«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жамбыл облысында
«Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сəуле Мешітбайқызының арнайы жұмыс сапары Құлан жерінде жалғасын тапты.
Сəуле Мешітбайқызы алдымен аудан əкімі Ернар Есіркеповпен кездесіп, өңірдің даму көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Əсіресе, Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде басталған «Ауыл аманаты» жобасының нəтижелеріне ерекше назар аударды. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы Құмарық ауылдық округінде басталып, кейін Абай, Көгершін, Көкдөнен жəне Жаңатұрмыс ауылдарында жалғасын тапты. Бүгінде бұл елді мекендердің тұрғындары аталған жобаның пайдасын көріп, бес бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жоба аясында 799 тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 815 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 32 289 мал, 33 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды, 6 кәсіпкерлік нысан ашылған.
Ал, жобаның 5-ші бағыты бойынша жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, бүгінгі күнге аудан бойынша 15 ауылдық округтен жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын 336 жоба жасақталып, қаржыландыруға ұсынылып отыр. Бұл жобалар аясында 768 адам өз кәсібін ашуға мүмкіндік алмақ. Жоғарыда аталған жобалардың ішінен 200-ге жуық тұлға кепіл мәселесі, несие тарихы, денсаулығына және отбасы жағдайына байланысты, құжат жинау кезіндегі кедергілер секілді әртүрлі себептерге байланысты жобаға қатысудан бас тартып, бүгінгі күні жалпы 1,3 миллиард теңгеге 133 жоба анықталып отыр. Бұл мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен тиісті жұмыстар жүргізілген.
Сəуле Мешітбайқызы сапар барысында жобаның тиімділігі мен кемшін тұстарын тұрғындардың өзінен сұрап білу үшін Көкдөнен ауылдық округіне барды. Мəдениет үйінде ауыл жұртшылығымен кездесіп, Аналар кеңесінің жұмысымен танысты. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аудандық аналар кеңесі 2023 жылдан бастап «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірігіп жұмыс жүргізіп келеді.
– «Ата-ана – ұлттың ұясы» тақырыбында ұйымдастырылған оңтүстік аймақтың ата-аналар форумына катысу бізге үлкен ой салды. Ешқандай ойланбастан «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігіне мүше болдық. «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі екі жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Бірлестіктің басты миссиясы – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде бірлестіктің филиалдары жұмыс істейді. Бірлестік мүшелігіне 115000-нан аса ата-ана тіркелген. Жамбыл облыстық филиалының ең алғашқы басшысы Мақсат Сәрсенбаев біздің бірлестік жұмысына деген қызығушылығымызды арттырып, қолдау көрсетті. Республикалық «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығымен байланыс жасап, орталық директоры Елжас Ертайұлының кеңестерін, онлайн курстарын, арнайы семинар, тренинг, тікелей эфир, психологпен «Кешкі шәй» бағдарламасын тыңдап, біз дайындықтан өттік. Ауданда жұмысты жүргізу үшін үйлестіру кеңесін құрдық. Кеңес бүгінде отбасылық институтты дамыту, әкенің отбасындағы рөлін арттыру бағытында жұмыстар атқарып келеді. Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Сондықтан жыл бойы әкелермен жұмысты жоспарлап, іске асырдық. Бүгінде «Сенімен болашақ» РҚБ қолдауымен саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Асыл Мұра» сериясы жарияланып отыр, – дейді Т.Рысқұлов аудандық аналар кеңесінің төралқа мүшесі, ардагер ұстаз Галина Өтеулиева.
Бұдан бөлек, Сəуле Мешітбайқызы жоба шапағатын сəтті пайдаланған ауыл тұрғыны Данияр Нұрмановтың шаңырағына барып, толымды тірлігімен танысты. Тілге тиек ете кетейік, ауыл тұрғыны жоба аясында 6 300 000 теңгеге қол жеткізіп, бүгінде мал бордақылау ісімен айналысуда. Ресми статистикаға сүйенсек, Көкдөнен ауылдық округінде жобаның ІІ бағыты бойынша 1 320 667 360 мың теңге игерілген. Бұл қаражат 219 аула тұрғындарына жетіп, ауылға 180 бас мүйізді ірі қара, 99 бас бұқа, 320 бас жылқы жəне 12 400 бас қой əкелінген. Ал, V бағыт бойынша көлік жөндеу орталығы, тігін цехы мен жылыжай іске қосылған. Сонымен қатар, округте «Дидар и М» ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, 69 миллион теңгеден астам қаражат игерілген. Қомақты қаржыға тұқым жəне тыңайтқыштардан бөлек 2 дана трактор алынған.
Сондай-ақ, ауылдық округ бойынша аталған бағдарлама аясында жылыжай, көлік жөндеу орталығы, тігін шеберханасы ашылған. Ал, келесі жылы мұнда ауыл тұрғыны Қуандық Отегұлов тоңазытқыш жасау цехын ашуды жоспарлап отыр. Сапар соңында Сәуле Мешітбайқызы игі бастаманың жемісін көрген кәсіпкерлерге телегей табыс тілеп, ықыласын білдірді.