Жас отбасыларға сына қаққан несие лаңы

Жас отбасыларға сына қаққан несие лаңы

Бүгінде еліміздің экономикасы инфляция мәселесімен бетпе-бет келуде. Азық-түлік, жанармай, тұрғын үйлердің бағасы едәуір өсті. Бұл халықтың қалтасына ауыр тиіп жатқаны анық. Ашынған халық күнкөріс қамы үшін 2-3 жұмыс істеуге мәжбүрлі болып отыр. Қымбатшылықтың күшеюі көптеген мәселелерді туындатып, әсіресе, отбасылардың беріктігіне әсер етуде. Соңғы уақытта жанұялардың ажырасу жиілігінің артуы қоғамымызды алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі болып табылады.  Кінә кімнен? 

2025 жылы статистикалық деректер бойынша бағаның өсуі картопқа – 59,3%, басты пиязға – 25,1%, сары майға – 13% белгіленді, жыл ішінде жемістер мен көкөністер бағасы – 8,8%, ет және ет өнімдері 4,2%-ға өсті, Фармацевтикалық өнімдер 8,6%, ағаш – 15,4%, сұйытылған газ баллондағы – 10,2%, тас көмір 8,6% қымбаттады. Денсаулық сақтау қызметтеріне баға өсімі –12%, электр энергиясы – 18,9%, тұрғын үйді жалға алу төлемі 15,3% өсті.  

Көріп тұрғандарыңыздай,  тұрмыс-тіршілікке қажетті заттардың бағасы едәуір көтерілген. Алайда, халықтың жағдайы қиындай  түсті. Жалақысы өскенімен, шығындарға кететін ақша азая қоймады. Күнкөрістің қиындығы шаңырақтың шайқалуына алып келуде.   Отбасылардың көпшілігі жұмыс істейтін болса да, олардың табысы күнделікті өмірдің қажеттіліктерін жабуға жетпей жатыр. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, көптеген жанұялар азық-түлік, тұрғын үй және медициналық қызметтерге арналған шығындарын өтеу үшін қарыз алуға мәжбүр. Бұл жағдай отбасылық қарым-қатынастарға теріс әсер етеді, себебі қаржылық қысым күйзеліс пен түсінбеушілік тудырады.  

Жаңа айтып өткенімдей, азық-түлікті несиеге алған отбасылар қалған қажеттіліктерін толығымен өтеп жүр деп айту қиын. Ажырасуға алып келетін басты мәселе осы. Несиелердің шамадан тыс көбеюі. Ай сайын банктерден келіп тұратын төлем күйзеліске алып келеді. Несиені несиемен жауып жүргендерді де көріп жүрміз.  Қарыздан көз ашпайтын жанұяның берекесі де кетеді.  Болашақты ойлаудың орнына, ертең қарызымызды қалай жабамыз деп қам жеп жүрген отбасының бір-біріне деген өкпе-реніші үлкейе береді. Қазіргі таңда балаға да кететін шығын аз емес. Балабақша ақысы, киім-кешек, дәрумендер, қосымшалар, дәрі-дәрмектер тағы бар. Азық-түлікке ақшаны әзер жеткізіп жүрген отбасы, бұл шығындарды өтеуге келгенде тіпті қиналады. Бәріміз ұрпағымызды өзгеден кем қылмай өсіргіміз келеді. Бірақ оған жағдайымыз жетпей жатады. Күнделікті ұрыс-жанжал  ерлі-зайыптылардан бұрын балалардың моральдық жағдайына кері әсерін тигізеді. Бұл қиындыққа екінің бірі төтеп бере алмайтыны сөзсіз. 

Жаңа үй алуға немесе көлік алуға жоспар құру кейбір отбасылар үшін, әсіресе жастар үшін мүмкін еместей. Себебі,  тек бүгінгі күнмен өмір сүріп, аштан өлмеуді ғана ойлайды. Қаржы сауаттылығы жоқтығынан емес, көбінесе қаржының жетіспеушілігінен. Ал отбасы үшін бір орында тұрып қалу үлкен күйзеліске алып келеді. Себебі, өздерін өзгелермен салыстырып, көштің артынан ілесе алмай келе жатқандай сезім туындайды. Көбінесе жас отбасылар осы мәселемен бетпе-бет келіп жатады. Шамамен 20-25 жас аралығындағы азаматтардың жұмысқа тұруы өте қиын. Тәжірибесінің аздығынан жақсы жалақы төлейтін жұмыс табу қиын. Тиісінше төмен жалақыға келісуге мәжбүр болады. Басында баспанасы жоқ жас жанұя, ең алдымен пәтер ақысы мен азық-түлікке ғана есеп жасайды.  Төмен жалақы пен қымбатшылық жас отбасылардың сағын сындырып, ұрыс-жанжалдың көбеюіне алып келеді.  Өздері әрең күн көріп жүрген ерлі-зайыптылар саяхат, үй алу секілді армандарын ысырып тастап өмір сүреді. Бір-біріне деген реніш, ашу шаңырақтың шайқалуына алып келеді.

Ақшаның жетіспеушілігінен туындайтын тағы бір мәселе – ойынқұмарлық. Қалай тартса да қаржыларын жеткізе алмаған азаматтар кейде құмар ойындарға әуестеніп кетеді. Басты мақсаты – ақшаны бірнеше есе  көбейтіп, қарыздарды жабу. Бір рет ойнап көбейтіп алып, кейін тастап кетемін деп жатады көпшілігі. Алайда, құмар ойын заңдылығы олай емес. Басыңды бір кіргізсең, артқа қарай шығу қиын. Қарапайым қажеттіліктерге ақша таппай жүргенде, ойынға кететін ақша да көбейеді.

Жұбайына ескертпей банктерден несие алып немесе таныстарынан көлемді қарызға алады.  Бірақ шындық түбінде ашылады.  Ақша жетіспеушілігінен шаршап жүрген жұбайы үшін бұл үлкен соққы болады. Бұл істің соңы да көп жағдайларда ажырасуға алып келеді. Елімізде ажырасқан отбасылардың 38 пайызы ойынқұмарлықтың кесірінен екіге кетеді. 

Лудомания, яғни құмар ойындардың тәуелділігі, қазіргі қоғамда барған сайын кеңінен тарап, көптеген адам өміріне кері әсерін тигізетін күрделі мәселе болып отыр. Бұл дертке шалдыққан адамдардың бойында әлеуметтік, кәсіби һәм материалдық құндылықтардың жойылуы байқалады. Отбасылық қатынастар, достық байланыстар және тұрақты жұмыспен қамту секілді маңызды аспектілер біртіндеп жоғала бастайды. Адамның адамгершілік қасиеттері, моральдік нормалары да осы құмар ойындарға деген құштарлығының әсерінен жойылып, олар қоғамнан алыстап, шеттетіле бастайды.

Лудоманиямен ауыратын адамдардың елеулі бір ерекшелігі – олардың көңіл күйінің тұрақсыздығы. Ойыншылардың жеңісінен туындайтын қысқа мерзімді қуаныштар мен жеңілістері кезіндегі күйзелістері, оларды агрессивті, күйге енгізеді. Бұл ахуал қоғамдағы басқа адамдарға, оның ішінде бейтаныс жандарға да қатты зиян тигізуі мүмкін. Лудоманиямен ауыратын адам жеңіліске ұшыраған кезде, ол эмоцияларын ұстай алмай, айналасындағыларға қарсы агрессия көрсетуі, дөрекі сөйлесуі немесе тіпті физикалық күш көрсетуі әбден ықтимал.

Осылайша, лудомания тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас әлеуметтік институттардың да күйреуіне әкелетін ауру. Адамдар қаржылай қиындықтарға тап болумен қатар, отбасының тіршілігіне, балалардың тәрбиесіне, достық қатынастарға да зиян келтіреді. Психологиялық қиындықтар, күйзеліс, алаңдаушылық пен депрессия – мұның бәрі лудоманияның салдары. 

Ойынқұмар адамдардың басты мәселесі қаржылық тұрақсыздық. Бір күні шалқып тасып, ақшаны оңды-солды шашып жүрсе, ертесіне түксіз отырады. Бұл қайта несие алуға жол ашады. Қазіргі таңда қолжетімді ақша, займ алатындардың көбісі ойынқұмарлар. Мемлекет тарапынан алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда, нәтиже шамалы. 

Қымбатшылықтың отбасыға тигізетін кері әсерін тоқтамай жырлай беруге болады. Айта берсең мәселе көп. Алайда, сол мәселелерді шешуге әрекет жасап жатқандар бар ма?  Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар неге ешқандай нәтиже бермейді?  Бір күндік өмірмен өмір сүріп жүрген халықтың жағдайы қандай болмақ?  Жалақы мөлшері барлық шығындарды жаба алатындай деңгейде болу керек деп санаймын.  Балансты ұстай алмасақ, халықтың тұрмыстық жағдайы жақсармайтыны сөзсіз. Қазірдің өзінде басында 2-3 несиесі бар азаматтар жетерлік. Несиеге тәуелділікті туғызатын бір себеп осы қымбатшылық. Отан отбасыдан басталады. Алайда, мемлекет ішіндегі кішкентай ғана жанұялар құрдымға кетіп жатса, біз қалай ел боламыз?                                                                                                      

Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ
21.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15548
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14313
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17615
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16495
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21530