Жаңа Үкімет басшысына аналық ақ тілек. Алла – тірегің, халқың – қолдаушың, ақиқат айбарың болсын, Олжас қарағым!

Жаңа Үкімет басшысына аналық ақ тілек. Алла – тірегің, халқың – қолдаушың, ақиқат айбарың болсын, Олжас қарағым!

Әлеуметтік желілерде не жазылмай жатыр? Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқандар қаншама. Ел боламын деген жұрт дау-дамайды емес, ынтымақ пен бірлікті ойласа керек-ті. Ахмет Байтұрсынұлының: «Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек һәм осы керектердің жолында әрекет қылу керек» деген әйгілі сөзін қазақ баласы жадынан шығармауы тиіс! Қазір алмағайып заман. Халықаралық жағдай, әлемдік ахуал сағат сайын құбылып тұр. Кімге сенеріңді білмейсің. Уинстон Черчилльдің «Англияның мәңгілік достары жоқ, оның тек мәңгілік мүдделері ғана бар» деген сөзінің шындығына көз жете бастады. Бүкіл әлем бүгінде Қазақстанға көз тігуде. Жай ғана көз тігіп отырған жоқ, «қалай құрдымға кетер екен, жеріне қайтсек қожалық етеміз, қалай бөліске саламыз» деп мысықтілеу пиғылда отыр. Тәуелсіз Қазақстанның 12- ші Үкіметі тағайындалды. Жаңа Премьер-министр сайланды. Бірнеше министр болмаса, баяғыдан келе жатқан министрлер орындарында қалды. Бұл да Президенттің бір саясаты болар. Орындарын ауыстыра бергенше талап қойып жұмыс істеуіне мүмкіншілік бергені дұрыс та шығар. Иә, күтпеген ерекше жаңалық болғаны рас. Мен ел Президенті Қ.Тоқаевтың Премьер-министрге О. Бектаевты тағайындағанын құптаймын. Ешкім күтпеген жаңалық. Тың бастама.

Небір ресейлік дипломаттар мен саяси «балгерлер», әлемдік «әккі саясаткерлер» әртүрлі болжам айтып жатты. Тіпті Ресей БАҚ-тары Қ. Бозымбаевты «сайлап та» қойды. Біздегі орыстілді, соларға қарап «ұлитын» блогерлер Склярды мадақтай бастады. Себебі бұл аттары аталған азаматтар Ресей үшін «қолайлы», «иі жұмсақ» шенеуніктер. Ресми тілге де «бүйректері бұрып» тұратынымен Ресейге ұнайтыны да жасырын емес. Міне, осындай сын сәтте ана тілімен ауызданған, биліктің әр сатысында бағын сынаған, былық-шылықтан ада, Ресейдің «қамшысы көзіне тимеген», азаттықтың ауасымен дем алып, есейген Олжастың Үкімет басына келуі Президент Тоқаев мырзаның терең дипломат екенін тағы бір көрсетті. Ұлтжанды азаматтардың да көксегені, армандағаны Ресейге емінбейтін, айтқанына жегілмейтін, опоңай берілмейтін осындай азамат емес пе еді? Бұл үлкен саяси жеңіс! Мен осы үшін қуандым. Әрине, ештеңе бітірмеген министрлердің кейбірінің қайта тағайындалғанын көріп қуардым. Оны да жасырмаймын. Бірақ тағы айтамын, бұл да саясат болуы әбден мүмкін. Мынадай алмағайып заманда Үкіметке қырықтағы қылшылдаған жігіттер керек. Оларда күш те, қуат та, білім де, энергия да бар. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» дегені осы! Жасаған жұмыстарында тәртіп, нәтиже болады. Себебі бұл буын қарт басшылардың осал тұсы мен нашар кезін көріп өсті. Іштерінен кіжініп өсті. Халықтың ішінде өсті. Сондықтан бұлар алдыңғы лек жіберген қателіктер мен кемшіліктерді жібермеуге тырысады. Халықтың ашуы мен ызасын көргендіктен, лас істерге, жемқорлыққа жол бермейді. Мен бұған күмәнсіз сенемін. Қазақ «Жас келсе – іске, қарт келсе – асқа» деп бекер айтпаған… Оу, ағайын, Әбіш ағам айтқандай, «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды». Ең бастысы күштік құрылымда істеген азамат келді Үкімет басына. Енді жемқорлықтың желкесі қиылып, парақордың белі сынады деп ойлаймын. Айтылған уәделерін орындаса, шетелдегі активтерді елге қайтарса, халықтың әл-ауқатын түзеуге күш салса, үлкен жетістік болмақ. Мемлекеттік тілде сөйлегені қандай төгіліп тұр?! Ұлттық құндылыққа көңіл бөліп, отыз жылдан аса жоғалған елдің сенімінен шыға білсе деп тілейік. Тірек болайық! Әлеуметтік желідегі «айналайындар» талай нәрсе айтуда, оны жазып, айтып әуре болмайық. Кімге туыс екені, генералдықты қалай алды, оның бәрі қатын өсек… Біздің қоғамға тәртіп пен талап керек, сонда ғана дұрыс даму жолына түсеміз. Жемқорлар, алаяқтар, парақорлар, ұры-өтірікшілер жойылсын. Бір-бірімізге деген сенім керек. Барлық ісіміздің берекеті болуы үшін оларды қолдау керек. Меніңше, қазір қалай ұлт болып қаламыз деген ұлы мұрат жолында қазақ бірігуіміз қажет. Басқа жол жоқ. Ол үшін ниет пен пейілді дұрыстау талабы тұр. Себебі біз, көпшілігіміз, шектен шығып барамыз. Дандайсып кеттік. Бабалардан қалған мейірімділік, кеңдік, жомарттықтан жұрдаймыз. Жай ғана бір мысал. Кешегі боранда Ақтөбе өңірінде жолда қалған машиналардың дөңгелектері тоналған. Жанармай бекеттері мен асханалар жолда қалған жолаушыларға тамақты қымбаттатып сатқан. Бұл не масқара?! Қайда барамыз? Ниетіміз бен пейіліміз неге мұнша тарылды? Сөйте тұра билікті сынауға құмармыз. Реті келсе өзіміз қарпып, асап қалғымыз келеді. Билікті жөнге келтіру үшін бірінші халықтың өзі көп нәрседен тыйылу керек. Адалдық ұстанымы жалпыға ортақ. Өзің адал болмай, мейірімің төгілмей, жомарттығың «оянбай», биліктен адалдық пен әділеттілік, жомарттық талап етуге құқың жоқ… Айтқым келгені, Үкімет басына жас жігіт келіп еді, оны да тоқпақтау, қаралау науқаны жүріп жатыр. Иә, бұрынғы команданың көбі «жылы орындарын» суытқан жоқ. Бәлкім оларға берілген тағы бір мүмкіндік болар. Кім келіп, кім кетпеген Үкімет бұл. Сондықтан билік баспалдағында сатылап өскен Олжас Бектеновқа Президент сенім білдіріп жатса, бірдеңені біледі де. Олай болса жас жігітті біз де халық болып қолдауымыз керек. Оны өзі Президент Тоқаевпен кездесуінде: «Мәселелердің сәнінен гөрі мәніне көп назар аударамыз. Нақты іспен айналысамыз. Нәтиже болады деп уәде беремін!» – деп, азаматтық сөзін берді. Онда неге оны қолдамасқа? Неге қорғамасқа? Өз қағыңнан жерісең, кім саған өзінің асылын әкеліп береді? «Жас екен» деп шулап жатқандарды да көзім шалды. Қазақта «отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген тамаша тәмсіл бар. Сондай азамат екен Олжас. 44 жаста. Дер шағы! Қазақтың небір азаматтары дәл осы жаста ел билігін қолына алып, ұлан-байтақ даламызды жаудан қорғап қалды емес пе! Оның нақты мысалы батыр Баукең. Бауыржан Момышұлы. Кешегі Қонаев пен Тәшеновтер 40 жасында Мәскеудің өзін састырып, ұлтшыл болып қасқиып шыққаны тағы бар. Тарих қайталанып жатса, несі жаман?! Телеграм каналдар мен қаптаған ютуб каналдарда «Ертең соғыс болады. Қазақстанды Ресей мен Қытай бөліп алады» деген алып-қашпа әңгімелерден аяқ алып жүре алмайсың. Сасық пиғылдағы саясаткерлері билігінің көзқарасын жариялап қояды. Оларды қолдап жатқан пенделер қаншама. Өз арамызда да толып жүр. «Жақсы сөз – жарым ырысты» адамдар ұмытқалы қашан. Әйтеуір, жат жұрттық саясаткерлердің көксегені – Қазақстанды мұқату, армандары қазақ билігін құлату. Жасыратыны жоқ, Украина, Әзербайжан секілді елдердің терең білімді аналитиктері «Қазақстанның болашағының зор екенін, ол үшін дәл қазіргі қиын кезеңде Тоқаевты қазақ жұрты қолдауы керектігін айтудай-ақ айтып жатыр. Тек оны көретін көз, сезінетін жүрек керек. Ұлтжандылық пен ар-намыс қажет. Ел анасы ретінде айтарым, халқым, жұртым, ояныңдар! Ішкі-сыртқы саясатқа көз жүгіртіңдер. Ел болашағы үшін ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстаңдар. Жарқын күндер алдымызда. Бізге қазір ұлт болып ұйысу керек. Демографиялық үстемдігімізді көрсетіп, ел мен жердің қожайыны екенімізді сөзімізбен де, ісімізбен де дәлелдейтін заман келді. Қырықпышақ болып, қыр аспаймыз, ағайын! Қазіргі кезеңге жігерлі басшының қажеттілігі туындауда, сондықтанда Президенттің таңдауы дұрыс болды деген ойдамын. Иә, оның дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетеді. Бірақ жалындаған жастың жігерінен жалын көрінеді. Ақ жаулықты ана ретінде жаңа басшыға сәттілік тілеп, мүмкіндігінше қолдау білдіруге шақырамын! Өйткені бұрынғы өз қамын ойлағандар, оңайлықпен жылы орнынан айырылып, жиғанын ел мүдесіне бере қоюы екіталай. «Жас келсе – іске» деген қағиданы қолдай отырып, ел болып болашағымызға үлес қосайық. «Түрі игіден түңілме» деген атам қазақ. Олжас балама менің берер ақ батам: Ниетің қабыл болсын, ел тағдыры сенің қолыңда, қарағым! Саған Президент үміт артты, біз сенім артып отырмыз! Президенттің жүгінен де сенің жүгің ауыр, сондықтан аяғыңды аңдап басып, арың таза болса, алысқа шабасың! Жан-жағыңа жарбаңдаған жарбақайлар жақындай бастайды. Оларды сыпайы сылап-сипап шығарып жіберсең, құтыласың. Бала-шаға, ағайын-туыс, жекжаттарды тек отбасында қалдыр! Босағадан аттап шыққанда оларды мүлдем ұмыт, жұмыста жалтақтамайсың! Саясат – үлкен ойын. Тура болып қажет жерінде амал қылу да керек. Ол үшін жан-жақты сауатты болып, жаныңда адал қызметшілер мен қолдайтын халқың болу керек! Сонда ғана алысқа самғайсың! АЛЛА – ТІРЕГІҢ, АҚИҚАТ – АЙБАРЫҢ, ХАЛҚЫҢ – ҚОЛДАУШЫҢ, ШЫНДЫҚ ШЫРАҒЫҢ БОЛСЫН! Абырой мен сәттілік тілейік. Мына заманда Үкімет басқармақ түгілі отбасына ие бола алмай отырғандар қаншама. Халық үшін жақсы өзгеріс жасай алсаң, жарадың. Келешекте халқыңа, келер ұрпаққа тарихтың бетінен күліп қарайсың! «Өз пайдаңды ойланба, халықтың пайдасын ойла, сенің пайдаң сонын ішінде». деп айтқан Жүсіп Баласағұн бабамыздың сөзі ойландырады. «Кекшілдік деген бар, содан сақтан. Күншілдік деген бар, содан сақтан. Астамшылық деген бар, одан алыс жүр. Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр. Қараулық деген бар, одан таза бол. Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол. Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол», – депті Бөлтірік шешен. Қалай дөп айтқан?! Осындай ұлы бабаларыңның өсиет, ұлағат сөздері рухани қаруың болсын! Сонда қателеспейсің. Іске сәт, ақ жол!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

15.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 245
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 241
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 743
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 866
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 779

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542