18 қаңтар күні Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын таныстырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау әрі ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады», – деді Әлібек Қуантыров. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша Жоспарда 11 іс-шара көзделген.