«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Президенттік сайлау да өте шықты. Халық та, білгіштер де, қоғам қайраткерлері де, бала да, шаға да «Тоқаев қалайда өтеді» деп айтқан сәуегейліктері дәлме-дәл келді. Тоқаев 82,2 пайызбен аламан бәйгеден қара үзіп, мәреге жетті.
Ендігі басты мәселе «Президент 7 жылға бір рет қана сайлана алады» деген пәрменнің жүзеге асып, алдағы уақытта жаңа Президент алдына қандай ұлы мақсаттар, батыл жоспарлар қояды? Халықтың тағатсыздана күткені де осы.
Бұл сайлауға дейін Тоқаев біршама өзгерістер жасады. Ата Заңда НӘН-нің құқықтарын қысқартты. Назарбаевтың кейбір жақындарын, жандайшаптарын сотқа берді. Халық Тоқаевтан бұдан да зор батыл әрекеттер күткен болатын. Мысалға «Назарбаев пен назарбаевшылардың қылмыстарын мойындатып, тыққан-пыққан, тонаған, ұрлаған байлықтарын қайтартсын» деген талап. Бірақ Ақорда асыққан жоқ. Бәлкім бұл да дұрыс шығар. Миллиардтаған долларды иеленген шексіз байлық иелері өздеріне зор қауіп төндірсек, тағы да бір Қаңтар оқиғасын жасап жібермей ме? Алайда халық талабы біртіндеп жүзеге асуы тиіс. Біздіңше, Тоқаев мұны білмей отырған жоқ.
Әлемдік тәжірибеде осындай мәселе туындағанда не істелді? Мәселен, атақты Араб көктемін алайық. Араб мемлекеттерінде халық дауылдай көтеріліп, диктаторларды тақтарынан түсірді. Содан кейін не болғанын сіздер жақсы білесіздер. Араб көктемі қаһарлы қысқа айналды. Бұрынғы мамыражай күндерінің өзінен айырылған бұл елдерде тәртіпсіздік орнады, өзара қырқысты, соғыс болды, халық одан сайын кедейшілікке, жоқшылыққа ұшырады. Бізде де Қаңтар көтерілісінде жеңіске жетсек, осындай жағдайға ұшырауымыз әбден мүмкін еді ғой. Сондықтан діттеген ой-жоспарларымызды біртін-бірге жүзеге асырған дұрыс болар. Ақорда осындай жоспар құрып, осындай әрекетке баруы мүмкін. Иә, Назарбаевтың 30 жыл құрған жүйесі тамырын тереңге жіберген. Ал жаңа жүйені, жаңа шенеуніктерді қайдан аламыз? Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстанның құрылымы қандай болмақ? Міне, мәселе осында. Ұлы өзгеріс, күрт бұрылыс, рухани қайта жаңғыру ауадай қажет. Іріп-шіріген, жемқорлық ұйығына батқан біздің мемлекетіміз көмекке зәру. Әрбір қазақ, әрбір қазақстандық осыған жұмылу керек қой деп ойлаймыз. Алтын идеялар, пікірлер, нақты ұсыныстар керек.
Иә, билікке, Жаңа Президентке талап күшейеді. Олар халық талаптарының үдесінен шықпаса, онда елдегі жағдай күрт өзгеруі әбден мүмкін. Бұл Президентке де, елге де, оның тыныштығына да зор қауіп. 30 жыл шыдаған, көнген халық ендігі ешқандай бұйдаға көнбейді.
Саясат деген шыны тәрізді. Аяқ астынан сынып, қолды қанатуы әбден мүмкін. Енді не болар екен? Халықтың үніне жаңа Президент қалай жауап береді? Күн сайын дендеп бара жатқан кедейшілік пен жоқшылықты, әділетсіздікті қалай тоқтатады? Әлде баяғы әдетін жалғастырып, билік ескі сүрлеуін таңдайды ма? Сұрақ көп, жауаптар қалай болмақ? Күтелік. 30 жыл күттік қой. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа...»