Жазушылар одағы ұлт, тіл мүддесінде көшбасшы болуы тиіс

Жазушылар одағы ұлт, тіл мүддесінде көшбасшы болуы тиіс

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыппен Атырауда ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткенін жақсы білеміз. Құрылтай халқымыздың үміт отын жағатын, арман мүдделерін сөз ететін, елдік, ұлттық мәселелерді батыл айтатын, көкейтесті жағдайлардың күрмеуін шеше алатын, ең бастысы қарашаның қабағына қарап, оның жан дүниесіне бірден-бір жол табатын алқалы отырыс, жиын екені белгілі. Бұл құрылтайға, біздіңше, қарапайым халықтың өкілдері қатысып, қалың бұқараның жүрегінде жатқан мәселелерді қаузайтыны бесенеден белгілі. Негізі біз құрылтайдың үшінші отырысының ыстық-суығы басылмай жатып онда көтерілген жайттарды жариялап та үлгергенбіз. Бұл жолы өзім жазушы болғандықтан, Қазақстан Жазушылар одағынан осы құрылтайға қатысқандар не айтады деген ынталы ойдың болатыны сөзсіз. Осы жиынға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов қатысты. Біз діттегендей «Қазақ әдебиеті» газетінде төрағамыз құрылтайда көтерілген мәселелер жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

Мереке Құлкенов ағамыз менің ұстазым. Сона-ау тоқсаныншы жылдардың аяғында, XXI ғасырдың басында 7-8 жыл бірге жұмыс істедік. Мен газетте жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары болып жұмыс істедім. Мәкең өте ауыр жағдайда қалған «Ана тілі» газетін сақтай білді және бұл газеттің абыройын, беделін биік дәрежеге көтерді. Әсіресе мемлекеттік тіл – қазақ тілінің өркендеуіне, оның тағдырына алаңдап көптеген ұлан-ғайыр жұмыстар атқаруына Мәкең зор қайраткерлік көрсетті. Бас редактор дана, батыр, батыл, өткір болса, сол газет, басылым халқының туына, қорғанышына айналып, елдің қолдауына ие болады. «Ана тілі» газеті де сол биіктен көрінді. Әсіресе ұлт, тіл мәселесі жөнінде аянбай күрестік. Талай-талай шайқастарды бастан кешірдік. Тіл үшін соттасқан кездеріміз де аз болған жоқ. Ең бастысы бізді халық қолдады, билік есептесті. Мәкең одан кейін де үнемі күрес үстінде жүрді. Талай биіктерді бағындырды. Енді міне, ұлттық рухтың қайнар көзі – Қазақстан Жазушылар одағының басшысы. Бұған қатты қуандық. Ең бастысы жағдайы мүшкіл қазақ тіліміздің қамқоршысы, қорғаушысы келді деп марқайдық. Рас, Мәкең келгелі одақта жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, ерекше қозғалыс қанат жайды. Мереке ағамыздың іскерлігі осы жерде танылды. Біз Жазушылар бұған ризамыз. Мереке аға! Бірақ жазушылардың басты қаруы болып есептелетін тіл мәселесі тоқырап тұр. Қазақ өз тілінен бейне теріс айналғандай болып көрінеді. Мысалға орыс мектептеріндегі оқушылардың 70 пайызы қазақ балалары. Бұл, біздіңше, нағыз қасіретке апаратын қауіпті жол. Басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тіл – қазақ тілін менсінбейді. Билік негізінен ресми тілде сөйлеседі. Депутаттар заңды ресми тілде жазады. Осы мәселеде сіздің, жазушылардың белсенділігі өте қажет. Әзірге ондай белсенділікті көрмей тұрмыз. Жақында Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысына қатысып қайттыңыз. Тіл жанашырлары қазақ тілі жайлы тағы да бір бетбұрысты күтті. Рас, Президентіміз қазақ тілі жайлы біршама сөз етті. «Қазақ тілі» қоғамына ол кісі зор сенім артты. «Мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүрлемеңіз» деді. Отыз жылдай ешкімге мәжбүрлік жасамадық. Осы «мәжбүрлемеу» біздің қазақтың, қазақ тілінің түбіне жететін сияқты. Мәселен әлдебір министр «Қазақ баспасөзіне жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деп бұйрық берген. Аяғы не болғанын сіз жақсы білесіз. Президентіміздің мына ескертуінен кейін қазақ тілінің жағдайы одан сайын мүшкіл бола ма деп қауіптеніп отырмыз. «Қазақ әдебиетінде» сіздің және қоғам қайраткері Әміржан Қосановтың Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер жөнінде пікірлеріңіз жарияланды. Бірақ екеуіңіз де қазақ тілі туралы тіс жармадыңыздар. Неге? Айтуларыңыз керек еді. Халық осыны күткен.

Шынын айтсақ, тіл мәселесі өте нәзік нәрсе. «Бұлай тартсаң арба сынады, бұлай тартсаң өгіз өледі». Бірақ жазушылар үшін басты қару – қазақ тілінің мүшкіл жағдайын қалай түзейміз! Қалай болғанда да қазақ тілін төрге шығарып, тиесілі тағына отырғызуымыз тиіс. Сіз бастаңыз. Біз қасыңыздамыз. Бүкіл қазақ халқы қолдайды. Сонда ғана Әділетті Қазақстан орнайды. Кәне, Мереке аға, бұған не дейсіз? 

 

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
04.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1138
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7183
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11044
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7247
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7394