Елімізде жастарға тиісінше жағдай жасалмаған деуге болатын шығар. Біз бұны құр шұбырып, дипломын қолға алса да, жұмысқа бас сұға алмай жүрген мамандардан да көре аламыз. Мәселе дипломда да емес-ау, қалаған жұмысында жалақысы маңдымайтын жастар жалдамалы жұмыстарға кетуге мәжбүр болады. Ал қалада ондай жұмыс жетіп артылады. Бірақ жатақ жері мен жүріп-тұруға кететін қаржы да оларды әбден қажытып жіберетіні анық. Адам баласы бала кезден жақсы өмір сүрсем, таршылық көрмесем деп өседі ғой. Ал үнемі шығын мен қаладағы мыңдаған жұмыссыздардың арасында саңылау тауып, оның да жақсы қаражат табуы қиынға соқпақ. Иә, мемлекет басшысының былтыр айтқан ауыл жастарының жағдайын жақсартуға бағытталған тапсырмасы әлі дұрыс орындалмай отыр. 2020 жылы Қ.Тоқаев мырза Үкіметке ауыл жастарының жағдайын жақсартуды тапсырған болатын. Ал егер олай етпесек, урбанизация күшейетіні анық. Қалаға жаппай көшкен ауыл жастарының бәріне қаладан орын табыла қоя ма? Оларға тұрғын үй беріле ме? Дайын тұрған жұмыс орындары, зауыт, фабрикалар бар ма? Әрине, жоқ. Өндіріс орындары жұмыс істемегеннен кейін, бәрі құрылыс немесе жүк тасушы секілді қара жұмысқа шығатыны анық. Ал ауыл ше? Ауыл бос қалады. Еңбек күші жоқ ауылда сауда да, басқасы да жүрмейді. Болашағы бұлыңғыр ауылдық елді мекендерде ешкімнің қалғысы да келмейді ғой. Сондықтан шалғай ауылдарда жұмыс орындарының ашылуына баса мән беру керек сияқты. Зауыт, фабрикаларды барынша ауылды жерде салған жөн болады. Жұмыс орны ашылады, жастардың ауылда қалуына мүмкіндік береді және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын да көтермек. Қазір бізде ауыл жастарын, тіпті жалпы жастарды көтермелеуге бағытталған бірыңғай өңірлік бағдарламалар жоқтың қасы. Жастар саясатына бөлінген қаржы діттеген жеріне жетіп жатыр ма? Бағдарламалардың болғанының өзінде жастар олар туралы ештеңе білмейді. Сайттарындағы ақпараттар түсініксіз орналасқан. Мысалы, «Алматы жастары» атты тұрғын үй алуға арналған бағдарламаның сайтында қазір тек жалға беру туралы ғана ақпарат тұр. Ал тұрғын үйді ипотекаға алу туралы бағдарлама туралы ақпарат және оның қашан басаталатыны туралы мәлімет жоқ немесе оны табу өте қиын. Біздер жастарға жасалған әлеуметтік бағдарламалардың барлығы ақпарат шығатын тетіктердің барлығына жариялау керек деп ойлаймын. Оны білмейтін жастар мүмкіндігін құр жіберіп алмасына кім кепіл? Жастар – елдің болашағы. Олардың әлеуметтік жағдайы бүкіл елдің көңіл-күйіне әсер ететіні сөзсіз.