Зерттеу жұмыстары функционалдық сауаттылықты дамытады

Зерттеу жұмыстары функционалдық сауаттылықты дамытады

Қазіргі білім беру жүйесінің негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту. Яғни, жеке тұлғаның күнделікті өмірде алған білімін тиімді қолдана білуі, ақпаратты талдап, сараптай алуы және оны тәжірибеде пайдалана білу қабілеті маңызды.

Функционалдық сауаттылық – жеке тұлғаның оқу, жазу, есептеу, ақпаратты талдау және қолдану, логикалық ойлау, проблемаларды шешу, қоғаммен тиімді қарым-қатынас жасау қабілеттерін қамтитын кешенді ұғым. Ол жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ақпараттық және цифрлық сауаттылық, қаржылық сауаттылық сынды бірнеше негізгі бағыттарға бөлінеді. PISA, TIMSS сынды халықаралық зерттеулер көрсеткендей, оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейі елдің жалпы даму деңгейімен тығыз байланысты.

Функционалдық сауаттылық ХХІ ғасырдың басты құзыреттерінің бірі болғандықтан, мектеп қабырғасынан оқушыларды зерттеуге, ізденуге, нақты проблемаларға жауап іздеуге үйрету қажет. Адамның алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана білу қабілеті тек оқу, жазу, есептеу дағдыларымен шектелмейді. Оған ақпаратты талдау, салыстыру; өз ойын дәлелдей алу; шығармашылық ойлау; шешім қабылдай алу; коммуникативтік қабілет; цифрлық сауаттылық сынды дағдыларды жатқызуға болады.

Зерттеу жұмыстары – баланың танымдық әрекетін белсенді ететін, өздігінен білім алуға бағыттайтын тиімді әдіс. Мұндай жұмыстар проблема қою және оны шешу жолдарын табу; ақпарат жинау және оны өңдеу; қорытынды шығару; шығармашылық ойлау дағдыларын дамытады. Сонымен қатар зерттеу жұмыстары – оқушының өзіндік ізденісі, дерек жинауы, талдауы және қорытынды жасауы арқылы жүзеге асатын шығармашылық үрдіс. Бұл ретте оқушыны жауапкершілікке, өз ойын дәйектеуге, ақпаратты талдауға, жаңашыл ойлауға, коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларға тәрбиелейміз. Мысалы, «Мектеп асханасындағы тағамның сапасы» немесе «Ауызсудың құрамын зерттеу» секілді шағын зерттеу жобалары шәкірттерге ғылыми әдістерді игеруге, нақты өмірлік мәселелерді шешуге көмектеседі.

Зерттеу әрекеті кезінде бала теорияны меңгеріп қана қоймай, оны қолданудың жолдарын үйренеді, бұл функционалдық сауаттылықтың өзегі саналады. Айталық, «Мектеп оқушыларының смартфон қолдану әдеттері» деген өзекті тақырыпта зерттеу жүргізу барысында оқушы көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Анкета дайындап, сауалнама жүргізеді; мәліметтерді диаграмма түрінде ұсынады; ақпаратты сараптап, тұжырым жасайды; қорытынды жасап, ұсыныс береді. Сол арқылы академиялық дағдыларды ғана емес, өмірлік дағдыларды да меңгереді. Демек, зерттеу – білімді өмірмен байланыстырады; функционалдық сауаттылықты табиғи жолмен дамытады. Оқу үдерісіне зерттеу элементтерін енгізудің жобалық оқыту, сұрақ қою және дәлелдеу, проблемалық оқыту, STEM/STEAM тәсілдері секілді бірнеше тиімді әдісі бар. Мұғалім зерттеу процесінде бағыттаушы, кеңесші және ынталандырушы рөлін атқарады.

Ойымды қорыта келе, зерттеу жұмыстары оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы ең тиімді құралдардың бірі деп айтар едім. Бұл тәсіл баланы білім алушы ретінде ғана емес, белсенді зерттеуші, ойланушы, шешім қабылдаушы тұлға ретінде қалыптастырады. Зерттеу барысында оқушы ақпаратты өз бетінше іздеуге, талдауға, сұрыптауға және оны нақты өмірлік жағдайларда қолдануға үйренеді. Бұл қабілеттер – қазіргі заман адамына қажетті базалық дағдылардың негізі.

Зерттеу жұмыстары арқылы білім алушы танымдық дербестік (білімді дайын күйінде емес, ізденіс арқылы алу); шығармашылық (мәселені стандартты емес жолмен шешу қабілеті); жауапкершілік (өз жұмысын қорғауға, дәлелдеуге дайын болу); коммуникация (нәтижесін сауатты жеткізу, пікірталасқа қатысу); ақпараттық сауаттылық (нақты, шынайы ақпаратпен жұмыс істей алу) құндылықтарын меңгереді. Сондай-ақ зерттеу жұмыстары ұстаз бен шәкірт арасындағы ынтымақтастықты арттырады. Мұғалім бағыт беруші ретінде оқушыны қолдап, оның даралығын, қызығушылығын ескеріп жұмыс жүргізеді. Бұл – жеке тұлғаны дамытуға бағытталған оқытудың басты қағидаты.

Қазіргі таңда әлемдік білім беру кеңістігінде де зерттеуге негізделген оқытудың рөлі басым. Бұл тәсіл оқушылардың академиялық жетістігін арттырумен қатар, олардың өмірлік табыстылығына да оң әсер етеді. Зерттеу қызметі арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – заман талабына толық жауап беретін, нәтижелі бағыт. Жалпы алғанда, зерттеу жұмыстарын «оқу мен өмір арасындағы көпір» деп алсақ, функционалдық сауаттылық сол «көпірдің» негізін берік ететін тірек іспетті. Ал осы бағытта оқушыны алға жетелеу оқытушының шеберлігіне байланысты. Сондықтан білім беру мекемелерінде зерттеу қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру, әр пән аясында шағын зерттеу жобаларын енгізу бүгінгі және болашақ білім беру моделінің маңызды элементіне айналуы тиіс.

 

Жадыра ТУРСИНОВА,

 Подстепный №2 ЖОББ мектебінің директоры,

Батыс Қазақстан облысы

 Теректі ауданы

24.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15790
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15667
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30811
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29454
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33026