Елордада 23 мамыр күні сағат 10:00-13:00 аралығында «Тұлпар» Сауда Орталығының автотұрағында «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Астана жастары» ЖРО мен бірлесе отырып бас қаламыздағы жұмыссыз жүрген жастар мен өзге де азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Бұл жәрмеңкеге жоғары оқу орындарын бітіргелі жатқан түлектер де келіп қатысты.
Бұл шараны өткізудегі басты мақсат – Нұр-Сұлтан қаласындағы жастар арасындағы жұмыссыздар санын азайту және өз кәсібін жаңадан бастаған сондай-ақ өнідірісте белгілі тәжірибе жинаған жастарды нақты жұмыстарға орналастыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Бос орындар жәрмеңкесіне қаланың 10-нан астам жұмыс берушілері мен 40-қа жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, 80-нен астам бос вакансиялар ұсынылды. Бұл елорда жастары үшін өздері қалаған саладағы жұмыс орындарын зерделеуге және жұмыс берушілермен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік болды.
Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлу ісі қаламызда жақсы жолға қойылды. Биылғы наурыз айында Байқоңыр ауданында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылған еді. Қалалық әкімдіктің қолдауымен ашылған орталықтың мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және жастар арасындағы өзекті болып табылатын жұмыссыздық, тұрғын үй, білім, денсаулық және тағы басқа бағыттар бойынша консультативтік көмек көрсету және NEET санатындағы жастардың санын азайту делінген еді. Сол игі бастама қазір қаланың барлық аудандарында жалғасын тауып жатыр. Қазір бас қаламыздағы аталмыш орталықтар келушілерге кәсіби бағыттылық, жұмыспен қамту, (жастар тәжірибесі/қоғамдық жұмыстар), жастардың бастамаларын қолдау (бизнес ашу, іс-шаралар ұйымдастыру, жобаларды қолдау), волонтерлік бағытында жол көрсетіп, кеңес берумен шұғылданып жатыр. Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелер жалғасы өтіп, жастардың өздері қалаған кәсіптерімен айналысуына мүмкіндік береді деп сенеміз.