Жапон қызы Чиеко Хирота: Қазақ халқы өз салт-дәстүріне, мәдениетіне бейжай қарамайды

Жапон қызы Чиеко Хирота: Қазақ халқы өз салт-дәстүріне, мәдениетіне бейжай қарамайды

Баян-Өлгейде 2 жыл бойы тұрақтап, қазақ тілін жетік меңгеріп, тіпті құрақ көрпе, сырмақ, текемет тоқуды сүйікті ісіне айналдыра білген жапон қызы Чиеко Хирота жайлы ақпаратты журналист Айгерім Бегімбет ханым өз инстаграм парақшасында жазды.

Чиеко Жапонияда тұрады. Қазір докторантурадағы диссертациясының тақырыбы Қазақтың құрақ көрпесі туралы екен. Ол мектеп бітірген соң Токиодағы шет тілдер университетіне оқуға түседі. Дәлірек айтқанда, моңғол тілі мамандығын оқуға бел байлайды. Тілге қызыққаны соншалық, Моңғолияның астанасы Ұланбатырға барып, бір жыл оқиды. Баян-Өлгейге қыдырып барып жүрген кезінде қазақ тұрғындарды көріп, мәдениетіне қызығушылығы оянған. Токиодағы оқуын тамамдағаннан кейін Баян-Өлгейге көшіп барады. Екі жыл Көгершін деген ағайдың үйін паналап, қазақ тілінен бөлек, сырмақ, текемет тоқуды, кесте тігуді үйренеді. Тіпті, жапон тілінде «Қазақтың біз кестесі» атты кітабы жарық көргенін айтып, онымен таныстырды. Кітап ішіне қазақтың басқа да салты мен мәдениетін де жазған. Малдың жайылымға шыққаны туралы да қызықты ақпараттармен бөліскен.

«Олар мені өз қыздарындай көрді. Бар жылы-жұмсағын аузыма тосты. Басында қазақша түк түсінбейтінмін, адамдар не айтып жатыр екен деп таңғалып қарайтынмын. Кейін «бауырсақ», «дастарқан», «шай іш», «тамақ же» деген сөздерді іштей жаттап, қайталап үйрендім, сосын сөз тіркестерін, кейін сөйлем құрай алатын болдым. Шайды көп ішіп үйрендім. Мені Шайгүл деп те атайды», – деп еске алады Чиеко.

– Жалпы қазақ тарихына, мәдениетіне, тіліне деген қызығушылық неден басталды?

– Қазақшам кішкене шорқақтау, кейбір сөздерді айтқанда қиналамын. Сондықтан барымша баяндап берейін. Университетке моңғол тілін терең меңгеру бойынша мамандық таңдағанмын. Өзім Моңғолиямен терең танысқым келген. Кейін Баян-Өлгей деген жерінде болдым. Баян-Өлгейдегі қазақ кісілермен танысып, араласып кеттім. Қызығы, моңғол жеріне барып тұрсам да, барлығы қазақ және қазақы салт-дәстүрді ұстанатын жандар. «Неге моңғол жерінде қазақтар көп?» деген сауал туындады. Қандай ұлт екеніне қызығушылығым артып, зерттеуді бастап кеттім.

– Қазақстанға келіп көрдіңіз бе?

– Қазақстанға 2 рет бардым. Алғаш рет 2014 жылы Алматыға бардым. Өте ұнады. Әдемі қала. Мысалы, мен жапондық қызбын ғой. Базарда болсын, мейрамханада болсын, қазақ кісіге қазақ тілінде сөйлесем, маған кәдімгідей таңқалып жатады.

«Неге сіз қазақша сөйлейсіз? Қазақсыз ба? Әке-шешеңіз қазақ па? Әлде туыстарыңыздың ішінде қазақ адам бар ма?» деген толассыз сұрақтың астына алатын еді. Таза жапондықпын, Жапонияда туып-өскенмін десем, сенбей жатады.

Қазақтар – өте қонақжай халық. Сәлемдесіп, хал сұрассам болды, менің қолымды алып, тіл білгенім үшін, тарихты оқып, зерттеп жүргенім үшін өз алғыстарын білдіреді. Моңғолиядағы қазақтар мен Қазақстандағы қазақтардың арасында айырмашылық осы жерде білінеді. Салт-дәстүріне, мәдениетіне бей-жай қарамайтын халық екеніне көзім жетті. 2014 жылы тек 2 аптаға ғана бардым. Кейін 2017 жылы 1 айға бардым. Алматыға, Астанаға, Шымкентке бардым. Арыс қаласында 1 апта тұрақтадым. Баян-Өлгейде танысқан тарихтан бөлек, тағы да тағылымды дүниелерді тани бастадым. Мені қызықтырғаны – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Әр жүздің өз сан алуан тарихы бар екен. Моңғолияда орта жүздің адамдары көп екенін білдім. Кейін 2020 жылы осы жүз тарихын тереңірек зерттегім келіп, Қазақстанға тағы да келгім келді. Алайда, әлемді коронавирус жайлаған соң, жолым түспеді. Содан кейін ешқайда шықпадым. Бірақ міндетті түрде барамын.

– Қазақ жерінде кездескен қызықты оқиғаларыңыз бар ма? Арыстың адамдары қалай қарсы алды?

– Арыстың үйлену тойына қатыстым. Моңғолиядағы қазақтардікінен ерекше болды. Сол тойда мен бірінші рет жасау беру деген салтпен таныстым. Жасаудың ішінде қолөнер бұйымы, яғни көрпе барына қатты қуандым. Шымкент қаласына өзбек сынды көршілес ұлттар жақын болғандықтан, олардың мәдениеті қазақпен байланысып кеткендей. Қазақтың таза тарихын оқыған кезде кездеспеген дүниелер қазір той-томалақтарда көрініп жүр. Тағы бір қызық жайт, Баян-Өлгейде күнде ет жейтін едік. Асқазаным көтере алмай ауыратын еді, ал Арыста олай күнде ет жемедік. Шай берудің де өзі бір қызық қой. Ақ шайды жақсы білемін. «Болды, ішпеймін» деп айтпайынша, келген қонаққа шай құя береді екен. 

– Өзіңіз зерттеп жүрген көрпе тарихын Жапонияда таныстырып жүрсіз бе?

– Қазақтарды қайта-қайта зерттеп, қызығып жүрген зерттеушілер бар. Олар лекция жасап, түсіндіруде. Мен тек Баян-Өлгейде көргендеріммен бөлісемін.

– Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

– 2-3 жыл Қазақстанға да, Моңғолияға да баруым тоқтап қалды ғой. Сол себепті кішкене ұмытып та қалдым. Грамматиканы аса қатты білмеймін. Баян-Өлгейдегі адамдардың бір-бірімен сөйлесуін тыңдау арқылы үйреніп алдым. Сондықтан, кейде қазақша мессенджерге жауап қайтарғанда қатты қиналамын.

– Қорғағалы жатқан диссертацияңыз да осы көрпеге байланысты ма?

– Иә. Баян-Өлгейде біраз сырылған көрпелермен көрме жасап, қазақтың тарихымен таныстырып шаралар өткіземін. Ерте замандағы қазақтың басынан өткен талай қиындықтарды баяндап, сондада олар өз мәдениетін, салтын, ғұрпын ұмытпай, дәріптеп келе жатқандығын айтып, мақтанамын.

– Қазақстанға енді қашан келмек ойыңыз бар?

– Біздегі білім жүйесі сіздердікіне қарағанда басқаша. Университетте жұмыс істегеннен кейін бос уақыт бола бермейді. Бірақ жазда міндетті түрде барамын.

– Жапонияда қазақтар көп пе?

–  Қазақтарға қарағанда моңғолдар көп. Маған осы тақырыпты зерттеуге себеп болған да моңғол тілі, жалпы моңғолдар еді. Қазақтарды көп кездестірмеймін. Жапонияның климаты қорқынышты ғой. Жер сілкінісі, су апаттары көп болғандықтан, өзге ұлттар көп келе бермейді.

– Әдемі әңгімеңізге алғыс білдіреміз! 

Қорыта келе, расымен, мәдениеті жағынан да, экономикасы, жалпы даму жағынан алдыңғы қатардан табылатын Жапонияның тұрғыны қазақтың дәстүрін, әр ою-өрнегін әлемге танытып, докторлық қорғап, көрме дайындайтыны жүректі жылытады.

 

Сұхбаттасқан – ІНЖУ ӨМІРЗАҚ
16.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 859
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6929
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10766
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7000
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7140