Шымкентте 203 мектеп жаңа оқу жылын дәстүрлі оқу форматымен бастады. Биыл қала мектептері 234 мыңға жуық оқушыны қамтып отыр. Оның 25 мыңы 1 сынып оқушылары. Бұл демографиялық өсімі жоғары қала ретінде Шымкенттің болашағын болжауға негіз болуда. Яғни, бала бақша мен мектеп салу жұмысы тоқтамауы керек.
Мемлекет басшысының апатты және үш ауысымды мектептерді азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қалада мектептер салудың жаңа жобасы қолға алынған. Бұл білім мекемелерінің қатарында «ADAN» мектебі де бар. Білім беру ұйымы 600 балаға лайықталған. Қазір мұнда 399 оқушыға жоғары білікті 31 педагог білім беруде. Әзірге тек бастауыш сыныптары қазақ және орыс тілдерінде оқуда. Балалар ұзартылған күн тәртібінде 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылса, қауіпсіздік үшін тасымал қызметіне арнайы көлік қарастырылған. Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін ағылшын тілі, би, вокал, шахмат, кіші футбол үйірмелері де бар. Білім ұясында 24 сыныптық кабинет және 7 қосымша сынып оқу жабдықтарымен қамтылған, акт және спорт залдары, сыртта жабық кіші футбол алаңы, медициналық бекет және асхана бөлмелері бар. Қосымша сабақтарға арналған 7 сынып тағы бар.
Биыл мегаполисте үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Пән кабинеттерінің жабдықталуы 32,5 пайыздан 65 пайызға жетті.