Жаңаөзендегі жанайқай және биліктің қырсыздығы

Жаңаөзендегі жанайқай және биліктің қырсыздығы

 

Бақсам бақа екен...

Жаңаөзенде халық газ бағасының қымбаттап кеткендігін алға тартып жаппай наразылыққа шықты. Кешеден бері алдымен әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан хабарлар мен бейне жолдаулардан жағдайды бақылап отырмыз. Бүгін еліміздің түкпір-түкірінде Жаңаөзенге үн қосып жатқандардың қарасы көбейе бастады. Арты қайырлы болсын дейміз...

Әлеуметтік желілер арқылы өз пікірлерін білдіріп жатқан азаматтардың көбі ең алдымен «Еститін Үкімет» тұжырымдамасын еске алып жатыр. Өте орынды сөз. Президентіміз естіген екен. Оның дәлелі 3 қаңтар күні 3 тен асқанда Твиттер парақшасынды жариялаған: «Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс»- деген жазбасы сө болды. Осыдан кейін Үкімет бірден «естіп» мынадай хабар таратып үлгерді. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. 

Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады. 

Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, болған оқиғаны қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды»- деленген. 

Құзырлы мекеменің таратқан ақпаратында көңілге түйетін уәждары жетерлік. Соның бірі: «бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады»- деген сөз. Яғни біздің Үкімет «білмей қалған», ана жақта «бағалық сөз байласулар болған» екен. «Бақсам бақа екен» демекші, Үкіметтің мына сөзіне қарағанда баға қолдан өсірілген болып шықты. Осыған жалғас ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген жауапты азаматтар «газ бағасы екі есе өсті деген жалған сөз, айналамыздағы көршілерде бізден әлдеқайда қымбат» деген уәждерін айтып жатыр. Осындайда шетелдермен салыстырғыш шенділер көлік бағасы секілді мәселелерге келгенде неге тілдерін тістеп қаладады деген ой келді арасында... Бұдан бөлек «Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, болған оқиғаны қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды»-деген сөйлем түсініксіздеу болып шықты. Сонда өз пікірлерін айтып бейбіт шаруге шыққан халықты әлдеқандай қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздеп отыр ма Үкіметіміз?

                         Биліктің қырсыздығы

Жасыратыны жоқ, Маңғыстауда халық көшеге шықты дегенде есімізге «Жаңаөзен оқиғасы» бірден оралды. Әлі күнге кейбір жұмбағы ашылмай тұрған тақырып еді. Ол кезде де наразы болған топ айлар бойы бейбіт шаруге шығып, талаптарын орындата алмаған еді. Яғни Үкімет естімеді. Ақыры қан төгілді. Кешеден бері жүрегіміз аузымызға тығылып, елдің амандығын тілеп отырмыз. Шныны керек, бізге қақтығыстың, жанжалдың керегі жоқ. Бізге  бейбітшілік керек. Ол үшін билік халықпен шынайы диалогқа бара білуі тиіс. Осыны баяғыда ақ біздің Үкіметтің түсінетін кезі келген еді .

Халық неге көшеге шықты? Себебі неде? Ешқанадй қоғамдық зерттеу, түпкі мәніне бойлау деген ешбір басшының өңі түгіл түсіне кірмеген екен. Осы арада Германияда орын алған бір қанды оқиға еске түсіп отыр. Осыдан 7-8 жыл бұрын мектеп ауласында қолына мылтық ұстаған жасөспірім оншақты адамды жайратып салған еді. Осы жантүршігерлік оқиғадан кейін Германияда сан-салалы зерттеулер басталып кетті. Әрі БАҚ-беттерінде жарияланып отырды. Атқан оғы жерге түспеген баланың мергендігі мен осындай жауыздыққа қалай именбестен барғандығы, отбасылық жағдайы, психикасы, қазірге дейінгі жүріс-түрісі барлығы мұқият зерттеліп жатты. Ақырында баланың мергендігі компютерлік ойындардағы атыс-шабысқа машықтанғандығынан деген қортынды шықты. Сөйтті де зиянды сайттар мен қан төгісті насихаттайтын компютерлік ойындарға сот арқылы шектеу сала бастады. Міне, осы арқылы ендігі жерде туылуы мүмкін оқыс оқиғалардың алдын алуға қарекет жасай білді. 

Ал біз не істедік? Ештеңе істемеген екенбіз. Егер жалақыдағы теңсіздік  тб, біржолата шешілген болса, батыстағы мұнайшылар неге ауық-ауық шерулете береді?

Табиғи газ өз елімізде өндіріледі. Бүгінгі жиналыста «газ өндіріу көлемі былтырғыдай болды. Алайда сұраныс артып кетті» деген себеп қарастырылып жатыр. Сонда пандемияға қарамастан бір жыл ішінде сұраныс екі есе артып кетті дегенге кім сене алады? Бұған халық сене алмайды. Себебі біздің жан санымыз бір жыл ішінде екі есеге көбейген жоқ қой. Немесе сырттан соншама көп халық ағылып келген жоқ. Газды адамзат ғана тұтынатындығын барлығымыз білеміз.  Бұл жерде электрондық сауданың заңы автоматты түрде көтерілді дегенге де сену мүмкін емес.

Халық неге ашынып отыр? Ол тек қана газ бағасының шарықтағаны үшін емес, бірімен бірі бәсекелескендей болып, күн сайын шарықтап бара жатқан бағалар халықты ашындырып отыр ғой. Үкімет осындайды неге жіті қадағаламайды? Сұрақ көп, беріліп жатқан жауап көңілге қонымсыз. Бұл Үкіметтің қырсыздығы дер едік. Басқа себеп көріп тұрған жоқпыз. Ендеше мұндай қырсыз, қолынан іс келмейтін Үкімет командасымен кетуі тиіс!

Енді жаппай шерулар басталуы мүмкін

Қазір ештеңені жасыра алмаймыз. Бүгін елдің әр аймағында қымбатшылыққа деген наразылық көбейе бастады. «Сезікті секірер» дегендей, «Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында полиция адамдарды ұстап әкетіп жатыр» деген хабарлар таралып жатыр. Ақтөбеде наразылық танытқан жүз шақты адам әкімшілік алдына жиналып, қымбатшылықты ауыздықтау туралы талаптарын білдірді. Соңғы хабарларда тек Жаңаөзен қаласы емес, тұтас Маңғыстау халқы көшеге шықты десіп жатыр. Бұған дер кезінде Премьер-министр немесе Президент өзі араласпаса, наразы халық 30 теңге арзандытылғанға тоқтайтын түрі жоқ. Әрі көп ештеңені шеше алмайтын орынбасарларды да тыңдағысы келмей тұрғаны анық. Бұлай кете берсе ертең тағы қайсы өңірде шерулер басталатыны белгісіз екенін мойындауымыз керк.

Бізге тыныштық керек. Үкімет халықпен тіл табыса алмаса, халықтың орынды талабы ескерілмесе, онда ашынған халық бұғып жата бермейтіні белгілі. Дегенмен кешеден бері байқағанымыз шеруге шыққан адамдардың ештеңені қиратып, бүлдіріп жатпағаны, ешкімменен жаға жыртыспағандығы болды. Бұл өте дұрыс таңдау. Талап-тілектерін айтуы орынды. Алайда жаппай тәртіпсіздік пен орынсыз жанжал керек емес. Мұндайда жат ниетті адамдардың орайдан пайдаланып, арандату жүргізулеріне жол бермейік ағайын! Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ. Қазақтың жалғыз ОТАНЫ-ҚАЗАҚСТАН. Ендеше өз отанымыздың тыныштығы мен амандығы, көркейіп, гүлдене беруі баршамыздың борышымыз дер едік. Ал «Еститін Үкімет» енді естімесе, сенімнен айырылғаны болмақ... 

Сәуле Мешітбайқызы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
04.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 83
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10393