«Ер – туған жеріне» дейді дана халқымыз. Туған жері үшін туған ауылынан жырақта жүрсе де, кіндік қаны тамған ауылының гүлденіп, көркеюі үшін не бір игі істерді жасап, көптің алғысын алу да екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осындай ізгілікті де, қайырымды істі Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Сейітбек Үнипаев туған ауылына жасап берді.
Округ орталығы Әшір Бүркітбаев ауылынан шыға берісте ағып жатқан Үшбас өзенінен өте бергенде автокөлік жолы тау шоғырының қатпарланған жартас тастарымен қысылған қысаң жерде орналасқан еді. Таудан аса берген автокөлік жолы арғы беттен келе жатқан автокөлік пен төрт түлік малды көру мүмкін емес. Осы жолда әр уақытта жол-көлік оқиғалары болып, адамдардың қайғылы қазаға ұшырған оқиғалар да орын алған еді. Әсіресе, тұманды, боранды, көктайғақ күндері жол аса қауіпті болатын.
Туған ауылына келіп-кетіп жүрген Сейітбек ағамыз көпшілік құптаған, қайырымды іс атқарды. Өз қаражатына тау мен тасты бұзатын арнайы техникалар жалдап алып келіп, жолды қысып төніп тұрған тау шоғырын талқандап бұздырып, жол жиегін кеңейтті. Шариғат бойынша да халық игілігі үшін жол мен көпір салған адамға Алла Тағаланың сауабы мол делінген. Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев, Арыстанды, Қаратас және Үшбас ауылдарының тұрғындары Сейітбек Үнипаевқа риза болып, алғыстарын білдіруде.