Нұрлан Зайруллаұлы Қарағанды облысында әкім, Президент әкімшілігінде басшы, басқа да жауапты қызметтерде болды. Қай қызметте жүрсе де, адалдығымен, халықшылдығымен таныла білді. Темірдей тәртібімен көзге түсті. Осындай рухы мықты азаматқа газет ұжымы атынан алдағы қызметіне табыс тілейміз! Ер еңбегі еленеріне сенгіміз келеді.
Өз айтары бар, мемлекеттік қызметте әбден ысылған Нығматулиннің орнына парламенттің төменгі палатасының төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Орталық сайлау комиссиясы сейсенбі күні оны мәжіліс депутаты ретінде тіркеді. Бізге жеткен ақпаратқа қарағанда, депутаттар мәжіліс төрағасы кандидаттығына құпия түрде дауыс берген. Депутаттар әдеттегідей Қошанов кандидатурасын бір ауыздан мақұлдап белсенділік танытыпты. Екі бірдей «оппозициялық партия» қалыс қалмаған, қарсылық танытпаған. Қазірден-ақ «өзгеруді» емес, «өзге түрге енуге» дайын тұрған оппозициядан не үміт, не қайыр!
1 ақпан күні депутаттық өкілеті тоқтатылған Нұрлан Нығматулин отырыста сөйлеген сөзінде өз еркімен өтініш бергенін айтып, әріптестеріне, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «лауазымды қызметтерді сеніп тапсырғаны үшін» алғыс айтты. Мәжілістің жаңа спикері Ерлан Қошанов бұған дейін президент әкімшілігіне жетекшілік еткен. Билік баспалдағында өсіп-өркендеген тұлға! Көпшілікке жақсы қырымен, іскерлігімен де танылғанын айта керуіміз керек. Әлеуметтік желіде де көпшілік Мәжіліс төрағасына жылы лебіздерін білдіріп жатыр. 2 ақпан күні Мәжілістің жаңа төрағасы Ерлан Қошанов Палатаның жалпы отырысын өткізді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстан» құру жолында Парламентке артылар жүк те, жауапкершілік те өте зор екенін, сондықтан осынау сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, Президент бастамаларын барынша қолдау – депутаттардың басты міндеті болатынын алға қойды.
«Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алу негізгі алғышарты. Сол себепті алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық секторымен, БАҚ өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан әрі жандандырамыз. Бұл – Президент бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың басты ұстанымы, – деп атап өтті Мәжіліс спикері. Қазақылығы басым Қошанов бұрынғы спикер Нығматулин салған сара жолды жалғастырып – Мәжілістегі қазақ тілінің де мерейін көтереріне сенейік!