Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде«Наурызнама» шаралары басталды.
Көрісу айт мерекесімен басталған Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы іс-шаралар өз жалғасын табуда. Мерекелік шаралар легі «Көрісу керуені» атты этно-фест іс-шарасымен басталды. Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі жанындағы «Арман» балалар аула клубы мен университеттегі«Мәдениет және өнер студиясы» ұйымдастырған мерекелік шараны профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер және білім алушылар тамашалады. Алдымен сөз алған Жәңгір хан университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов биылғы Наурыз мейрамы кең ауқымда бастау алғанын атап өтті. Бұдан әрі шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Ақ жаулықты өнерлі әжелер халық әндерін шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
14 наурыз – Көрісу күніне орайұйымдастырылған «Амал келді, жыл келді!» атты мерекелік шарада ертемен бас ғимараттың фойесінде оқытушылар мен қызметкерлерді және білім алушыларды ұлттық киімдегі жастар қарсылап, үлкендерге көрісіп, батасын алды. Ұжым қызметкерлері бір-бірін ежелден келе жатқан«Көрісу айт» мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Мерекелік көңіл күйді еселеген «Нарын сазы», «Ерке-Нұр», «Тұмарым» шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті.
– Биыл Наурыз мерекесі жаңаша сипатта бастау алуда. Батыс өңірінде ғана атап өтілетін «Көрісу күні» ел көлемінде насихатталып жатқаны қуантады. 23 наурызға дейінгі онкүндіктің әр күні маңызды шаралармен жалғасып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін боламыз. Мұның өзі – үлкен жетістік. Өзіміз ұстаз болғандықтан, жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға тырысамыз. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен, келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! – дейді Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының директоры Жанар Ержанова.
Сонымен бірге оқытушылар мен қызметкерлерұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық жәдігерлермен жасақталған бұрышты тамашалады. Бұдан әрі мерекелік іс-шара университеттің институттарында жалғасты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы