, нан тауып жеу қиын екенін көрсететін кезең қашан туар екен?!

Қарап отырсақ, қош айтысқан ескі жылға да, жаңа келіп жеткен жарқын ұлу жылына да әзірге өкпе жоқ. Ең бастысы депутаттарымыз арынды. Адуынды. Ел аралап, халықтың тыныс-тіршілігін көздерімен көріп келгендері Үкіметті тығырыққа тіреп жатыр. Елдің мұңы мен құнын көтеретін депутаттық сауалдар әлі де айтыларына сенім зор. 

Бұл мақаламызда Парламент депутаттарының барлығының депутаттық сауалын айтып тауысу мүмкін емес. Тек ел есінде қалған, өзектілігін жоймаған дүниелерді ғана санамалап өтеміз. Мақсатымыз – жаңа депутаттардың тынысы мен алымын, ұлттық мүдде тұрғысындағы шабысы мен намысын көзі қарақты оқырманға бір көрсетіп қою. 

Мақаламыздың әлқиссасын Мәдениет төңірегінен бастағанды жөн көрдік. Мың жерден халқың бай болғанымен, мәдениеттен жұрдай болса, онда өскенің емес, өшкенің, қазақ. Осы тұрғыда бірер сөз. 

Мәдениет деген не? Ол күнде концерт өткізіп, әзіл-қалжың айтқызып, жұлдызсымақтарды дәріптеу емес. Форум, саммит, күнде жиын өткізіп, сұлу сөзді сапыру да жатпайды. Әдемі киініп алып, қымбат машина мініп, шікірейіп мейрамханалардан ас ішу де емес! Мәдениет – сенің ұлттық болмысың, қазақы тұрмысың, бай-бақуатты тіршілігің! Сауатты, иманды ұрпағың! Тілің, ділің, дінің! Егер бұлар болмаса, мәдениеттімін деп айтуға құқың жоқ!

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның премьері Уинстон Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол: «Мәдениеттің шығындары қайда?» – деп сұрапты. «Соғыс кезінде қайдағы мәдениет?» – депті министр. Сонда Черчилль: «Егер мәдениетті қорғап қала алмасақ, біз онда не үшін соғысып жатырмыз?» – деген екен. «Егер тілің мен мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген сөз де Нельсон Манделадан қалған. Расында да, әлем тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалар турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны – тілі мен мәдениеті.

 

 

Мәдениетіміз қашанғы мәңгіріп тұрмақ?

 

Депутат Абзал Құспанның былтырғы 30 қараша күнгі депутаттық сауалы мәдениет саласындағы олқылықтарға арналды. 

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елдегі мәдениетіміздің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады:

– Осы жылдың сәуір айында сол кездегі вице-премьер атына бір емес, 12 депутат атынан депутаттық сауал жолдап, елдегі мәдениетіміздің жай-күйіне алаңдаушылық білдірген едік. Онда қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қатысты қалыптасқан жағдайға тоқталып, қазақ Үкіметінің өз елінің ұлттық мәдениеті мен өзге елдің мәдениетіне қаражат бөлудегі, салыстыруға да келмейтін әділетсіздік туралы нақты мәліметтерді келтіре отырып, осы келеңсіз тәжірибені өзгертуді, биылғы жылдың басында Премьер-министрмен бекітілген мәдениетті дамытудың 6 жылдық концепциясын қайта қарастыру қажеттігін көтеріп едік. Өкінішке қарай, ол сауалымызға өте формальды жауап алдық. Ал біз көтерген концептуалды бірде-бір сұраққа жауап жоқ! Қазір сол жауаптың авторы Көлгінов те, дайындаушы министр Оралов та қызметте жоқ. Сондықтан осы мәселеге қайта оралуды қажет деп таптым.

6 жылдық концепцияда да, ұлттық заңнамамызда да қазақ халқының ұлттық, дәстүрлі өнері мен мәдениетіне қатысты мәселе құқықтық тұрғыда реттелмеген. Менталитеті өзімізге жақын Орта Азия, Моңғолия елдерінің мәдениетке қатысты заңнамаларын зерттеп-зерделей келе, өз мәдениетін өз елінде өгейдің күнін кештірген жалғыз елміз деген қорытындыға келдім. Бюджеттен жаңадан қаражат бөлдіру мәселесін емес, мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаражаттың әділ бөлінуін сұрап отырмын. Бір сөзбен айтқанда, «ҚР мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қайта қарастыру керек» деді. Бұл – барша қазақтың көкейіндегі сауал.

Егер қазақ мәдениетін дамыту мәселесі бойынша ұзақ жылдарға негізделген ұлттық концепция жасақтасақ, тиісті заңнаманы да сол концепцияға сай қабылдап, қалыптасқан келеңсіз тәжірибені де өзгертуге жол ашылар еді. Және ол мәселе тек министрлік шенеуніктері тарапынан емес, міндетті түрде еліміздің мәдениеттану саласына қатысы бар ғалымдардың қатысуымен қаралса екен. Жалпы, осы мәселе бойынша елімізге белгілі мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлері мен ғалымдарымыздың қатысуымен кеңес өткізіп барып, түпкілікті шешім қабылдау қажет деп есептеймін, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Алайда бұл сауалдан шыққан қорытынды жоқ. Нақты берілген жауап та естімедік. Қалай десек те, мәдениет мәселесі – ұлттың шамшырағы. Өзгелер қазақты мәдениеті мен тілі арқылы таниды. Егер мәдениеттен жұрдай болсақ, болашақ та бұлыңғыр.

Күні кеше Мәжілістегі әріптесі Абзал Құспанның мәдениет жайлы депутаттық сауалына жауап кешіккеннен кейін бе екен, әлде өзінің де бір ойлағаны болды ма, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп 11 қаңтар күні өткен Сенат отырысында «Елдегі тәрбие мәселесі дұрыс емес» деп, «құласам нардан құлайын» дегенді аңғартып, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа тура тартты.  

Депутаттық сауалында бұл мәселеге Үкіметтің араласуын сұрады. Сауалда қазақстандықтардың мәдениеті төмендеп кеткені айтылды. Депутат «ұят, жаман, обалды» ұмыттық деп, халық деңгейінің тобырлық межеге жеткенін тіліне тиек етті. 

– Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік? – деді Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.

Депутат мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыстардың жеткіліксіз екенін айтты. «Президент «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек қой. 20 миллион қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар сенатор депутаттық сауалда айтылған проблеманы шешуді көздейтін Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуді ұсынды. 

Депутат Ринат Зайытов та Мәжілістің жалпы отырысында жолдаған депутаттық сауалында мәдениет мәселесіне ерекше тоқталды. 

– Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және Отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз, Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымдары да бар. Ғ. Мүсіреповтың «Адам өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті» деген насихат сөзі бар, – деді Зайытов. Ол атағандай, бүгінде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлері мүлдем ескерусіз қалып отыр.

– Мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек қана сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары. Олар мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін: сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушы деген сияқты мыңдаған адамдар. Жанға бататын бір жайт, бұл аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ. Қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетер-жетпес межеден аса алмай тұр. Еңбекақысының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады, – деді Ринат Зайытов.

 

Редакциядан: 

Алдағы уақытта бір емес, үш бірдей депутаттың, Мәжіліс пен Сенаттың үш бірдей өршіл рухты азаматтарының депутаттық сауалына біз ғана емес, дүйім қазақ жұрты көз тігіп, Үкіметтен жауап күтіп отырғанын еске саламыз. Мәдениетіміз көтерілмей, мәнсіз тірліктің көбейе беретіні рас. Олай болса Жаңа Қазақстан құрушылардың ескі сүрлеумен жүрмейтініне елдің көзі жетуі тиіс!

 

    Жанайқайларға Үкімет неге бей-жай қарайды?

 

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың Парламентте көтерген МӘМС туралы сауалы да өте өзекті. Қаншама халық осының зардабын тартуда. Егер Үкімет тез арада шара қолданбаса, бұл мәселенің де ушығуы ешкімге пайда әкелмейді. Қайта халықтың билікке деген қарсылығын күшейте түсері даусыз.  

– Көптеген педагогтер МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлей отырып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмек алуда проблемаларға тап болып жатыр. Бұл мәселе ФОМС және Денсаулық сақтау министрлігінің бюрократиялық процедураларымен байланысты және педагогтерді ақылы медициналық қызметтерге жүгінуге мәжбүр етуде. Карағандыда өткен кездесуде педагогтер осы мәселені көтерді. Бұл проблеманың себебі – жазда, үш айлық демалыс және каникул кезінде, кейбір бухгалтерлер жалақыны және МӘМС бойынша тиісті жарнаны бір аударыммен аударады. Бұл өз кезегінде, МӘМС-тің бюрократиялық тиімсіздігінен оларды сақтандырылған азаматтар мәртебесінен айырып, медициналық көмектің қолжетімсіздігіне алып келді.

Біз бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне осы мәселені тез арада шешу туралы талап қойғанбыз. Бұл мәселеде жауапсыздық пен міндеттерін орындаудағы бейқамдыққа жол берілмейді. Болашақта бұл проблеманы шешеміз деп сенемін. Сонымен қатар, біздің кездесуде білім беру саласына қатысты заң жобаларын талқыладық. Әріптестер конструктивті ұсыныстар айтты, біз оларды кейінгі жұмысымызда ескереміз, – деді депутат Аймағамбетов.

Сондай-ақ былтырғы жылдың соңғы кезеңінде есірткі қылмысымен күрес бойынша Үкімет сағатында көп проблемалар көтерілді. Сол жиында Асхат Аймағамбетов өткір ойларымен көзге түсті. 

«Үкімет биыл осы мәселе бойынша кешенді жоспар қабылдады. Бірақ, өкінішке орай, көбінесе «қарастыру», «жетілдіру», «талқылау», «бұйрық қабылдау» деген сияқты тиімділігін өлшеуге келмейтін және декларативті болып қалуы ықтимал шаралар қарастырылған. Ал нақты, өлшенетін шаралар аз және көрсеткіштері тым төмен. Нәтижесі қалай болатынын көре жатармыз, бірақ жоспардың өзі сын көтермейді. Ал нашақорлық пен есірткі қылмысы бойынша проблема ушығып тұр», – деді ашынып. 

 

Үнемі еліміздегі жемқорлықты сынап, оның тамыры тереңге кеткенін айтудан танбай келе жатқан бір депутат – Бақытжан Базарбек. Ол 30 жылда ауылдың жері көрінгеннің қолында кеткенін ашық айтып жүр. Жер саласындағы халық үшін түбегейлі реформа қажеттігін де Үкіметтің есіне жиі салады. 

– Жер реформасын бастау керек және жер реформасының негізгі бағыты жер саласындағы олигополиядан шынайы арылу керек, жер саласындағы монополиялардың қалыптасуына құқықтық жолмен тойтарыс беруіміз қажет. 30 жыл бойы ауылдың жері көрінгеннің қолында қолды болып кеткен. Халықтың ауылшаруашылық жерлеріне заңсыз ие болғандар оны игермей, дереу оны сатуға не банкке кепілге қоюға тырысатын. Екі ортада сыбайлас жемқорлықтың нәтижесінде зардап шеккен қарапайым халық және мемлекеттің мүддесі. Сондықтан да алдағы уақытта халық үшін жер саласына түбегейлі реформа қажет. Реформаның негізгі мақсаты халықтың жер қатынастарында құқықтарын күшейту және мемлекеттік қорғау болу керек, – деген ол, жер саласында кәсіби сарапшы ретінде бірқатар шешім ұсынды. 

«Біріншіден, жер кадастрының ашықтығын қамтамасыз ету және ауылшаруашылық мақсатындағы жер иелері аты-жөндерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Мыңдаған, миллиондаған жерлердің иелерін біз және Қазақстан халқы білу қажет. 

Екіншіден, жерге бақылау жасайтын мемлекеттік орган әкімге де, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де бағынбайтын, дербес, Үкімет құрамына кіретін тәуелсіз, дербес Жер ресурстарын басқару Агенттігін құру қажет. 

Үшіншіден, мемлекеттік жер кадастрын бір қолға беру қажет, яғни Цифрлық даму министрлігінен Жер ресурстарын басқару Агенттігіне беру қажет. 

Төртіншіден, жер саласындағы сыбайластық жемқорлық пен жерге қатысты жасалған махинациялардың алдын алу үшін тергеу шараларын ұйымдастыру кезінде жемқор шенеуніктердің өз атында рәсімделген және заңсыз шығарылған жерлерін тәркілеп қана қоймай, жерді тәркілеу шарасын олардың әйелдері, ата-анасы, жақын бауырлары мен балаларының атында рәсімделген жерлерге тарату қажет», – деді.

Былтырғы жылдан есте қалар бір көрініс, ол Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мырзаның наркомафиялардың триллиондаған ақша айналдырып және олардың кім екенін біле тұра, қамауға қауқарсыз отырған ІІМ-нің жұмысына шүйліккені. 

– Орындаушылар ұсталады, бірақ ұйымдастырушылар, наркомафиялардың бірде-бірі ұсталмаған. Бұл дегеніміз, не құқық қорғау органдары жұмыс істей алмайды немесе ұйымдастырушылар үлкен мемлекеттік жүйеде отырған адамдар деп есептеймін. Бұл – үлкен бизнес. Бұл жерде триллиондаған ақша айналып жатыр. Бұны жоятын шара көріп отырған жоқпын. Неге каналдар жабылмайды? Бәрін білесіздер, кім сатып отырғанын, қандай каналдан келіп отырғанын және оның барлығы әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Өтірік айтып не керек? Жаңа Қазақстанда жаңа жүйемен жұмыс істеуіміз керек. Барлығын ұстайық, апарып қамайық, – деді Еділ Жаңбыршин. Бірақ ескі жүйеде жүрген, наркобизнесті қолдайды деген біреудің ұсталғанын көрмедік.

 

Тіл мәселесі тұғырына қашан қонады?

 

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, министр, министр орынбасары, әкім, әкім орынбасары секілді тек жоғары лауазымды тұлғаларға мемлекет тілді білуі міндеттелген. 2023 жыл да өтті. Алдағы алты жылда мемлекеттік тіл тұғырына қона ала ма? 

Парламент – заң шығарушы орган. Тіл туралы заң сол жерде қабылданған. Ұлтжанды депутаттардың «тіл-тіл» деп зар қақсап жататыны содан. Баяғы кеткен қателікті орнына келтіру. 

– Осы Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылданған «Тіл туралы заңда» тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбеген. Ал енді одан бері 26 жылда – ширек ғасырдан астам бір дәуірде қоғам мүлде өзгерді. Қазір ұлттық санамыз мүлде басқа сатыға көтерілді. Міне, осы орайда тіл саясатын жүргізудің жаңа үлгісін жасап, мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау керек. Сөзіміз құрғақ болмас үшін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының өмірде іс жүзінде орындалмағанын нақты баптарын санап отырып, дәлелдеп берейік, – деп келеді тіл жанашыры, депутат Қазыбек Иса.

 Ол 2020 жылы Ассамблеяда «еліміздегі барлық этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек» деп, арнайы ресми үндеу қабылдағанын алға тартып келеді. 

«Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!» деп ашынған белсенді тіл туралы заңның Кеңес империясынан еш өзгермегенін жазып, «Тіл туралы заңда» тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбегенін жасырмады.

Сондай-ақ депутат Қазыбек Иса әр бапқа жеке тоқталып, тіл мәртебесін көтеруді ұсынды.

«Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738-бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Бұл да 30 жылда орындалмаған заң. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы – елдің үмітін жойған «жансыз», өлі заң. Сондықтан бұл «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңды саяси-қоғамдық банкрот деп жариялау қажет! Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға тиіспіз!» – деуден танбай жүр. Бірақ оған әзірге құлақ асып жатқан Үкімет жоқ. 

 Былтыр көрші Қырғыз Республикасының Жогоргу Кенеші (Парламент – ред.) мемлекеттік тіл туралы заң жобасын қабылдаған болатын. Енді заң жобасының талабы бойынша мемлекеттік тілді білмейтін адам мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік тілді кемі В1 деңгейінде, яғни орташа деңгейде білетіндер ғана мемлекеттік қызметке тағайындалады. 

Елімізде қазақтілді қауымның саны ресми статистика бойынша 80 пайызды құрайды. Халықтың 80 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлеп жүрсе, онда кез келген мемлекеттік қызметкерден талап етуге қақымыз бар.

Әкімшілік кодекс қабылданғалы бері шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Әкімшілік кодексте 75-бап бар. Ол бапта тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Қазір қоғамда қазақ тілінің мәселесі күйіп тұр.

– 75-бап бойынша айыппұлдар көрсетілген... Алайда 75-бап бойынша әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Тиісінше (адамдар – авт.) тіл бойынша заңды бұзады, қазақ ұлтының ар-намысына (тиетін – авт.) сөздерді айтады. «Қазақ тілінде сөйлемеймін» деген сияқты тілге қатысты жағдайлар бойынша адамдарды жауапқа тартайық десек, бірде-бір уәкілетті орган жоқ, – деді Абзал Құспан. Депутаттың пікірінше, бұл бап іс жүзінде жұмыс істемейтін болса, кодекстен алып тастау керек. 

«Біз 75-бапты жұмыс істемейтін бап ретінде (заңнан) алып тастауымыз керек. Тілге қатысты заң бұзғандарға бір өкілетті органды айқындау керек. Қазір ұсыныс енгізейін десек, тілге қатысты орган жоқ. Тілдерді дамыту комитеті біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке көшеді. Қазір Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарайды. Халықты алдамай, осы мәселені бір жағына шығаруымыз керек», – деді Мәжіліс депутаты.

Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова депутат көтерген мәселені қарастыруға дайын екенін жеткізді. Бұл да болса көңілге қуаныш ұялатады. «75-бап бойынша уәкілетті орган көрсетілмесе, біз оны жұмыс тобымен қарап, пысықтауға дайынбыз. Өйткені, соттың 804-бабы бойынша қызмет пен құрам бар болса, хаттамасыз ол нормаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Кодексте осындай жетіспеушілік болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Уәкілетті органмен қосымша жұмыс жүргіземіз», – деді вице-министр.

Жалпы Мәжіліс депутаттары мемлекеттік тілдің мәселесін үнемі қозғап келеді. Олардың қатарында бірнеше депутат бар.

Иә, халықтың қалаулылары өте өзекті мәселе тіл екенін орнымен көтеріп келеді. Мәдениет те, әдебиет те сонда ғана еңсе көтермек. Белсенді депутаттар тарапынан Үкімет пен оның қол астындағы органдарға: ел ішіндегі кедейшілік, жұмыссыздық, қымбатшылық, баспанасыздық, жемқорлық, озбырлық, әділетсіздік туралы жолданған депутаттық сауалдардың қарасы көп. Әттең дегізетіні – нәтиже аз. Өте аз... 

 Айтпақшы, депутат Абзал Құспан көтерген 75- бап туралы айтқан ұсыныстың оң нәтижесін халық қашан көретіні белгісіз. Үкімет үнсіз. Халық тілсіз. Содан да шығар, жоғары билікте тіліміз құнсыз.

 

 

Сырт көз – сыншы

 

 

Жапон тюркологы Наката Юконың мына сөзімен мақаланы түйіндемекпіз: 

«Әрине, мен де сіздерге баға бере алмаймын. Бір тілде сөйлейсіздер ме, әлде екі тілді бірдей таңдайсыздар ма – оны өздеріңіз шешесіздер. Екі тілді бірдей білген де жаман емес. Билингвизм әлемнің көп елінде бар. Тарихшы ретінде айтатын болсам, маған қазақтар өзінің ұлттық ерекшелігін, тілін жоғалтып алған халық секілді болып көрінеді. Сіздер – адасқан, жолынан жаңылып қалған халықсыздар, меніңше. Халықты әдейі не қасақана тарихи жадынан айырып тастаған сияқты. Әйтпесе, есі дұрыс адам ана тіліңнен гөрі орысша білген дұрыс па деп сұрай ма? Бұл – абсурд! Тамырынан ажырап қалған, не істерін білмей аласұрып жүрген халықтар ғана осындай сұрақ қояды, негізі. Тіл мәселесін біржола шешу үшін халыққа тарихын оқытып, халықты, ұлтты соған ынталандыру керек.

Мен Алматының дүкендерін аралап жүріп, тарих тақырыбын қозғаған бір дені дұрыс кітап таба алмадым. Дұрыс қарамаған шығармын, мүмкін. «Меломанда» да болдым. Бүкіл әлемде ғылыми басылымдардың, соңғы шыққан кітаптың бәрін осындай үлкен-үлкен кітап дүкенінен табасың. Сұраныс бар оған. Сіздерде сатылмайды, өйткені халық өз тарихына қызықпайды. Осы жақында ұлттық аспаптар музейінде болып, сол жерден баяғы өткен заманның тарихын, нағыз ұлттық құндылық – балбалды көрдім. Бірақ ол неге ұлттық музейде емес, бір елеусіз зат сияқты болып сонда тұр? Осыны көргенде, қазақтың тарихын зерттеп жүрген менің жүрегім ауырды. Тарихқа қалай қарасаңыздар, тілге де сөйтіп қарап жүрсіздер...».  

Ойланайық, ағайын!

Нағашыбай Қабылбек
19.01.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 610
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8755
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8155
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9138
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10369