Қаз қалпында
Риза 7-сыныптан соң Алматыдағы бухгалтерлік курсты Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумының бухгалтерлік факультетінде тәмамдап, туған жері Қаратоған ауылына (Нарынқол ауданы) келеді. Сол жылы Зооветинститут түлегі осы ауылдың тумасы Мәдениетпен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Риза көп балалы отбасыда дүниеге келген. Әкесі Таласбаев Қатубек саналы ғұмырын жас жеткіншектерге терең білім, саналы тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаз. Бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін де абыроймен атқарған. Анасы Жаңыл – кітапханашы. Мәдениеттің әкесі Байқан бір жасқа толар-толмасында соғысқа алынып, анасы Рәзия екі баласымен қалады. Мәдениеттің бір жасында анасы қайтыс болып кетеді. Анасынан айырылған құртақандай сәбиді әкесінің әкесі Игісіннің бауыры Ұнасбайдың әйелі Мамажан апасы бауырына салады.
Аяулысын аялап өткен жан
Соғыстан кейінгі жылдарда ел тұрмысы жүдеуліктен арыла қоймаған. Талқан жеп, айран ішіп Мәдениет те ауылдың басқа балалары секілді буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып шөмеле салды, арба айдады, бір күнін де еңбексіз өткізген жоқ. Осы жангештілігінің арқасында кейін ержеткенде де еңбекке ынтасы ерекше еді. «Балалық бал дәуренім Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келіп, жоқшылық пен тапшылықты көріп өстім. Менің есімде ұлан жазда аяққа киім кию дегенді білмейміз, жалаң аяқ қара сирақ болып жүретінбіз», деп еске алады Мәдениет балалық шағын.
Ұнасбаев Мәдениет ХIХ партия съезі атындағы колхозда 4-5 жыл мал дәрігері болып еңбек етеді. Іскерлігін, тындырымдылығын, біліктілігін көрсете білген азамат партия қатарына өтеді. Көп ұзамай басшылар оны Нарынқол аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығына ұсынады. Одан кейін «Коммунизм» совхозы партия комитетінің хатшысы болады. Бұл жылдардағы жұмысы көпшіліктің көңілінен шығып, жұртты сүйсіндіреді. Бүкіл ауданда жоқ газдалған сусын құятын автоматты ауылға орнатып, ауыл ортасынан үлкен субұрқақ салдырады. Субұрқақтың ішіне жарық құралын орнатқандықтан, түнде ол тіпті керемет болып көрінетін. Тапқыр ұйымдастырушы, білгір басшы қайтадан аудандық партия комитетіне шақырылып, осындағы ауылшарушылық бөлімін басқарды. Бұдан кейін «Көксай», «Коммунизм» совхоздарында директор болып жемісті еңбек етті. 1990 жылдан бері алғаш құрылған аудандық Кеңес төрағасының орынбасары, төрағасы, кейін аудандық мәслихаттың хатшысы болып еңбек етті. Ұнасбаевтың әр жылдары араласқан қызметтестері, дос-жарандары, сыйласқан адамдары оның биік адамгершілігін, жетістіктерге адал еңбегінің арқасында қол жеткізгендігін, жағымды көркем мінезін тілге тиек етеді. Мәдениеттің отбасылық досы Сейдің Бизақовтың мына төмендегі сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Мәдениеттің кісілік келбеті мен азаматтық рухани болмыс-бітімі айрықша еді. Табиғатында аса саналы да сырбаз, ешкімді алаламайтын, ешкімнің көңілін жараламайтын, шыншыл, қайырымды, қарапайым, тәртіпті де қанағатшыл, кішіпейіл, сабырлы да салмақты қалпынан айнымайтын иманын жолдас қылған азамат еді. Бәріне қолынан келгенінше көмектесем деген қағиданы өмірлік ұстанымы етті. Тегінде ниеті түзу текті азаматқа Жаратқан ие жақсы жар сыйлайды деген тәмсіл сөз бар. Адамның сергек жүріп, қызметін алаңсыз істеуіне отбасының орны ерекше. Шаршағанда демеген күнделікті тіршіліктің қуанышы мен ыстық-суығын бөлісетін адал да аяулы жары, кеңесші серігі, өмірлік қосағы ер-азаматттың үлкен бақыты емес пе? Риза Мәдениеттің шынайы бақыты болған сүйіктісі». Білетіндердің айтуынша, Мәдениет Ризаны қатты жақсы көріпті. Қол жеткізген аяулысын өмір бойы аялап өтіпті. Бетіне жел боп тимепті. Ыстықтан да, суықтан да қорғапты. Бұл туралы қыздары Нейля былай дейді. «Әке, сіз анамды қатты жақсы көріп, сыйлап, құрметтеп өттіңіз. Екеуіңіздің араларыңызда болған махаббаттың бал дәмін тату екінің біріне бұйыра бермейді». Ерлі-зайыптылардың арасында үлкен махаббат болғанын Риза да мойындайды. «Біз, Мәкең екеуіміз, 49 жыл бірге тату-тәтті өмір кештік. Тағдырдың осындай азаматпен кездестіріп, отбасын құрғанымды, оның балаларының анасы болғанымды өле-өлгенше мақтаныш етіп өтемін. Ол қай жерге, қандай қызметке бармасын адалдығынан, шыншылдығынан, принципшілдігінен айныған емес. Ол кісінің қызметте жүргенде шаршап, қажып, болмайтын нәрселерден түңілгенін көрген емеспін. Мәкең өте ұқыпты еді. Оның тазалыққа жаны құмарлығы бәрімізге үлкен сабақ болды. Мәкеңнің арқасүйер мықты ешкімі болған жоқ. Ол неге қол жеткізсе де өзінің табандылығы мен қайсарлығының, көнбістігінің, білімі мен білгірлігінің, еңбекқорлығының арқасында қол жеткізді. Мәкеңнің бойындағы тағы бір тамаша қасиеті – қарапайымдылығы. Ол «мен бастықпын, бастықтың әйелі үйде отыру керек» деп бетімнен қаққан емес. Балаларды балабақшаға беріп, өз мамандығым бойынша жұмыс істедім», – дейді өмірлік қосағы Риза.
«Отбасының генералы»
«Екі жақсы қосылса Ай мен Күндей жарасар» дегендей Мәдениет пен Риза жарастықты тату-тәтті ғұмыр кешіп, үйде балаларына үлгі болса, тыста көпшілікке, ауылдастарына өнеге бола білді. Олар үш ұл, үш қызды дүниеге келтіріп тәрбиелеп өсірді, оқытты. Бәрінің жоғарғы білім алуына мүмкіндік жасады. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Тұңғыштары Бекболат суретші. Одан кейінгі Жомарт Алматы халықаралық әуежайында бас маман. Келіншегі Гүлжан С.Асфендияров атындағы медицина университетінде ағылшын тілінен сабақ береді. Үлкен қыздары Бота Өтеген батыр кентіндегі №13 М.Мақатаев атындағы орта мектепте химия пәнінен сабақ береді. Күйеуі Анарбек Жетіген ауылындағы №34 орта мектептің директоры. Айдын келіншегі Ардақ екеуі жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Нейля Талдықорған қаласындағы №7 орта мектепте тәрбие ісі бойынша директордың орынбасары. Күйеуі Бақай – мұғалім. Аида политехникалық университетті бітірген, мамандығы бойынша жұмыс істейді. Күйеуі Елдар әскери қызметте. Бұлар Астанада тұрады. Ұл-қыздарынан тоғыз немере, бір шөбере сүйіп отыр.
Риза – өте балажан ана. Ұл-қыздарының басынан құс ұшырмай отырады. Өзі жұмыс істеп жүрсе де балаларының күтіміне айрықша көңіл бөлетін. Сәби шақтарында оларды жиі жуындырып, әлсін-әлсін киімдерін ауыстырып, ойнауға мұңтаздай таза киіммен шығаратын. Балаларын кішкентайынан тазалыққа, үсті-бастарын таза ұстауға үйретті. Олардың біреуі тұмаурата қалса дәрігер шақырып шыр-пыр болатын. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» деп бекер айтылмаған. Ұлы үшін Ресейдің Волгоград қаласынан бір-ақ шыққанын Ризаның өз аузынан естіп, риза болғаным бар. Екінші ұлдары Жомарт универде оқып жүргенде Отан алдындағы әскерлік міндетін өтеуге екі жылға алып кетеді. «Бір жылы өтіп, екінші жылға аяқ басқанда баламнан үш ай бойы хат келмеді. Менен маза кетті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Бірде ауруханада жатырмын деген хат алдық. Ал кеп жыла. Біреу жүрегімді суырып алғандай қиналдым. Еш ойланбастан балама баруға бел байладым». «Жалғыз қалай барасың сонау Волгоградқа?» дейді Мәдениет. Барамын деп жылап отырып алдым. Бармай тынбайтыныма көзі жеткен соң, менімен бірге баратын серік іздей бастады. Інім Иманғәлі аудандық ауруханада хирург. Иманғәліге бас дәрігерден рұқсат алып берді. Иманғәлі екеуіміз Алматыға келіп, Волгоградқа самолетке билет алып, алты сағат ұшып жеттік. Баламды көргенше тағат тапсамшы. Ішкі жағым алай-дүлей. «Қандай сырқатқа ұшырады? Не болды? Қазір қандай күйде?» деген сұрақтар тынышымды алып болды. Сабырға жеңдіріп, үнсіз келемін. Ауруханаға барып, балама жолықтық. Хәлі жақсы екен. Қуанып қалдым. Волгоградтың сыртында 45 шақырым жерде орналасқан әскери бөлімшесіне бардық. Бөлімше бастығымен сөйлестік. Бізді келеді деп күтпеген екен. «Балама не болғанын айтыңыз», – дедім. Универде бірге оқыған 3-4 бала бір бөлімшедеміз деген Жомарт алдында жазған хатында. Сол балалармен жолықтыруларын өтіндім. Балаларды ертіп келді. Біз қазақша сөйлестік. Олардан не жағдай болғанын сұрадым. «Жарылыс болды. Сол жерде болған бірнеше бала қатты жарақаттанып ауруханаға түсті», – деді олар. Бөлімше бастығы : Жататын жерлеріңіз бар ма? Болмаса бөлме берейік,- деді. Біз қонақ үйге тоқтағанымызды айттық. Баламның емдеуші дәрігерімен сөйлестім. Ауылдан қазы – қарта, ет, коньяк алып келгенмін, соны бердім. Бұны не істеймін?- дейді орыс па, еврей ма білмедім. Қалай пісіру керектігін түсіндірдім. Сен де мен сияқты ана шығарсың. Баламмен сөйлесуге көмектес, – дедім. Әрине, көмектесемін. Кез келген уақытта сөйлесе аласыз, – деді ол. Балаңызды әзірге ауруханада жатқыза тұрамын. Нолевая отправкамен еліңізге қайтарамын, – деді. Рақметімді айттым. Иманәлі де дәрігермен танысып, өзінің де дәрігер екенін айтты. Сөйтіп баламның емдеуші дәрігерімен жылы қоштастық. Апрелде Жомартты Алматыға өздері жеткізіп салды. Мәкең інім екеуміздің Волгоградқа барғанымызға, баласының аман-есен келгеніне әбден риза боп балаларына: «Мамаларың осы үйдің генералы ғой» деп мені дәріптеп отыратын, – дейді Риза. Сөйтіп Ұнасбаев Мәдениет 2007 жылы 49 жылдық еңбек өтімімен зейнеткерлікке шықты. Одан кейін де аудандық қазақ тілі қоғамын басқарды. 2010 жылы Алматыға көшіп келдік. 2015 жылы ақпан айында асыл азамат Мәдениет ауыр науқастан мәңгілік дүниеге аттанып кете барды.
Бір өзі үлкен тәрбие мектебі болған әке
Мен бірінші сыныпқа Нарынқол орта мектебіне бардым. Әкем маған «Орленок» велосипедін алып берді. Бірақ көбейту кестесін жаттап алғанымша оны тептірмеді. Әкем менің оқуымды қатты қадағалады. Соның арқасында мектепте озат оқушы болдым. Бірде әкем маған Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан» тақырыбындағы кітабын әкеліп берді. Әкем Мұқағали поэзиясын қатты қадірлейтін. Біздің де поэзия туралы түсінігімізге әкеміздің ықпалы болмай қалған жоқ. Қақпақта жүргенде жаз бойы бала болсақ та тыным таппай таңның атысынан кештің батысына дейін совхоздың жұмысын істедік. Әкеміз бастық деп еш шіренген емеспіз. Бұл да әкемнің балаларын жастайынан еңбекқорлыққа баулуы болып табылады. Әкем өзі домбыраны керемет шерткендіктен, балаларына да домбыра шертудің қыр-сырын үйретті. Менің өзіме Құрманғазының «Балбырауынын», «Адайын», Ә.Желдібаевтың «Еркесылқымын» т.б. бірнеше әндердің музыкасын үйреткен болатын, – дейді тұңғышы Бекболат. Бүгін өзім де әке болып отырған шақты ойлап қарасам әкем бізге тамаша тәрбие берген екен, – екінші ұлы Жомарт. Ол кісі өмірінде үш ұл, үш қызының біреуіне қатты дауыс көтеріп, болмаса қол жұмсап көрген емес. Бірақ, сөзбен мысалдар келтіре отырып, мақал-мәтелдерін қосып ұрысқанда, одан гөрі таяқпен бір ұрғаны дұрыс еді деп ойлайтынбыз. Оқушы кезімізде үш айлық демалысқа шығысымен бізді де ауылда қой қырқу, шөп шабу, картоптың арам шөбін жұлу, шөп жинау сияқты жұмыстардан қалдырмай істететін. « Әке бір күн жұмысқа бармай-ақ қояйыншы», деп сұрана қалсаң: «Қой, балам, сенің басқа балалардан артықшылығың жоқ, қалуға болмайды», – деп рұқсат етпейтін. Бірақ әкем біздің демалып, басқа жаққа қыдырып, ел көріп, жер көріп келуімізді де ұмытпайтын. Әкем жыл сайын Бекболат екеумізді он күнге Алматыға әкеліп досы Сәтімбеков Рысбай ағаның үйіне тастап кететін. Ол кісінің жұбайы жаны жайсаң Мәлипа апай бізді өз баласындай жақсы көретін. Біз қаланың көрікті жерлерін аралап, тынығып ауылға қуанып қайта- тынбыз. Әкем бізді еш уақытта өтірік айтпауға, өтірік уәде бермеуге, берсек уәдеңде тұруға, кездесуге, сабаққа, тіптен киноға уақытынан қалмай баруды, үлкендерді сыйлау, ашуды ақылға жеңдіру, асығыс шешім қабылдамауға, ауыр сөз айтып біреудің көңілін қалдырмауға тәрбиеледі. Әкем әзіл айтқанды да жақсы көретін. Үлкендермен де, кішілермен де әзілін жарастыра білетін. Қақпақ ауылында тұрған кезімізде Арыстан аға екеуі бір үйге қонаққа барады. Ол кісі совхоздың жұмысшылар комитетін басқаратын. Қонақтан кейін де бірге қайтады. Жолда бір қараңғы жерге келгенде әкем қалжыңдап: «Ойбай, ит!» – деп айқайлап жүгіре жөнеледі. Арыстан аға да қапелімде не істерін білмей, жүгіргеннен жүгіріп әкемнен озып кетіпті. Әкем құрдасын тоқтатып алып: «Әй, Арыстан да иттен қорқа ма екен?» – депті. Екі құрдас бір-бірін түсініп, түнгі көшені бастарына көтере күліпті. «Әкеміз бізді еңбек етумен қатар, өнерге, күй шертіп домбыра тартуға да баулыды. Өзінің сүйікті «Гәкку» әнін айтып, «Балбырауын», «Көш керуен» күйлерін шертіп беретін. Әкеме еліктеп мен жасым асып кетсе де Нарынқолдағы музыка мектебінде домбыраға қатысып, бір жылда екі классын бітіріп шықтым. Мені бәрі музыкант болатын шығар деп еді, бірақ мен әкемнің ақылымен ұстаз болып еңбек етіп жүрмін», – дейді қызы Ботагөз. «Әкем бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, еңбекке баулып, өмірге тәрбиелеп, тура жол көрсетіп өсірді. Бала күнімде әкеме бой бермей дүкеннен темекі алдыртып, темекіні мыжып, жыртып ойнағаным есімде. Әкем маған темекінің зиян екенін, арақты ішкен адам азып-тозып, сол араққа қалай байланып қалатынын құлағыма құймақша құйды. Содан бері темекі мен арақтан бойымды аулақ ұстап әдеттендім», – дейді кіші ұлы Айдын.
Нейля былай дейді: Мен жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, ауылдағы мектепке ұстаз болып орналастым . Жұмысқа шығатын бірінші күні әкем мені отырғызып қойып: – Қызым, ұстаз болу оңай емес. Алдымен өзің сабақ беретін пәніңді жақсы білуің керек. Сонда ғана балалар мен ата-аналар сені сыйлайды. Сабаққа күнделікті дайындалып бар. Біліміңді сағат сайын, күн сайын толықтырып отыр. Кітап сөзін айта бермей, сабақты өз сөзіңмен жалпақ тілмен түсіндіруге дағдылан. Сонда ғана сен білікті маман, ұлағатты ұстаз бола аласың, – деген ақыл-кеңесін күні бүгінге дейін Темірқазық етіп ұстанып келемін. Әкем өте ақылды адам болатын. Менің кейбір қызбалық мінездерімді байқап жүрген ол бірде маған: –Қызым, адамдармен араласқанда, сыйласқанда, сөйлескенде тым ащы да, тәтті де болып кетпе, – деді. – Сонда қалай?–дедім әке сөзін түсінбей қап - Тым тәтті болма дегенім, мынау қандай тәтті еді деп бәрі саған үймелемесін дегенім. Ал тым ащы болып кетпе дегенім, мынау қандай ащы еді деп бәрі түкіріп тастамасын дегенім ғой, – деп жауап беріп еді. Әке сөзі терең, ойға батырған мені сонда . Кенже қызы Аида әкесі туралы: Әкемнің тағы бір өнегесі-дос болуды үйретті. «Кішіпейілдік көрсет, қуанышы мен қайғысын бірге бөліс. Тату-тәтті бол». Осы сөздер өзіміздің үйде де, дос-жарандар арасында да әкем тарапынан жиі айтылатын. Маған әкем көп мақал-мәтел, асыл сөздер жаттатты. Ата-бабаларымыздың салған ізімен, айтқан сөзімен алға жүрсең қателеспейсің, – дейтін. Әкем әдебиетті жақсы көрді. Мектеп қабырғасында жүргенімде М.Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» романын оқыдым. Сонда романның ішінде кездесетін кейбір қиын сөздердің мағынасын әкемнен сұрайтынмын. Әкем өзі білмесе басқалардан сұрастырып, іздестіріп, мағынасын тауып беретін. Әкем сондай мейірбан, қамқор, жан жылуымен мұздағанның жүрегін жылытып жүретін ерекше жан еді. Келіні Гүлжанның айтқаны: Атам өз әулетінің ұйытқысы, берекесі болды. Өз басым атамның отбасында ашуланып, орынсыз дауыс көтергенін естімедім. Атам адамгершілік жағынан үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көрсете білетін аса ізетті адам еді. Атамның бір ерекше қасиеті-адамның жақсы жақтарын үнемі бағалап, оны көпшілікке айтып жүретін. Атамның бойындағы кісілік дара қасиеттері мен адамгершілігі оны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Мәдениет Ұнасбаевтың қызметтестерінің, достарының, ұл-қыздарының айтқандарын тыңдай келе эссемізді С.Мәуленовтың бір шумақ өлеңімен қорытындылауды жөн көрдік.
Жақсы адамның алақаны аялы,
Жақсы адам жасыл емен саялы.
Жұлдыздардай шақырады биікке,
Жақсы адамның жарқын өмірбаяны.