Биыл да өткен оқу жылындағыдай еліміздің барлық өңірлерінде жазғы мектеп ұйымдастырылды. Бұл ауқымды іс-шара білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және оны жою, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру бойынша көмек көрсету мақсатын көздейді. «2020-2021 оқу жылында жазғы мектепті ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 26 мамырдағы № 240 бұйрығына, сондай-ақ, Алматы қаласының орта білім беру ұйымдарында «2021-2022 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу мерзімдерін бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 20.04.2022 жылғы №159 бұйрығына сәйкес «Пандемия, шектеу шаралары кезеңіндегі оқушы біліміндегі олқылықтарды жою және оқыту сапасын арттыру мақсатында 2022 жылғы 26 мамырдан бастап 17 маусым аралығында 1-8, 10 сынып оқушылары үшін жазғы мектепте оқытуды ұйымдастыру» негізінде жасалған. Аталған мерзім ішінде үлгерімі төмен оқушылар және кез келген тілек білдіруші шәкірттер жазғы мектептен оқу мүмкіндігіне ие болды. Жазғы мектептің педагогикалық ұжымы өз жұмысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және Білім және ғылым министрлігі ұсынған нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алады. Кең мақсатты қамтыған жазғы мектеп Алматы қаласы №156 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында да өз жұмысын жоспарлы түрде жүргізгенін мектеп директоры Г. М. Ахметова мәлімдеді. Сонымен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А. Н. Султанбаева мұғалімдер шәкірттеріне білім ошағының тілдік құрамын сақтай отырып, қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде оқытқанын жеткізді. Қайталап оқуға құмартқан 485 оқушыға 25 сынып ашылды. Елу ұстаз өз пәндері бойынша жаңаша оқыту негізінде білім беру ісін толыққанды жүзеге асырды. Оқушылардың жүйелі білім алуымен қатар олардың таным көкжиегін дамыту мәселесі де оңынан қолға алынды. Мұғалімдер шәкірттерін кинотеатрларға, Орталық мұражайға бастап апарды.
Ал осы мерзім аралығында бастауыш сынып оқушылары жазғы демалыс уақытын мектеп ұжымы ұйымдастырған «Күн шуағы» демалыс лагерінде өткізді. Демалыс лагерінде 8 топ жұмыс істеді. Бүлдіршіндердің оқуға құлшынысын арттырумен бірге олардың спортқа қызығушылықтары да қамтылды. Атап айтқанда, мектеп бассейні әр аптаның үш күнінде пән мұғалімдерінің жетекшілігімен оқушыларды қабылдады. Шахмат, шашки үйірмесі де өз есігін айқара ашты.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханасы шаңырағында түрлі іс-шаралар жүйелі жүргізілді. Мектеп кітапханашысы жоба нәтижесінде оқырмандар саны артқанын, әсіресе, мемлекеттік тілдегі көркем әдеби кітапты қызығып оқитын оқушылар саны басымдылыққа ие болғанын мақтанышпен жеткізді. Осылайша, жазғы мектеп білім, спорт, кітап оқу тәрізді аса құнды істерді өз айналасына топтастырып, жемісті нәтиже берді.